Қазақ боксының құдіреті Ә.Нұрмахановтың есімін ұлт спортына сіңірген еңбегіне сай дәрежеде қастерлей алып жүрміз бе?
Шын мәнінде де, өткен ғасырда қаз тұрып, қанат қаққан қазақ боксын осынау батыр тұлғалы баһадүрсіз көзге елестету мүмкін емес-тін. Бәлкім, қазір айтуға ғана оңай. Ауылдан Алматыға арман қуып келген қарапайым жігіт аз жылдарда бағындырған биіктер тұтас ұлттың абырой-намысымен астасқан керемет деңгейге көтерілді. Сол жетістіктерді бір сәт жіпке тізіп көрейікші. Өз Қазақстанының 11 дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының 2 мәрте қола жүлдегері, Бірінші Азия-Африка ойындарының (ГАНЕФО) жеңімпазы. «Буревестник» Орталық кеңесінің 7 дүркін, «Еңбек резервтері» Орталық кеңесінің 6 дүркін чемпионы. Қазақтан шыққан алғашқы еңбек сіңірген спорт шебері. Республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Спортты ғылыммен ұштастырып биология ғылымының кандидаты атанған, болашақ спортшыларға ұлағатты ұстаздық етіп, дәріс оқып профессор болған алғашқы қазағыңыз осы кісі. Бұл дегеніңіз толайым еңбек, тынымсыз ізденіске толы жанкешті өмір ғой. Одан қала берді, тәуелсіз Қазақ елінің боксшыларын Атлантадағы Олимпиадаға бастап барып, әлемнің 197 елінің ішінен мерейлі 3-ші орынды бөктеріп қайтқан, сөйтіп, айды аспанға шығарған ұлттық құраманың алғашқы қаһарман бас бапкері де осы ағамыз. Бұл жәйт те Олимпия тарихында көк байрақты тұңғыш көтерген қазақ боксы үшін зор табыс, болашаққа ақ жол салған қыдыр нышанды ересен ерлікпен барабар-тын.
Ол кісі тірі болғанда биыл 75-ке толады екен. Сәуір айында Алматыдағы Спорт және туризм академиясында даңқты боксшыны еске алу жиыны өткені есімізде. Сонда көк байрағымыздың әлемдік додаларда биік желбіреуіне жол ашқан біртуардың есімі бұған дейін де ескерусіз қалмағанына көз жеткіздік. Туған жері Түркістанда көше берілген, Әбдісалан атындағы бокс мектебі мен бокс клубы жұмыс істейді. Былтырға дейін Ә.Нұрмаханов турнирі өткізіліп келді. Елеусіздеу демесек, бокс сайыпқыраны атындағы көше Алматыда да бар. Тұрған үйінде және өзі оқып, жұмыс істеген институт ордасында ескерткіш-тақта орнатылған. Сонымен бірге білікті ұстаз-ғалымның есімі осы Қазақ спорт және туризм академиясының Бокс және ауыр атлетика кафедрасы мен ең жақсы жаттығу залына беріліпті. Жыл сайын үздік студентке даңқты боксшы атындағы арнайы стипендия тағайындалып тұрады екен. Әзірге істелген істердің ұзынырғасы осы. Былай қарағанда, бір адам үшін аз да құрмет емес. Ал, бірақ бокс спортындағы бірегейіміз үшін ше? Ойланып қаламыз.
Әбдісалан аға халқымыздың батырлық эпостарының ішінде, әсіресе «Қобыланды батыр» жырын жақсы көреді екен. «Шіркін ай, Қобыланды батыр жайында фильм түсіріліп, батырдың рөлін ойнауға мені шақырса, ойланбай барар едім» – деп армандаған сәттері де аз болмапты. Бұның мәнісі де бар сияқты. Өйткені, оның ата-бабалары Қостанай – Торғай өңірін мекендеген қыпшақтар. Сөзді жүйелеп түбінен тартқанда, басқа қыпшақты білмеймін, дәл Әбдісалан ағаны Қобыланды батырдың ұрпағы демеудің қисыны келмейді. Сегіз қиыр шартарапқа туған халқының атын шығарып, мерейін үстем еткен, жеңіс байрағын сан мәрте көтерткен Әбекең ертедегі жаужүрек батырларымыздан кем бе екен? Ал, беріге келсек, «арғы атасы қажы еді» деп данышпан Абай айтқандай, гүрзі жұдырық алыбымыздың бір емес, екі бірдей атасы – өз атасы Әмір де, нағашы атасы Сыздық та Меккеге барып, мұсылмандықтың ең үлкен имандылық парызын өтеп, ғибадат етіп қайтқан жандар. Осыларға қарағанда, қазақ боксының қара нары саналатын Әбдісалан Нұрмаханұлының бойындағы тектілік, табандылық, намыскерлік, қайраттылық қайнарларының да тегін жерден шығып жатпағандығын аңғарып пайымдасақ керек-ті.
