19 Шілде, 2011

Париж және қазақтар

1073 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Қазақстанның Франциядағы мәдениет күндері аясында Парижді жаң­ғыртқан еліміздің өнер шеберлерінің концерті қала тұрғындарына музыкалық мұ­ра­ның халықтық сарыны мен класси­ка­лық өрнегін қалтқы­сыз қатар жеткізді. Мұстафа мен Әміре рухының жаңғырығы Париж қазаққа таңсық шаһар емес, бүгінде мұнда 260-қа тарта қазақ отбасы, мыңнан аса қан­дасымыз өмір сүріп жатса, осыған дейін де біраз тұлға өз тағдырын осы қаламен тығыз са­бақтас­тырып кеткені тарих тағылымына терең үңі­луге тартады. Сол іздер қазақты қашанда Парижбен жа­­қындастырып, туыстырып, қайта-қайта қауыш­ты­ру­ға итермелеп тұратынын білеміз. Мұстафа Шоқай мен Мариям апай дәл бүгін туған жерге тулаған махаббат сезімін сағынышты саздардан тарқатып, еуропалықтардың арасында ерек­ше сым­баттарымен дараланып кеткендей бір шалқар күй толқытып жібереді. Әлемдік мәдениет пен өнердің орталығы саналатын рухани ошақта екеуінің жұп­тарын жазбай 20 жыл өмір сүргені қазақ мәде­ние­тіне әлі де сол кезеңдерден қосыл­май жатқан мол сыр барын сездіреді. Парижге он бес шақырым жердегі ақын-жазушылар шоғыр­лан­ған Ножан-Сюр-Марн қала­сын­да Мұстафа Шо­қай­дың тұрған үйі сақталған. Француз ойшыл­дарының дәл осы шаһарды өздеріне жиі бас қоса­тын орын ретінде таңдап қоныстануы кездей­соқ­тық болмаса керек. Мұнда туындыгерлер бір-бірімен шұрқыраса қауы­шып, шығармалары мен мазалап жүрген қы­зық­ты идеяларын дөңгелек үстел басында шүйір­ке­лесе талдайтын болған. Мәселен, мұқым суретшіні Париждің Моммарж көшесі бойынан кезік­ті­ретініңіз сияқты бұл елдің тамаша салты осындай ерекшелігінде. Шығармашылық адам­дары 12 миллионнан астам тұрғынның арасын­да адасып, бір-бірінен көз жазып қалмауы үшін басқалардан өздерін ерекшелендіріп тұратын бөлек аймақты таңдап, тіршілік кешу дәстүрі бұл елдің м­ә­де­ние­ті­нің тағы бір басқаларға ұқсамас қырын көр­се­те­ді. Қалам иелерін шабыттандырып, ой­ларына қа­нат бітірген осынау шаһардың ендеше кезінде Мұстафа еңбектеріне де ерекше леп бергеніне кәміл иланасыз. Ал жұбайы Мариям Яковлев­н­а­ның мәйіті Марннан 7-8 шақырым жердегі Шелл қаласында мәңгілік дамылдап жатыр. Қазақ­стан­нан келген делегациялар Парижге соққан сайын апамыздың аруағына бағыштап құран оқып кетуді еш естен шығармайтын көрінеді. Бір ғажабы, басқалардан Мариям апамыздың басы мүлде бөлекше, құбылаға қаратылып жерленгені бөлек сыр түйгізетінін Әбдуақап Түркөз қандасымыз әсер­лі әңгімеледі. Ол осындағы «Мұстафа Шо­қай» қоғамы төрағасының бірінші орынбасары ретінде Алаш ардақтысының атын мәңгі есте қал­ды­руда көп тер төгіп жүрген азаматтың бірі. Өт­кен жылы Мұстафаның Берлиндегі бейітіне әдейілеп барып, құран оқыған. Сол сапардан құдіретті тыл­сымның беймәлім сырына қаны­ға­ды. Ол жерленген мұсыл­ман­дар зиратының шырақ­шысы ғажап бір кереметке куә болғанын Абдолла Қараға баян­дайды. Зиратқа төбеден ерекше жарық сәуле келіп құйылып тұрады. Мұндай жәйтті ол бұрын-соңды бұл маңнан көр­меген. Әлгі көктен төгілген жарық бойынша шұғыланың кімнің қабірі­нің үстіне түсіп