59 850 000 000
Үстіміздегі жылдың алты айында облыста осыншама теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 162,1 миллиард теңгеге көп.
Мұның өзі өңірде экономиканың тұрақты және үдемелі дамуына берік негіз қаланғанын көрсетеді. Биыл жүзеге асырылатын 53 үдемелі индустриялық-инновациялық жобаны іске қосу бұл жұмысқа біраз серпін береді деп күтілуде. Оның 28-і индустриялық даму картасы аясында жүзеге асырылмақшы. Қазірдің өзінде он жоба пайдалануға берілді. Биыл жаңадан 10,4 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осындай жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыру нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі көлемін жыл аяғында 1 трлн. 200 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.
246 000 000
«Шарықтас» кәсіпорны өткен жылы осыншама теңгенің өнімін өндірді
«Шарықтас» кәсіпорнының негізгі қызметі табиғи тасты өндіру мен өңдеуге негізделген. Италияның «Pedrini» және «Monlevi» фирмаларының құрал-жабдықтарын пайдаланған өндіріс орнының өніміне сұраныс жоғары. Тасты өңдеу, қашау, кесу, жиектеу, жылтырату тәрізді жұмыспен 70 адам шұғылданады.
Зауыттың өнім шығару көлемі жыл сайын артуда. Мұндағы жылдық жоспар 1072 шаршы метр гранит, 413 шаршы метр мәрмәр және 38 мың шаршы метр жол көмкермелерін шығару. Өткен жылы 246 млн. теңгенің сапалы өнімі тұтынушыға жол тартса, биылғы 6 айда 42 млн. теңгеге жуық өнім өндіріліпті.
Негізгі шикізат Күрті кенішінен тасымалданса, грабро Шажа және Балқаш пен Қордай кеніштерінен әкелінеді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
194 000 000
Атырауда жыл басынан бері осыншама теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері сатылған 191 жәрмеңке өткізілді
Облыс әкімі Бергей Рысқалиев «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына бюджет қаржысына сатып алынған тауарларды халыққа ұсынатын арнайы сауда нүктелерін ашуды тапсырған еді. Әкімнің орынбасары Серік Айдарбековтің айтуынша, бұл күндері 12 түрлі тауар «Көктем», «Насиха», «Дина» базарлары, сондай-ақ «Идеал», «Атаба» супермаркеттеріндегі сауда нүктелерінде сатылып келеді. Әр аптаның сенбі, жексенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз және орын ақысыз сататын 191 жәрмеңке өткізіліпті. Осы шара барысында халыққа 194 000 000 теңгенің ауыл шаруашылығы тауарлары сатылған.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.