Өз әкесі Нұрмахан 32-нің апатында атамекені Торғайдан үрім-бұтақ, зәузәтін ашаршылық аранынан ала қашып, Өзбекстанға келіп жансауғалапты. Сонда Әмударияның бойында балықшылықты кәсіп қылып, нәубет құрығынан бала-шағасын аман сақтап қалған көрінеді. Нұрмахан алып денелі, бойы екі метрден асатын, зор күш иесі екен. Кезінде атақты балуан Қажымұқанға серік болып бірге жүрген. Көп сөйлемейді. Маңғаз. Ұры-қарылар ауылдың малын барымталап ұрлағанда, жас кезінде өзеннің өткелінде жалғыз өзі тұрып, әлгілерді түгел аттан түсіріп, жылқыны аман алып қалатын болған. Өзі өмірбақи малшы болып, жылқы, сиыр, қой бағып, адал еңбекпен күнелткен. Сондай-ақ, Әбдісаланның ағасы Әбулақап та қара күштің кені болған, ешкімнен қорқып именуді білмеген.
«Алып – анадан» дейді ғой. Анасының есімі Шолпан. Өте сұлу, ақжарқын, көпшіл, мінезге бай, қайырымы мол адам болыпты. Содан да шығар, тұрмыстың ауырлығына қарамастан, өзінің тоғыз баласына қоса, ағайын-жұрағаттардың жетімектерін де асырап, бағып жеткізіпті. Кейін солардың ішінде Арзықұл Нұрмышев дәрігерлік институтын, Өсербай политехникалық институтты бітіріп, айтулы азаматтар қатарына қосылған. Ашаршылық кезінде панасыз қалған Анар деген қыз баланы да қолына алып асыраған. Қайран, қазақ әйелінің, ана жүрегінің кеңдігі емес пе! Кім-кімге қарасқандай, кім-кімге аузынан жырып тамағын бөліскендей заман еді ол. Мұндай жандарға «құдай береді» деп қазақ тегін айтпаған ғой. «Анар туған әпкеміз сияқты болды, үлкен жарыстардан келгенде тәтті-дәмдісін маған сақтап отырушы еді, әттең...» деп Әбдісалан аға өзі алпысқа толар қарсаңда біздей журналист інісіне сыр ашқаны бар еді.
Әбдісалан Нұрмаханның кіндігінен тараған тоғыз перзенттің, Ерназардың Ертөстігі сықылды кенжесі болмағанымен, сегізіншісі екен. Бірақ оны Ертөстікке ұқсатып тұратын бір жағдай, басқа бауырларының бәрінің фамилиялары ұлы аталарының атымен Әміров болып жазылса, жалғыз бұл ғана Нұрмаханов аталып, ел намысын қорғаған былғары қолғап додаларында әке атын әлемнің талай жеріне әйгіледі, «Нұрмаханов» десе қазақ боксының баламасы айтылатындай дәрежеге жеткізді. Сұңғыла әке бойшаң, кесек те шымыр, отты да өршіл боп өсіп келе жатқан сегізінші перзентінен сол кезде-ақ сондай үлкен үміт күтті ме екен, қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазылатын баласының бақытты болашағын жүрек, шіркін, сезіп, болжап білді ме екен?