тұрғанын анықтап байқайды. Мұс­тафаның қабірі жап-жарық болып жатады. Әлгі молда оның тегін адам емес екенін айтады. Жарат­қан­ның жарығына бөленген Мұстафа рухы, ендеше, өмірінің едәуір кезеңі өткен Парижде айрықша ардақталуы бекер емес. Тарихқа үңілсек, ол осында 1925 жылы Парижде өткен өнер сайысында екінші жүлдені иеленіп, күміс медалға ие болған қазақтың жезтаң­дай әншісі Әміремен жүздескен. Алаштың ардақ­ты перзенті гастрольдік сапармен келген сон­дағы әнші-биші, өнерпаздарды мейрамханаға қонақ­қа шақырғанын естеліктерінен білгенімізбен, сол ша­қы­руға өзгелер әр түрлі сыл­тауды алға тартып бар­­­май қалғанда, тек Әміренің ғана қызыл им­перия­ның қылышынан қаймықпай, осы кездесуді шын жүрегімен қабыл алып, қос арыстың бір-бірімен сағыныса қауышқан сәттегі толғанысын ешбір тарих тарқатып айтып бере алмайды. Сорбонна универ­си­тетінің профессоры Перноның ән­ші орындауындағы «Қанапия», «Үш дос», «Жал­ғыз арша», «Ағаш аяқ», «Қос балапан» сияқты таң­даулы әндерді таспаға түсіріп алғаны, Әмі­ре­нің маусым не шілде айының бірінде одақтас республикалардан келген 14 өнер­паз­бен бірге Париждегі «Дория» қонақ үйіне орна­ласқаны, сапары­ның екінші күні ол жатқан бөлмеге артынан іздеп Мұстафаның келіп әңгі­мелес­кені жайында там-тұм мағлұмат қалғаны болмаса, екеуінің жүрек сырлары тарих тамы­ры­мен тереңге батып кеткендей. «Гаво» сахнасында сол тереңдегі тебіреніс қазақ өнерінің туын жал­ғастырып келе жатқан кейінгі жас буынның алапат сезімімен көкке өрле­ге­ні­не куә­міз. Франция астанасы Балуан Шолақтың «Сұрша қызына» тамсана тағы да құлақ түріп тұр. Француз Перно Әміреден «Сұрша қызды» таспаға түсіріп алу астарынан классика­ның шыңы санала­тын дүние­лердің бәрінің тамы­ры Арқаның ән мектебімен сабақтастып жа­т­қандай әсер түйесіз. Франция мен Қазақстан арасындағы рухани көпір­ді К.Байсейітова атын­дағы ұлттық опера және балет театры­ның солисі Талғат Мұсабаевтың орын­дауын­дағы «Сұрша қыз» бен Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні қайта жал­ғап, мәдени достастыққа дәс­түрлі музы­каның дәйім дәнекер екеніне тағы бір мәрте көз жеткізген кеш болды бұл. Күллі адамзат арманының алып мұнарасы Эй­фель ғажайыбынан ғаламат саз есіп, көл-көсір сезім құшағында қалған сәттің сиқыры ғажап. Осынау ұшар шыңның қанатында қазақ баласы алыстағы аяу­лы мекенін ойша кезіп кетер еді. Француздарды әлемге әйгілі етіп жатқан мұндай тарихи ескерт­кіштердің сандап алдыңнан кезіге беретіні тәнті етеді. Атақты Лувр, Париж Құдай-ана соборы, Триумф қақпасының айналасы құжы­на­ған адам. Орта ғасыр­лық сәулет өнерінің өрнек­тері теңдессіз құдіретіне тағзым еткізсе, асқақ күмбездері күнге шағылысқан ро­ман­дық стильдегі көне ою-өрнектер, тарихи сұл­балар жай қыдыру­шы халық үшін ұмытылмас әсер сыйлар тарихи жәді­герлер сипатында қалғанмен, мұ­ның арғы жағында озық елден келешекте жас­тары­мыз нені үйреніп, несінен сабақ алуға тиіс деген түйін жатқаны анық байқалады. Сірә, қасиетті деген сөз негізінде барша адамзат игілігіне қызмет ететін осындай тарихи туындылар шоғырланған жерге айтылатын болса керек. Сол