Алматы облысының, Панфилов ауданындағы Қорғас ауылы осы аттас халықаралық кеден бекетінің қасында орналасқан. Сондықтан оны тоғыз жылдың торабында тұр деп айтуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, осындай маңызды елді мекеннің әлеуметтік проблемалары әлі күнге дейін дұрыс шешім таба алмай келеді.
Ең бастысы, біз таза ауыз суға зәруміз. Оны басы Қытай елінен басталатын Қорғас өзенінен аламыз. Ол су – ішуге жарамсыз. Сондықтан ауылдың қол жеткен кейбір тұрғындары өздерінің құдықтарын қазып алған. Ал енді біреулері оның бір тоннасын 1000-1500 теңгеге сатып алуға мәжбүр. Біздің Пиджим ауылдық округының әкімі осы мәселені шешпек болып, талай мемлекеттік органдарға хабарласты. Бірақ одан әзірге ешбір нәтиже шықпай отыр.
Электр қуатымен қамту ісінде де осындай олқылықтар бар. Оның күші жеткіліксіз болғандықтан, ауыл халқы теледидар хабарларын дұрыстап көре алмай отыр. Осындай жағдайда тұрмысқа қажетті шаң сорғыш, кір жуғыш мәшине, компьютер секілді құралдармен жұмыс істеу мүлде мүмкін емес. Былайша айтқанда, Қазақстан халықтарының бәріне де ортақ өркениет жетістіктерінен құралақан қалып отырмыз.
Шындап келгенде, мұндай мәселелерді шешу қазіргі күні Үкіметке, жергілікті билік органдарына көп қиындық тудырмайды. Оның жолын ең алдымен Елбасымыздың өзі халыққа арнаған Жолдауында көрсетіп берген жоқ па еді. Тіпті, «Ауыз су» бағдарламасының қабылданғаны қашан. Бірақ, өкінішке қарай, осы жақсылықтар тоғыз жолдың торабындағы, атақты халықаралық кеден бекетінің қасындағы бізге жетпей отыр. Мұндай өрескелдікке бір жағынан таңқалуға да болады. Сондықтан Үкіметтен, жергілікті билік орындарынан аталған мәселенің жеделдетіп шешім табуын сұраймыз.
А.МӘУЛЕНБЕРДИНА,
О.ФАТКУЛЛИНА,
Ж.ТАРАЛБАЕВ,
Н.ҮМБЕТБЕКОВ,
шағым хатқа барлығы 60 адам қол қойған.
Алматы облысы,
Панфилов ауданы,
Қорғас ауылы.