19 Шілде, 2011

Апта айшықтары

375 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Дәрігерлерге тағы 40 пәтер Ұстаздар мен дәрігерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсіп, қаржы дағдарысы қысып бара жатқан кезде үлкен демеу болды. Осыдан біраз уақыт бұрын дәрігерлер мерекесі қарсаңында оларға сегіз пәтердің кілті салтанатты жағдайда тапсырылған. Жақында қала әкімі Ислам Әбішев өзі басқаратын «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының саяси отырысында дәрігер­лердің әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, оларды пәтер мәселесінің қинайтынына көз жеткізді. Қала әкімі өз мүмкіндіктерін сараптай келе сегіз пәтерге қосымша тағы 40 пәтерді бөлетінін тілге тиек етті. Өскемендегі ауруханалар мен емхана басшылары өздеріне қанша пәтердің тиетінін білді. Ондасын ЕЛУБАЙ,Өскемен. «Ақбұлақтың» азатқа шарапаты Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында елді мекендерді көркейту жөніндегі Елбасы тапсырмасы тиянақтылығымен қуантып отыр. Әсі­ресе, «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде тұрғындарды сапалы ауыз су­мен қамтамасыз етуде шарапатты істер атқарылуда. Күні кеше Зеренді ауданындағы Азат ауылында қуатты құбырды іске қосу салтанаты өт­кізіліп, оған облыс әкімі С.Дьяченко қатысты. Алты жүзге тарта тұрғыны бар Азат ауылы «Ақбұлақ» бағдарламасы ая­сында 15 миллион теңге қаржы бөліп, құрылысты өз күшімен жүр­гізген «Темір жол су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көл-көсір ал­ғыс жаудыруда. Аудан әкімі Ербол Сағдиев ауылдық жерлерде биыл осындай сегіз жоба жүзеге асырылатындығын хабарлады. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. Патриоттық  бастама Ақтөбелік жастардың, қоғамдық ұйым басшыларының тарапынан көтерілген ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Қазақстан­ның болашағы үшін» патриоттық азаматтық кең көлемді марафон-бастамасы ая­сында жастарға патриоттық тәрбие беруге, мемлекеттік рәміздердің мәр­тебе­сін көтеру, оларды жас ұрпақтың қастерлеуі және құрметтеуі тұр­ғысында түрлі шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, марафон-бастама бары­сын­да тарихи құндылықтарды қастерлеу жұмыс­тары да жүргізілетін болады. Осыған байланысты өткен салтанатты жиында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты 20 орта мектепке соншама радио кү­шейт­кіш орнатылып, оқушылардың сабақ алдында еліміздің Әнұранын тыңдауға мүмкіндік туғызылатыны айтылды. Марафон-бастама ая­сын­да осындай тәлімдік-тәрбиелік мәні зор игі шаралар көптеп өткізілмек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. Бірлескен меморандумға қол қойылды Егемен ел атанғаннан бергі жерде түбі бір түрік ағайындармен жан-жақты байланыс нығая түсіп келеді. Соның бір жарқын мы­салындай олар бұған дейін жапондармен бірге Ертіс өзені үстіне салынған жаңа көпір құрылысына қызу атсалысқан еді. Енді түріктердің «Paridi Croup» компаниясы осында жаңадан салынатын әуежай және тұрғын үйлер мен сауда орталықтары секілді әлеуметтік маңызды нысандарды қатарға қосуға міндеттеніп отыр. Сол елеулі шараға орай бірлескен меморандумға қала әкімі Айбек Кәрімов  пен аталған компанияның вице-президенті Йылмаз Метин қол қойды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,Семей. Ресейдегі қандастарды бір серпіілтті Ресейдің Астрахан облысында 150 мыңнан аса қандасымыз тұра­ды. Олар әркез қазақ елінің табысына қуанып жүреді. Қазақтың өне­ріне су­сайтынын да жасырмайды. Қазақстаннан өнер ұжымдары жиі барғанын қалайды. Өткен аптада Гүлнар Сәдуақасова басқаратын Д. Нұрпейісова атындағы халықтық музыка колледжінің өнерпаздары астрахандық қандастарды өз өнерлерімен ерекше серпілтіп, ата­жұртқа сағынышын оятқан «Қазақстан–қасиетті Отаным» атты концерттік шара өткізді. Астрахандағы қандастар алдында музыка колледжіндегі студенттерден құралған ұлт-аспаптар оркестрі, «Достық» вокальды ансамблі, хор ұжымы өнер көрсетті. Сондай-ақ, А.Әпенова, Е.Сүлеев, С.Әлібеков, Г.Жұматаева, Ж.Жамиев, Қ.Шакиев, Б.Бисенбаева, Е.Мерекенов секілді әнші-домбырашылар өнерімен ресейлік қандас­тарымыздың ыстық ықыласына бөленді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Саябақ ашылды Орал қаласы аумағына кіретін Деркөл кентінде ұзақ жылдар бойы жабайы бақ күйінде қалып келген алты гектар алқап мәдени-демалыс саябағына айналды. Мұнда әркімнің жас ерекшелігіне сай қисынын тапқан орындар жеткілікті. Балаларға арналған ойын алаңдары, сахна, көше шамдары мен әткеншектер алыстан көз тартады. Жаяу жүргіншілерге арналған соқ­пақтарға өрнектастар төселген. Жабайыланып кеткен ағаштар мен тал-теректер күтім жасалғаннан кейін тіптен жасанып, жасарып, жапы­рақтары самал желмен сыбдыр қағып тұр. Саябақ құрылысы мен абат­тандыру жұмыстарын «БатысСтройФакт» ЖШС жүргізген. Бұл үшін Орал қаласы бюджетінен табаны күректей 52 миллион теңге қаражат бөлінген. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. Ақынға көрсетілген құрмет Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың ав­торы, мүшәйралар мен айтыстардың жеңімпазы Зейнолла Әкім­жановтың есімі жұртшылыққа арқалы ақын ретінде әрі тіл жана­шыры ретінде жақсы таныс. Ол 35 жылдан астам журналистика саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ақынның 60 жылдық мерейтойы өзі жұмыс істейтін «Солтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында – жырсүйер қауымның қаты­суымен кеңінен аталып өтті. «Қызылжар» медиахолдингінің директоры Кәрібай Мұсырман облыс әкімінің құттықтау хатын оқып беріп, иығына шапан жапты. Ұжым атынан сый-сияпат көрсетті. Зекеңнің туған жері –Жамбыл ауданынан да арнайы өкілдер келіп, тарту-таралғылар жасады. Қызылжар өңірінің қадірлі азаматтары Құдайберген Қалиев, Жамбыл Тесеменов, Қайрат Қадыралин, туған-туыстары қуанышқа ортақтасты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.