19 Шілде, 2011

Мәңгілік жыр тудырған ақын

911 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қасым Аманжолов – 100 Қасым Аманжолов өз замандас­тарының ортасында толассыз беделге ие ғажайып ақын болды. Оны достары, қалың оқырман бағалап, қадіріне бас иді. Бірақ, билік иелері Қасымды ылғи да шетке қағып, оның ақын­ды­ғына тежеу салып отырды. «Ұлтшыл» деп айыптады. Қасымды ұлы Мұхтар Әуезов бағалап, талантты қадір тұтқан. Ақынның 80 жылдығы қарсаңында Алматыға арнайы сапарлап барғанымыз еске түседі. 1991 жылғы көктемде Алматыға делегация болып жеттік. Жетекшіміз – Қар­қаралы аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Әбен Рахымжанов, қосшысы мен және аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Совет Нұрмағанбетов еді. Үкімет үйіне кірген соң ең әуелі Жоғар­ғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаевқа бардық. – Иә, Қасым ғажайып дарын иесі еді. Біз ұлы ақынға қатысты әрбір ескерткішті көз­дің қарашығындай сақтауымыз керек. Ана бір жылдағы Алматыдағы Қасым тұрған үй­ді бұзу туралы әңгіме шыққанда, мен қар­сы болғам, – деді Ерік Мағзұмұлы. Сол күні біз Қасымның мерейтойына бай­ланысты көптеген лауазымды басшы­лар­дың қабылдауында болдық. Үкімет алдына қой­ған негізгі мәселелеріміз: туған жері Қар­қа­ра­лыда ақын мерейтойын өткізу, Қа­сым­ның шығармаларының екі томдығын шығарту еді. Сол кездегі Президенттің кеңесшісі Әбіш Кекілбаевта болып, кездесу үстінде Әбе­кең «Жазушы» баспасының дирек­торы­на телефон соғып отырып: –­ Қасым көзі тірісінде айтарлықтай жақ­сы­лық көрген жоқ. Тым құрыса, аруағы риза болсын, таңдамалысын шығарып бе­рің­дер, – деп ағынан жарыла сөйледі. Қасым тойы қарсаңында туған ауылына ұлы ақынның есімі берілді. Қарқаралыдан асфальт жол тартылып, мерейтойы Кент бауы­рын­да өтті. Алматыдан Ғафу Қайыр­беков бас­та­ған атақты ақындар келіп, Серік Ақсұң­қар­ұлы баяндама жасады. Серіктің «Қасым тура­лы сөз» деп аталатын осынау еңбегі «Орталық Қа­зақ­стан» газетінде түгел­дей дерлік басылып шықты. Ақиық ақын Қасымның 90 жылдығы да Кенттің бауырында өтіп, сол жолы Алматы­дан бір топ қазақ зиялылары, теледидар, баспасөз қайраткерлері келгенін көрдік. Иә, ақын рухы Қарқаралы аспанын жаң­ғыр­тып тұрғаны шындық. Ол – мәңгілік рух. Дауысы биік, дабысы күшті Қасымның есімі аталғанда біздің көз алдымызға тұң­ғиы­қ аспан төсінде, заманының көшінде құй­рықты бір жұлдыздай жалт-жұлт етіп өте шыққан оттай ғұмыр келе қалады. Өкі­ніші мен өр ты­нысы, тайталасы мен ал­да­нышы, үміті мен кү­дігі мол мынау күрделі өмірге келген өр ақын­ның өз тағдыры, өз әлемі, өз табиғаты бар. Адам өзі жаралған табиғаттың тал бесігінде тербеліп өседі десек, сол ұлы Жара­ту­шының сан түрлі сыры мен қыры ақын бо­йын­да сәтті тоғысым бермек. Құдіретті Қа­сымның мінезі мен өлеңінен, жан-күйі мен өнерінен бұрқаған бұрқасынның, қара нөпір нөсердің, жылтылдаған жасынның дауылды лебін