«Қазақмыс» Гонконг қор биржасына бағалы қағаздарын саудаға шығарды
Егер, халықаралық қор биржаларынан инвесторлар табу үшін, акцияларын саудаға шығаруға кезекке тұрған әлемдегі компаниялардың ұзын-сонар тізімі болатындығын ескерсек, «Қазақмыстың» Гонконг қор биржасында листинг жасап, акцияларын сауда-саттық операцияларына сәтті шығаруы – еліміздің іскерлік әлеміндегі айта қаларлықтай айрықша оқиға. Себебі – «Қазақмыс» Азиядағы ең дәрежелі биржаға бірінші болып түрен салған, тұңғыш қазақстандық компаниялар тобы!
Сәрсенбінің сәтіне тура келген осы шараға ортақтасу үшін жолға шыққан қазақстандық журналистерді алып ұшқан ұшақ Гонконгқа сейсенбіде табан тірегенде таң да атып келе жатқан болатын. Жылдың төрт емес, үш мезгілі болатын қаланың біз муссондық жаңбырлар кезеңіне тап келген екенбіз. Әлсін-әлсін дамылдап барып, күндіз-түні төпелей беретін нөсерге жергілікті халық әбден төселіп те алған. Төбесі көкке шаншылған, алды 100 қабаттан асатын, басын бұлт шалған ғимараттар Гонконгты кәдімгі құрлықтағы Қытайдан даралайды. Бұл да түсінікті. Бір ғасырдан астам уақыт Ұлыбританияның ықпалында болған, мемлекет ішіндегі мемлекет әлі де өз дербестігін жоймай отыр. Гонконгтың «тұманды Альбион» деп ауызекі тілде айтыла беретін Лондонға келетін тұсы көп. Климаты ұқсайтын осы маусымынан бөлек, мәдениеті, әлеуметтік тіршілігі, қала берді өмір салты да ағылшындардан көп жұғысты болғанын аңғарасың. 7 миллионға жуық халқы бар, келімді-кетімді кісілерімен 9 миллионнан асып жығылатын әлемнің қаржылық орталығының бірінде қолшатыр көтерген сан мыңдаған халық күн сайын іскерлік орталықтарға жұмысқа асығады.
Ал бізді құрлықтың келесі бетіне жетелеген оқиғаға оралсақ, «Қазақмыс» компаниялар тобының Гонконг қор биржасына шығуы былай өрбіді.
Қазақстаннан тыс жерде өткен қазақ баспасөз мәслихаты
Гонконгте қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихаты «Қазақмыстың» неге Гонконг қор биржасына шыққанына арналды. Осы арада еске сала кетейік. Бұл аталмыш корпорацияның екіншілік листингі. Мыс өндіруші және мыспен қосып түрлі табиғи ресурстарды өндіретін компаниялар тобы осыған дейін де, анығырағы 2005 жылы Лондондағы қор биржасында бағалы қағаздарын бірінші болып саудалаған, қазір де Еуропадағы басты биржадағы саусақпен санарлық қазақстандық компаниялар санатында.
Сонымен Қазақстандағы мыстың 90 пайызын өндіретін, әлемдегі ең ірі мыс өндіруші компаниялар қатарындағы және электр қуатын өндіруде де елімізде көшбасшылық рөлге ие болған «Қазақмыс» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Кимнің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты былай өрбіді.
Неге Гонконг қор биржасы? Біріншіден, «Қазақмыс» әлемдегі ең ірі мыс тұтынушы болып табылатын Қытай нарығына жақын орналасқан. Шамамен жылына Қазақстанда өндірілетін мыстың 50 пайызын Қытайдың ұзақ мерзімді тапсырыс берушілері сатып алады. Сондықтан да Аспанасты елі негізгі қаржы көзі болып отыр. Және «Қазақмыс» Қытай Даму банкімен 2011 жылдың маусымында құны 1,5 миллиард болатын Өзара келісім туралы меморандумға қол қойған. Бұл келісім – Ақтоғай кен өндірісін кеңейту жөніндегі негізгі жобаны қаржыландырады. Оның үстіне компанияның аймақтағы рөлі де артып келеді. Әрі Гонконг биржасына шығу арқылы инвесторлардың келесі үлкен ортасына шығуға да мүмкіндік бар. Осылайша негізгі рынок пен компанияның байланысын бекемдеуге болады.
