Ауру астан келмесін десек...
Тексеру нәтижелері не көрсетті?
Қандай да болмасын атқарылған жұмысқа берілетін ең басты баға оның сапасына байланысты болмақ. Егер атқарылған жұмыстар немесе өндірілген өнім сапасыз болып шығып жатса, оларды нәтижелі атқарылған істер деп айтуға ауыз да бармайды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары сапа мәселесі өткір проблемаға айналып отыр. Олқылықтар мен кемшіліктердің құрылыс жұмыстарынан да, тамақ өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларынан да көптеп табылып жатуы соған айғақ. Мұның өзі түптеп келгенде жауапты адамдардың өз міндеттеріне салғырт қарайтындығын, бақылаудың босаңсығандығын көрсетеді.
Бір кездері, дәлірек айтқанда, әкімшіл-әміршіл жүйе кезінде бақылаулар түрі өте көп болатын. Соның өзінде де, «аңдушыны алушы жеңеді» дегендей, тәртіпті айналып өтетін пысықайлар әр жер, әр жерде табылып жататын. Ал қазір ше? Қазір де бақылау мүлде жоқ деп айта алмайсың. Бірақ, сол бақылаудың ойдағыдай бола алмай тұрған қалпы бар. Бұл ретте сірә, өзіміз жиі қайталайтын «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің де үлкен рөл ойнап кететін сыңайы байқалатын сияқты.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменттері үстіміздегі 2011 жылдың 5 айы ішінде меншіктің түрлі формаларындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерде техникалық регламенттер талаптарының сақталуы және өлшеу құралдарын пайдалану мен олардың сақталуына қатысты 2068 рет тексерулер жүргізген. Осы тексерулердің нәтижесінде 1316 жағдайда бұрмалаушылықтардың орын алғаны анықталған. Бұл барлық тексерулер нәтижесінің 63,6 пайызын құрайды.
Тексерулердің барлық түрлерінің қорытындылары бойынша жалпы сомасы 990227,175 мың теңгені құрайтын сапасы нашар, маркировкалары мен сертификаттары жоқ әртүрлі өнімдердің 4414 партиясын сатуға тыйым салынған.
Осы орайда тамақ өнімдерінің белгіленген талаптарға сай болуына бақылау жасауға басымдық берілгенін айта кету керек. Мәселен, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жеке кәсіпкер Т.В. Немкинаның «Гурман» атты дүкенін тексерген кезде белгіленген талапқа сәйкес келмейтін бірқатар өнімдердің сатылып жатқанын анықтаған. Олардың арасында Ресейдің «Морозко» атты жауапкершілігі шектеулі ұйымы шығарған, қатырма қағазды орамадағы ірімшік салынған құйма-нандар, пісірілген шұжық бұйымдары болған. Сол сияқты Ресейдің «Сочи ет комбинаты» ААҚ шығарған пісіріліп ысталған «Минск» шұжығының, «Вимм-Биль-Данн» ААҚ шығарған сүтті-шырынды сусынның, «Юнимилк» ААҚ шығарған сүтті коктейлінің, кімнің шығарғаны белгісіз (өндірушісі көрсетілмеген) «Амоу» атты соя тұздығының және басқа да көптеген тамақ өнімдерінің сапасыз екендігі де белгілі болып отыр. Бұл аталған тамақ өнімдері мемлекеттік стандарт талаптарына мүлде сәйкес келмейді. Оларды асқа пайдаланған адамдардың денсаулықтарына да айтарлықтай зиян келуі мүмкін.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті де арнайы жүргізілген тексерулер кезінде көптеген кемшіліктердің бетін ашқан. Мәселен, «Konstant-A» (Алматы қаласы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған құйма-нанның, жеке кәсіпкер С.А.Вульферт шығарған «мұздатылған классикалық пельмендердің», «мұздатылған классикалық котлеттердің» санитарлық нормалар талаптарына сәйкеспейтіні анықталған. Ол аз десеңіз, жеке кәсіпкер И.М.Бабаковтың «Гастроном №40» атты дүкенін тексерген кезде тамақ өнімдеріне ветеринарлық сертификаттардың алынбағаны, кейбір тамақтардың ас қауіпсіздігі жөніндегі міндетті нормативтік талаптарға мүлде сәйкеспейтіні белгілі болған.
Ең таңқаларлығы, осы аталған сауда орындарындағы кемшіліктерді, дәлірек айтқанда, заңсыздықтарды ешқандай құрал-жабдықтардың көмегінсіз-ақ анықтауға болады екен. Ол қалай дейсіз ғой? Сөйтсе, саудаға шығарылған балық, құс еті сияқты бірқатар өнімдер көгеріп, иістеніп кетіпті. Осындай сапасыз тамақ өнімдерін шығарып, жеткізіп берушілердің қатарында Астана қаласындағы «Мясной двор» ЖШС, Қарағанды қаласындағы жеке кәсіпкер С.Б.Кучинскийдің «Три кита» кәсіпорны, Теміртау қаласындағы жеке кәсіпкер И.Е. Бабакованың «Ирина» атты наубайханалары бар. Соңғы аталған азаматша бұрмалаушылықтарға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның тамақ өнімдерінің бүлінген партияларын сатуына тыйым салынған. Оңай олжа тауып дағдыланған адамдарды мұндай шараның қаншалықты тәртіпке шақырары әрине, белгісіз. Мұндай жағдайда, ең бастысы, кәсіпкерлікпен шұғылданатын адамдардың өздерінің ар-ұяттарының болғаны, өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарағаны әлдеқайда тиімді болмақ.
Ал жоғарыда аталған Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті жүргізген тексерулер Алматы қаласындағы «Рахат» АҚ шығарған бірқатар кәмпиттердің тауарларға қойылатын бірегей санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Олардың қатарында өзіміз дүкен сөрелерінен жиі ұшырастыратын, кейде тіпті сатып та алатын «Кара-Кум» және «Шоколадтағы жеміс гриляжы» кәмпиттері бар.
Бірқатар тамақ өнімдеріне қатысты орын алған заң бұзушылықтарды аталмыш комитеттің Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары бойынша департаменттері де анықтаған. Мәселен, Ресейдің Алтай өлкесіндегі (Барнаул қаласы) «Лекра-СЭТ» жауапкершілігі шектеулі ұйымы шығарған «Целебный дар»-«Стевии листья» шәйлі сусындарының, Өзбекстандағы «AGROMIR GAZALKENT» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі ұйымы шығарған баклажаннан жасалған икраның, сол сияқты Ресейдің Ульянов қаласындағы «Кристалл» жауапкершілігі шектеулі ұйымы, Жамбыл облысындағы «Алкопищепром» ЖШС шығарған бірқатар арақ өнімдерінің сапасыздығы белгілі болған. Олардың құрамында сивуш майы мөлшерден тыс болып шыққан. Соған байланысты ондай өнімдерді сатуға тыйым салынған.
Біз келтірген мысалдар тексеру нәтижелері анықтаған кемшіліктер ғана. Тексеру жетпеген, дүкен сөрелерінде айлап-жылдап жатып қалған тамақ өнімдері қаншама! Әйтеуір, бір мәселенің басы ашық. Ол – дүкендердегі тауарларды орамаларының немесе ыдыстарының сыртқы әсемдігіне қарап, таңдаусыз, талғаусыз сатып ала беруге болмайтындығы. Өз денсаулығын ойлаған әрбір адам сауда жасаған кезде істің осы жағына аса мұқият болуы тиіс. «Ауру – астан» деген халқымыздың нақыл сөзін де осындайда есте ұстай жүрген абзал.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.