Мұнда Елбасы тапсырмасындағы әлеуметтік мәселелер жедел шешімін табуда
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары өкілдерінің қатысуымен өңіраралық инвестициялық форум өткізіп, бұл форумды республиканың дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын жүзеге асырудың басы деп атап, елімізде жаңа индустрияландыру ісінің қолға алынғанын мәлімдеген еді. Содан бері Өскемен қаласы ел өмірінде маңызы зор тарихи үлкен істің тұсауы кесілген қала атана бастады.
Мұнан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Димитрий Медведев қатысқан Ресей мен Қазақстанның шекаралас өңірлерінің үлкен форумы да осы қалада болып өтті. Сөйтіп өскелең қала Өскемен Астана мен Алматы секілді өңіраралық, халықаралық басқосулар өткізіп, келелі мәселелер талқылайтын көрікті орындардың біріне айналу үстінде.
Бір есептен мұның да жөні бар. Жоғарыдағы жағдайлар, біріншіден, ел басшылығының өңірлік даму мәселесіне қаншалықты мән беретіндігін, өңірлердегі тірек қалалардың даму болашағына үлкен сенім артатындығын көрсетсе, екіншіден Өскемен қаласында «Казцинк» АҚ, Үлбі металлургия зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, Өскемен конденсатор зауыты, Шығыс Қазақстан мәшине жасау зауыты, «Азия-Авто» жеңіл автокөліктер құрастыру зауыты секілді бірегей өнеркәсіптік кәсіпорындардың тұтас бір тізбегі шоғырланған. Осылардың негізінде Өскемен қаласы еліміздегі экономиканы нәрлендіруші қалалардың бірі болып табылады.
Жоғарыдағыдай ел өміріндегі маңызды шаралардың өтуіне Алтайдың аясында, Үлбі мен Ертістің қосылған сағасында қоныс тепкен жасыл желекті қаланың жылдан-жылға құлпырып, әлеуметтік бет-бейнесін айқындай түсуі де аз әсер етпеген секілді.
Әрине, табиғаттың жомарт сыйының, тарихи-географиялық тұрғыдан қалыптасқан өнеркәсіптік фактордың жөні бөлек десек те, Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуы нәтижесінде кез келген облыс орталықтарында жүзеге асыруға болатын шараларды тиянақтылықпен орындау ісінде де бұл қала ел назарын аударарлықтай жақсы тәжірибе жинақтап үлгерді. Төменде солардың бірқатары туралы әңгіме қозғамақпыз.
Көгалдандыруда көп мән бар
Сонымен жуықта іссапармен Өскемен қаласында болғанымызда біраз жақсы істердің куәсі болып қайттық. Туып-өскен жеріміз Алтай тауларының бір сілемі болып табылатын Сауыр-Сайқан аясы, Зайсан көлдің жағасы болғандықтан біз бұл қалаға жиі келіп тұрамыз. Бірақ бұл жолғы сапар барысында қала көркінен бір әдемі өзгерістерді байқадық. Өзі де жасыл желекті болып табылатын қалаға бапты қолдың күтіміндегі тал-теректер, көше бойында өсіріліп, бойлары бір тегіс болып қырқылған көк шалғындар барынша көрік бере түскен. Бәрінен де әдемі болып отырғызылған қызыл-ала гүлдерді айтсаңызшы... Қаладағы гүлзарлардың жалпы көлемі 60 мың шаршы метрді құрайды екен. Бұл былтырғы жылғыдан екі есе артық көлем. Оның үстіне әдемі дендробақ, этноауыл, жеті бірдей су бұрқағы пайда болыпты. Сол бұрқақтың бірінің биіктігі 70 метрге дейін жетіп, қалалықтар назарын еріксіз өзіне аударады екен. Сонан кейін бізге тағы бір ұнағаны қаланың тазалығы болды. Міне, осының барлығынан ұсынықты қолдың реті сезіліп тұрды.