Осы арада оқиға алдына шығып, толықтай көлденең интеграцияланған өндіріс иесі – «Қазақмыстың» Гонконг қор биржасындағы листингі қосымша эмиссияларсыз немесе қосымша акциялар саудасынсыз өткендігін айта кету керек.
– Алайда, компания өзінің келешектегі өтемпаздығын, яки өтімділігін қамтамасыз ету үшін Гонконгтағы қор биржасында жаңа акциялар шығару мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл қадам сәнге ілесу немесе Қытайға жақын болудан ғана туындаған тілек емес. 80-90-шы жылдармен салыстырсақ, әсіресе, 2007-2008 жылдардағы дағдарыстан кейін әлем түбегейлі өзгерді. Біздер қазір дағдарыстан кейінгі кезеңдерде тұрмыз. Бүгінгі таңда жаһанда басымдыққа ие болып отырған ел де, үлкен қаражатты айналдырып, мол қаржыға қол жеткізіп отырған да – Қытай. Оған қоса Қазақстанның Қытаймен әріптестік қарым-қатынасы әріден басталады. Ал Гонконг алаңы өз қызметінің тазалығымен тартымды, – деді Владимир Ким.
Дегенмен, қазірге компания акциялардың қосымша эмиссияларын шығаруды жүзеге асыруға асықпайды. Өйткені, қағаздардың бүгінгі бағасы тұрғысынан алғанда, бұл тиімді емес. Жаңа акцияларды шығару «Қазақмыстың» нарықтың құнына және оның капиталдық сұранысына тәуелді. Және бұл Бозшакөл мен Ақтоғайда мыс өндіруді ұлғайту жөніндегі ірі жобаларға да қатысты болмақ.
«Қазақмыстың» ендігі ірі жобалары жайлы егжей-тегжейлі баяндаған оның Бас басқарушы директоры Олег Новачук кен орындары өндіріс пен мысты экспорттаудың келешегін қамтамасыз етеді.
– Қытай Қазақстанға ең жақын орналасқан мемлекет. «Қазақмыстың» жыл сайын өндіретін өнімінің 50 пайызын осы елдің компаниялары сатып алады. Жағымды факторлардың қатарына – аумақтық жақындық ғана емес, мысты тасымалдау барысындағы шығындардың айтарлық аздығы кіреді. Оған қоса, Қытайдың инфрақұрылымының дамуымен байланысты бұл елде мысқа деген сұраныс тұрақты өсіп келеді. Гонконгтағы листинг біздің инвесторлардың базасын ұлғайтады. Сондықтан да біз Аспанасты елімен байланысты бекемдей түсуге шешім қабылдадық, – деді Олег Новачук.
«Қазақмыс» басшыларының мәлімдеуінше, Гонконгтағы екіншілік листинг компанияның стратегиялық дамуы үшін де қажет. Қалай десек те, жоғарыда атап өткендей, Азия, оның ішінде Қытай қазақ іскерлері үшін клиенттік база тұрғысынан болсын, қаржы көзі ретінде де үлкен мүдделестік туғызады. Азиядағы ең ірі Биржа алаңына шығу қазірдің өзінде «Қазақмыстың» онсыз да биік беделін бекемдей түскені анық.
Аты – «Қазақмыс» демесек, мыстан бөлек, мырыштың айтарлықтай көлемін, алтын мен күмісті де өндіретін компанияның бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған 17 кен орны, 10 кен-байыту фабрикасы және 2 мыс қорытатын өндірістік кешені бар.
Сонымен, сәрсенбінің салтанатты ресми сәтін күтіп, Гонконгтың жаңбырлы кешінде қонақүйге де оралдық.