айтқандай, бұл елде түрлі мәдени шаралардың көптеп өтуінің өзі өнер қасиетін француздардың көбірек қадірлей білгендігінен сияқты болып түйіледі. Маусымның 21-інен 22-сіне ауысар кештің сән-салтанаты тіптен бөлек. Жаздың ең ұзақ күнін тойлайтын дәстүрмен Париж көшелері таң атқанша музыка әуенімен тербетіліп, қала тұрғындары өзгеше көңіл-күйде сейіл құрған. Көше қиылыстарында уақытша сахналар бой көтерді. Мұндағы халық­тың бәрін түгел сауықшыл ма дерсіз. Еуропа клас­сикалық музыканың отаны болып саналатынын симфониялық оркестрлер мен камералық ан­самбль­дердің көше бойында жұртқа өнер көрсетіп жатуынан байқайсыз. Музыканы фран­цуздар тіршіліктің белгісі, бүгінді ертеңге жал­ғас­тырушы үн ретінде қастерлеп, осынша шаттыққа бекер ұйымаса керек. Бір бұрышта гитарасын, дауыл­пазын соғып, үнділердің шаштары желбірейді. Эйфель мұнарасының бер жағында ар-эн-би стилімен жастар қауымды өздеріне өнерімен баурап ал­ған. Париж тұрғындарының үстіндегі киім бір-біріне мүлде ұқсамайтын болса, музыкалық сары­ны мен салты да дәл сондай, әр бұлақ өз сайымен сыңғырлап ағып жатқан мың тарау, қырық құрау әлем. Сансыз әуен сарқылмаған дүбірдің «Гаво» концерт залында маусымның 23-і күні қазақтың қасиетті қара домбырасы үнімен жалғасқаны қан­дай ғанибет еді! Париждегі Түркістан Мұндағы қандастарымыздың Еуропамен тұр­мыс-тіршілігі біте қайнасып кеткенмен, олардың ана тіліне, салт-дәстүрі мен дінге деген адал­дық­тарын, қазақ­ша ән шырқалып, домбырамен күй төгілгенде нұр­ланған жүздерін көріп, іштей ойға қа­ласыз. Атамекеннен шалғайда жүрсе де тамы­рын жоғалтпаған неткен мықты діңгек. Бастарына ақ жаулық тартқан аналар, жүздері бал-бұл жанған жастар, үлкен-кіші түгел осы сәтті асыға күткендей, жүректері лүпілдейді. – Айта беріңіз, айтқан ойларыңызды халыққа жеткізу біздің міндетіміз, – дейміз көкірегіне тү­йіп келген ойларын шашаусыз тарқатпақ ниетпен. – Әттең, Еуропада тұратын біз сияқты қазақтар «Егемен Қазақстан» газетін оқи алмай, қатты қина­ла­мыз. Әйтсе де бұл басылым республиканың бар­лық аймағына тарайтын .үлкен газет болған­дық­тан, шетте жүрген біз сияқты қазақтардың да мұң-мұқ­та­жына ұдайы құлақ түріп тұрса деген тілек айтқым келеді әуелі. Одан кейін мен сияқты алпыс­тың асқарынан асқан адамның көкейін мұндай жаста не ма­залауы мүмкін деп ойлайсыз? Қара бастың қа­мын жеу деген ой сірә да, қапе­рі­ңізге кірмесін. Адам осы­нау жаста енді мен өзім­нен кейінгілерге қандай тәр­бие беремін, балама не үйретемін деп өзінен гөрі, өз­ге­ге көбірек мән беруге тырысады. Бір жағынан, тарихи отаным – Қазақ елінің ертеңіне алаңдаймын. Қазір дүние жүзіндегі түрлі оқиғалар қатты алаң­да­тады. Бір-бірімен атысып, өзара қырғи-қабақ болып жатқан жұрттар мен судан, оттан, оқтан зардап шеккен елдерді көргенде, алыстағы атамекеннің өсіп, дамы­ған қалпына осы Париждегі қандаста­ры­ңыз­дың жүрегі жарыла қуанады. Әлемді шарпыған кеше­гі экономикалық, қаржы дағдарысында халқы күй­­­зел­меген тек Қазақстан екенін көзіміз көріп отыр. Мұ­сылман елдері арасында Түркияның да қиын­дыққа ұшырамаған себебі, қазақ пен түріктің малы бар. Қазақтың дені