16 Шілде, 2011

Погон таққанның бәрі періште ме?

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бұрын баспасөзде жемқорлардың «ша­бақ­тары» ғана қармаққа ілініп, «шор­тан­дарының» шоршып жүргені көп айтылатын. Одан бері заман өзгерді. Өмір ағынымен бірге су бетіне талай «шортан» шықты. Құрыққа ілінді. Жазасын тартты. Бірақ жемқорлар бұдан аяғын тартпай тұр. Оған мына сөзіміз дәлел. Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Жалғасов осыдан бір жыл бұрын С.Тоқмамбетовті өзіне шақырады. Кабинетке келген Тоқмам­бетовті құзырлы органның өкілі тоқпаққа алады. «Сен есірткі сатумен айналысасың. Үстіңнен арыз бар», дейді. Түкке түсін­беген Тоқмамбетов өзіне тағылған айыпты мойын­дамайды. Жалғасов болса, өз сөзін қайталай береді. Оның аяғы қинау-қыстауға ұласады. Жасамаған ісін Тоқмамбетов қай­дан мойындасын? Үзілді-кесілді бас тар­тады. Содан Жалғасов күдік­тің сейілмегенін, істің әлі қозғалатынын айтып Тоқ­мамбетовті босатады. Былтырғы жылдың желтоқсанында Жалғасов Тоқмамбетовке мынандай мәтін­дегі хат жазады: «Облыстан арнайы бригада келіп, жұмыс істеді. Бірақ мен саған оларды тиіскізбедім. Енді жылдық есеп тапсыру үшін облысқа бара жатырмын. Жолай бригада басшыларына соғамын. Соған 4000 дол­лар беріп жібер». Хатты өзінің жүргізушісі М.Ақмамбетов арқылы беріп жібереді. Арада он күн өтпей Тоқмамбетовтің үйіне учаскелік полиция іздеп келеді. Дәл сол кезде ол үйінде болмайды. Содан тықырдың таян­ғанын сезген ол Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің Қызылорда облысы және Бай­қоңыр қаласы бойынша департаментіне арыз түсіреді. Арызында Жалғасовтың қыз­мет бабын пайдаланып, заңсыз айып тағып, 4000 АҚШ долларын бопсалап отырғанын айтады. Содан Тоқмамбетов Жалғасовпен кездескенде оның талабына келіскен сыңай таны­тып, бірақ, 4000 долларды бере алмай­тынын айтады. Дегенмен, сол күні 150 мың теңге тауып беруге уәде береді. Анау оған келіседі. Сөйтіп, жеңіл олжаны олжалап қайтуға жүргізушісін жібереді. Жүргізуші Ақмамбетов 150 мың теңгені алып жатқан кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің құрығына түседі. Сөйтіп, ҰҚКД қызметкерлері М.Жалғасовқа ҚК-тің 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағы, жүргізуші М.Ақмамбетовке қарсы ҚК-тің 177-бабы 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол қаржы поли­ция­­сына жолданады. Ақмамбетовтің осындай оңай олжаны талай рет бастығына әкеліп бергені күмәнсіз болса керек. Өз басын аман алып қалу үшін мәселенің мән-жайын толық айтып, істің тез бітуіне қал-қадерінше көмек қылады. Осыны ескерген прокуратура өкілдері оны қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Ал Жалғасовтың ісі қызметін жеке пайдасына пайдаланғаны үшін деген айыппен сотқа өтеді. Сот оны 5 жылға кеседі. Ал «Арал аудандық Мәдениет үйлері мен клубтары» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының есепшісі Жасақбаева осы аудандық Мәдениет және тілдерді дамы­ту бөлімінің бастығы Әбілғазиева­ның үстінен қаржы полициясының өкіл­деріне арыздана­ды. Арызды инспектор Ахметов тексеруге алады. Өзін ақтап алудың жалғыз жолы пара беру деп ойласа керек, Әбілғазиева қаржы полиция­сының қыз­мет­керіне 200 мың теңге беріп, мәселенің өзіне оң шешілуіне ықпал етуін сұрайды. Аудандық қаржы полиция­сының қыз­меткері сол мезетінде облыс­тағы бас­шылығына мәлімдеме жазады. Сөйтіп, Әбілғазиева пара беру үстінде қолға түсті. Сөйтсе Әбілғазиеваның мұнан да өткен кінәсі көп екен. «Қыз Жібек» деген дүкенге пара беруші 52 мың теңге қарыз болыпты. Оны жаңағы айтқан Жасақ­баеваның қалта­сынан төлеттіріпті. Оны­мен қоймай хат­шы­сы арқылы 27100 теңге алдыртыпты. Одан кейін жеке есеп-шоты­на тағы 20 мың теңге аудартып алыпты. Қысқасы, Әбіл­ғазиева Жасақбаеваны теспей сорған ғой. Алайда, бір таңғаларлығы, Арал аудандық соты оған ҚК-тің 63-бабын қолдану арқы­лы 2 жыл сынақ мерзімін ғана белгілепті. Осыдан кейін жең ұшы­нан жалғас­қан жемқорлық пен бармақ басты, көз қысты сыбайластық қайдан тыйылсын. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.