Бала Салан еркетотай болған жоқ, шолжаңдап өскен жоқ. Соғыс уақыты, тұрмыс тауқыметі ондайды көтермейтін еді. Он жасына дейін әкесімен бірге қой бақты. Бірде қауғамен бірге күмп етіп тереңдігі 20 метр құдыққа түсіп кеткені де бар қой суғарып жүргенде. Алда көретін жарығы бар екен. Бөрібас деген итін құшақтап жүреді, дейді. Сонда жалғыз қалғанында отарға қасқыр да шауыпты. Бір ғажабы, қойдың шыжғырған майын кесені толтыра сіміріп ішіп қояды екен. Бұл да алыптарға тән, батырларға тән даралық белгі болар. Содан 1946 жылы үлкен ағасы Әбдіжәлел майданнан оралып, кішкентай Саланды мектепке бергізеді. Сөйтіп, болашақ даңқты боксшы мектеп табалдырығын он жасында аттап, бірінші-екінші кластарды тәжікше, үшінші-төртінші кластарды өзбекше оқиды. 1950 жылы Нұрмахан ақсақал бүкіл қара орманымен елге қарай жақындап, Түркістанға көшіп келеді.
Жалпы, спортқа, боксқа деген саналы құштарлық та осы қасиетті Түркістан қаласында ояна бастайды. Алғашында көше-көше болып бөлініп төбелес жасайтын балалар келе-келе ондай балалық «пендешілікті» қойып, неғұрлым мәндірек, мазмұндырақ қарекеттерге бет бұрады. Шындығы керек. Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев атындағы мектепте сол кезде денешынықтыру пәні бірсыдырғы тәуір жүргізілетін, баскетбол, волейболды бұл мектептің оқушылары жақсы меңгеріп шығатын. Ал бокс... Боксқа Әбдісалан өзінен бірер жас үлкен көше тентегі, яғни «атаманы» Молдабек Құралбаевтың ықпалымен ынта қойды. «Ер шекіспей, бекіспейді», деген рас. Екеуі танысқан бетте жекпе-жекке шығып, кейін достасыпты. Молдабекте былғары қолғап та, құм толтырылған қапшық та бар екен. Кейінірек көптеген былғары қолғап шеберлеріне ұстаздық еткен Константин Градополовтың «Бокс» деп аталатын оқулығын да қолға түсіреді. Осы арада алдын ала айтайық, бертінде қазақтың боксқұмар жасөспірімдеріне арнап «Боксшы болғың келе ме?» атты оқулық кітапты Әбекең өзі де жазып, бастырып шығарды. Көптен бергі іштей ширықтырып жүрген арманының сәтін келтіріп орындаған. Ал, сонау 1950-1951 жылдары, 14-15 жасар арманшыл, албырт шақтарында К.Градополовтың «Боксы» көп көмегін тигізген-ді. Бұлар осы кітап бойынша бірлесіп алғашқы жаттығуларын жасап, бокс әлемінің шым-шытырық, еліктіргіш құпияларын меңгеруге кіріскенін кәдімгідей көз алдыма елестетемін.
Үлкен бокс, нағыз бокс алда, Алматыда күтіп тұрған-ды. Әбдісалан жетіжылдықты бітірген соң астанаға келіп, темір жол техникумына оқуға түсті. Осында баскетболдан техникум құрамасының сапында ойнады, жеңіл атлетикамен шұғылданды. Бойындағы бұла күш бұлқындырып, аңсарлы шөлмен келген балғын жас спорттың барша түрін ыстықтай қаба бергісі келді. Тіпті, ядро серпуден Алматы қаласының чемпионы да болды. Атақты волейболшы Октябрь Жарылғапов оны волейболға тартты. «Алақаның жалпақ, қолдарың ұзын, бойың биік, қайратың мығым, шапшаңсың, сенен мынау деген волейболшы шығады!» Шынында да Әбдісаланның сол кезде қай спорт түрімен айналысса да жоғары нәтижелерге жететін мүмкіндіктері бар-тын. Бойы 1 метр 90 сантиметр, салмағы 80 килоға таяу. Күш-қайраты, Қобыланды бабасына тартқан, тасқын. Бірақ қазақ спортының бағына қарай Әбдісаланның өзі боксты қалады. Осы бокс үшін үш жыл оқыған теміржол техникумын тастап, дене тәрбиесі техникумының екінші курсына ауысты. Оны 1957 жылы тәмәмдап, іле физкультура институтына түсті. Бұл кезде Нұрмаханов республикаға әйгілі, Одақта топ жарып көріне бастаған, болашағынан үлкен үміт күттірген танымал боксшы болатын. Енді осы дәрежеге қалай жеткенін баяндау үшін сәл шегініс жасауға тура келеді.
