Біздің көптен бері ойластырып, біртіндеп іске асыра бастаған идеямызға деген сенім Президентке елде іске қосылған индустриялық-инновациялық нысандарды көрсеткен телекөпірден кейін бұрынғыдан да гөрі нығая түсті. Президент алдыға тағы бір өте маңызды міндет қойды, ол – «форсайт» технологиясына (тура мағынасында «уақыттан озу» дегенді білдіреді) бағытталған зерттеу орталығын құру.
Мемлекеттік бағдарламалардың ұзақ мерзімді сипатқа ие екендігі белгілі, сондықтан олардың нәтижелері де әр жылдарда көрініс беріп отырады. Оған мысал ретінде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын келтіруге болады.
Мемлекет басшысы зерттеу орталығының атқаратын функцияларын да атап көрсетті. Олардың қатарында болашағы бар жаңа өнімдерді болжау, жаңа өнімді өткізетін рынокты, тұтынушыларды, рыноктың болашағын, әлеуетін, өнім өндіруді тиімді меңгерудің жолдарын (технологиясын) анықтау сияқты міндеттер бар. Бұлардың көпшілігі маркетингтен бастау алады.
Біздер, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да менеджмент магистрі, инновациялық дамуды маркетингтік басқару мәселелерімен көптен бері айналысып келеміз. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданған күннен бастап бізде оны жүзеге асырудағы маркетингтің, әсіресе, өнеркәсіптік маркетингтің маңызы мен рөлі түрлі жарияланымдарда, көптеген халықаралық ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда кеңінен насихатталып келеді.
Батыс елдерінде өнеркәсіптік маркетинг қалыптасқан академиялық пән болып табылады. Соңғы онжылдықта оны ТМД елдерінің жоғары оқу орындары да оқыта бастады. ҚазҰТУ қабырғасында бұл пән элективті (таңдаулы) курс ретінде 050511-«Маркетинг» мамандығының 4-курс студенттеріне оқытылады. Біз «Өнеркәсіптік маркетинг» атты бірінші оқу құралын «Білім» баспасынан 2004 жылы Ресей ғалымдарымен бір жылда шығардық. Біз курсты мазмұндық және сапалық тұрғыдан жаңарту принципіне жүгіне отырып, оқулыққа екі жаңа тарау енгіздік. Олар «Сатып алу маркетингі» және «Инновациялық маркетинг» деп аталады. Бұл орайда біз жаңа жіктеу критерийін пайдаландық, ол – шаруашылық жүргізуші субъектінің функциясы. Функциялық бағыты бойынша кәсіпорындар рыногының (өнеркәсіптік рынок) жабдықтаушы кәсіпорындар рыногы және тұтынушы кәсіпорындар рыногы деген екі типін бөліп көрсеттік.
Кез келген шаруашылық жүргізуші субъектінің өзінің нақты қызметінде кәсіпорындар рыногының екі түрімен де істес болатыны белгілі. Айталық, жабдықтаушылар рыногынан өндірісін жүргізуге қажетті барлық ресурстарды (шикізат, материалдар, техника, энергия қуаты, жұмысшы-мамандар) сатып алады да, өзінің өндірген өнімін тұтынушылар рыногына өткізеді. «Өнеркәсіптік маркетинг» аталатын қолданыстағы курстарда тек тұтынушы кәсіпорындар рыногы ғана қарастырылады, ол байырғы маркетингтің белгілі бір модификациясы болып табылады, яғни бұл жай ғана өндіріске арналған тауарлар маркетингі.
Біздегі жаңартылған әрі кеңейтілген «Өнеркәсіптік маркетинг» курсында жабдықтаушылар рыногын зерттеу «Сатып алу маркетингі» атты бөлімнің пәні болып табылады да, инновациялық даму мен циклдің барлық кезеңдерін қоса алғандағы мәселелері мен міндеттері «Инновациялық маркетинг» пәнін құрайды. Өндірілген тауардың маркетингтік кешенін және тиісінше оны рынокта жылжыту және өткізу саясаты мен стратегиясын жасау өндірісті-техникалық тауарлар маркетингінің пәнін қарастырады. Қолданыстағы «Өнеркісіптік маркетингтің» негізгі мәні де осы.
Жаһандану, интеграция және бәсекенің өрістеуі жағдайында рыноктарда тек жоғары сапалы әрі бәсекелестік қабілетке ие тауарларға ғана сұраныс туады. Бүгінгі таңда кәсіпорындар өз өнімдерінің толықтай сапалы және бәсекеге қабілетті болуына арқа сүйеуі тиіс, ал ондай ауқымды міндетті жоғары білікті, интеллектуал-мамандар ғана жүзеге асыра алады. Осы тұрғыдан біздің студенттерге «Өнім сапасын және бәсекелік қабілетін басқару», «Тауарларды сертификаттау және саралау» сияқты элективті курстар оқытылады. Сол сияқты «Менеджмент», «Кәсіпорындар экономикасы», «Логистика» және басқа да осы тұрғылас пәндер өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысына бағытталған.
Қазақстанның техникалық кадрлар флагманы болып табылатын ҚазҰТУ сонымен бірге елдің инновациялық дамуына өз үлесін қосуға дайын, қазіргі заманғы нарық қызметкерлерін – маркетологтарды даярлауы соның айғағы. Бүгінде оқу орнында бүкіл экономикалық мамандықтар бойынша кадрлар әзірленеді.
Сейітжан САТЫБАЛДЫҰЛЫ, ҚазҰТУ-дың маркетинг профессоры,
Айгүл БӘЙІМБЕТОВА, аға оқытушы, магистр.
Алматы.