Бәсекеге бел шеше кірісті
Президент сайлауының күні белгіленісімен-ақ бұл елде науқан қызып жүре берген. Саяси партиялар өз съездерін өткізіп, күреске түсер тұлғаларын атап үлгерді. Әліптің аяғын күтіп отырғандар да бар.
Елдің қазіргі уақытша президенті Роза Отунбаеваның «алдағы Қырғызстан президенті сайлауы қиян-кескі жағдайда өтеді» деген сөзі күдік келтірмейді. Президенттерін қуып шығу үшін төңкеріс жасауды дәстүрге айналдырған елде сол президентті сайлаудың жай өтуі мүмкін еместей. Үміткерлерді ұсыну, насихаттау кезінде де біраз айтыс-тартыс болуы әбден мүмкін, ал дауыс санар кезінде, қорытындысын жариялар кезде дау шығып, қақтығысқа бармасын деп тілейік.
Дәл қазір бұл елде халықты соңынан ертер үлкен тұлғаның жоқтығы өкінішті-ақ. Кезінде Асқар Ақаев жеткен биікке көтерілген де ешкім жоғы өз алдына, тіпті Құрманбек Бакиев беделімен жарысатындарды да табу қиын.
Ал енді сөзді «Атажұрт» партиясының бір көсемі Қамшыбек Тәшиевтен бастаған жөн болар. Өйткені, бұл партия кешегі парламент сайлауында ең көп дауыс алды. Демек, сол сайлаушылар енді партия съезі ұсынған Тәшиевке де дауыс берер дейді жұрт. Бұл партияға мүше болмаса да, осы партиядан парламентке депутат болған Нариман Түлеев пен Марат Сұлтановтың президенттікке үміткер болуы – тактикалық қадам. Оларды жақтаушылар кейін дауыстарын Тәшиевке аудара салулары мүмкін. Жалпы бұл партия өкілі президенттік күресте басты кейіпкердің бірі болатыны күмәнсіз.
Генерал Феликс Куловтың бағын байлайтын жай – ана тіліне шорқақтығы. Сондықтан да оның «Ар-намыс» партиясынан басқалар түседі. Бірақ олар ұзаққа бара қоймайтындай. Партия съезінде бұрынғы вице-премьер және қаржы министрі болған Ақылбек Жапаров пен бұрынғы Бішкек қаласының прокуроры Анарбек Қалматов біраз бет жыртысқаннан кейін соңғысына көпшіліктің ықыласы түскенмен, қазірдің өзінде біраз партияластары ертең оған дауыс бере қоймайтындай.
Сірә, үміткерлердің ішінде назар аударарлық бір адам Адахан Мадумаров болар. Оның «Бүтін Қырғызстан» партиясы кешегі сайлауда парламентке өте алмады. Ал енді бұл партияның съезіне «Бүкіл жастардың саяси партиясы» қатысып, Мадумаровқа қолдау көрсететіндерін мәлімдеді. Бұл – үлкен күш. Оның үстіне Мадумаров елге аты белгілі қайраткер. Аты белгілігі жөнінен «Атамекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаев та ешкімге есе жібере қоймас еді. Бірақ осы сайлаудағы олардың алғашқы қадамдары сәтті бола қоймағандай. Алғашында бұл партия сайлауға қатыспайтынын мәлімдеп, бір күн өткен соң, кейінірек Текебаевтың ұсынылатынын айтуы жеңілтек мінездей көрініп, жұртқа ұнай қоймаған.
Бұл елде партия көп, әлі де ұсынылатындар біраз болатын шығар. Кейбіреулерге ол өздерінің бар екенін білдіру үшін де керек. Сөйтсе де жұрттың көңілінде қазіргі премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың да аты жүрген болатын. Рас, парламенттік-президенттік жүйеде үкімет басшысының орны бөлектеу. Бірақ қырғыз елінде парламенттің өзі аумалы-төкпелі үкімет бүгін болғанымен, ертең өзгеруі мүмкін. Ал президент, белгілі мерзімге сайланады. Содан да үміткерлер қатарынан ертен-ақ Атамбаевтың аты аталып қалуы мүмкін.
Қырғыз ағайындар ел өміріндегі айтулы бір кезеңге аяқ басты. Ел берекесі үшін өз араларынан ынтымақты, тыныштықты ту етіп ұстайтын азаматын тауып, соған жалпыұлттық қолдау көрсетсе екен деп тілейік.
