Дүние жүзінде даңқы тасқан, мейманасы асқан қалалар баршылық. Сол қалалардың әрқайсысы қандай да бір елдің ұлттық феноменін, халықтық этимологиясын өрелі абыроймен сомдап келеді. Сомдай береді де. Әр қаланың өзіне ғана лайықталып жарастырылған тарихы мен мәдениеті бүкіл әлемді тамсандырып келгені де көзі ашық, көкірегі ояу жандар үшін белгілі. Сол үшін де ондай елдің азаматтары өздерінің жеткен жетістіктерімен мақтанады. Мақтана да бермек.
Халқымыздың бағына қарай бізде де ондай қала бар. Уақыт өте келе біздегі бұл қаланың мәртебесі әлемдік деңгейде менмұндалап тұрған қалалар санасатын дәрежеге де жететіні жанымызды кәдімгідей жадыратады. Тәуелсіздікпен атқан арайлы таң бұл қалаға да өзіне лайық даңқ пен абырой бұйыртты. Арқа төріндегі бұл қаланы бүкіл әлем Астана деген атымен жақсы біледі. «Ең ұлы істер – ең қиын шақта өмірге келеді» дегендей ел дамуының ең батыл қадамдарын жасауда ерлік танытқан халқымыз тұсаулы аттай кібіртік танытпағаннан бәрін жеңіп шықты.
Елорданың даму ырғағы, тіршілік тынысы әрқашан да адамның көз алдына қуаты бітпейтін секундамер сағатты елестетеді. Тынымсыз жүріп жатқан қозғалыс, жеңіс пен жемісті еңбек үшін арпалысып жатқан адамдар, өздерінің болашақтары үшін кез келген бәсекеде жасқаншақтық байқатпайтын іскер топтардың жанталасы, осындай көріністің бәрі кез келген мемлекеттің интенсивті қаласы болып табылатын астаналарында айқын байқалады. Сол себепті де астана деген сөздің төңірегіне бас қала, елдің орталығы деген секілді сөздер төркіндестіріледі. Қаланың барлық тыныс-тіршілігінен елдің даму қуаты мен өркендеу қарқынын сезетінің де сондықтан. Ұлттық болмыс пен халықтық мұраның да анық көрінетін жері астана болмақ.
Халықтың ұлттық болмысы деген сөздің өзі біраз ұғымдарды аңғартса керек. Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, мәдениет пен тарихты жарастыра білген қалаға ғана адамдар көптеп қызығады. Мұндай ойды биылғы елорданың мерейлі туған күні кезінде кездескен көптеген шетелдік қонақтардың пікірлерін тыңдағаннан кейін түйіп қайттық.
Жылдағыдай биылғы Астананың мерекелік күндері сәтті әрі ойдағыдай тамаша өтті. Келген қонақтар да жетерлік. Соның ішінде, әсіресе, шетелдерден келген қонақтардың әжептәуір болғаны да рас. Жұмыс бабымен ол шетелдіктермен сөйлесіп те, әңгімелесіп те қайттық. Көздегеніміз сол баяғы Астана туралы ойларын білмекшіміз ғой. Кездесіп сөйлескен адамдарымыздың көбісі Астананы мақтады. Аз ғана уақыт ішіндегі жеткен жетістіктерін көріп таңғалды. Былай болуы заңды да. Өйткені, олардың айтқандары дәлелдеуді қажет етпейтін шындық қой.
Көптеген шетелдіктерге біздің ұлттық мәзіріміз қатты ұнапты. Соның ішінде, әсіресе, бауырсақ пен етті тамсана айтқан адамдар көп болды. Алайда, сөздерінің араларында бір нәрсеге көңілдері толмайтындарын да ашық жеткізді. Ол не дегенде, Астана деген атымен бұл қалада қазақтың ұлттық нақышындағы бір де бір мейрамхананы, не бір де бір дәмхананы кездестірмепті. Қазақтың ұлттық тағамдарымен етене таныс болу үшін, бәрінің дәмін татып көру үшін олардың көбісі ұлттық мейрамханаға барып тамақтануды жөн деп ұйғарған екен. Алайда мұндай жердің жоқ болғаны олар үшін де, біз үшін де ыңғайсыз жағдайдың болғаны шындық. Жан-жағымызға қарасақ, шынымен де ұлттық дәмханаларымыз жоқтың қасы екен. Сол жақ жағалаудағы қаптап тұрған мейрамханалардың ішінде бір де бір қазақи дастарқан мен іші-сырты түгелімен қазақи мәдениетке лайықталып жасалған мейрамханалардың жоқтығы бізді ұялтқаннан жерге кіріп кете жаздадық.
Біреуі өзбекше, енді біреуі орысша, тағы біреуі жапондардың мейрамханалары, тағысын тағы, грузин, кәріс, поляк дейсіз бе, әйтеуір өзгелердің мейрамханаларын Астананың төріне толтырып қойыппыз. Ал өзіміздің ше? Сыртқы сәулет құрылысы қазақ үйге ұқсастырылып салынған, ал іші шаңырақ пен керегеден басталатын безендіруден тұратын, асханасы қазақтың ұлттық тағам мәзіріне толған мейрамхананың болмағаны бетімізді шым-шымдап өртеп барады. Мұндай жағдайды тек біз ғана басымыздан өткермеппіз. Қалаға келген әр елдің қонақтарын күтіп алып, соларға аудармашылық қызмет жасайтын астаналық аудармашылардың да беттері талай рет ұяттан өртенген екен.
Бұл айтқанымыз шынымен де мән беретін жайттардың бірі. Басқа мемлекеттерде, мәселен көрші Қытайды алып қарайықшы. Бүкіл Қытайды емес, мысал ретінде бір Пекиннің өзінде 2000-нан астам қытай халқының ұлттық мейрамханасы мен дәмханасы бар екен. Ал Токиода 1500-ден астам ұлттық асханалары күн сайын жұмыс істеп тұрады. Ал оларға келіп тамақтанатындарды есептегенде, Пекиннің жергілікті тұрғындарынан бөлек 45 пайызын шетелдік туристер құрайды екен. Міне, осындай қарапайым ғана нәрседен сол елдің, сол халықтың ұлттық рухы нендей деңгейде екеніне көзімізді жеткіземіз.
Біреулердікін жар салып насихаттауға, өзгелердің інжу-маржандарын сөз қылуға құмар-ақпыз. Өзіміз де, көңіліміз де басқа бір бөтен нәрсеге әуес болуға дайын тұрады. Өзімізге бір тиын пайдасы жоқ даңққа далақтаймыз да жүреміз. Шынымен де мұндай нәрсе тым жарасымсыз әрі сүйкімсіз. Одан да өзміздің қолымыздағы бар алтынымызды, бай тарихымызды, байтақ даланың асылдарын көрсеткеніміз әлдеқайда олжалы болмай ма! Сонда ғана өзгелердің алдында бетіміз өртенбейтін болады. Басымызды тік көтеріп. «Мұндай рух бізде де бар» деп масаттанып жүргеніміз қайсымызға жараспайды дейсіз...
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.