сезініп, түйсінесің. Ақынның бір ауыз өлеңі кейде ормандай тұңғиық ойларын бейнелеп жатады, бедерлеп жатады. Өкінбен мен де бір өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне он ойланып, жүз толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп! – Міне, Қасымның ұлы өмірлік кредосы осы. Оның жалынды жүрегі өршіл өмір деп соғады. Адалдық, азаматтық деп соғады. Қасым поэзиясы – шындықтың айнасы, дәуір­дің буырқанған тынысы мен дыбысы. Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешкен Қа­сым­ның «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы: Өмір гүлін жаншып таптап, Шаштан сүйреп махаббатты. Жерімізге жындай қаптап, Найзаға іліп ар-ұятты, – деген жалынды жолдар қандай керемет образ-шендестіруге толы жыр десеңізші. Қасым Махаббат пен Намыстың ұлы жаршысы. – Жеңдік қой жауды, арман не құрбым Күркіреп күндей өтті ғой соғыс. Таба алмай жүрмін айғайлап ән сап, Қайда екен, қайда, Дариға сол қыз, – деген Қасым жыры қандай ғажап?! Ұлы ақын соғыстан, қан кешу ортасынан аман қайтып келе жатқан жас жігіттің махаббаты мен сағынышын соншалық күшті поэзиялық от-қуатпен суреттемей ме! Дауылпаз таланттардың ғұмыры қашан да қыспақ пен қысымнан, іштарлық пен қызғаныштан зардап шегуі – өмірде, тарихта жиі кездеседі. Қасым да сондай ағайын бақастығын, қоғамның зорлық-зомбылығын көп көрген талант иесі. Мен де жаздым шығармастай үнімді, Әлде маған қырық дей ме тілімді. Әлде менің жүрегіме су құйып, Өшірмек пе оттай жанған көңілімді. Жоқ! Ол болмас! Мүмкін емес, болмағы! Көп тұрғанда аздың батпас салмағы. Мен – көптікі, көп те мені өзінің Қолтығына айдай анық алмағы! Мүмкін емес аздың тиіп қолдары, Мезгіл жетпей қызыл гүлдің солғаны. Мүмкін емес көкте жүрген бүркіттің Қара құсқа ойдағы жем болмағы, – деп ширыққан ақын келешекке деген үкілі үмітпен өмір кешеді. Оның күншіл де күдікшіл, тар пейілді тобырға арнап жазған: Жазғанымды жамандап Сен төккенмен жыныңды. Мен жатқам жоқ алаңдап, Ұрдым сенің сыныңды. Ауырсам да қажыман, Құйған қайрат-жігермен Сорың үшін жазылам Ауызыңды бүрермін, – деген жасын жырлары аталған қаһарлы оқтай көрінеді. Күллі ортақ ұғымдар Абайға да, Қасым­ға да ортақ. Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деген данышпандық теңеуді Абайға да, Қа­сым­ға да арнауға болар еді. Оның қайтыс болар ал­дында: «Үлкен арманым – Абайға жету еді...» деген жан сырын айтуы да тегін емес еді... ...Қасымның туған ауылында ұлы ақын­ның еңселі ескерткіші тұр. Ескерткішке бір сәт зер салып қарайықшы: ақынның ша­быт буып буырқанған сәті болашақ ұрпаққа, ту­ған же­рі мен еліне өз арман-сырын, өз сәле­мін жет­кізгісі келіп алысқа көз тіккен ой­шыл сәті сол ескерткіш тұлғасында ұйып тұрғандай емес пе... Бүгін: – Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Көресің бе сен мені, Мен – Қазақтың баласы! – деп сұңқар­дай дауылдатып тұрған Қасым дауысы мәң­гілік. * * * Көкшенің