22 Шілде, 2011

Өздеріне де, өзгелерге де тиімді

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасымен облыс бойынша мемлек­еттік қолдауға 19 кәсіпорын ие болды. Нарықтық қатынастың алғашқы жыл­дары өндірістің бұрауы босап, бырт-бырт үзілгенде ауыл халқы есеңгіреп қалғаны әлі көз алдымызда. Сол кезде кімді болсын күнкөріс қамы мықтап ойландырды. Десек те қиындықтан шы­ғуға ниеттенгендер жер телімін алып, алғашқы қадамдарын жасады. Солардың қатарында Есік қаласындағы «Асқаров» шаруа қожалығы жер телімін пайдалануды бастаған. Ағайынды Асқаровтар 1992 жыл­дан бері ауыл шаруашылығымен ай­налыс­са, бүгінде 83 гектардан астам жерге иелік етеді. Негізінен қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр. Зеңгі баба­ның өзге ірі қарадан айырмашы­лығы етінің тығыздығы, салмағының 65 па­йызы таза ет өнімі екендігінде. Өнім ұзақ уа­қыт құнарлылығын жоғалт­пай­тыны та­ғы бар. Шаруашылық биыл бағалы бағдарламаның бірінші бағы­тынан қолдау тауыпты. Банктен несие берілген. Оның жартысын «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры төлеуде. Берілген несие сапалы мал етін өндіруге тың серпін берді, дейді шаруалар. Аталмыш бағдарлама арқылы субсидия алған олар қаржыға қора-қоп­сы­ларын қымтады, техника сатып алды. Кем-кетігін бүтіндеген шаруалар 2016 жылға дейін жоспарланған ет экс­портын 60 мың тоннаға жеткізуге өз үлесімізді қосамыз, деп желпінуде. – Бұл кәсіпкерлердің әл-ауқатын көтеруде тиімді жаңалық. Жаңалықты несие алуға барғанда естідік. Мемлекеттен көмек берілетіндігін білгеннен соң құжаттарымызды түгендеп өткіз­дік. Енді несиенің бір бөлігін ғана төлейміз, қалғанын мемлекет өтеп келеді. Әріптестеріме айтарым, бағдар­лама біз үшін көп көмек екеніне көзім жетті. Сіздер де алсаңыздар болады. Бізге енді тек білек сыбана жұмыс істеу ғана қалды, – дейді «Асқаров» шаруа қожалығының басшысы Якуб Асқаров. Жаздың жанға жайлы сәтінде ша­руа­шылық ірі қараны жайлауға шы­ғарып, күйін көтеруге көңіл бөл­ген. Бұл кәсіпкерлерге мал азығын үнем­деуге мүмкіндік беруде. Күз түсіп, жер сарғайған тұста малды қо­рада ұстап, бордақылайды. Бұл жұмысты атқарумен 11 адам айналысады. Сондай-ақ, шаруашылық «гис­сар» атты асыл тұқымды қой өсіруді де қолға ала бастаған. Оның тиімділігін байқау үшін 100 бас қой сатып алыпты. Шаруалар алдағы уақытта ірі қара соятын қасап­хана салуды көз­деп отыр. Ха­лық­аралық талаптарға сай халал түріндегі ет өнімдерін экс­порт­қа шығару да ой­ла­рын­да бар. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.