Жаңа Әбдісалан өзі әр кеменің құйрығын бір ұстамай, түпкілікті бокспен шұғылдануға бекінді дедік. Оған аға жолдасы, атақты волейболшы, «Буревестник» командасының негізін қалап, талай тамаша жеңістерге жеткізген аяулы Октябрь Жарылғапов та түсіністікпен қарап, бокстан білікті жаттықтырушы Дәулеткерей Муллаевка өзі ертіп әкеліп табыс еткен-ді. Бір ғажабы, Әбдісаланның бокспен шұғылдануына үй-іші үзілді-кесілді қарсы болады. Олардың ұғымынша, бокс деген – төбелес. «Миы шайқалады, көзі көгереді, бет-аузы бұзылады, денсаулықтан айрылады. Алла-ау, бұл төбелескен қораздар сияқты жұдырықтасқаннан басқа кәсіп, басқа ойын құрып қалып па?!». Содан 1955 жылы бабындағы Әбдісалан КСРО-ның жастар арасындағы біріншілігіне қатысып жатқанда соңынан: «Баланы алып кел, бокс-соксына түспесін», деп үлкен әпкесі Бибішті жібереді. Кіші інісін жанындай жақсы көретін, өзі адуынды, ірі денелі Би-апаң Ленинградтың «Астория» мейманханасында жатқан Әбдісаланға жетіп барып, жандәрмен дегенде тауып алады ғой. Ұйқыдағы жігітті «солай да солай» деп кезекші келіп оятады. Шықса, өзінің Би-апасы, боздап жылап тұр. Әпкесін сабасына түсіріп, көңілін орнықтырып, ертеңіне ақтық айқасқа ертіп апарады. Әрине, бокс бикештердің ермек үшін алақан соғатын ойыны емес. Сарт та сұрт. Бірінші рет көрген ауыл адамының ұғымынша, тіптен қиян-кескі, нағыз «холигандардың» төбелесі. Сонда Бибіш әпкесі шыдай алмай шырқырап, рингке қарай ұмтылып, төрешіге «тоқтат, тоқтат, мына безобразияны!» деп айқайлап жіберіпті. Сол жолы Одақтық жарыста алғаш рет алтыннан алқа тағып, жастар арасында КСРО чемпионы атанып, елге үлкен абыроймен, қуанышпен оралған Әбекең осы бір оқиғаны жымия күліп, өмірден ертерек өткен сүйікті әпкесін сағына отырып еске алушы еді. Сөйткен Әбекеңнің өзі де бақилық болғанына не дерсіз.
Осы арада бір айта кетерлік жағдай, жалпы Нұрмахан ақсақалдың әулетінде имандылық, сыйластық, бауырмалдылық, үлкеннің бетіне келмеу сияқты қасиеттер ежелден ата тәрбиесімен, ана сүтімен берік дәстүр болып қалыптасыпты. Мысалы, Әбекеңнің үлкен спортшы, халқының қадірменді азаматы болып өсуінде жаңағы айтқан әпкесі Бибіштің, үлкен ағасы Әбдіжәлелдің сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Нұрмаханнан тараған тоғыз ағайынды ағалы-қарындастылар жақсы-жаман уақыттарда әрқашан бірін-бірі демеп, үлкені кішісіне қамқоршы болып, кішісі үлкенінің айтқанын екі еткізбей тыңдап орындайтын ізеттілік, парасаттылық рухында ғұмыр кешкен. Әпке-қарындастары дегенде Әбекеңнің өзі де ішкен асын жерге қоятыны сондай кішік, соңдай қамқоршы болып өткенін жан жары Күлпәш апай елжірей айтады.