малмен, егіспен айна­лы­са­ды. Шикі­заты өз алдына бөлек қор. Осы табы­сының арқасында алпауыт елдердің өзін сан соқ­тырған дағдарыстың дақпыртын құлақтары шал­ма­ған күйі шаруасын дөңгеленте берді. Бұл тәубе, дейтін жа­ғы­мыз – дейді париждік қандасымыз. Ал енді не нәр­сеге алаңдауға тиіс деген мәселені көсе-көлденең тартады. Францияның 65 миллионнан астам халқы бар, тұрғындарының 94 пайызы француздар, ал қалған ұлт өкілдерінен португалдықтарды, марокколық­тарды, итальяндықтарды, алжирліктерді, түріктер мен баскиліктерді кезіктіресіз. Бес миллионға жуық иммигрант тұрады, оның 2 миллиондайы Фран­ция азаматтығына ие. Соның ішінде Түр­киядан қоныс аударған қазақ­тар­д­ың осы елдің азаматтығын алға­ны­мызға біраз жыл болды. Қа­зақ­станда тұратын халық мұндағыдан әлдеқайда аз, солай бола тұра француздар халықтың санын көбейтуге барынша мән береді. 20 жылдан кейін жер бетінен жойылып кету қаупі туындауы мүм­кін деп шыр-пырлары шығады. Түркістан Сапа­жан­ның айтуы бойынша, Түркияда да бұл мәселеге өте-мөте мұқият қарайтын көрінеді. Жүз телеар­на­сы бар болса, соның кемінде жиырмасында жас­тарды қосу, отбасын құру жайы жан-жақты қозға­ла­ды, неге Қазақстан осындай көбейіп жатқан елдердің үлгі-өне­ге­сін үйренбейді деп ой қосады. Олар талай тағ­дырдың осылай ша­ңы­рақ көтеруіне себепші болып отыр. Қазақстанға балаларды оқытуға барып келген сапарымда бұл мәселенің онда күрмеуі шешілмеген түйткілдің бірі екенін көрдім. Осы жағынан көмек керек десеңіздер, мен Түркиядағы сол озық тәжіри­бе­лерден үйреніп қай­ту­ларыңыз үшін қол ұшын беруге қашанда әзірмін деген ұсынысын жеткізді ол. Францияда француз тілін білмейтін адам нан тауып жей ал­майды. Түркияда түрікше сөй­леме­сең, күн көре алмай­тын бол­ған соң, түрік тілін үй­ренуге мәжбүр болдық. Мұн­дағы қазақ­тар негізінен түрік және француз тілдерін меңгер­ген деген дерек келтірді. «Ал Қазақ­станда ше? Ресми меке­ме­лердің есі­гінен орыс­­ша біл­ме­сеңіз, өт­кіз­бейді. Бі­раз баламыз ол жақ­тан қайтып келді. Астана­ның халқы негізінен орысша сөйлейді екен, тү­сін­бедік дейді. Қашан қа­зақ те­гі­­нің соңы орыстың «евич», «ович»-інен ары­­ла­ды деп қын­жы­ласың. Жетпіс жыл бойғы ке­ңес­тік езгінің зардабы жиыр­ма жыл­да жазы­лып кетуі қиын екенін білеміз. Әйтсе де қол қусы­рып қарап отыр­май, сондай кемшіліктермен күресе беру керек. Қа­зақ тілін алдың­ғы орынға шы­ғар­мақ керек деп әлі алда көп жұ­мыс тұр­ғанын иланымды баян­дайды. «Балаңды Қазақстанда оқыт» Әбдуақап Түркөз қан­дасы­мыз қазақ­стандық өнер шебер­лері­нің концертіне бала­сы Толғамен бірге келген. Толғаның Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінде бір жыл оқып, қазақ, орыс тілдерін жете меңгеріп ал­ғанына қайран қалдық. – Араларыңызда атамекенге орал­ғысы келетін қазақтар бар ма?