Биліктің де қан қысымы күшті болады
Мысыр елінде билік құрылымдары әлі қалыптаса қойған жоқ. Президент Хосни Мүбәрактің орны бос тұр. Үкімет те уақытша. Осы аптаның басында қарулы күштердің жоғарғы кеңесі алдында үкімет мүшелері ант беруге тиіс еді. Премьер-министр Эссам Шарафтың қан қысымымен ауруханаға түсуіне байланысты бұл шара кейінге қалдырылды.
Ресми мәлімдемелерге қарағанда, бұл жұмыстан қалжырап, болдыру, зорығудың салдары көрінеді. Кейбір ақпарат құралдарының премьер-министрдің жүрек талмасына ұшырады деген қауесеті жоққа шығарылып отыр. Ал жұмыстан шаршаса, жақсылап демалғаннан кейін денсаулық қалпына келеді деп жұбату айтылуда. Дәрігерлер қан қысымының азайғанын анықтап, соған орай ем жасап жатқандарын айтады.
Билік қазір әскердің қолында. Кешегі төңкеріс кезінде биліктен қадір кетіп, ешкімді ешкім тыңдамаған кезде Хусейн Тантауи бастаған әскерилердің билікті қолға алғаны да жөн болғандай. Соның арқасында қауым екіге жарылып, қарулы қақтығысқа бармай, аман қалды. Соның өзінде 800-дей адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды. Егер айталық, Ливиядағыдай, бұрынғы билік пен оған қарсыластар қолдарына қару алып шайқасқанда, оған шетелдер араласқанда, Египеттей үлкен елдегі қақтығыстың салдары ойлағанның өзінде қорқынышты сипат алар еді.
Әрине, билікті жасақтау оңай шаруа емес, әсіресе асығыстыққа жол беруге әсте де болмайды. Бұрынғы биліктегі партия да, оның үкіметтегі құрылымы да таратылды. Оларға сенім жоқ, тіпті көпшілігі қылмыскер саналады. Басқаларға есе бермей, ұзақ уақыт билікке қатыстырмағандықтан да жаңа адамдар билік тізгінін ұстауға дайын емес еді. Сол тәжірибесіздіктен біраз жұмыс ақсап жатты. Ал халық билік реформасын жедел жүргізуді талап етіп отыр. Соңғы кезде бұл талаптың аяғы көшелердегі қарсылық акцияларына ұласты.
Ел үкіметі басшысының «зорығуы» да содан. Олар, сірә, демалысты былай қойып, күн мен түннің айырмашылығын да ұмытқандай. Эссам Шараф жексенбі күні жаңа 14 министрдің атын атады. Көпшілігі жаңа есімдер. Тіпті күні кеше тағайындалғандардың өздерін ауыстыруға тура келген. Айталық, сыртқы істер министрі Мұхамед Ораби бұрынғы биліктің адамы емес еді. Сонда да кетуге мәжбүр болды. Оның орнына Мұхамед Камел Әмір тағайындалды. Сол 17 шілде күні екі вице-премьер Хазем Беблави мен Әли әл-Салми де үкімет құрамына кіргізілді.
Соның өзінде, көптің көңілінен шығу қиын. Қазір көшеге шыққандар ішкі істер министрі Мансур әл-Исавидің жұмысына риза емес. Мүбәрактің кезіндегі министр Хабиб әл-Адли 12 жыл арқалап кеткен. Жаңа министрді радикалды реформалар жасамады деп айыптайды. Ал ол кадрларды іріктеу мақсатында 700-дей адамды орнынан алғанын айтып, ақталады. Елде жаңа үкіметті жасақтаумен қатар, бұрынғы билік өкілдерін жазалау шаралары да жүріп жатыр. Өткен аптада үш министрге сот болды. Қаржы министрі болған Юсеф Будрос Гали 10 жылға сотталды. Тек бұрынғы үкімет басшысы Ахмед Назиф қана оңай құтылғандай: бір жылға сотталып, қомақты ақшалай айып төлейтін болған. Ал ең үлкен сот 3 тамызда болмақ. Бұрынғы ел басшысы Хосни Мүбәракті өлім жазасына да кесу мүмкіндігі айтылып жатыр.
Мамадияр ЖАҚЫП.