Сонымен... Әбдісаланды Октябрь Жарылғапов кәнігі жаттықтырушы Дәулеткерей Муллаевқа ертіп келді дедік. Нағыз жаттығу, бокс өнерінің қыр-сырларын шындап игеру, оның әрбір тармағын жіліншіктеп үйрену, нағыз тер төгу сол кезден басталған-ды. Осында республиканың ең таңдаулы, ең мықты былғары қолғап шеберлері, ауыр салмақта өнер көрсететін Леонид Гильдинмен, Семен Либерманмен және басқалармен жүздесті. Додалы тартыстарда бәсекелесті, өзінің мойымас жігерін, қайсарлығын таныта білді, боксты тек басқа-көзге төпелеп жұдырықтасу деп ұқпай, ойлап ойнауға ұмтылды, алдамшы қимылдар арқылы қарсыласын қапы соқтыратын болды. Міне, соның арқасында 19 жасар Әбдісалан, әсіресе республиканың қазақ қауымын ерекше қуантып, 1955 жылы Қазақстан чемпионатында озып шығып, мерейі биік болды, тұңғыш рет Кеңес Одағының біріншілігіне қатысатын республика құрама командасының құрамына кіргізілді.
Спортта да бармақ басты, көз қысты бұра тартулар, өзімдікі дегенге бүйрек бұрулар, көріне көзге қиянаттар болып тұрады екен. Бокс өнерінің жілігін шағып, майын ішкен, оның қиын асулы, тайғақ кешулі бұралаң жолдарының бәрінен өткен, ал өзі кейін әділетті төреші, жанашыр жаттықтырушы, тәуелсіз Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмаханұлы спорттық тағдыр-талайында ондай әділетсіздіктердің неше санын көрген болатын. Қайсыбір спорт төңірегіндегі бишігештер 1956 жылы Мәскеуде өтетін КСРО халықтарының бірінші спартакиадасына С.Либерманды тықпалап өткізіп жібермекші болып, ұтылып тұрса да, жеңісті соған алып берген ғой. Ақыры бұл іске Кеңес Одағының он дүркін чемпионы болған Сергей Щербаков араласып, Либерман мен Әбдісалан ақ шаршылы алаңда қайтадан тоқайласып, тайталасады. Сол жолы Әбекең намысқа шауып, Қобыланды бабасының аруағына сыйынып, әккі қарсыласын екі мәрте сұлатып салады. Осы жеңіс Қазақстан ауқымында кімнің кім екендігін дәлелдеп қана қоймай, Одақта болып жататын дүбірлі жорықтарға даңғыл жол ашып еді.
Келесі, яғни 1957 жылы ол тұңғыш рет КСРО біріншілігіне қатысты. Ақтық айқасқа дейін жетіп, соңғы сында бокс әлеміңде «орыс танкісі» атанған әйгілі Андрей Абрамовпен қолғап түйістірудің сәті түсті. Бұған дейін аса мықты шеберлер Геннадий Попов пен Сергей Яковенконы қақыратқан жойқын шабуыл иесі жас қазақ жігіті, шындығы керек, Мәскеу жанкүйерлеріне де ұнай бастаған. Боксшылық қысқа жолында Әбдісалан бірталай күрделі, шиеленіскен түйіндерді шешіп үлгерген болатын. Бірақ дәл мынадай тосын жағдай оған бірінші рет ұшырасып тұр еді: қарсыласы бұдан 25 килограмм ауыр. Әрине, дәл мұндай алшақ салмақ айырмашылығымен майталман боксшыны әлі тәжірибесі аз жас жігіттің ұтуы неғайбыл-тын. Сонда да болса, 21 жасар Әбдісаланның елдің ең беделді осынау жарысынан Алматыға күміс медальмен оралуы аса үлкен жетістік болды. Ол табыс бүкілхалықтық қуанышқа айналды, рухани теперіш көріп жатқан қазақтың ұлттық рухын көтерді.
