Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты қадағалау саласында еңбек етіп жүрген орманшылардың әр күні мазасыз да қарбалас тірлікке толы екені айтпаса да түсінікті. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының мамандарын әңгімеге тартып, атқарылған шаруалар, алдағы міндеттер жайлы ой-пікірлер бөліскен едік.
Мылтық асынғанның бәрі аңшы емес
Қанат ОМАРОВ, жануарлар дүниесін қорғау және бақылау бөлімінің бастығы:
– Облыста 16 аңшылықты пайдаланушыға қарасты 31 аң аулау шаруашылығы жұмыс істейді. Оларға 7602,1 мың гектар жасыл желекті алқап бекітіліп берілген. Бұдан тысқары республикалық және облыстық маңыздағы 6 мемлекеттік табиғи, зоологиялық қорықтар және «Көкшетау» ұлттық паркінің бөлімшесі орналасқан. Біздің бөлімге аңшылық жұмыстарына бақылау жасау, жабайы аң-құстарды қорғау міндеттері жүктелген. Жергілікті жерлердегі қызметімізді 120-ға жуық егерьлер мен аңшылар арқылы үйлестіріп отырамыз.
Табиғаттың көркі де, сәні де – аң мен құс. Жүгірген аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын Қызылжар өңірін олардың көптеген түрі мекендейді. Бұғы, қабан, марал, елік, түлкі, қоян, суыр, құндыз, құр, үйрек, қаз секілді аң-құстар кең таралған. Осылардың бәрін қосып есептегенде 700 мыңнан асып жығылады. Былтыр заңсыз аңшылықтың 139 оқиғасы тіркелді. Келтірілген залал 3,5 миллион теңгені құрады. 29 суық қару тәркіленді.149 хаттама толтырылып, 82 айыппұл салынды. 31 материал сот орындарына жолданды. 19 тұяқты жабайы хайуанды қанға бөктірген браконьерлерге қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды.
Алайда, атқарылып жатқан қыруар шараларға қарамастан, тойымсыз браконьерліктің жолы кесілді деуге әлі ерте. Заңды белден басып, табиғаттың шырқын бұзу оқиғалары азаюдың орнына көбейіп бара жатқаны алаңдатады..
– Сонда ешкімнен сескеніп, айылын жыймай ма?
– Олар әбден әккіленіп, қуланып алған. Арам пиғылды ойларын жүзеге асыру үшін күнілгері жоспар құрып, жан-жақты сайланып шығады. Соңғы үлгідегі техникалармен, құрал-жабдықтармен, шетелдік жүрдек көліктермен қаруланған жандар оңайлықпен ұстата қоймайды. Аң-құсқа қырғидай тиетін браконьерлікпен күрестің қиындығы да осында. Былтырлары «джип» мінген бір топ петропавлдық «арам аңшылар» 9 жабайы қабанды сұлатып салған жерінен ұсталды. Тергеу амалдары барысында олардың араққа сылқия тойып алғандары белгілі болды. Екіншіден, қорықшылық қызмет атқаратын қызметкерлерімізге күдіктілерді тоқтату, тексеру, ұсталған жағдайда қару-жарақты тәркілеу сияқты өкілеттілік берілмеген. Үшіншіден, қызметтік қарумен қамтамасыз етілмеген. Бір сөзбен айтқанда, техникалық жабдықталу мәселелері әлі күнге дейін талапқа сай шешілмей отыр. Төртіншіден, мемлекеттік инспекторлар мен қорықшылардың, егерьлердің құқықтық мәртебесін көтеру де көңіл аударуды қажет етеді. Егерьлеріміз С.Зимин мен В.Едоменконың табиғатқа үлкен шығын келтірген браконьерлердің шабуылына ұшырап, ұрып-соғу, дене жарақатын алу оқиғасын еске алсақ, жетіп жатыр. Бастапқыда сот солқылдақ үкім шығарып, тек прокуратураның табандылығының арқасында ғана әділ жазаларын алды.
Тағы да қайталап айтамыз, браконьерлікке қарсы заң талаптарын қатаңдатпай болмайды. Біз негізінен «Әкімшілік құқық бұзушылық» Кодексіне сүйене отырып шара қолданамыз. Ондағы 298 бапқа («Заңсыз аң аулау») өзгерістер енгізіліп, айыппұл мөлшері еселеп көбейтілсе дұрыс болар еді. Сонда аяқтарын аңдап басар ма еді?
– Биыл аң мен құсқа мылтық кезеген браконьерлердің қаншасы құрықталды?
