Мен Астананың «Шұбар» ауданында тұрамын. Біздің үйдің терезесінен Мемлекеттік ту қадалған биік төбе анық көрініп тұрады. Таңертең тұрғанда мен алдымен көк байрағымызға қараймын. Ол жайыла желбіреп, асқақтай шалқып тұрса, жүрегімді қуаныш кернеп, көңіл-күйім бірден көтеріліп сала береді. Кейде қуаныштан көзіме жас та келіп қалады. Осы күй менің отбасымның мүшелерінде барын да байқап қалдым, бәрі де оны көз қиығымен шолып өтіп, желбіреп тұрғанын көрсе, көңілдері орнына түсетін сияқты. Өйткені, ол біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған, сол үшін қан төккен, қорлық-зорлық көрген, адам үшін ең ардақты, ең қастерлі жетістік – Тәуелсіздігіміздің символы ғой. Асқақтаған көк байрақтан тараған көтеріңкі көңіл-күй менің күні бойғы қызметіме оң әсер етіп, өмірге, жұмысқа, қоршаған ортамды тезірек көріп, әріптестеріммен тезірек қауышуға деген құштарлығымды арттыра түседі.
Меніңше, әрбір саналы азамат өз туымыздың асқақтауына «осы мен қаншалық үлес қостым және үлес қосып жүрмін» деп өзіне-өзі ауық-ауық есеп беріп отыруы керек сияқты. Сонда тәуелсіздіктің жауапкершілігін сезініп, оның жеңіл жүк емес екенін үнемі ескеріп отырар едік. Қазір шетелдерге жиі шығамыз ғой. Сондайда дамып келе жатқан немесе өркендеген елдің адамдары көзіңе нұрлы жүзбен, көңілді қарап, «welcomе» (қош келдіңіз) деген сөзді айтуды әсте ұмытпайды. Осы сөздің түбінде әлгі азаматтың еліне жанашырлық білдіріп, келген қонақтың ол туралы жақсы ой-пиғылмен аттанғанын тілеу бар. Мұндай ұстаным біздің еліміздің де әрбір азаматының бойынан табылып жатса, қандай ғанибет.
Мен – Ақмоланың астана болып қадасы алғаш қағылған сәтінен осы жерде қызмет етіп жүрген жандардың бірімін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жан-тәніммен қолдап, Ақмоланың астана болып қалыптасуына өзіндік үлесімді қостым деп айта аламын. Алғаш Ақмолаға 1997 жылы келдім. Ол уақытта жеке бизнеспен айналысатын едім. Ұзақ жылдар бұрынғы әкімшілік басқару саласында жұмыс атқарғаным ескеріліп, Алматы ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі қызметіне алындым. Одан осы аудан әкімінің орынбасары болып жүргенімде, жаңадан құрылған қалалық ішкі саясат департаментіне директорлыққа тағайындалдым. Осы жерде халықпен тығыз байланысып, қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді.
Ақмоланың «Целиноград» атанып тұрған жылдарында жергілікті халықтың өзіндік менталитеті қалыптасты. Бірнеше жыл тың өлкесінің орталығы болып тұрғаны да қалалықтардың мінезіне өзіндік реңк берді. Мұнда басқа облыс орталықтарына қарағанда, Мәскеуден арнаулы инвестиция көбірек бөлініп, бірнеше мәдениет сарайлары, кинотеатрлар салынды. 5-6 жоо, 20 шақты орта білім беретін арнаулы оқу орындары ашылды. Оның үстіне бір кезде Мәскеуге тікелей қарағандықтан, әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі де біршама жоғары болды. Халық тұтынатын сапалы тауарлар да мұнда басқа өңірлерге қарағанда, көптеп жеткізіліп тұратын. Өлке тараған соң да Қазақстандағы тың орталығы ретінде назардан тыс қалған емес.
Алдымен біз әртүрлі топтарға жататын адамдар арасына сараптамалар жасап, олардың лидерлерін анықтадық. Басқаларға сөзі өтеді-ау, пікірін тыңдата алады-ау деген адамдарды өзімізге тартып, солармен бірге жұмыс істей бастадық. Сөйтіп, алдымен ақсақалдар алқасын құрдық. Олардың басын жиі қосып, проблемаларын ортаға салғызып, оны шешу жолдарын бірлесе қарастырып, әкімдік тарапынан жасалатын шараларды белгіледік. Сондай-ақ, жастар арасынан да сондай қоғамдық ұйымдар құрдық. «Жастар конгресі» деп аталған сол ұйымдардың бірі жастардың өзара үйлесуіне үлкен себеп болды. Толып жатқан мәдени шараларға жан-жақтан келгендерді, әртүрлі топтарға жататындарды қызу араластырдық.
Сол жылдары студент болып, конгрестің басшысы болған Бақыт Сыздықова деген қызымыз қазір Мәжіліс депутаты болып отыр. Сол жылдары аянбай жұмыс істегендер арасында аса белсенді болған осы күнгі қалалық мәслихаттың депутаттары Надежда Петухова, Гүлжан Насырова, Гүлжан Ғазизова сияқты қыз-келіншектердің еңбегін айрықша атар едім. Сондай-ақ, күн-түн демей, жаяулап-жалпылап қызмет еткен Евгения Полоротованың да еңбегі ересен болды. Ол кезде еңбекақы да аз еді, бірақ осы жандар істің нәтижелі болуы үшін өздерінің ынтасымен қызу жұмыс істеді.
