Сонау 90-шы жылдары Ақтоғай өңіріне іссапарға барғанбыз. Арнайы барған шаруамызды тындырғаннан кейін қолына қалам ұстаған адамның дағдысы бойынша, өңір өмірімен танысуды да артық көрмеген едік. Соған орай, сол кездегі талапқа жауап беретін тақырыптарды қаузау мақсатында үздік кәсіп иелері жөнінде сұрастырғанбыз.
– Денсаулық саласында істейтін осында ғажайып бір жан бар. Ол кісінің тұла бойы тұнған мейірім десек, артық айтқандық емес. Міне, осы кісі жайлы жазсаңыздар, ел-жұрт сіздерге әбден риза болар еді. Қазақ КСР еңбек сіңірген денсаулық сақтау қызметкері деген атағы да бар. Аты-жөні Гүлғайын Аманбаева. Қаласаңыздар, онымен қазір-ақ жүздестіруге болады деген жолбастаушы жігіттің сөзін айналадағы жұрттың бәрі де бірден қостап кеткені есте.
– Осы біздің Ақтоғай өңірінің атын бүкіл елге танытып жүрген «Тоқырауын толқындары» деген ансамбль бар. Сол ансамбльдің әншісі Гүлғайын Бестібайқызы әні де, сәні де келіскен бір тамаша адам. Сол кісінің әнін тыңдасаңыз, өзіңіз де тәнті болар едіңіз. Кезінде елден ұзап кете алмай қалып қойған ғой. Әйтпесе, үлкен сахналарыңды гүлдендіріп жіберетін әнші болар еді, – деді ендігі бір топ.
– Өнегелі отбасының ұйытқысы дейсіз бе?! Бұл өңірде ондай жандар аз емес. Соның бірі ғана емес, бірегейі деп Гүлғайын апайды айтуға болады. Ол кісі нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам. Өзі 4 қыз, 1 ұл туып, оларды қатарының алды етіп тәрбиелеп отырған ана. Шіркін, ері Сердалы Ермағамбетов екеуінің жарастығы қандай десеңізші. Олардың отбасын осындағы жұрт сыртынан сүйсініп, нағыз махаббат бесігі дейді. Осы шаңыраққа береке-бірлікті ұйытып отырған алтын қазық та Гүлғайын апамыз. Ол кісінің жан жомарттығы, даналығы, қазақ әйеліне тән биязылығы, бәрі-бәрі бір-бірімен үйлесіп жатады. Егер менің қолымда билік болса, сол кісіден әйелге тән барша қадір-қасиеттерді үйренуі үшін жаңа түскен келіндерді бірер ай жанына байлап қояр едім, деген осы ауылда тұратын газет оқырмандарының бірі.
Несін айтасыз, ұлттық қолөнерді өрбітіп жүрген ісмер қыз-келіншектер жайлы сұрасақ та жұрт алдымен Гүлғайын Бестібайқызын атаған. Тіпті, қоғам жұмысына да белсене қатысатын, жұртты да ортақ іске ұйыстыра білетін адам осы Гүлғайын болып шықты.
Көпшіліктің осылайша тамсана айтқан сөзі әсер еткен болу керек, біз уақыт тауып осы Гүлғайын Бестібайқызына жолығып қайтуды ойластырғанбыз. Күн жексенбі еді. «Бүгін үйінде болар. Барып жолығып қайтайық», – дедік біз жанымызда жүрген ақтоғайлық жігітке.
– Сіз мына ауыл көшелерінің айнадай жарқырап тап-таза болып жатқанын байқадыңыз ба? – деді ол бізге сұраулы жүзбен қарап. Оны неге айтып тұр дегендей, біз де таңырқап қалғанбыз. Соны байқаған әлгі жігіт – Оны айтып тұрғаным, осындағы әрбір мекеме өздеріне бір-бір көшеден бөліп алып, әр жұма сайын тазартып отырады. Сөйтіп, ауыл жұртшылығын да үйінің маңын таза ұстауға төселдіріп алдық. Айтпақшы, Гүлғайын апа қызмет істейтін мекеменің жұмысы өткен жұма күні тым қауырт болса керек. Содан да олар көше тазалауға бүгін шығыпты дегенді естігенмін. Ендеше, біз оны анау саябақтың маңынан табамыз, деген ол лезде бізді межелі жерге ілестіріп әкелді.
