Біз бір уақыттарда мұсылман дүниесінен іргеміз бөлініп, тереңнен тамыр тартқан байланыстың үзіліп қалғанын қалай жасырамыз. Шыныны сындыру оңай, ал оның сынасын білдірмей жинауға ғылым мен өнердің, шеберліктің күші керек екенін әркім түсінер. Кеңестік идеология дінді бас айналдыратын апиын, кертартпа етіп көрсетті. Сөйтіп, біздің аталарымыздың діни сенімін сындырып, оларды ешкімге, ешнәрсеге сенбейтін атеист етіп шығарды. Сол тәрбиенің аяқ жағы біздің ұрпаққа да бұйырды...
Тәуелсіздікке дейін мұсылман елдері туралы түсінігіміз де шамалы болды. Ал жалпы дін атаулы құбыжықтай көрінген соң, оған сенетіндердің, исламның бастауларында ғылым мен мәдениетіміздің тегі жатқандығын айтқысы келген Ақжан Машани сияқты ғалымдарды ауызға ұрып, үндетпей қойғаны да жалпыға аян. Жазу-сызудың, сауаттылықтың қазақ даласына ислам діні арқылы келгенін білеміз. Осыдан 10-12 ғасыр бұрын Қыпшақ даласының перзенті, Әбунасыр әл-Фараби бабамыз ғылымға мұсылман әлемінен сусындаған жоқ па еді? Оның Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атануы да мұсылман әлемі рухани күшінің тереңдігі мен негізділігінде жатса керек.
Тарихта адамзат қоғамы түрлі өзгерістерге ұшырап отырды. Қандай мықты, аузын айға білеген империялардың, державалардың ешқайсысы да мәңгі жасаған жоқ. Сол сияқты мұсылман әлемі де уақыттың түрлі ағысын, толқынын бастан кешті. Білім мен ғылымның даму бағыты шығыстан батысқа қарай көшін түзеді. Адамзатқа исламның даналарын берген рухани әлемнің тоқырау демесек те, шабан қимылды қанағат еткен дәуірлерді бастан кешіруі де сондықтан болар. Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер жүзіндегі халықтың бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі дамуының бүгінгі деңгейінің шындығын орынды атап өтті. Ғасырлар тоғысындағы жылдарда техника және жаратылыстану ғылымдары саласынан Нобель сыйлығының бірде-бір лауреаты шықпаған. Ислам әлеміндегі жаһандық технологиялық жаңалық жөнінде де ешкім ештеңе айта алмайды.
Ал өткенге көз салсақ, ислам әлемінің ғылымдағы ғажайыптары мен рухани жауһарларының бүгінгі өркениетке жеткізген ғылыми жаңалықтардың түп қазығы, түбір бастауында тұрғанын байқаймыз. Мысалы, орта ғасырлардағы мұсылман даналары көптеген ғылымның негізін қалады. Медицинада Ибн Сина, алгебрада әл-Жабир ибн Хайян, химияда әл Хорезми, астрономияда Бируни, оптикада Ибн Хейсам, акустика мен музыкада Әбунасыр әл-Фараби, тригонометрияда Беттани, социологияда Ибн Халдун, кибернетикада әл-Жазаридің есімі алдымен аталады. Ал поэзия мен әдебиетте, өнерде, философияда ислам даналарының есімі күні бүгінге дейін жаңғыра естіледі. Алғашқы қағаз фабрикасын, алғашқы токарь станогын, алғашқы зеңбіректі, тағы басқа адамзат өркениетінде орны бар заттарды ойлап тапқан мұсылмандар болатын.
Орта ғасырларда ислам әлеміне интеллектуалдық еркіндіктің ұрығын сепкен Еуропа емес, қайта ілім-білім-ғылым мұсылман шығысынан кәрі құрлыққа барды. Қазір көпшілік мұсылмандар Еуропа мен Америка Құрама Штаттарына қалай кіді қараса, бір кезде еуропалықтар мұсылман жұртына дәл солай үрке қарады. Оның барлығы да қызғанышы атойлап тұратын қызығушылық болғанымен, олар іштей мұсылман әлемінің артықшылықтарын, басымдығын мойындайтын.
Исламда дін мен ғылымның арасында қарама-қайшылық болған жоқ, болмақ та емес. Құранда : «Біз өзара байланысып, түрлі нәрсе жараттық, Сізге осыған ой жүгірту керек болар» (51:49) деген сөздер бар. Мұсылмандардың қасиетті кітабы материалдық әлемнің мәнін түсінуге, тұщынуға шақырады. Бұл танымның қазіргі заманғы ғылыми әдістемесіне сәйкес келер еді. Оны қазақы түсінікке салсақ, қасиетті кітап ғылымның тереңіне бойлау керектігін, ғылымсыз ілгерілеу жоқтығын меңзейді. Ғылымның аса маңыздылығы туралы Құран Кәрімде: «Алладан оның құлдары (шынайы діндарлар) арасында тек ғалымдар ғана қорқады» (35:28) «Алла тағала сендердің араларыңнан сенгендерді және кімге білім қонса соларды биіктетеді» (58:11) деген сөздер кездеседі. Бұл сөз жоқ, дін мен ғылымда қайшылықтың жоқтығын тағы да дәлелдей түседі.