– деген сұрақтың қойы­луы заңды мұндайда. – Парижде өмір сү­ріп жатқаны­мызға отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Көп нәрсені бастан кештік. Өзімізден гөрі мен ертеңгі мына жастардың келешегін көбірек ойлаймын – деген Әбдуақап қан­дасымыз әңгімесін жастар жаққа бұра сөйле­ген. – Адамның қасиеті тілі мен дінінде. Мен мұн­дағы қазақтарға балаларыңды Қазақстанда оқы­тың­дар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жас­тар­ға жасап жатқан жақсылығы басқа бірде-бір елде жоқ. Балаларың­ның бағы жанады, қазақ тілін үй­ренеді, арадағы алыс-беріс жалғасады, тегін, түбін қадірлейтін азамат болып қайтады, деген сөз­ді әрдайым саналарына құйып отырамын. Қазақ­стан­да білім алып келген баламды осындағы елшілікте өтетін шараның бірінен қалдырмай шақырып отырады. Өткен жылы Меккеге барып қайтқан Әбдуақап қажы Францияда тұратын қазақтарды өз діндеріне берік, жыл сайын ораза ұстап, ауыз бекітеді, намаз оқиды деді. – Парижде мұсылмандардың мешіті бар ма? – деп сұраймыз осыған орай біз де рухани шаһар жайында тағы да білгіміз келіп. Жиырма-отыз шақты түрік қоныстанған жерде әйтеуір бір мешіт жұмыс істеп тұратынын, бірақ оның сырт көзге кәдімгі мешіт екені соншалық біліне бермейтінін, қазақтар негізінен сол түрік мешіттерінде намаз оқып, ал балалары демалысқа шыққанда сондағы молдалардан қосымша діни білім алатынын, мұндай Алланың үйлері Парижде аз еместігін айтқан Әбдуақап қажы қазақтың ежелгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына тоқталып өтті. Он бес-жиырма күнде мұндағы әйтеуір бір шаңырақта не қыз ұзатылып, не келін түсіріліп, болмаса сүндет той, шілдехана сияқты үлкен тойлар дүркіреп өтетінін естідік. Өзі де шаңырақ көтерген талай жасқа бақыт тілеп, бата берген ел ағасы екенін, ал енді өнерге келгенде қара жаяу еместігін сездіріп: «Жыңғыл қайық дегенде, жыңғыл қайық, оу, Ауылыңда қыз бар ма бізге лайық, оу» деп өлеңдетіп жіберген. Оңашада домбыра шертіп, ән айту сыртта жүрген екінің бірінің бойына қона бермес қасиет десек, сол дәстүр Париж қазақтарының думанды кештеріне жарасымды өрнек төккен ғибрат екенін ұқтық. Тағы бір ерекшелігі – олар базарда сатылып жат­қан етті алуды жөн санамайды. Халал асқа қат­ты көңіл бөледі. «Үйге келген қонақтар кейде біз­дің үйдің етінің қалай дәмді пісетінін айтып таңданады. Мен оларға гәп пісіруде емес, малдың сойылуында деп түсіндіремін. Біз барлық уақытта малды базардан сатып алып, мұсылманның сал­тын сақтап өз қолымызбен соямыз. Халал малдың еті қалай дәмді болмасын. Кейде қазақтың мұндай ата дәстүрін көп біле бермейтін жастардың дас­тарханына қонақ болып түсуге тура келеді. Оларға да осы ақыл-кеңесімді беруден жалықпаймын» дейді Әбдуақап қажы қазақтың бар баласы халал ас жеуін тілеп. «Француздар кімдер, олармен біраз жылдан бері араласқанда, өзге­лер­ден ерекше қандай қа­сиеттерін байқады­ңыз­дар?» деп жергілікті халық­пен қарым-қаты­насына бұрып сұрақ қойдық. Фран­цуздарға тұрмысқа шыққан бірді-екілі қазақ қыз­дары бар, бірақ бұл жаппай үрдіске айналған оқиға емес. Қа­зақ­тар ұл-қыз­дарының неғұрлым өз ұлты­ның ад­а­мы­мен қо­сы­луы­на, өз ді­­ні­не берік бо­луына мүд­­делі. Ал ен­ді француз мә­де­ние­ті­не келсек, қандас­тары­мыз бұл ха­лықтан көп нәрсені үй­ренуі керек деп есептейді. Кішіпейіл, қолынан келсе кө­мек беруге да­йын, адам­герші­лік қа­сиет­­те­рін жо­­ғары қоя­тын, мә­де­ниеті өскен ха­лық дей­ді. Оған көз