Әрине, қала көркінің көптеген көріністерден құралатындығы белгілі. Соның ең бастысы – оның тұрғындары, яғни қаланың ажарын ең алдымен оның адамдары ашады. Олардың жүздері жарқын ба? Киім киістері қалай? Олар өз қаласын қаншалықты мақтан тұтады, тұрмыстарына риза ма? «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактатын жазған сонау Әл-Фараби заманынан бері бұл сұрақтар қалалардың әлеуметтік бет-бейнесін айқындауда әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Өйткені қала өркениеті мен мәдениеті қашанда болсын адамдарға қызмет көрсетуге негізделіп құралады ғой. Біз міне, осы тұрғыдан алып қарағанда да Өскемен қаласы тұрғындарының бойынан мерекедегідей көтеріңкі көңіл-күйді байқадық. Олардың көпшілігі өз тіршіліктеріне риза секілді. Қысқасын айтқанда, Алтай аясындағы өскелең қала Өскемен бойында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында сілкініс пен серпілістің барлығы анық сезіліп тұрды.
Шынын айтқанда, Өскемен қаласында біраз жақсы істердің жүзеге асырылып жатқандығын біз осыдан біраз бұрын естіген едік. Өткен жылы Қазақстан мен Ресейдің шекаралық өңірлерінің форумы аясында Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуінің нақ осы қалада өтуінің өзі бекерден-бекер емес секілді. Әлде қала басшылығы мен жұртшылығы сол кездесуден, оған жасалынған дайындық жұмыстарынан үлкен әсер алып, едәуір тәжірибе жинақтады ма екен, жоқ әлде биылғы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығының ықпалы ма, әйтеуір бізге сол тұстағы асқақтаған қала рухы әлі күнге дейін сақталынып келе жатқандай сезілді.
«Біз көшедегі жөндеу, безендіру, қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары Өскемен тарихында өзіндік із тастаған сол форум өткеннен кейін шектеліп қала ма деп ойлаған едік. Бірақ ол күмәніміз теріске шықты. Қаламыз биыл да сол тұстағыдай жасарып, жайнап тұр. Осыған өте ризамыз», деді бізбен тілдескен көптеген қала тұрғындары.
Иә, қалада айтуға, көпшілікке үлгі етуге тұрарлық шаруалар аз емес екен. Енді солар туралы баяндай кетейік.
Жеті мың адам жер алған
Өскемендіктер жүзінің жарқын болуы тек қала көркіне ғана байланысты емес екен. Мұны біз қалалық әкімдіктің қызметкерлерімен хабарласқанымызда білдік. Қаладағы абаттандыру жұмыстарымен қатар, Өскеменде осы уақытқа дейін қала халқын толғандырып келе жатқан көптеген әлеуметтік мәселелер жедел шешімін таба бастапты. Соның бастыларының бірі – үй салу үшін жер телімдерінің берілу мәселесі.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметтері бойынша мұнда 2008 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке үй салу үшін жер телімдерін алуға 9 мыңнан астам адам кезекте тұрған. Бір ғажабы, осы тізім ешбір өзгерместен ондаған жылдарға созылып келген екен.
Жағдай 2009 жылдан бастап түбірінен өзгерген. Осы жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінде қаладағы Республика алаңында бірден 4 мың өскемендікке жер телімдері беріліпті. Ал 2010 жылы 3 300 қала тұрғыны өзінің жер телімін алу жөніндегі құқығын жүзеге асырып, осы жағдайды куәландыратын мемлекеттік актіге ие болған. Олардың әрқайсысына 10 сотықтан жер телімі берілген.
Сөйтіп, Өскемен қаласында тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін тегін алудағы азаматтар құқығы жаппай жүзеге асырылып, халықтың көңілінде сартап болып сақталып келе жатқан үлкен уайымдарының бірі сейіліп сала берген. Осыған қанаттанған қала тұрғындары 2011 жылы жер телімін алуға өтініштер бере бастапты. Қазіргі күнге дейін түскен өтініштердің саны – 2600. Ал қала әкімдігі болса биылғы жылдың өзінде жеке тұрғын үй салу үшін қала қасынан 3 мың телімді әзірлеп, соған сәйкес тиісті жобалау, жоспарлау, инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Сөйтіп, биылғы жылы Өскемен қаласында қалалықтардың жер алу кезегі толық жойылмақ. Бұл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қала басшылығының Елбасы саясатын жүзеге асырудағы қала халқына жасаған үлкен тартуы болмақ.