мөлдіреген жанарындай кербез көлдері, сылаң қайыңды сұлу орман­дары, ұшар басын жібек мұнар желпіген шың­дары кімді ғашық етпеген, кімді таңдай қаға тамсандыр­ма­ған, шіркін. Сонау шал­ғай­дағы Қарқаралыдан осындағы санаторийге кеше ғана келіп түскен Мекебай ерте тұрып, Көкше көркін тамашалап жүр. Көл жағасындағы аллеяға түсе бергені сол еді, артынан жедел жүріп келе жатқан әлдекім­нің аяқ тықырын естіп, жалт қарады. – Бағана сыртыңнан танып, көз жазбай соңыңнан еріп отырдым. Өзің тіпті жеткіз­бейсің ғой, – деп Мартбек күлімсірей келіп қолын алды. Мекебай бұл азаматты жақсы та­нитын. Мартбек Мамыраев – Кеңес Ода­ғы­ның Батыры, бұл екеуі де бал дәурен бала­лық қызығын Қарқаралы қойнауында бірге өткізген сырлас жандар еді. Екеуі амандық-саулық сұрасқан соң Март­бек бір тосын жаңалық айтты. Осын­дағы екінші санаторийде Қасым демалып жатыр екен. Кәдімгі ел еркесі, атақты ақын Қасым. – Япырмау, шынымен сол Қасым ба? – Мекебайдың көрмегеніне 32 жыл өтіпті. Қасым мен Мекебай бір ауылда өсті. Бұ­лардың қыстағы – Кенттің бір сілемі – Қы­зыл деген жерде болатын. Қасымның әкесі жас кезінде қайтыс болды да, қаршадай кезінен жетімдік тақсіретін көп тартты. – Қасымды қайдан танушы едің? – деп сұрады Мартбектен. – Пәлі, Қасымды мен майдан күндерінен білемін. Ұлы Отан соғысы туралы көп өлеңдер, көп шығармалар жазылды емес пе, бірақ солардың ішінде Қасымның өлеңіне тең келетін жыр оқыдың ба, өзің? Екеуі Қасым жатқан бөлменің алдына келгенде, Мартбек Мекебайды тоқтатып: «Әуелі сен кір, таныр ма екен?» – деді. Мекебай есікті болар-болмас сықыр еткізіп кіріп барды. Қасым терезе алдына қойыл­ған жазу үстелінде бір суретке қарап отыр екен. Есік сықырын естіп жалт қараған Қасым Ме­кебайды көріп орнынан ұшып тұрды. Орын­дығын жедел қимылмен ысырып тастап: «Оу, Мекебаймысың!» деп құшағын айқара ашты. – Қасым-ау, 32 жыл көрмеген туысыңды қалай бірден таныдың? – деді осы сәтте кіре берген Мартбек. – Мекебай кіріп келгенде, әкесі Жазы­байды көргендей болдым. Ту-у, мына Көк­ше­нің ортасына ел көшіп келгендей, бір жасап қалдым-ау. Ал, қане жоғары шығың­дар... – Қасым қуанышы қойнына сыймай, алып-ұшып жүр. – Иә, балалық шақтағы көп суреттер, көп елестер көкейімде жатталып қалғандай, елді көрмеген отыз екі жыл ішінде бір сәт те есімнен шыққан емес, – деді Қасым қонақ­тары жайланып отырған соң. – Әлі есімде, қыстауымыздың алды құлама беткей бола­тын, қысты күні ауыл балалары сол беткейде сырғанақ тебетінбіз. Менің кейініректе жазған «Сырғанақсай» атты өлеңім сол балалық әсердің ізімен жазылып еді... – Қасым, біздің әкейдің Тайжан екеуіңді Майөзекте жылқы бағып жүргенде тауып алатыны қайда, есіңде ме? – деді Мекебай. – Е, ол менің жетіге шыққан жылым ғой. Неге есімде болмасын... Қасым әкеден жастай қалды. Сол жетімдік зардабы жас жүрегін шымырлатқан кезең туралы ол: Өмірге ендім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден. Жетімдік тағдыр жетті ептеп, Қабағын жаба түксиген, – деп жазған еді, кейіннен. – Қасым, осы сенің: «О, дариға, алтын бесік туған жер, қадіріңді келсем білмей кеше гөр. Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай – тасың болсам мен егер», деген жыр жолдарың бар ғой. Сол өлеңің қай жерге арналған? – деді мынадан бері үнсіз келе жатқан Мартбек. – Мына Мекебай біледі, мен елден ертерек кеттім ғой. Жастық шағым Семейде, Орал­да, одан беріректе Алматыда өтті. Құйын­дай соғып кешегі Отан соғысы өтті басы­мыздан. Осы жылдар ішінде елге барудың бір реті келмеді. Мен бүгінде ақын атансам, талантты еліме, таңғажайып жеріме, қасиетті қазақ жерінің атырабына, Семейім мен Оралыма, Алматым мен Қар­қара­лы­ма борыштымын. Сол анадай әлпештеген еліме қарыздар көңілден туған өлең еді ол, – деді Қасым тебірене сөйлеп. – Ал, бірақ ол борышымды әлі де өтеймін. Оралға арналған өлеңімді білесің­дер. Енді «Қарағанды қазағы» деген атпен роман жазбақпын... – Қасым, осы уақытқа дейін біз сені ақын ретінде ғана біліп келдік қой... – Мартбек Қасымның шабытты жүзіне сұраулы кескінмен көз тастады. – Өлең – менің өмірімнің мәні де нәрі екені рас. Бірақ, кейінгі кезде прозалық шы­ғар­маларды жазуға талаптанып жүрмін. Бұл та­лабыма себеп болған – Мұқаң, кәдімгі үлкен жазушымыз Мұхтар Әуезов болатын. Ертеректе бір әңгіме жазып едім, соны оқып: «Қасым, сенің прозаға да икемің бар екен, қарасөз жазып, байқап көр», деп кеңес берді. Мұқаңның ақылымен көлемді бір шы­ғар­ма жазуға ниет қылдым. Қазір романның жалпы нобайы ойымда пісіп тұр. Бастапқы тарауларына «Бостандық», «Дүйсеннің өлі­мі», «Большевик Садық» деген тақырыптар қоймақпын. – Қасым, ақыры қарасөзге ден қойсаң, тіленіп тұрған үлкен бір тақырып бар-ау. Кешегі күркіреп өткен соғыс, қан майдандағы халық ерлігі – сан кітапқа алтын арқау емес пе. Толарсақтан саз кешіп, белуардан қар кешіп дегендей өзің де сол тамұқтың орта­сында жүрдің. Сенен артық ол тақырыпты кім жазбақ, – деді Мартбек. – Дұрыс айтасың. Соғыс тақырыбы – кө­кей­­дегі өшпес күй, сөнбес жалын ғой. Ой­лап отыр­сам, мына өмірде мен жазар тақы­рып көп-ақ. Бүгін мен Қасым ақын атансам, сол үшін ең алдымен кеңестік еліме борыштымын. Өмірден үміт жоқ өзге, Даланың тердім тезегін. Әкем боп таптың сол кезде, Советтік менің өз елім!   Сүйсінттім досты, ержеттім, Өртедім жаудың өзегін. Қуатын бердің жер-көктің Советтік менің өз елім!   Ағыттым ойдан ел үшін, Өлеңнің ерке өзенін. Ақының болдым сен үшін, Советтік менің өз елім, – деп жырлаған, осы қастарында келе жатқан Қасым ақын болатын. – Сендерге бір сырымды айтайын, кейбір ақынсымақтардың саяси тақырып­тар­ға арнаған өлеңдерін тіпті оқығым да келмейді. Ешбір жылу жоқ-ау, жылу жоқ... Ұйқас­тыр­ғанның бәрі өлең емес деген осыдан шыға­д­ы. Мен Отан, ел туралы қалам тербесем, ол жазғаным – Қасым ақынның ең шынайы да шыншыл жүрек үні, ең мөлдір, ең таза