жеткізу оңай. Қала кө­ше­­лерін­де ағыл­ған туристер. Ада­сып кетушілер де кездеседі. Кө­ше­де кетіп бара жатқан француз өзінен көмек сұра­ған адамның жал­ма-жан қа­сы­на тоқтай қа­лып, қал­та­картасын ашып, жол сілтеп жатқанына куә бола­сыз. Әр француз қалтасына қа­ланың ша­ғын кар­та­сын салып жүруге дағды­ланған. Өзіне де, көмекке зәру өзгеге де бір кәдеге жарайтын пай­далы нәрсені ұмыт­пайтын ұқыптылығы қай­ран қал­ды­рады. Метрода адасып, қайда барарын білмей тұрған қазақ қызының қолы­нан жетектеп, тиісті жеріне жеткізіп салған бір француздың адамгершілік қасиеті бүкіл француз­дың жан бай­лы­ғына бала­на­тынын айтқан Әбдуақап қандасы­мыздың әңгімесі бізді рухани қаланың иірімдеріне батырып кетіп бара жатты. Асылдың тұяғы Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қыз­мет­кері мерекелік кешке келушілердің арасынан бір кісіні айрықша бөліп таныстырды. «Мына кі­сінің кім екенін білесіздер ме? Құран-Кәрімді қа­зақшаға тәржімалаған атақты аудармашы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Халифа Алтай атамыздың баласы Абдулсамет Алтай болады» деді. Бір ұл, бір қыз өсіріп, бүгінде немересінің шат күлкісіне бөленген Абдулсамет қандасымыздың Түркиядан Парижге көшіп келгеніне 20 жыл болған. Қызы есепші болып жұмыс істейді, ұлы электр мамандығын таңдаған. «Біз өзіміз бір әке-шешенің кіндігінен төртеуміз. Үлкеніміз Абдусаттар, мен үй­дің екінші баласымын, ал менен кейін Абдурахым, Алтын дүниеге келген. Ең кенжеміз Алтын үйленбей тұрғанда Қазақстанға шешеммен бірге кеткен бола­тын. Кейін сол жерден сүйген жарын тауып, бүгінде ежелден сол жерде туып-өскен адамша өмір сүріп жатыр. Екі баласы бар. Әбдурахым да үш баласымен қазір Қазақстанда тұрады» деп әңгі­мелеген алыс­тағы ағайынның тарихи отан дегенде жүрегі ерекше лүпіл қағады. Аяулы әкесінің қабірі Ал­матыда. Оның аруағына жыл сайын құран оқы­тып қайта­ты­нын айтады. Қазақ үшін теңдессіз еңбек жазған кісі­нің бала­ла­ры­на да сол шалқар білімнің телегей дәнін егіп кеткенін байқайсыз. Құранды бала жастан басы­на жастана оқыған кісінің ұлғая келе жан-дүниесі ислам нұрымен асқақ көрінер еді. Ол да әкеден қал­ған сол таудай ғибратты бәйтеректің жас бұтақ­тары­на мейлінше молынан дарытуға атсалы­са­ды. «Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы тұсында атамекенге біздің де алғаш рет табанымыз тиді. Жаныма қы­зымды көрсін деп әдейі ертіп апарған болатынмын. Ондағы мақсатым – балалық, жас­тық шағымыз тағ­дырдың жазуымен мүлде басқа бір жат жұрттың ортасында өтті, қай елге көшіп барсақ, сол жердің отымен кіріп, күлімен шығуға тура келді, біздің балаларымыздың ертеңгі тағ­ды­ры енді ата-баба­мыз­дың кіндік қаны тамған өлке­мен бірге болсын деген ой еді. Өзіміздің қаза­ғы­мыздың ортасына келдік деп қуанып жатырмыз. Ойым қызыма халқымыздың қонақжай дәстүр­лерін көрсетіп, елмен жақындату. Бұрын қазақтың сыртынан әркімдер әр түрлі лақап таратқанда, жүрегіме шаншудай қадалатын. Орысша білмейтін адамды жұмысқа алмайды деген сөздерге онша құлақ аспайтынмын. Қазақ тілі расында қаға­жу тартып жатқаны жанымды қатты жабырқатты. Кейінгі