– Мен қалада тұрғын үй салуға жер алу үшін ұзақ жылдардан бері кезекте тұрып келе жатқан азаматтардың бірі едім. Бастабында тізімде қозғалыс болып, біздің кезегіміз келіп қалған жоқ па екен деп қалалық әкімдікке, оның жер қатынастары бөліміне жиі барып хабарласып тұрушы едік. Бірақ, кезек мүлдем жылжымады да көңіліміз де суына бастады. Сөйтіп, бірте-бірте бұл жақсылықтан да күдер үзіп, қолымызды бір сілтеп қойған едік. Жоқ, өмірде әділеттік бар екен. Біз оны қалаға әкім болып, Ислам Әбішев мырза келгеннен бастап айқын сезіндік. Көп жылдан бері жылжымаған тізім бірден қозғалысқа еніп, біз күткендегіден де шапшаң жылжып сала берді. Міне, сөйтіп мен де өзіме тиесілі құқықты жүзеге асырып, жер теліміне ие болып отырмын. Менімен бірге 37 ауған соғысының ардагері де жер алып отыр. Осы үшін мемлекетке үлкен ризашылығымызды білдіреміз, – деді бізбен әңгімесінде ауған соғысының ардагері Мамырхан Сәбиев.
Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевпен кездескен кезімізде осы жер теліміндерін беру тізімінің жедел жылжу себебін сұрадық.
– Елімізде жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жер телімін бір рет тегін алуға әрбір азаматтың құқы бар. Бұл еліміздің Жер кодексімен бекітілген құқық. Бәлкім Алматы, Астана, Шымкент секілді тым ірі қалаларда оны толықтай жүзеге асыру қиынға түсер. Ал басқа облыс орталықтарының оған жағдайы бар деп есептеймін. Сондықтан әкім қызметіне кіріскен кезімде осы мәселеге зер салдым. Тізім көптен бері жылжымай тұр екен. Бірақ қаланың ішінен кейбір азаматтардың жер алып жатқандығы байқалды. Ал тексерткен кезімізде қаланың маңайында үй салуға лайықты жерлер жеткілікті болып шықты. Және жер болғанда қандай, көпшілігі – көк майсанның іші. Электр желілерін, басқа да инфрақұрылымдық құрылғыларды жеткізу көп қиындыққа түспейтіндігі байқалды. Сөйтіп, осы мәселені қолға алдық. Шындап келгенде, Қазақстан жерге бай мемлекеттердің бірі емес пе. Ендеше неге нақ осы мәселеде тартыншақтай береміз. Елбасымыз қолдан келгенінше халыққа жағдай жасаңдар, ел тәуелсіздігінің нәтижесін азаматтарымыз көруі керек деп айтудан жалыққан емес. Сөйтіп, саяси ерік-жігер жеткілікті болған жағдайда бәрін де істеуге болатындығына өзіміз де көз жеткізіп отырмыз. Қазір халық осыған разы.
Әрине, біз жер телімдерін берудің жөні осы екен деп қала маңайындағы телімдердің барлығын жапа-тармағай үлестіріп жатқамыз жоқ. Ең алдымен тізімнің өзін сүзгіден өткізіп, қандай адамдардың жерге мұқтаж болып отырғандығын, қандай азаматтардың бұрын жер алғандығын анықтадық. Бірқатар азаматтар басқа елдерге көшіп те кеткен екен. Ондай азаматтар тізімнен шығарылды. Сөйтіп, осындай жұмыстардан кейін жер телімдері беріле бастады. Ендігі міндет – біз заң талабы бойынша берілген жер телімдеріне тиісті тәртіпке сәйкес үй тұрғызылуын қадағалайтын боламыз. Жер телімі азаматтың жеке меншігіне жобаға сәйкес үй тұрғызылғаннан кейін барып беріледі. Ол үйлер салынып болғанша біз мұндай жерлерге тиісті инфрақұрылымдарды да жеткіземіз деп ойлаймын.
