«Оранса Ар шапанға, адалдық оққа ұшады» деп ақын әпкеміз Фариза Оңғарсынова айтқандай, арын да, барын да жоғалтпай, алтын тамыр ауылда арамдықтан ада, аузын ашса көмейі көрінетін ел жұртының ортасында жүрген, өзі де таза, сөзі де бұзылмаған Нарша Қашағанұлының «Елде тұрам» атты жинағын оқып отырғанда, осы азаматқа қазақ жырының қазіргі өрен жүйрігі Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиевтің ерекше ілтипаты еске түседі. Шынында, Наршамен қатар оқып, қатар жүргенде бізге ол ашылмаған әлемдей, серілік жолына енді ғана бет алғандай көрінетін. Соны Тұмағаң ерте түсінген ғой. Талапкер інісінің талантына қамқорлық көрсетіп, риясыз пікірін білдіргеніне талай рет куә болғанымыз бар. Мына жинақты парақтаған тұста ақын үмітінің ақталғанына көз жеткізесің.
Туған жер, ел, Отан, оның даңқты тұлғалары, рухани құндылықтарымыз, мәңгі ескірмейтін тақырып – махаббат әлемі туралы жырлар әдемі оқылады.
Бірде ақын «Бәйтерегім сен едің, Бір бүршігің мен едім» деп атамекені туралы толғана келіп, «Қасиетім, киелім, Жаралған сенен сүйегім. Арқардай ауып жүргенде, Арқамды саған сүйедім – Рахмет, туған ел!» дейді. «Сүймейді кім даласын, жерін, Өзенін, көлін, еңісін, өрін. Қазақтың барлық қонысы құтты, Сонда да өзің дарасың, елім! Тамаша неткен Таласым менің!» деп кіндік қаны тамған Таласын жыр тілінде толғайды.
Сол секілді елде тұрған соң, елдің жайы ақынды мазаламай қойған ба? «Елде тұрам, әлі де сол елдемін, Жан-тәніммен сезінемін ел демін. Еркелеймін, шағам кейде елге мұң, Елсіз қызық, қуаныштан кендемін» дей келіп, өзінің қазақ болып туғанына мақтанады. Ал қазақпын деп сөз жүзінде айтқанмен, ісінде кері кеткендерді былайша түйреп өтеді: «Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң, Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң, Ағайынның адал малын ұрласаң – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым... Қиындықпен арпалысып ауылың, Қайыршы боп қаңғып жүрсе бауырың, Мәшиненің мінгеніңмен тәуірін – Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!». Қасиетті тіл жайлы толғамы да бөлек.
«Ата-бата аманаты Тіл деген, Нағыз надан дәл осыны білмеген. Түкіргенді суын ішкен құдыққа, Түсінбеймін, түсінбеймін мүлде мен!.. Қазақ тілі қандай сұлу, бай ғажап, Қадірлемеу, айтыңдаршы, қай мазақ?! Ең алдымен тіле тілдің тілеуін, Ел боламын десең егер, ей, қазақ!» деп тебіренсе, «Мейлі әкім, мейлі ақын, ғалым бол, Батыр да бол соңына ерген қалың қол. Бәрібір сен елден үлкен емессің, Есті ерге әлімсақтан мәлім-ді ол» деп қабырғалы қазақтың қасиетін алдыңа көлденең тартады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы аласапыран заман туралы ақын толғамдары ел сөзіндей естіледі. Жұрттың сол кездегі зар-мұнындай сезіледі. Осыны өлең жолдарынан оқып көрелік: «Көндіге алмай қиындыққа тап келген, Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден. Туған жерден таба алмаған бақытты, Жазғандар-ай, тапса жақсы-ау жат жерден... Қайран Ақкөл! Қандай едің сен кеше? Енді елсіз құлазиды кең көше. Бүгінгілер сені сақтай алмадық, Обалың болса – ол да бізге, ендеше!» деп Талас ауданы тараған тұста талықсыған халықтың үнін осылайша өлеңмен өрнектеп «Сөгілді бүтін іргелер, Бөлінді бауыр бірге өлер. Дегендей «түбі бір келер», Мүлгиді қырда мүрделер... Екі Отан жоқ ешкімде» дейді. Міне, елдің жайын көзімен көрген, жанымен сезген ақын осылай деп боямасыз өмірді ақ параққа маржандай етіп тізіпті. Бұдан өзге де заман запыраны ақын шабытынан қалыс қалмапты. «Түсінетін гүл тілін, Тектіге бұрар бүйрегі, Ұятындай ұлтының, Ұяң қыздар сиреді. Арман болып таза зат, Алдауға ел көп баруда. Азайды арлы азамат, Арзандады ару да. Бозбалаға, кәріге, Бейтанысқа, танысқа, Сатылады бәрі де, Сатылады намыс та! Бірі қойды ұятты, Бірі қойды парызды. Қызың еркек сияқты, Еркегің қатын тәрізді... Мына Заман қай заман? Ертеңді жан жоқ жобалар. Елімнің халі, әй жаман, Ендігі күні не болар?» деген жолдарды оқығанда Абай мен Дулат жырлары ойыңа оралады. Халықтың ұлы емес, мансаптың құлы болып жүргендер жайлы: «Бір-бірінің бақытына бал ашып, Күні кеше жүрген ауыз жаласып. Алакөз боп кетті қанша ағайын, Алмағайып мансап үшін таласып. Мансап үшін жақты күйе қанша аққа, Мақсаты тек – «бәрін сат та, жан сақта!» Өлерменнің өсіп кетті бәз бірі, Махаббатты айырбастап мансапқа... Қуалаймыз құмарымыз бір қанбай, Құлағанша тасқа тиіп қу маңдай. Мансап болса маңғазданып, мардымсып, Мазақ қылып адамдарды тұрған-ай...» деп астарлы да ащы шындықты алдыңа тартады.Нарша ақынның жаңа жыр жинағы өмірдің өзіндей сөйлейді. Жасандылығы жоқ. Ауыл адамдарының асыл қасиеттерін толғай отырып, олардың қуанышы мен ренішін боямасыз баян етеді. Жасандылықтан ат-тонын ала қашып, шындықтың шырайын келтіріп жырлайды. Ауылдан кіндігін үзбеген ақын кітабының әр жолында ел тағдыры, адам тағдыры, ұрпақ тағдыры, кемел келешек – бәрі-бәрі боямасыз менмұндалап тұр.
Сүлеймен МӘМЕТ.