сезім дірілі, ең қымбат сыры деп біліңдер. Мен әр өлеңімді жүрек қанымен жазамын! Үшеуі қызу әңгіме үстінде Мекебай орна­лас­қан тау беткейіндегі үйге қалай келіп қал­ған­дарын да білмей қалды. Бөлме ортасындағы шағын үстелге ел дәмі түр-түрімен мол қо­йыл­са да, Қасым кәрлен кесеге шүпілдете құйған айранға алдымен қол созды. Сәл қышқылтым сусынның дәмін ала тамсанып ұзақ ішті. – Талай жердің, талай елдің дәмін таттым ғой, бірақ дәл айранға жететін сусын ішпеген тәріздімін, – деп жіпсінген маңдайын сүртіп, орнынан тұрды. Сендер, бәлкім: «Ештене көрмегендей Қа­сым­­ның мұнысы несі?»  деп іштеріңнен ой­лап келе жатқан боларсыңдар, деді ақын бұ­лар сыртқа шыққан соң. – Жаңағы бір кесе айран мені сонау қыр астында қалған балалық ша­ғыма қайта оралтқандай болды, көз алдыма атамекен туған жерімнің қоңыр белдері, Қы­зыл­дың етегіндей ну тоғай, көк қасқа бұ­лақ­тар тағы да жарқ етіп бір елестеп өтті. Сендерге – өтірік, маған – шын, жаңағы айранды іш­кен­­де, таңдайыма өскен елімнің бүлдіргені мен жуасының, қарақаты мен жабайы сарым­сағының дәмі үйіріле кеткендей болды, саумал ауасын, даламның хош иісін жұтқандай түшіркендім. – Қасым-ай, ел мен жерді сағынған-ақ екенсің. Осы жолы Қарқаралыға соға кетсең­ші. Мартбек екеуіміз бірге еріп, қасыңда жүрейік, – деді Мекебай. – Иә, осы жолы реті келіп-ақ тұр, – деп Мартбек те қостап кетті. – Дұрыс екен. Осы сапарда туған жерді ар­мансыз бір аралайық. Жазбақ романыма қа­жетті тың ойлар да туып қалар, – деп шап­шаң мінезді Қасым шұғыл шешім жасады. Осыдан бір-екі ай өткенде Қасым мен Мекебай Қарағандыға келіп түсті. Бұл уа­қытта жадыраған жаз күні сарғыш күздің сал­қынына ауысқан еді. Ауа кәдімгідей суы­тып, аспанды боз мұнар торлай бастады. Қарағандыға келіп түскен күні бір туыстың үйіне қонған Қасым таңертең ауырып тұр­ды. Көптен соңына шам алып түскен ескі сыр­қаты бой ала бастады. Жедел шақыр­ту­мен жеткен дәрігер Қасымның Кентке бару ниетін мүлдем қоштамады. «Қазір Кент тауының іші суық, жиі-жиі жаңбыр жауып тұр, жер лайсаң. Мұндай ауа райында сіздің науқа­сыңыз тіпті өршіп кетуі мүмкін. Тіл алсаңыз, Алматыға қайтыңыз», деген дәрігер. Бір-екі күн өткен соң төсектен бас кө­теруге жараған Қасым Мекебайды Кентке ба­ра­тын қасқа жолға шығарып салды. Қам көңіл ақын көз ұшында бұлдырап көрінген көгілдір тауларға ұзақ қарап, сол жақтан толқый ескен салқын самалға бетін төсей берді. – Қош, Мекебай, қош бауырым, туған жеріме, өзім жете алмасам да жан-жүрегімнен ту­ған әнім мен жырым жетсін, менің сағы­ны­шым да, махаббатым да, азаматтық парасатым да, бар шыным мен сырым да – сол әнім мен жы­рым да, олар барда мен де мәңгі тірімін! Ме­нің мынау дүниеге қалдырар ізімді сол жыр жолдары келешек ұрпаққа әйгілеп жатар... Ақын көкейіндегі осы армандай тілек, асыл сыр ауызбен айтылмаса да, оның ұшқын атқан жанарында лаулап тұрған еді... Мақсым ОМАРБЕКҰЛЫ. Қарағанды облысы.