сапарымда ұлымды алып келдім. Ол да: «Мұндағылардың дені орысша сөйлейді, түсін­бей­мін» деді. Иншалла, сол кезеңнен бері көп нәрсе түзелгеніне бүгін қуана көз тігесің. Елбасының өзі: «Қазақ пен қазақ бір-бірімен қазақша сөйлес­сін» деді. Қазақ тілінде телеарналар бой көтере бастады. Қазақстанның осындай гүлденген, көркейген жағын естіген біздердің төбеміз көкке бір елі жетпей тұрады. Бүгінде оның атын бүкіл әлем танып жатыр. Осыдан асқан адамға мерей бар ма?» деп ой бөліседі Халифа әулетінің бір бұтағы. Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Альберт Фишлер әйелі Мадлен екеуі бізге бұрылып келіп сәлем берді. Ол Қазақстан мен Франция арасына достық көпір орнатып жүрген қазақ өнерінің осындағы нағыз жанашыры екеніне куә болдық. Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойы қар­саңында Мәдениет министрлігі, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы ұйымдастыруымен Париж сахнасын дүбірге бөлеген кеште Альберт Фишлер жұртқа қа­зақ ұлттық музыкалық аспаптары жа­йын­да қысқаша түсініктеме берді. Құрманғазы атын­дағы акаде­мия­лық қазақ ұлт-аспаптары оркестрінің өнерпаздары сүйемелдеуімен домбыра, қылқобыз сияқты дәстүрлі саз аспаптар үнінің ерекшеліктеріне тоқталды. «Біз қонақжай қазақ халқының кең пейіліне қашанда ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ еліне барған адам тағы да барсам екен деген көңіл-күймен қайта­ды. Жарқын жүзді бауырмал халқының дархан ниетіне қарай кең жайылған сайын даласы бар. Оған табаны тиген адамның бо­йын ерекше сезім билейді. Сондай сүйіспен­ші­лік бізді бұл елмен туыстырып жі­берді. Небір ғажайып тұлғалармен таныстым. Олар­­дың шығар­ма­ларын оқып отырып, өзімнің қа­зақ жанымен қаншалық жақын екенімді байқа­дым. Қазақ­стан­нан басқа мемлекетке он екі рет ат басын бұр­мап­пын, осының өзі менің мұндағы жұрт­қа ерекше құрметімнің барлығын аңғартса керек. Әсіресе, қазақтың музыкасын қатты ұнатамын. Құрманғазы күйлерін ести бергің келеді. Дәстүрлі өнерді дәл бұлай қастерлеп сақтаған халық кемде-кем» деп сүйсінеді франциялық досымыз. Қазақ­стан­нан Парижге көшіп барған Павел Приходько есімді жерлесіміз католик шіркеуінің священнигі болып ор­на­ласыпты. «Әлібек Дінішев сияқты аты аңызға айналған әншінің дауысын есту мен үшін күтпе­ген оқиға болды, дейді ол. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» бұрын біз қазақ достарымыз­бен дастархан басында қосыла талай шырқаған­быз. Сол әнді әлгінде сүйікті әншінің орындауын­да естігенде жүрегім қатты толқып кетті. Қазақ­тар­дың сонау бір жылдары Поволжьеден қоныс аударған неміс диаспорасын құшақ жая қарсы алған бауырмалдығы естен кетпейді. Оның ішінде өзіміздің әке-шешеміз де бар. Олардың сол қиын кезеңдерден тек қазақ­тар­дың көмегінің арқасында ғана аман-есен шыққанын бала болсақ та сана­мыз­да сақтап қалыппыз» деп балалық шағын сағы­на еске алады. Вижит Хож есімді көрермен­нен қай өнерпазды сүйсіне тыңдағанын сұраға­ны­мызда: «Бәрі де көңілімнен шықты. Құр­ман­ғазы оркестріндегі домбырамен попурри тартқан төрт домбырашы мен халық әні «Желкілдекті» орын­да­ған Бибігүл