1962 жылы Киевте соңғы сында, яғни финалда тағы да Абрамов пен Әбдісалан екеуі кездесті. Қазақ боксшысы үшінші раундтың аяғына таман шалт қимылдар жасап, Андрейді ауыр соққылардың астына алды. Бір кезде ол құлап түсті. Төреші тоғызға дейін санағанда да тұра алмады. Сол кезде гонг соғылып, жеңіс тағы да Абрамовқа берілді. Әбдісалан тағы да КСРО біріншілігінің күміс медалін қанағат тұтты. Әйткенмен, оның алтынға бергісіз екенін елдің бәрі түсінді. Кейін кездескенде Абрамов: «Әбдісалан, сол жолы жекпе-жегіміз тағы бір минутқа созылғанда, сен ұрмай-ақ өзім-ақ құлайтын едім», деп қалжындап жүрді. Ал «Советский спорт» газеті осы чемпионат жайлы есебінде: «Ақыры Абрамовқа ізбасар табылды...» деп жазды. Шындығында, ізбасар емес, терезесі тең боксшы, кей реттерде одан гөрі мықтырақ боксшы шығып еді. Қалай болғанда да, осыдан кейін Әбдісалан ауыр салмақта Абрамовтан кейінгі бірден-бір боксшы саналды. Сөйтіп, халықаралық жарыстарға, екінші кезектегі мәртебелі жиындарға жіберіліп жүрді.
Әбдісалан да осы кездерде өзінің дүниежүзілік деңгейдегі ірі былғары қолғап шебері екенін дәлелдей білді. Мысалы, 1963 жылы Индонезияның астанасы Джакартада өткен Азия, Африка, Латын Америкасы, Еуропа елдерінің спорт ойындарына (ГАНЕФО) қатысты. Сол жолы Гвинеядан келген 120 килограмдық негр боксшысы Мамиді 40 секундта нокаутқа түсіріп, сонау қияндағы елден Қазақстанға бас жүлдемен оралды. Сол жекпе-жекті дәл жанында тұрып тамашалаған Ермек Серкебаевтың және сол кездегі республика спорт комитетінің төрағасы Кәркен Ахметовтің қуаныштарын тілмен айтып жеткізу қиын еді. Араға екі жыл салып сала кәсіподақтары спартакиадасында еліміздің чемпионы И.Чепулисті тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды. Әбдісаланның осындай сандаған ірі-ірі жеңістеріне бүкіл Қазақстан халқы мерейленіп, шаттанып отырушы еді. Айтқандай, жаңағы ГАНЕФО ойындары ұйымдастыру комитетінің төрағасы Индонезияның президенті Сукарно болса, төрағаның орынбасары өзіміздің Кәркен Ахметов-тін. Бұл да Қазақстан спортына, қазақ халқына көрсетілген өзіндік құрмет еді.
Барлығы 239 жекпе-жек өткізіп, соның 222-сінде жеңіске жеткен Әбекең былғары қолғапты шешкеннен кейін де сүйікті боксымен қош айтыса алған жоқ. Ендігі өмірін жас жеткіншектерді тәрбиелеп жаттықтыруға арнады, дене тәрбиесі институтында бокс кафедрасын меңгерді, бұған қоса ғылыми жұмыспен шұғылданып, 1972 жылы «Денеге түсетін ауыр күштің салмақ қуу мен оны қайтадан қалпына келтіруге әсері» тақырыбы бойынша диссертация қорғап, биология ғылымының кандидаты атағын алды. Көп жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінде дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болып істеді. Доцент. Профессор. Міне, осы ұлағатты істер бір адам үшін аз ба, әлде, көп пе?! Бәлкім, бәз біреулер үшін тоқмейілсуге осылардың өзі жеткілікті болар еді. Тек Әбдісалан аға үшін емес. Әбекең өзінің тынымсыздығын, қайсарлығын, табанды еңбекқорлығын боксты қойғаннан кейін бірнеше еселеп танытты. Ұстаздық, жаттықтырушылық және басқа қоғамдық қызметтерін атқара жүре, сан түрлі халықаралық турнирлерде және Москва Олимпиадасында төрешілік етті. Әбекеңнің әділ, әрі білгір төрешілігіне боксшылар қауымы аса тәнті болатын. Осыларға қоса өз өмір жолынан «Жекпе-жек» деректі хикаятын екі рет жариялапты. Соңғысы толықтырылып жазылды. 1988 жылы «Бокс» атты оқулық кітабын шығарды. Онда бокстың дамуы, техникасы мен тактикасы, оларды үйреніп, толық игеру жолдары, оқу-жаттығу үдерістері мен оның әдістемелік негіздері төңірегінде кеңінен әңгіме қозғалады. Әбекеңсіз өткен тоғыз жыл сол кітаптың керектілігіне, құндылығына көзді жеткізе түсіп отыр.