Міне, осы жер телімдері заңға сәйкес жаппай беріле бастаған соң, біздің қаламызда жер мәселесіне қатысты жемқорлық, алыпсатарлық жойылды деп сеніммен айта аламын. Жоғары жаққа жөнелтілетін арыз-шағымдар да күрт азайып отыр. Себебі, барлығы да халықтың көз алдында ашық жағдайда жүргізілуде. Әрбір азамат өзінің жер телімін алу жөніндегі өтініші қалай жылжып жатқандығын, тізімде қандай қозғалыстар болып жатқандығын қадағалау мүмкіндігіне ие. Қазіргі кезек толық жойылғаннан кейін алдағы уақытта бізде жер телімі жөнінде айтарлықтай кезек болмайды деген ойдамын. Себебі нағыз мұқтаж адамдар оған ие болып үлгерді. Ал бұрын, яғни жер теліміне деген адамдар сұранысы жоғары кезде көптеген азаматтар оны үй салу үшін емес, сатып, пайда табу үшін алып келген екен. Қазір енді оның жолы кесілді.
Тұрғын үй кезегі жөнінде де осыны айтар едім. Әрине, біз оның кезегін толық жоя алғамыз жоқ. Бірақ, тізімнің өзін жарыққа шығарып, оны сайтқа орналастырдық. Тізімде қандай адамдардың тұрғандығын, олардың кезегі қалай жылжып келе жатқандығын әрбір өскемендік енді қалалық әкімдікке келмей-ақ сайт арқылы қадағалап отыру мүмкіндігіне ие. Сөйтіп бұл мәселе енді толықтай халықтың өз бақылауына ауды. Сондықтан бұл тізімге көлденеңнен келіп ешкім қосыла алмайды. Бұл жаңалық арыз-шағымдардың азаюына алып келді, – дейді әкім.
Балабақшада кезек болмайды
Қазіргі күні өскемендіктер Ислам Әбішевті бағымызға келген әкім болды деп жүр. Зерттеп қарасақ, осы сөз шындыққа қайшы емес. Әкім басқарып отырған құрылымдар халықтың әлеуметтік проблемаларын шешуге белсене кіріскен. Қаладағы балабақшаға бала орналастыру секілді күрделі істің шешім табуы да соның әдемі бір көрінісіне айналыпты. Мұндағы мектепке дейінгі балалар мекемелері мен олардағы орындар саны соңғы уақыттары күрт арта түсуде. Мәселен, биылғы жылдың өзінде бұрын мемлекеттік ұйымдарға қызметтік мекен-жай ретінде беріліп кеткен 800 орындық 3 бала- бақша қайтадан қайтарылып алынды. Оның үстіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қаладағы жүйе құраушы «Казцинк» АҚ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ секілді ірі кәсіпорындармен жасасқан меморандумы негізінде 2 үлкен балабақша салыну үстінде.
Мұның сыртында қаладағы жалпы білім беретін мектептер қасынан мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін 1975 орындық 30 шағын орталық ашылған. Сонымен қоса «Лада», «Арина», «Азамат» секілді жеке меншік балабақшасына мемлекеттік тапсырыс бойынша мыңға тарта бала орналастырылыпты.
Сөйтіп Өскемен қаласында қазіргі күні мектеп жасына дейінгі 15082 бала болса, олардың 14011-і балабақшасындағы орындармен қамтылып, бұл істің орындалу көрсеткіші 93 пайызға дейін жеткен. Шамасы, бұл республика қалалары бойынша алғанда ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болар.
Елбасының биылғы жылы халыққа арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында еліміздегі мектеп жасына дейінгі тәрбиемен, оқумен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға таман 74 пайызды, ал 2020 жылы 100 пайызды құрауы қажеттігі айтылған болатын. Көріп отырғанымыздай, Өскемен қаласында Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы өз мерзімінен көп бұрын жүзеге асуда. Қала басшылығы мұндай жоғарғы нәтижеге қалайша қол жеткізіп отыр?