Сауытованың талантына тәнті бол­дым» деді. Банкте инженер болып жұмыс істейтін Стефани есімді жігіт бұл концертті көршісінен естіп, қазақ деген халықтың өнері қандай бола­ты­нын әдейі көрмекке келіпті. «Қазақтардың ұлттық киімдері керемет екен. Дәстүрлі музыкасын да ал­ғаш рет естуім. Не деген ғажап саз. Дәстүрлі орын­даушылардың да, камералық оркестрдің де өнері көңілімізден шықты. Бұрын Қазақстанның атын оның велошабондаздары арқылы там-тұм білетінмін. Енді, міне, сол елді өз көзіммен барып көрсем деген қызығушылық оянды» деп тамсанды ол. Дүй Жи деген егде жастағы көрерменді әңгімеге тарт­қа­ны­мызда, жер көлемі жағынан Қазақстанға бес Фран­ция кіріп кететінін, мұнайы, басқа да шикізат қорлары мол мемлекет екенін айтты. «Сондай ғаламат елде тұратын халықпен жақынырақ танысу арманым» деді ол. Айша Өз­темір есімді қазақ әйел­дері қоғамының төрайы­мымен, Айдуан атты қазақ жастары қоғамының төрағасымен таныстық. «Құр­манғазы оркестрінің өнерін Алматыға арнайы іздеп барғанда күнде тамашалау мүмкін емес. Ұлттық рух­т­ы асқақтатқан осынау өнер ұжымының Парижге келуі біз үшін тарихи оқиға саналады. Құрма­н­ғазы­ның «Сары­ар­қа», «Балбырауын» күй­лерін естігенде атамекенге сағынышымыз саз өрне­гі­не көш­кен­дей күй кештік. Неге бірақ қазақтың күй­лері аз орын­далды? Ал операда тамаша талантты жастар өсіп келе жатқанына куәміз. Дж.Россинидің «Ита­лия­дағы түрік» операсынан Фиорилла мен Джеро­нионың дуэтін орындаған Салтанат Ахметова мен Бауыр­жан Әндіржановтың шеберлігі әлемдік опера орындау­шы­ларынан еш кем соқпады» деп тебіренеді. Ал Жаннет Найманқызы деген қандасы­мыз К.Бай­сейітова атындағы ұлттық опера және балет театры ка­мералық оркестрі (дирижері Айдар Әб­жа­ханов) орын­даған А.Серкебаевтың «Шалқыма­сы­на», сон­дай-ақ халық әні «Гауһартас» пен Л.Ха­ми­дидің «Бұл­бұлын» орындаған Бибігүл Жанұзақ пен А.Лараның «Гранадасы» мен С.Кардиллоның «Core n grato» атты шығармасын шырқаған Медет Шота­баев­тың өнеріне риза көңілмен қол соққанын ай­та­ды. Америкада тұратын жерлесіміз, халықара­лық байқаулардың лауреаты, пианисші Теміржан Ержанов А.Серкебаевтың пианиноға жазылған «Скер­цо­сын» шабыттана орындағанда зал түгел қошемет көрсетті. Құрманғазы атындағы ұлт-аспап­тар оркестрі орындауындағы (дирижері Жалғасбек Бегендіков) И.Брамстың «Венгр биі» мен Ж.Бизенің «Кармен» операсынан алынған антракт қайталанбас на­қышымен назар аудартты. Классикалық шығар­малар дәстүрлі музыкалық аспаптар сазы арқылы ерекше бояумен құлпыра өрілді. П.Сарасатенің «Наввара­сын» құйқылжыта ойнаған скрипкашылар Нұрия Кәрімбаева мен Ержан Күлібаев өнерінің Париж сахнасын асқақ рух­қа бөлеуінің өзі қазақстандық өнер­паздар шық­қан шыңның асқаралы екенін аңғарт­қандай. Соңында шетел қазақтарының жүрегі­не туған жердің сағыныш сазын жеткізген Е.Хасан­ғалиевтің атақ­ты «Атамекен» әні асқақтата шыр­қал­ды. Қазақ өнеріне Париж тұрғындары орындарынан тік тұрып қошемет білдірді. Сена жағалауында қазақ өнеріне көрсетілген құрметтің бұл алғашқысы да, соңғысы да емес. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Астана – Париж – Астана.