– Тиісті орындармен рейдтер ұйымдастыру нәтижесінде жарты жылдың ішінде 72 заңсыз аң аулау фактілері әшкереленді. 19 ату қаруы тәркіленді. 11 елікті сұлатып салған 3 қылмыстық оқиға тіркелді. Сот арқылы 1,5 миллион теңге айыппұл өндірілді. Табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлесе отырып «Соколов» аңшылық шаруашылығы аумағында елік атқан сезіктілерді қолға түсірген едік. Күдіктілер « рұқсатымыз бар» деп қанша жалтарып бақса да, аңшылықпен айналысудың белгіленген тәртіп-ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Бүгінде 9300-дей аңшы есепте тұр. Биыл 124 адам қабылданды. Олар арнайы курстарда оқып, емтихан тапсырғаннан кейін ғана арнайы куәліктер берілді. Мемлекеттік баж салығын төлеп тұруға міндетті. Әйтпесе, аң аулаудан шеттетіледі. Мылтық асынғанның бәрі аңшы емес екенін ескерткіміз келеді.
– Аңшылық құру тәртібі қалай реттеледі?
Біз аңшылық шаруашылықтарымен келісім-шарт бойынша жұмыс істейміз. Олар өздеріне тиесілі аумақтарда аң мен құстардың қорғалуына, көбеюіне, қажетті азықпен қамтамасыз етілуіне жауап береді. Аң-құс аулау Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің арнайы шешімімен жүргізіледі. Өткен жылы 579 елік, 18 қабан, 2 марал атуға рұқсат берілсе, биыл жабайы құстар мен бағалы аңдарды аулауға 4160 бір реттік жолдама таратылды. Маусымдық аң-құс аулау да белгіленген ережемен жүзеге асырылады. Кей адамдардың осы тәртіпке мойынұсына бермейтіні өкінішті.
– Облысымыздың кей өңірлерінде түз тағылары үй жануарларына шабуыл жасап, тыным бермей жүрген көрінеді.
– Ондай жайттың Айыртау ауданында орын алғаны рас. Қаратал ауылдық округіне қарасты Сарыөзек елді мекенінде төрт аяқты жыртқыштар 8 тайды жаралап, 1 биені жарып кеткен. Қаратал ауылында 23 қойды зақымдап, 7-уі сеспей қатқан. Ә. Ыдырысовтың қорасында 11 қойды өлімші етіп жаралап, 6-уы жантәсілім еткен. Тиісті орындардың дабылынан кейін арнайы жасақталған бригада жіберіліп, бір қасқыр атып алды. Содан сап тыйылды ғой әйтеуір. Ел ішін алатайдай шулатқан осы оқыс оқиғаның жұмбағы көп. Жалғыз ғана жыртқыш осынша лаң салды дегенге сену қиын. Тағыланып кеткен кезбе иттердің әрекеті де болуы мүмкін.
Орман – байлығымыз
Роза ТІЛЕУОВА, орман шаруашылығы саласын реттеу және бақылау бөлімінің бастығы:
– Қызылжардың сұлу табиғаты кімді болсын өзіне ынтықтырып, еліктіреді. Айнадай жарқыраған көлдер, сылдырай аққан бұлақтар, ақ қайыңдар аралы, орманды дала – мұның бәрі «пах,шіркін, жер жәннаты осы ғой!» дегізгендей. Сүмбіл ақ қайыңдар, желмен сыбдыр қаққан тал-терек, мәңгі жасыл қарағай-шырша жарыса аспанмен таласа өсіп, жасыл желекке оранған алқапқа өзгеше көрік, өң беріп тұр. Облыс аумағының 7 пайыздайы ғана орманды алқапқа жатады. Шалқар, Айыртау, Арықбалық аймақтары ерекше қамқорлыққа алынған. Бардың өзін бағалап, қасиет-парқын қадірлей білгенге не жетсін, шіркін!
– Ну орманымыз бен тоғайымыз өз дәрежесінде қорғалып отыр ма?
– Мемлекет меншігінің талан-таражға түспеуіне жауап беру, қызметімізді соған сай үйлестіріп отыру – басты ұстанымымыз. Осы тұрғыдан алғанда, атқарылып жатқан шаралар баршылық. Десек те, ұлан-ғайыр алқапты бақылауда ұстаудың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары жоқ емес. Оның бір ұшығы материалдық-техникалық базаның әлсіздігіне келіп тіреледі. Техникалар ескірген. Басқа салалармен салыстырғанда жалақы да төмен. Оның үстіне қазіргідей жадыраған жазда жұртшылықтың көп бөлігі орман-тоғай арасында демалуды, сейілдеуді ұнатады. Олардың арасында табиғатқа қамқор қолын созудың орнына жағымсыз іс-әрекеттерімен бүлдіріп кететіндері кездеспей қоймайды.