Ел құрамасындағы бас бапкерлік, Атланта олимпиадасы Ә.Нұрмахановтың екінші тынысын ашқан, тағы да бір жұлдызды жылдары болған еді. Додаға қосқан сайыпқырандары бір алтын, бір күміс, екі қола медальді іліп түсті. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік бокс керуені шеруінің құрметті үшінші сатысынан орын алды. Мақсаты бұдан да биік еді. Әттең, Сидней Олимпиадасына қонақ ретінде барды. Иә, тағы да арман-ай, дүние жалған-ай, әттең-ай дейміз.
Бірақ қазақ спортының Қажымұқаны тектес батыр алыбы – Әбдісаланның осылайша жасындай жарқырап өмірі өткенімен, дәурені біткен жоқ. 75 жылдығы да атаусыз қалатындай емес. Өзі кетсе де, көзі қалған. Ел орнында. Алдағы қараша айының басында ұлы боксшының рухына бағышталып ас берілмекші. Өмір жолы мен спорттық жетістіктерінің тағылымдары кеңінен сөз болатын келелі ғылыми-тәжірибелік конференция өтпекші. Әлбетте, бұған мұрындық болып отырған өзінің мешітті ғалам үйіндей ордасы – Қазақ спорт және туризм академиясы. Одан соң іле-шала академияның спорт залында негізінен Алматы қалалық бокс федерациясының ұйымдастыруымен Әбдісалан Нұрмахановқа арналған халықаралық турнир додасы басталып кетпек. 74, 81, 91 және 91 килодан жоғары төрт салмақ санатында. Жүлде қоры да қомақты. Бірінші орынға – 3 мың доллар, екінші орынға – 2 мың, үшінші орынға – 1 мың. Ал, енді ауыр, Әбекеңнің өз салмағындағы абсолюттік жеңімпаз 10 мың доллар жүлделі сыйлық олжалайды. Осыған ұйтқы азамат Амалбек Тшанның ойынша, ауыр салмақтағы атпал боксқа жастарды көбірек тартып, қазіргі қазақ боксының мәртебесін арттыруға септігі тиетін халықаралық турнирді дәстүрлі етіп, әр өңірде жылма-жыл өткізіп тұрған лазым.
Кәдімгі өмірде қарапайым кішіпейілділіктен жазбаған, ешқашан кеуде қақпаған Әбдісаландай нарқасқаның есімін қастерлеу, құрметтеу жайы бұл айтқандармен шектелмесе керек. Қайраткер азаматтардың ой-пікірі осы ретте бір арнада тоғысқандай. Әуелі, бокстағы баһадүр батырымыздың нар тұлғасына сай еңселі ескерткіш тұрғызылуы керек, дейді. Өзі жанындай сүйген, 1500 жылдығына 1500 өрімтал еккен туған шаһары Түркістанда. Одан соң Алматыда, Астанада, Шымкентте бокс жасөспірімдер спорт мектебі, бір спорт мекемесі, спорт сарайы осынау ардақты есіммен аталса, көшелерге аты берілсе құба-құп. Даңқты боксшы туралы замандастар естеліктерінің, мақалалар, әңгіме, өлең-жырлардың, сирек фотосуреттердің басын қосқан бір айтулы кітап шықса. «Әбекең көзі тірісінде шаруа қожалығын ұстаған Алматы іргесіндегі Қарасай ауданында Ә.Нұрмаханов атындағы саябақ немесе аллея болса екен» деген тілекті өмірқосағы Күлпәш апай айтады... Ұлы боксшымызды ұлықтаудың, қастерлеудің, есімін елге насихаттап, есте қалдырудың тағы басқа қандай әдіс-амалдары, нұсқа жолдары бар? Тәуелсіз елінің боксын ұшпаққа шығара жүріп өз үкіметінен омырауға тағар бір сөлкебай да алмай кеткен сабаз ерге тағы қандай құрмет, марапат лайықты болар екен? Спорт және туризм министрлігіндегі азаматтар бұл орайда ойланып, толғанып, орынды ұсыныстарын жоғарыға жолдар деп ойлаймыз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Суретте: қазақ спортының қос алыбы Ә.Айханов пен Ә.Нұрмаханов.