Келсек, бір топ қыз-келіншек саябақ ішін жинастырып жүр екен. Байқаймыз, әр ағаштың діңі әктелген. Олардың ұдайы күтімде екені көрініп-ақ тұр.
– Жоғары шығыңыздар! – деді бізге қыз-келіншектер арасынан суырылып алға озған әйел. Сөйтті де бұл сөзді өзінің сүйекке сіңген қазақы қалыппен аңғармай айтып қалғанын байқап, жадырай күлді.
– Ал жоғары шығайық, дедік те біз сонау жердегі орындыққа жайғастық. Жол бастап келген жігіт таныстырғаннан кейін сондағы қыз-келіншектермен әсіресе, Гүлғайын апамызбен біз тез арада шүйіркелесіп, тіл табысып та кеттік.
Айтса айтқандай-ақ, ол кісі жан шуағы мөлдіреп тұрған жан екен. Өзінің айтуынша, ел алдына шығып ән айтуына ері Сердалы себепкер болыпты. Өзі де көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын Сәкең Гүлғайынға «Сенің әдемі дауысың бар. Жұрт алдына шықпағаның өнерге обал жасағаның» деп қайда барса да оны бірге алып жүреді екен.
– Сіз сан өнердің басын қосқан жан екенсіз. Оның бәріне қалай үлгересіз? – дедік біз оған.
– Ниет болса, бәріне де үлгеруге болады. Ол сөзді қысқа қайырды.
– Осы күні киім-кешектің де, түрлі қолөнер бұйымдарының бәрі де дүкенде толып тұрған жоқ па. Ал сіз әуре болып, оны өз қолыңызбен жасайтын көрінесіз, – дедік біз тағы да оны әдейі сөйлетпек болып.
– Толып тұрғаны рас. Бірақ өз киіміңді өзіңе шақтап тігіп алғанға не жетсін. Сол сияқты өз қолыңнан шыққан түрлі бұйымдар үйдің сәнін келтіреді ғой. Мұндайда атам қазақ «Үйрен, үйрен де жирен» демейтін бе еді, деген ол өзі туралы айта беруге құлықсыздық танытып. Алайда ол айналасындағы жұрттың жақсылығын, олардың істеген ізгі ісін айтудан жалықпады. Бұл кісіні жұртқа сүйкімді көрсететін де осы қасиеті екен-ау деп мен де оған қарап ой түйгенім есте.
Содан бері де талай жылдар өтті. Бір күн дәмдес болғанға, қырық күн сәлем деген ғой. Бұдан кейін қайтып жолықпасақ та, Гүлғайын Бестібайқызын ылғи да ұмытпай, сол өңірдің адамдарын көрсек, ол туралы сұрастырып та қоятынбыз. Сол әдетімізбен жуырда Астанада жолыққан ақтоғайлық қыз-келіншектерден де сұрағанбыз.
– Ол бір кісілік болмысы көркем жан еді, – деді олар.
– Ау, сіздер не деп тұрсыздар? – деп біз тіксініп қалғанбыз. Әйтсе де, олар жаңылыс айтпаған екен. Гүлғайын апамыздың қайтпас сапарға аттанғанына да бір жылдай уақыт болыпты.
– Жақсының артында ізгі аты қалады деген рас екен. Айналасына шуақ шашып жүретін апамызды біз осы күні сағынатын болдық. Ол кісінің әрқайсымызға айтқан жылы сөзін, аналық тәрбиесін еске алып, оны өзімізге үлгі тұтамыз. Расында да, ол бір өзгеше жан еді. Жастардың тағдыр талайына да дер кезінде араласып, ақыл-кеңесін айтып, олардың өмір жолының қиыс кетпеуіне себепкер де болушы еді. Иә, ешқашан да менің жұмысым қанша деп қарап тұрмайтын. Соның арқасында талай шаңырақтың шайқалмай қалуына себепкер болды ғой. Міне, жақсының шарапаты деген осы, деді әлгі қыз-келіншектер. Осы сәт бұл ойды олар менімен емес, өздерімен өздері бөлісіп отырғандай көрінген. Рас-ау, мына бес күндік өмірде артыңда жақсы ісің, жан шуағың қалғанға не жетсін.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.