ҮКІМЕТ
«Егемен Қазақстанның»апталық қосымшасы
Еңбек рыногын жақсартып, жұмыссыздықты азайту бүгінгі таңда еліміздің басты бағыттарының біріне айналып отыр. Бұрынғы Кеңес одағы тараған соң экономикалық матау құрсауында болған мемлекеттер толыққанды жұмыс істей алмады. Зауыт-фабрикалар тоқтап, бұрынғы экономиканың орнына нарық экономикасы келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмыссыздықтың үлес салмағы 80 пайызға жетті. Халықтың күнкөрісі қара базар маңында ғана болды. Қазір уақыт өзгерді, Елбасы тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын жоғары көтеріп, өзге мемлекеттерге елімізді тұрақты экономикасы мен жедел даму жолына түскен бірден-бір мемлекет ретінде танытты. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек рыногының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің тетігін – «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын ұсынған болатын. Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Үкіметі қызметінің негізгі бағыттары болып табылады. Республика Премьер-Министрі К.Мәсімовтің айтуынша, «Жол картасы» бағдарламасы аясында 150 мың жұмыс орны құрылып, кадрлар қайта оқытылып, даярланды. Сондай-ақ инфляция қатаң қадағаланған. «Бұл соңғы 10 жылдағы ең төменгі инфляция», – деді Кәрім Мәсімов. Аталмыш бағдарлама ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Ресми статистикаға жүгінсек, Қазақстанда халық саны 2011 жылғы 1 қаңтарда 16,4 млн. адамға жетті. Оның ішінде жұртшылықтың 48 пайызынан астамы жұмыспен қамтылған болса, бұл орайда жалдамалы қызметкерлер – 31,7 пайызды, ал өз бетінше жұмыспен айналысушылардың үлесі 16,5 пайызды құрайды екен. Бұдан бөлек, соңғы онжылдықта елдегі еңбек рыногында бірталай оң өзгерістерге қол жеткізілгенімен, өз бетінше жұмыспен айналысушылардың проблемасы күрделеніп отырғаны айқын болатын. Осы мәселені және Үдемелі индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасына сәйкес еңбек рыногының жаңа талаптарын ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметке халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын әзірлеп, қабылдауды міндеттеген еді. Бағдарламаның негізгі мақсаты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табыс деңгейін арттыру болып табылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жай‑жапсарын түсіндіре келе, оның негізгі үш бағытын айқындаған болатын. Бірінші бағыт аясында кәсіптік оқыту арқылы жұмысқа орналастыру көзделеді. Екінші бағыт бойынша ауылда кәсіп ашып, жеке ісін жүргізгісі келетіндерге жәрдем жасалады. Үшінші бағыт тұрғылықты жері бойынша келешекте жұмысқа орналастыру немесе бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ болғандықтан, бағдарлама арқылы ондай адамдардың экономикасы дамыған өңірлерге көшуіне мүмкіндік қарастырылған. Бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға ықпал етеді. «Мұншалықты ауқымды бағдарламаны іске асыру үшін жұмыспен қамту органдарын институттық жетілдіру көзделетіні сөзсіз. Соған орай еліміздің барлық өңірлерінде аудандар мен қалалар деңгейінде қосымша жұмыспен қамту органдары құрылады. Бұдан бөлек, бағдарламаны тиімді іске асыру үшін құқықтық база қалыптасатын болады. Бұл ретте «Жұмыспен қамту туралы» заңға Үкімет пен орталық атқарушы органның құзыретіне сәйкес толықтырулар енгізу қарастырылады. Оның ішінде жаңадан «әлеуметтік келісім-шарт», «жалақыны субсидиялау», «жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары», «өз бетінше жұмыспен айналысушылар» секілді ұғымдар нақтыланатын болады. «Жұмыспен қамту бағдарламасын талқылау және түсіндіруге үкіметтік емес ұйымдар да белсенді түрде тартылатын болады. Жалпы алғанда, Үкімет 2016 жылға қарай бағдарламамен бір жарым миллионға жуық адамды қамтуды жоспарлауда. Соның нәтижесінде еліміздегі кедейлік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетіп, жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыздан асырмай ұстап отыру міндеті көзделуде. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етіп, алдымыздағы стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – дейді Г. Әбдіқалықова. Мұхтар ИБРАИМОВ.