– Қалада қалыптасып отырған осы проблеманы жүйелі түрде зерттеген кезімізде мына жағдайдың беті ашылды. Қалада бұрынырақта балабақшасы көбірек салынған екен. Бірақ, өкінішке орай, олардың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуығы мемлекеттік мекемелер мен жеке меншікке беріліп кетіпті. Біз қазіргі күні оларды қайта қайтарып алу ісімен белсене шұғылданып жатырмыз. Мұның тәртібі мен ретін де анықтап қойдық. Мәселен, осыған байланысты жасалынған кесте бойынша 2011 жылдың өзінде 3 балабақшасы қайтарып алынатын болса, 2012 жылы 4 балабақшасы, 2013 жылы 3 балабақшасы, 2014 жылы 2 балабақшасы, 2015 жылы 2 балабақшасы қайтарып алынады. Мұның сыртында бізге жуықта қабылданған «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» заңның да көп көмегі тиіп отыр. Біз осы бойынша жеке меншік балабақшаларымен әріптестік қарым-қатынас орнатып, оларға мемлекеттік тапсырыстар бере бастадық.
Қала аудандары бойынша жүргізген зерттеу-талдау жұмыстарының нәтижесі бізге қандай жерге балабақшаларын салуға болатындығын анықтап берді. Сондықтан қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа балабақшалар тек қажетіне байланысты, оған аса мұқтаж болып отырған шағын аудандардан ғана тұрғызылатын болады. Мәселен, қазіргі күні қаланың Әуежай шағын ауданында 300-ден астам бала, Өнеркәсіптік база шағын ауданында 200-ден астам бала және Арматура зауыты шағын ауданында 200-ден астам бала өздеріне жақын жерден балабақшасына орналасуға мұқтаж болып отыр. Оның үстіне, біз қаладағы демографиялық ахуалға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытқа қажет болжамды көрсеткіштерді әзірлеп те қойдық. Бұлардың жаңа балабақшаларын қай жерден салу қажеттігін анықтау үшін елеулі маңызы бар. Ал басқа жағдайларда мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбиесі мен оқуын жоғарыдағыдай әдіс-тәсілдерге сүйеніп шешеміз, – деді әкім бізбен әңгімесінде.
Мемлекет-жеке меншік әріптестігі елімізде соңғы жылдардан бері қолға алынып келе жатқан тың тәсілдердің бірі. Қазіргі күні бұл тәсіл көбінесе экономикалық субъектілерге қатысты қолданылуда. Ал әлеуметтік ынтымақтастық жұмыстарында әлі жұмыртқадан шықпаған балапандай дұрыс бой көрсете алмай келеді. Сондықтан бізге Өскемен қаласы әкімдігінің балабақшасына қатысты осы әдісті жүзеге асыра бастауы өте қызықты көрінді де осындай бастамалардың бірімен танысқанды жөн көрдік. Сөйтіп, қаладағы Қабанбай батыр көшесінде орналасқан «Лада» балабақшасы» ЖШС-не келдік.
Бұл – төрт қабаттан тұратын іші кең де жарық, нағыз балабақшасына лайықты әдемі ғимарат екен. Мұнда қазір 532 бала тәрбиеленуде. Ал оларға 150 адам қызмет көрсетеді.