Биржаға қошеметпен келді
Келесі күні Лондондағы қор биржасында саудасы жүріп тұрған 100 компанияның құрамына кіретін, FTSE-100 тізіміне іліккен «Қазақмыстың» ресми түрде Гонконгтағы қор биржасында листинг жүзеге асатын сәт те келіп жетті.
Компанияның бағалы қағаздарды қор биржасындағы операцияларға жіберу ережелері қалыптасқан ежелгі дәстүрмен өтті. Кеуделеріне алдын ала дайындалған орхидея гүлдерін қадаған қазақ іскерлері – «Қазақмыс» Директорлар Кеңесінің мүшелері бір кісідей келісілген уақытта биржаға келді.
Дәстүр солай. Биржаға тіркелген әр елдің компаниясы дизайнмен, бір шоқ болып жиналған гүлдерді кеуделеріне қадап, акциялар саудаға шығарылғанда шампан ішіп, тарихи сәттің табыстылығын тілейді. Биржа мен биржаға шыққан компаниялардың кәдесый алмасуы да бұлжымайтын дәстүр. Сондықтан да Азияның негізгі қаржы алаңы кәдесыйлардың көрмесін де жасақтап үлгерген. Мұндағы естелік сыйлықтар – бірін бірі қайталамайтындығымен құнды. Біз көрмеден биржаға арнайы жолы түскен Елбасымыздың да суретін көрдік.
«Қазақмыс» корпорациясы биржаға бір адам әрең көтеретін мыстан құйылған қыран құсты сыйға тартты. Сап алтындай – сапалы мыстан құйылған, біздің көк байрағымыздағы тәкаппар құс Гонконг биржасының қақ төрінен орын алатын болар?!
Сонымен, Гонконгтағы «Қазақмыстың» саудасы басталғанда бір акцияның құны – 165 гонконгтық долларды құрады. Бұл жергілікті уақытпен сағат 9:30 болатын. Ал Астанада уақыт – 7:30, яғни елордалықтар енді ояна бастаған кез.
Біз биржада саяхаттап жүрген келесі 50 минутта компанияның бір акциясы – 166,1-ден 167,06 гонконг долларына тербеліп тұрды.
Биржа таблосында «Қазақмыстың» да акциялары пайда болғаннан кейін Владимир Ким таза меңгерген ағылшын тілінде осы оқиғаға куә болған – Гонконг қор биржасының өкілдеріне, гонконгтық және қазақстандық журналистерге алғысын білдіріп:
– Біз Қазақстандағы ең ірі мыс өндіретін және көлемі жағынан әлемдегі 11-ші компаниямыз. Біз дүниежүзінде өндірісі толық интеграцияланған – кенді өндіріп, оны мыс орамалары мен мыс қалыптарына айналдыратын аз ғана компаниялар қатарына енеміз.
Біз 2005 жылы Қазақстаннан Лондонда бірінші болып листинг жасаған және нарықтық капиталдануы 11 миллиардты құрайтын, қазіргі күні FTSE-100 индексіне қатысушы тұңғыш қазақстандық компаниямыз. Бүгін де біз Гонконгтағы листингін сәтті жүзеге асырған тұңғыш қазақстандық компаниямыз, – деді. Осыдан кейін «Қазақмыс» компаниялар тобы Директорлар Кеңесінің төрағасы бұл қадамның маңыздылығына қысқа әрі нақты тоқтала кетті.
Міне, осылайша, сәрсенбінің сәтті күні Қазақстандағы алғашқы компания Азиядағы негізгі сауда алаңына шықты. Ал, қазақстандық компанияның Гонконгтағы саудасы сәтті немесе сәтсіз басталды деп сәуегейлік айту қиын. Өйткені, жаңадан биржаға келген компанияның бағалы қағаздары – инвесторлар бірден талап алып кететін ыстық бауырсақ емес. Айналасына екі шоқып, бір қарайтын инвесторлар биржаға басын енді сұққан компанияны зерттеп, талдап, акцияларын сатып алуға бел байлау үшін де біраз уақыт қажет.
