16 Шілде, 2011

Шипалы сөз, шипажай

949 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Біраз жерге келген жасыңда шипалы сөз естіп, ілтипат көргенде жасарып қалады екенсің. Маусым айының алғашқы күндері еді. Оңтүстіктің ыстығы төбеден құйылып тұрған. Тараз қаласынан шаңқай түсте шықтық. Бет алысымыз Сарыағаш шипажайы. Алла тағаланың нұрлы шуағы жанымызды жылы­тып, көңілімізді жадыратумен болды. Атқан оқтай, шапқан аттай жүрдек көлік шипажайға дер мезгілінде жеткізді. Табиғатына қарай адамдарының да жүзі жылы екен. Шипажайға жеткенімізде алдымыздан аққұба жігіт шығып: «Қош келдіңіздер, ағалар!» деп жа­дырай күліп, қолтығымыздан демеп, «Береке – 7» деген жазуы бар мекен-жайымызға бастап келді. Оның аты-жөнін кейін білдім. Нұрғали Сыдықов деген азамат екен. Емдеу жұмыстары келесі күні-ақ басталып кетті. Дәрігерлер Ә.Орынбаев пен А.Ибрагимов бізбен танысып, біліскен соң ем алудың жолдарын айқын­дап берді. Заманға сай озық техникамен тәніміздегі аз-кем ақауды анықтап, ақыл-кеңестерін беріп жатты. Қай-қайсысының да тәжірибелі екенін, үлгі-өнеге жағынан озық тұрғанын бірден аңғардық. Әрбір келген емделушінің жан әлемі олардың көз алдында тұрған тәрізді. Ұлан байтақ Қазақ елінен, көрші мемлекеттерден жеткен емделушілерді олар қабақ шытпай қабылдап, әр сөздерін зейінмен тың­дап, зерделерінде қорытып, байламдарын айтады. Олардың мұндай адами қасиеттері жан дүниемізді баурады. Көрген сайын тоқсанға таяған қария ретінде батамды беріп жүрдім. Осы шипажайда қызмет көрсетушілердің бәрі де сіз дегеннен жаңылмайды екен. Шетінен кішіпейіл, тіпті ислам діні тілімен айтсам, медбике қыздарым періште бейнесіндегі нағыз адамдардай көрінді. «Ата, не әке, не көке, не папа» деп иіліп тұрғандары. Дәрігерге, не емге бара жатсаң, қолтығыңнан демеп, өздері бастап барады. Кейде мен өзім жеке отыр­ғанда бұл қандай жарасымды сыпайылық, неткен мәдениеттілік деймін. Біздің ауылда да осындай емдеу мекемелері, дәрігерлер, медбикелер аз емес. Оларға жағдайыңды айтып кірсең, кейбіреулері тырсия қарап, ала көздерімен атып шыға келетіні бар. Ал мыналарда ондай жат қылық жоқ. Мен осы өмірімде талай емдеу орталықтарында, шипажайларда болдым. Бірақ дәл осындай қарапайым жандардың ізет, инабатына кездесе қоймағаным анық. «Басшысына қарай қосшысы» деп, мекеме басшысы қарапайым да ақыл иесі болса ондағы қызметкерлер соның үлгі-өнегесімен  жүреді ғой. Осы шипажайдың басшысы Орынша Балтабаева сон­дай азаматша екен. Содан тараған ізгілік өзге­лерге жұғысты болыпты. Ал заманға қарай емде­лушілердің көңілінен шығу үшін барлық мүмкіндік түгелімен ойластырылған. Заманауи техникалар түгел деуге болады. Ем жасайтын құрал-жабдықтар да молынан. Бір сөзбен айтқанда, адам жанына керектің бәрі бар. Тағы бір сүйсінерлігі мұнда Алланың құрметіне құран оқытып, ас беруіңе болады. Оған да қажеттің бәрі дайын. Қалам ұстап, ой тербеп жүрген соң шипажай туралы сырт көз не дейді дегенге де құлақ түріп жүрдім. Олар бұл жердегі басшының да, өзгенің де ісі ғажап дейді. Мен оларға: «Ғажап болатыны басшысы тек адамдық пен адалдықты, ізет­ті ту етіп көтеріп, ізгілікпен қызмет етуді мақсат етіп қойған. Адамнан артық құдірет жоқ. Сол құдірет  иесіне жан жылуымызды да, қол жылуы­мыз­ды да берейік деген қамқорлық бәрінің қалыбын бұзбай келеді екен», деп өз ойымды ортаға саламын. Қаумалаған жұрт оны қолдайды. Шипажай ақылы қызмет етеді. Ақысын алғаннан кейін соған сай болу – басты парыз. Парызды қарыз деп ұғу қызметкерлерге сын. Әрбір үлгі болар іске ұйытқы болып жүрген емдеуші дәрігерлер мен қызмет көрсететін медбикелердің ұйымдасты­рушылығы ерекше көңіл жадыратады. Ем алғаннан кейінгі бос уақытты тиімді пайдалануға арналған іс-шаралар менің көз алдымнан кетер емес. Атам қазақ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді. Осы күндері сондай жан жады­ратар сөзді аз айтатын болдық. Мен Сарыағаштағы демалыс кезінде қызмет еткен ұлдарым мен қыз­дарымның қамқорлығына таршылық етпей, өзгеге үлгі ретінде жеткізсем деп осы шағын мақаланы жазу үшін қолға қалам алып едім. Қартын сыйлаған, анасын ардақтаған ел азбайды да тозбайды. Ондай үрдісті біз ұрпақтан ұрпаққа жалғап, сабақтастырып отырсақ, ұтарымыз көп. Мұндай істе алдыңғы толқын кейінгіге үлгі болуы тиіс. Өйткені, артқы толқын алдына қарап өседі, бой түзейді. Ұлы бабамыз Төле би сыйластық туралы әдемі айтқан ғой. Сол сыйластықтан артық мына жалған дүниеде не бар дейсіз?! Мен алдымен шипажайда шипалы сөз бірінші тұрса, ем алушыға шипа қонып, ширап қайтады дер едім. Сарыағаш шипажайынан сондай көңілді қайтып, ойымдағы ризалығымды бас басы­лым арқылы білдіруді мақұл көріп отырмын. Жақсы үрдіс жалғасып, ақ көңіл жандар арамызда  мол болсын демекпін. Аппаз ҚАРАЖІГІТОВ, жазушы. Жезқазған.