Тілі жоқ демесең табиғат та тірі ағза сияқты. Бала секілді аялағанды, әлпештегенді ұнатады. Бұл тұрғыдан алғанда, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ауқымды істер атқарылып, небір игі бастамаларға қозғау салғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі С.Біләловтің ұсынысымен жер-жерлерде қанат жайған «Менің әсем қалам, менің әсем ауылым» акциясы аясында жасыл алқаптар көлемі ұлғайды. Адам елдің басты байлығы десек, өмір сапасын жақсарту қоршаған ортамен тығыз байланысты екенін естен шығармаған абзал. Тіршілік нәріміздің арқауы – қоршаған орта, Табиғат-ана. Ауа, өзен-көлдер таза болса, орман-тоғай жайқалып тұрса – жанға шипа, тәнге қуат. Меніңше, саламатты өмір салты, адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты қоршаған ортаны, табиғатты құрметтеуден басталады. Адам табиғаттың төл перзенті, жаратылысында ұқсастықтар көп, Оларды бір-бірінен бөле-жаруға болмайды. Осы бір қарапайым қағидатты бойына сіңірген жанның туған жерге, атамекенге деген перзенттік махаббаты қалыптасады, сүйіспеншілігі артады. Табиғаттың байлығына қол сұғуға ары жібермейді. Бізде экологиялық сауаттылық жағы әлі кемшін жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2011 жылды «Халықаралық орман жылы» деп жариялауының өзі мәселенің өзектілігін, проблеманың молдығын, ертеңімізге деген алаңдаушылықты байқатса керек.
– Өрттің алдын алу, ағаштарды заңсыз кесушілерге тыйым салу шаралары жөнінде не айтар едіңіз?
– Орман алқаптарындағы өрт негізінен адамдардың салғырттығынан, немқұрайдығынан орын алып жататыны шындық. Айыртау ауданына қарасты Бұрлық орман шаруашылығында тұтанған от 736 гектар жердің ағашын тып-типыл етті. Осындай өрт ошақтары Аққайың, Қызылжар аудандарында да орын алды. Былтыр 121 өрт оқиғасы тіркеліп, 1416 гектар жерді жалмап кетті. Өрт қауіпсіздігі ережелері қатаң сақталмаған жерде келеңсіз жағдайларға жол берілетінін адамдардың ескере бермейтіні өкінішті. Басты мақсатымыз – өртті болдырмау, алдын алу. Бұл бағытта бірлескен рейд-тексерулер жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Жұртшылық арасында түсінік жұмыстары да ширай түсті. Ағашты заңсыз кесушілерге де пәрменді бақылау орнатылғанын айта кеткім келеді. Ұрлықтары ашыла қалған жағдайда қатаң жазаға тартылады. Бірде-біреуіне жеңілдік жасаған емеспіз.
– Роза Есмаханқызы, сіз әкеңіздің орманшылық жолын сәтті жалғастырып келесіз. Марқұмның жас ұрпаққа үлгі боларлық ерлік ісі ұмытылмасы анық.
– Отбасымызға үлкен қайғы-қасірет әкелген ол кезеңді еске алудың өзі ауыр. Әкем небәрі 45 жасында қаза тапты. Жаңа жыл қарсаңында балғын шыршаларды кесіп жатқан қылмыскерлерді байқап қалып, Табиғат-анаға араша түскен. Мемлекет мүлкіне қол тигізбеуді талап еткен. Амал не, қаскөйлер қылмыс ізін жасыру мақсатымен әкемді мерт еткен. Адалдықты, әділдікті өмір мұратына айналдырған таудай панамыздың кәсібін нәсібіме айналдырғаныма еш өкінбеймін.
Біздің салада орманшылық кәсіпті атадан балаға жалғастырып келе жатқан әулеттер баршылық. Мысалы, Байтеңізовтар, Тупицындер, Төребековтер, Здоровецтердің қай-қайсысы болсын мақтауға тұрарлық. Кейбірінің еңбек эстафетасы немерелеріне көшкен.
98 мың шаршы шақырымға созылып жатқан облыс аумағы сирек кездесетін орасан табиғат байлығымен сипатталады. Өсімдіктер мен жануарлар әлемінің мол қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуін қатаң қадағалаған солтүстікқазақстандық орманшылардың биік межеден көріне беретініне сенгің келеді.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ. Петропавл.