Осы арада компания өтемпаздығы мен нарықтағы баға әділдігін қамтамасыз ету үшін Лондон қор биржасынан Гонконгқа 1 миллиондай акциясын ауыстырғанын айта кетуге болады. Бұл шамамен саудаға шығарылған акциялардың жалпы көлемінің 0,2 пайызы.
Гонконг – АҚШ-тан тыс жерде доллармен жұмыс жасайтын ең ірі сауда алаңы
Осыдан кейін де Қазақстаннан келген БАҚ өкілдері үшін маңызды шаралар легі толастаған жоқ. Басты оқиғаның бірі – Гонконг қор биржасының төрағасы Рональд Аркулли мырза қазақ журналистерімен кездесіп, бір сағат бойы сұхбат берді.
Лауазымды тұлға алдымен «Қазақмыстың» Қазақстан үшін ғана емес, әлемде де маңызды орны бар екендігіне тоқталды.
– «Қазақмыстың» Лондон қор биржасында листинг жасауының өзі көп нәрсені айтып тұрған жоқ па?! Біздің ойымызша, Қазақстан маңызды бизнес-әріптес және байланыстарды ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. «Қазақмыс» та алдағы уақытта клиенттерінің басым бөлігі Азиядан болатынын біліп отыр. Сіздердің елдеріңіздің экономикалық өркендеуі соңғы 5-10 жылда анық байқалды. Қазақстанның Президенті бірнеше рет Гонконгқа арнайы сапармен келді. Біз де екі ел арасындағы сауда-саттық пен тауар айналымын өсіруге мүдделіміз. Қазірге Гонконг биржасы – Қазақстанның іскерлік ортасының кішкентай қатысушысы болып отыр, – деді Рональд Аркулли.
Ал Гонконгтағы қор биржасының тарихы 1891 жылдан бастау алады. 2000 жылы Hong Kong Exhanges and Clearing Limited (HKEx) пен Гонконг қор биржасы біріккен. Тек үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында биржадағы сауда-саттық 9,5 миллиард долларды құраған. Биылдың өзінде Гонконгта 31 компания біріншілік акцияларын орналастырып, нәтижесінде 18 миллиард доллар қаражат тартылған. Бұл кезеңде Лондондағы қор биржасында жаңа 22 эмитент пайда болған. Осының өзінен-ақ, Азиядағы негізі сауда алаңының айы оңынан туып келе жатқанын байқай беріңіз.
Осылайша, Гонконг биржасы – ең өтімді халықаралық алаңға айналып отыр. Мұндағы күн сайынғы сауданың орташа көлемі 866,640 долларға жетіп жығылады. Тек биылдың өзінде биржаға жалпы капиталы 2,8 триллион АҚШ долларын құрайтын 1437 компания тіркелген. Әрине, бұл биржаның әлемдегі ең ірі он алаңның бірі ретіндегі ұстанымын бекемдей бермек.
Айтқандай, Аркулли мырза Биржа өз акцияларын да саудаға шығаратындығын айтады. Тағы бір жаңалық – Қытай мемлекеті осыдан бір жыл бұрын биржада өзінің ұлттық валютасымен сауда-саттық жасауға шешім қабылдапты. Қазірге бұл биржа үш валютамен ғана жұмыс істейді.
Қор биржасы басшысының мәлімдеуінше, әлемде жедел қарқындап келе жатқан Үндістаннан Қытайға дейінгі, Қазақстаннан Малайзияға дейінгі кеңістіктегі іскер орта алдағы уақытта Гонконг биржасының жұмысын одан да жандандыра түспек.
Рональд Аркулли Гонконгтан Қазақстанға бірнеше рет ресми делегациялар барғанын, бұл биржаға акцияларын шығаруға басқа да қазақстандық компаниялар тарапынан ұсыныстар болғандығын жеткізді. Дегенмен, лауазым иесі ол компаниялар ресми түрде өздері мәлімдегенше, аталмыш компаниялардың тізімін жария етуге қақысы жоқ екендігін айтады.
Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы – Дели – Гонконг – Бейжің – Алматы.