– Бұл ғимарат жеке меншікте. Бұрын ғылыми-зерттеу институты ретінде жұмыс істеп келген болатын. 2010 жылдың қазан айынан бастап балабақшасы ретінде ашылдық. Ашылған кезімізде жеке меншіктегі балабақшасының қызметақысы көтеріңкі болатындықтан осы маңайда орналасқан ата-аналардың барлығы бірдей бізге балаларын тапсыра алған жоқ. Міне, осы кезде біз қала әкімдігінің ұсынысы бойынша мемлекетпен әріптестікке түсудің өзіміз үшін де пайдалы болатындығын байқадық. Себебі, бізге осы үлкен ғимараттағы әрбір шаршы метрді тиімді пайдалану қажет еді. Бірақ қызметіміздің қымбаттығы оған мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты қала әкімдігінің ұсынысымен келісіп, қызмет бағасын төмендеттік. Есесіне қала әкімдігі бізге балалар санын толықтыру үшін мемлекеттік тапсырыстар бере бастады. Сөйтіп, менің ойымша, бұл әріптестік қала әкімдігі үшін де, біз үшін де пайдалы болып шықты. Ең бастысы, осыдан ата-аналар ұтты. Қазір бізде әр баланың бір айлық тәрбиелену ақысы барлық шығындарымен қосқанда 11 мың теңгені құрайды. Бұл, әрине мемлекеттік балабақшаларына қарағанда сәл қымбаттау болуы мүмкін. Бірақ, ата-ана үшін пайдалы баға. Сондықтан қазір бізде орын толық, – дейді ЖШС директоры Владимир Бельков.
Сөйтіп, Өскемен қаласында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшасымен қамту ісі биылғы жылдың өзінде толық жүзеге аспақ. Еліміз бойынша бұл міндет 2020 жылы жүзеге асатын болса, оған өскемендіктер мерзімінен 9 жыл оза шауып, биылғы жылдың өзінде қол жеткізбек.
«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында» қалалар мен өңірлерде әлеуметтiк инфрақұрылым желiлерін дамытумен қатар оларды тиімді пайдалану мәселесіне де баса назар аударылған болатын. Осы бойынша жергілікті билікке егер әлеуметтік нысандарда бос орындар болған жағдайда ол бос орындарды сәйкестігіне, ретіне байланысты қайта бейімдеу, яғни жаңа істерге бейімдеу, ал жетпей жатқан жағдайда жоғары жүктемемен жұмыс iстейтiндерін (көп ауысымдағы мектептер және басқалар) кеңейту, қайта жаңғырту, сонымен қатар басқа мақсаттарға қызмет етіп тұрған ғимараттар мен құрылыстарды сатып алу арқылы әлеуметтiк инфрақұрылым етiп қайта бейiндеу, міне, осы шаралар жеткiлiксiз болған жағдайда ғана жаңадан салу ұсынылған еді. Әлеуметтік саладағы, соның ішінде жеткіншектерді мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамту ісіндегі жүргізіп отырған саясаты мен жұмысына қарап Өскемен қаласының әкімдігі осы талапты мейлінше дұрыс орындау үстінде деп есептейміз.
Сонымен қатар аталған стратегияда жергілікті билік органдарына әлеуметтік инфрақұрылымдарды үйлестiре дамытудың тиiмдi схемасын жасау, оны салуға және пайдалануға арналған шығындарды оңтайландыру, ұсынылатын қызмет көрсетулердiң сапасын арттыру міндеті жүктелген болатын. Онда «Қамтамасыз ететiн инфрақұрылымды дамытуды мемлекеттiк реттеудi одан әрi жетілдiрудiң басым бағыттары мыналар болып табылады: ұлттық та, жергiлiктi де деңгейде инфрақұрылымның алуан түрлерiн кешендi және өзара байланыстыра дамыту тетiктерiн енгiзу; жолдар, мектептер, ауруханалар, жарық беру, сумен жабдықтау, қоғамдық ғимараттар және басқа да осы секілді қоғамдық инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру үшiн әлемде кеңiнен қолданылатын мемлекеттiк-жеке меншiк әріптестiк тетiктерi арқылы инфрақұрылым нысандарын салу мен пайдалануға жеке меншiк капиталды тарту қажет» деп атап көрсетілген. Демек, бұл істе де Өскемен қаласы әкімдігінің қолға алған бастамасы мен жинақтаған тәжірибесі, жүргізіп жатқан жұмысы әлеуметтік саланы дамытудағы мемлекеттік саясат және оның басымдық берілген бағытымен әбден үндес, сабақтас деп есептейміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
Қала әкімі Ислам ӘБІШЕВ.
Гүлзармен көмкерілген мешіт.
Қала іргесіндегі су айдыны.
Өскемен бейнесі осындай.
Үлбі көпіріндегі су бұрқағы.