Қызбел – Жангелдин ауданындағы бұрынғы үлкен шаруашылық болатын. Бүгінде Саға ауылдық округінің аймағына кіреді. Мұнда алаш арыстары Міржақып Дулатов пен Сейдәзім Қадырбаевтың, Әлмағамбет Қасымовтың, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұқатай Жұрмұхамедов пен Асқар Закариннің, көрнекті ғалымдар Фазылхан Бәйімбетов пен Сайлау, Сәбит Байзақовтардың, жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметовтің кіндік қаны тамған. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының кейіпкерлері – Сұлтанбек (Бүркіт) пен Бәтиманың (Бәтес) туып-өскен, мектеп табалдырығынан аттаған киелі жері де осы. Бұл өлкеде ақиық ақын Ғафу Қайырбеков еңбек жолын бастап, атақты «Қызбел суреттері» өлеңдер топтамасын жазу арқылы қазақ поэзиясының қабырғалы тұлғасына айналған. Қайсыбірін айтамыз, қасиетті де шежірелі аймақтың тағылымды тарихы келер ұрпақтың кәдесіне әбден жарайтындығы қуанышқа бөлейді.
Сол шежірелі де киелі елі ала жаздай шерлі күйде өмір сүріп жатыр. Ауыз судың бірден-бір көзі Қоңыраулы өзенінің суы алдымен құрттап кетіп, кейін кәдімгі қанды ірің түстес қызыл суға айналып, ішуден қалды. Мүмкіндігі барлар Арқалықтан қалбырлы су тасып пайдалануда. Ал қолы қысқалар амалсыздан қызыл суды қорек етуде. Шайға қайнатып, қасық салғанда, ол қап-қара болып тотығып кетеді екен. Бұл неткен күйдіргі екеніне жұрттың басы әлі қатып жүр.
Ауыл халқы қанша сабырлы, көнбіс десек те мына келеңсіздік әркімді титықтатып тұр. Анау бір кезде әр деңгейдегі зертханаға су апарып тапсырылған екен, оның нәтижесі де дүдәмал секілді, ашық жарияланбапты. Аудан, облыс әкімдігі неге енжарлық танытады? Осы жағдай келесі жылғы көктемде де қайталанбасына кім кепіл?
Жалпы алғанда, «Ақбұлақ» ауыз су бағдарламасының шапағаты шалғайдағы ауылдарға тимей жатқандығының бір көлеңкелі жағын осындай келеңсіздіктен аңғаруға болар. Халық қамын кім ойлайды? Дабыл қағатын кез жетті емес пе? Адам денсаулығын күйттесек, мұндай шектен шыққандықтың кесірін кім тыймақ? Әр деңгейдегі денсаулық сақтау органдары неге үнсіз? Экологиялық ұйымдар ше, жұмған аузын ашпайтын.
Ел іші дүрбелең. Күйзеліс меңдеген. Бұл апат ненің сойқаны екендігін болжап біле алмай, дал болып отыр.
Қайсар ӘЛІМ,
Қостанай облысы.