Әбу Дәудтің айтуынша, Мұхаммед пайғамбар «кімде кім Алла үшін білімді іздеу жолына түссе және тапса, Алла оған жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді» дейді. Мұның барлығы да діннің ғылымды дамыту жолына қарсы тұрмайтындығын көрсетеді. Ал ХV-ХVІ ғасырларда ғылым неге мұсылман әлемінде құлдырап, алдыңғы орынға Еуропа шықты? Умманың заманауи ғылыми-инновациялық дамудан артта қалып қою себебі – мұсылман үмбетінің қоршаған ортаны зерттеуге шығармашылықпен қараудан бас тартуы, фанатизмнің дәурендеуі және схоластика мен идеологиялық төзімсіздігі дер едік. Себеп-салдарсыз болмайды. Сонау алыста қалған ХІ ғасырда ислам әлемі иждихадтан, яғни адамның ақиқатты субъективті танып-білу құқынан бас тартты, ал ақиқатсыз ғылым дамуын елестетудің өзі қиын.
Иждихадқа тыйым салу мұсылман ортасында ой белсенділігін, интеллектуалдық ізденістер мен сыни тұрғыдан талдау жасауды шектеуге алып келді. Дін мамандары мұсылмандық ғылым мүддесінен шығатын жаратылыстануды талақ етіп, иждихадты тек діни сенім және шариат нормаларымен шектеді. Мұнан шығатын қорытынды, мұсылмандардың иждихадқа, ислам мүддесі тұрғысынан материалдық әлемді танып-білуге қайтып оралуы керек. Мұсылмандар қоғамында көзсіз сенімге табыну емес, нағыз білім, ғылым ғұрпын қалыптастырмай, мүмкін алдағы ғасырларда бүгінгі артта қалушылық мешеулікке ұласпасына кім кепіл? Ал бүгінгі әлемнің ғылыми көрінісі мұсылмандық дін оқуының негізіне, Құран мен Сүннеге қайшы келмейтіндігін айттық. Алайда, мұсылман әлемінің барлығы бірдей Құранды түпнұсқадан оқитын арабтар емес, осы қасиетті кітаптың нашар аудармасынан ондағы айтылғандрды нақты түсіне алмауы да ғаламдық талпынысқа кедергі екеніне тағы күмән жоқ.
Расында, ғылым дамымаса мұсылман елдеріндегі ресурстар көзінің игерілуі де шабандайды, онсыз да экономикалық жағынан мешеу елдердегі адамдарды ашқұрсақ халден құтқаруға қауқарсыздық орын алады. Форумда айтылғандай, Ислам Ынтымақтастық Ұйымына кіретін 57 мұсылман мемлекетінің 22-сі дүниежүзіндегі артта қалған 49 елдің санатына кіріп отыр. Бұл аштық пен жалаңаштық ауру-сырқау, өлім-жітім деген сөз. Сөз жоқ, Уммада жоғары қарқынмен дамып, әлемдегі бақуатты елдермен тай оздырып отырған мемлекеттер де бар. Бірақ олар артта қалған осынша көп елдің сауыны бола алмайды ғой. Ал ғылым дамыса, ол Африканың шөліндегі немесе басқа құрылықтағы жүдеу мұсылман елдеріндегі экономиканың серпінділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы мұсылман жұртын қай жағынан да алға шығаруға себепкер болады.
Ислам Ынтымақтастық Ұйымы осы жолғы форумының «Жаһандық экономикалық даму – өзара ынтымақтастық пен әріптестік» деп аталуы да әлемдегі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінен туған. Жаһандық үдерістер тек мұсылман елдерінде ғана емес, әлемде тұтас көптеген қиындықтарды алға тартып отыр. Соның салдарынан дүниенің қай шалғайында да экономикалық қиындықтар да жетіп артылады. Одан мұсылман жұрты да шет қалып отырған жоқ. Осыған орай форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген бірқатар бастамалары осы алқалы жиынға келген мұсылман лидерлерінің барлығының көңілінен шыққаны шындық. Оның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Ислам әлемі елдерінің жетекші ғылыми-технологиялық үрдістерден қалып келе жатқанын ескеріп, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының мүдделі елдері қатысуымен халықаралық инновация орталығын құруды ұсынды. Бұл ұсыныстың ғылымға да қатысы бар. Осы ұсыныстан бастау алатын жұмыстар аясында ғылымды дамытуға бағышталған жұмыстар да жүргізіледі деген үміт бар. Оның ішінде мұсылман әлемімен қазақстандық ғалымдар, ғылыми мекемелер, жоғары оқу орындары да ынтымақтаса іске кіріседі деп ойлаймын.
Еркін ӘБІЛ, Қостанай мемлекеттік педагогика институтының ғылыми жұмыс және шетелдермен байланыс жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы.
Қостанай.