Әлі есімде, сол жылдары толып жатқан шаралар өткізетінбіз. Соның ішінде тіпті жұрттың жеке тойларына да араласып, ән-күй мен жүргізушісін, концерттік топтарды тауып беріп, олардың аузымен «біз астаналықтармыз» деген сөздерді, мадақтарды жиі айтқызып, әйтеуір жан таппайтын едік. Аулалар, көшелер, шағын аудандар мерекесі дегендерді де ойлап таптық. Олардың арасында спорттан, өнерден өзара жарыстар өткіздік. Бір-бірін танымайтын көршілерді, жан-жақтан келген бейтаныс жандарды бір-бірімен араластыру арқылы жақындастырудың қамы еді ол. Шын мәнінде осындай шаралардан кейін көршілер бір-біріне одырая қараспай, жылы жүз танытып, амандасып, жай сұрасып, жақындасып жүретіндерін аңдайтынбыз.
Қайсыбір бизнесмендерге жалынып, аула ішіндегі балалар алаңқайын, концерт пен спорт алаңдарын жөндеткізіп, ақысына оларды БАҚ-тардан мақтап, тегін жарнама жасап беретінбіз. Түрлі БАҚ арқылы да астаналық менталитетті қалыптастыру жолында көп жұмыстар жасалатын. Бірақ халықпен етене араласқан шаралардың тиімділігі олардан өтімдірек болып, әйтеуір аз жылда «астаналықтармыз» деген түсінік әбден қалыптасып кетті.
2003 жылдан бастап менің Астанадағы қызметім Алматы ауданының әкімі лауазымын атқарумен жалғасты. Содан бес жыл бойы осы міндетті атқарып, 2008 жылы қазіргі қызметке сайландым. Ал енді «Нұр Отан» ХДП-дағы жұмыстарымыз туралы азды-көп айтайын.
2007 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Парламент партиялық жүйемен сайланғанда 100 пайыз нұротандықтар өтіп, соның арқасында партияның ел арасындағы беделі де күрт көтерілді. Билік партиясы болғандықтан, оның құрамына енушілер саны да еселеп артты. Егер 2007 жылға дейін партия мүшелерінің саны 350-400 мың адам болса, қазір оның саны 900 мыңға жетіп қалды. Бұл сан 80-ші жылдардың соңындағы компартия мүшесі болған жандардың санынан да асып түсті. Соның ішінде Астана қаласында 2006 жылы партия мүшелері 12 мың болса, 2007 жылдан бері партияға енушілер саны күрт көбейіп, бүгінгі күні 31 мыңнан асып кетті.
Біздің партиямыздың билікке жетуі оңай, бірақ оның жауапкершілік жүгі өте ауыр. Президенттің партиясы болғаннан кейін халық оны сөзсіз қолдайды, бірақ халықтың сенімін ақтау оңай шаруа емес. Бізге қабылдауға келген адамдар көптеген мәселелерді көтереді. Әрине, жалпы еліміз бойынша «Нұр Отан» ХДП тұғырнамасында айтылған жұмыстар орындалып жатыр.
Астана мәслихатына 9 мыңдай адамның арасынан бір депутат сайланады. 9 мың тұрғын деген кішігірім қала, сондықтан әлгі депутаттың өз сайлаушыларының мұң-мұқтажын қарауға шамасы келе бермейді. Біздіңше, заңды жетілдіріп, жергілікті депутаттар туралы жаңа ұсыныстар енгізілетін заңнама қабылдануы керек. Қазір біздің «Нұр Отан» ХДП филиалы осы мәселені көтеріп жүр.
Жоғарыдан бекітілген шешімдерді, бағдарламаларды түсіндіру, халыққа жеткізу қиындау тиіп жатыр. Біздің 31 мың партия мүшесі қаланың 800 мың тұрғыны арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен, оларды жеткілікті дәрежеде деп айту қиын. Меніңше, ҮЕҰ-ларды молайтып, олардың жұмысына көмек беріп, ал мүшелерін партия қатарына алып, жұмысты жандандыра түсу керек. ҮЕҰ әлеуметтік мәселелерді шешуге, татулық пен тұрақтылыққа өздерінің үлкен үлесін қосып жүр.
Партияның «Жас Отан» жастар қанаты да жастар арасында белсенді жұмыс істеуде. Біз Қырғызстанда, Африка елдерінде болып жатқан оқиғаларды сараптай келіп, ондағы белсенділердің басым бөлігі жастар екенін анықтадық. Осының өзі жастар арасында жұмыс жүргізбей, оларды көзге ілмегеннің салдары. Ал жастар қай күннен еліккіш, бойларында күш-қайраттары тасып, онысын қайда жұмсарын білмей жүреді. Сондықтан, олардың арасында белсенді жұмыс жүргізіп, тасыған күш-қуатты дұрыс арнаға аударып отыру керек. «Жас Отан» осы мақсатта жұмыс істеуде. Оларға еліміздің қазіргі жетістіктері мен тарихымыздың жарқын беттерін танытып, жүректеріне патриоттық рух себу мақсаты да ешқашан ұмыт қалмайды. Осындай жұмыстардың нәтижесі де көрініп тұрады. Мұндай жұмыстарды оқитындар ғана емес, жұмыс істейтіндер немесе тіпті жұмыссыздар қатарында жүргендер арасында да жандандырған дұрыс.
Бір сөзбен айтқанда, қоғамдағы барлық топтарға да ықпал етіп, бәрін де үйлестіруге тырысу керек. Ешкімнің де назардан тыс қалмағаны керек. Сонда біз партиямыздың халықтың қамын ойлайтын мақсатын орындап, еліміздің дамуына барлық қазақстандықтарды жұмылдыра аламыз.
Мұхтар ЕРКЕТАЕВ, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары.