23 Шілде, 2011

Орбұлақ өнегесі

1576 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
2008 жылы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жойқын жеңістер де Азаттықтың ақ туы астында желбіреді», деп бұл бақытты күнге сол жеңістердің арқасында жеткенімізді айрықша атап өткен еді. Еліміздің тарихындағы ұлы жеңістер мен сан алуан оқи­ға­лар­ды санамалап қарасақ, солардың өткен кезі мен болған жері бізге нүктесіне дейін белгілі боп жеткені Орбұлақ жеңісі, Ордабасы жиыны, Аңыра­қай шайқасы, Ойрантөбе оқиғасы, Ереуілтөбе бәтуәсі секілді бірен-сараны ғана. Сондықтан оларды біз ата-бабамыз қалдырған тарихи жәдігер санаймыз әрі мұны ұмытпаңдар деген аманаты деп бағалаймыз. Бұлардың ішінде Орбұлақ жеңісі – қазақ халқының ерекше тарихи мақтанышы. Орбұлақ дегенде, ең әуелі есімізге түсетіні – ол жеңістің еш теңдесі жоқ екені. Жаудың 50 мың қолын 600-700 жауынгермен ғана тоқтату, шынында да, теңдесі жоқ ержүректік. Орыс деректерінде қазақ қолы 600 делінсе, Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында 700 адам деп айтылады. Бұл соғыс жайында тұңғыш дерек беруші Тобылдың әскери қызметкерлері Гришка Ильин мен татар Кучембердейко Кучеев қалмақ қонтай­шысы Батырдың қысқы ордасы түрған Қара Айғыр (Қара Адзегир) деген жерге келгенде, ол 50 мың қолмен қазаққа қарсы аттанып кеткен екен. Екеуі оның оралуын төрт ай күтеді. Батыр қон­тай­шы жорықтан тек Илья күнінен соң, яғни 20 шілдеден кейін ғана оралады. Демек, қонтайшы жорыққа наурыз айының соңына таман аттанған. Екі қызметкер қонтайшының қасында тағы екі ай болады. Қазіргі Орбұлақ жерінде өткен шайқас­тың мән-жайын екеуі сонда біледі. Қалмақ қонтайшысы Батыр (шын аты – Қо­тақ­от­сын) 1643 жылы қазақ пен қырғызға қар­сы неге 50 мың қолмен және неге көктемге салым аттан­ған? Мұны ешбір орыс дерегі ашып айтпайды. Сірә, қазақ-қалмақ арақатынасын ол кезде әлі аз зерттегендіктерінен болар. Ал Қазыбек бек Тауа­сарұлы жоғарыда аталған кітабында: «1021 – қой жылы ( 1643 – Б.Н.) Алтын ханның ұлы Омбы, ойраттың білікті нояндары қазаққа қайта лап қойды. Оның басында әкесінің қолға түсіп қорлық көргенін ұмыта алмай жүрген Батыр қонтайшы болды. Бұл соғысқа ол 50 мыңдай қолмен келді», – дейді (Алматы, 1993). Батыр қонтайшының әкесі қай кезде қазақ қолына тұтқын болғанын орыс пен қазақ тарихы айтпайды. Алайда осы бір ғана себеппен қазаққа қалмақ шабуылға шықты деудің дәлелі аз секілді. Қазыбек бек Батырдың осы соғысы жайында: «Әйтеуір, қазақ қолындағы кіші қатынын босатып алуға ғана шамасы жетті», дейді. Бұған қараған­да, оның әйелі қазақтардың тұтқынына түсіп және оны қазақтар осы төңіректе ұстаған ғой. Бірақ бұл әйелдің аты-жөні, Батыр екеуінің бір-біріне қаншалық қымбат екені, өкінішке қарай, еш тарихи деректе айтылмайды. Алайда соңынан келіп құтқарып әкеткеніне қарағанда, оны Батыр қатты жақсы көрген болар деп шамалауға ғана болады. Қазаққа деген Батырдың ашуын артты­ра­тын, әрине, бұл да үстеме себеп, алайда соншалық 50 мың қолмен аттанатындай оның да салмағы жоқ секілді. Ал енді Батырдың бұл тоқалы қазақ тұтқынына қалай, қашан түсіп жүр? 1635 жылы Талай, Құжы, Торғаш деген қалмақ тайшылары бірігіп, қазақты шабады. Есім ханның ұлы Жәңгірді сол соғыста байлап әкетеді. Бұл жайында орыс тарихшылары да жазады, алайда Жәңгірдің ол тұтқыннан қалай құтылғанын анық­тап айта алмайды, өйткені білмейді және білмейтіндіктерін ашық мойындайды. Оның шындығын тек Қазыбек бек қана өзінің Матай атасының шежіресі бойынша баяндайды. Ол былай. Жәңгір тұтқында бір жылға жуық жатады. 1636 жылдың жазында Батыр қазіргі Нарынқол, Текес маңайын жайлайды. Қарасай мен Ағынтай батыр ол кезде Сапы-Саты, қазір Саты деп қана аталатын жерде Жәңгірді қалай құтқару жөнінде жоспар құрады. Есім ханды алдымызға келтіріп, бас игіземіз деп күткен қалмақтар Жәңгірді қина­май, аяғына кісен салып қана жеке үйде ұстапты. Соның бәрін алдын ала біліп алған Қарасай тобы Жәңгір жатқан үйге түн іші жақындай бергенде, үйлердің бірінен әлдекім шыға келген. Оның кім екенін білмеген Қарасай күре тамырын баса қойып, талдыра салады. Содан кейін күзетшіні де талдырып тастап, екі жігіт үйдің іргесін көтеріп жіберіп, ішінен Жәңгір сұлтанды шығарып алған. Сол арада Ағынтай батыр үйден шыға келген бір сұлуды қалмақ қызы деп ойлап, аузын баса қойып олжалап әкетеді. Кейін білсе, Қарасай есік алдын­да талдырып тастаған адам Батыр қонтайшының өзі болып шығады, ал Ағынтай көтеріп әкеткен сұлу далаға шығуға кеткен күйеуін іздей шыққан тоқалы екен. Өзін талдырып, әйелі мен ханзаданы дәл иегінің астынан қазақтардың масқаралап алып кетуі, сөз жоқ, Батыр үшін аса үлкен намыс еді. Тарихшы И.Я.Златкиннің зерттеуінше, 1630 жылы ғана дербес мемлекет құрып, оған тұңғыш қон­тай­шы болған адамға бұл жағдай беделден жұр­дай қылатын оқиға еді. Міне, осының бәрін жи­нақ­тай қарағанда ғана Батырдың қазаққа неге соншама қаһарланғанын түсінуге болады. Әкесінің қазақ тұтқынында болып қайтқаны ескі кек болса, өзін масқаралап, әйелі мен тұтқынын тартып әкеткені ел намысына да, өз намысына да тиетін жаңа кек еді. 50 мың қолмен аттанып, қазақты жер бетінен біржола құртып жібермек болғанына бұл себептер сендіреді. Ал енді қалмақтар неге қырғызды шапты, олардың жазығы не дегенге жауап беру біршама қиын. Ол жайында жазба дерек жоқ. Алайда ауызша тарих саналатын қазақ шежіресі бұл арада, меніңше, біршама көмек жасай алады. Қарасай батыр Жәңгірді қалай құтқарудың жос­парын құрғанда, меніңше, ол алдын ала қал­мақ ішіне жансыздар жіберген болу керек. Оған қазақтарды жұмсау әрі күдікті, әрі мүмкін болма­ғандықтан, сөз жоқ, оған көрші ағайын қырғыз адамдарын тартқан шығар деп шамалауға болады. Ал сол жазда қырғыздың қай атақты адамдары өз ордасына келіп кеткенін Батыр қонтайшы өте жақсы білсе керек, сондықтан қазаққа барлаушы болған қырғыздардан кек алуды ол басты мақсат еткен, оларды сол үшін шапқан деп ойлаймыз. Орбұлақ шайқасы өткен өңірді ежелден қазақ­тың суан деген тайпасы мекендейді. Көп жауды аз қолмен бөгеуге қолайлы жерді Жәңгірге тауып берген Елтінді сол суан тайпасының батыры. Суанда Елтінді батырдың замандасы әрі досы Ұзынмұрт Ұзақ батыр деген болған. Елтінді Өсек өзенінің шығыс бетін жайласа, Ұзақ батыс жағын жайлаған. Ұзақ батыр жайында шежіре: «Сол батыр­дың әйелі қырғыздың Бурайке деген байы­ның қызы болса керек. Ауылы Ыстықкөлдің маңы. Бір жазда қалмақтар Ыстықкөлдің маңын­дағы қыр­ғыздарды шабады. Ұзынмұрт Ұзақтың қайна­тасы Бурайкені ауыл-аймағымен қырып, алты жасар баласы Назарды байлап әкетеді», дейді де, кейін Назардың қол бастаған қазақ батыры бол­ғанын айтады (Сұлтанбек Ешмұқанбетов. «Суан шежіре». Алматы. 1993). Бұл шежірені зерттей қарасақ, қырғыздарды қалмақ шапқан жыл Орбұлақ шайқасы өткен 1643 жылға меңзейді. Орбұлақ шайқасына қатыс­қан Қарасай және Елтінді батырлардың қазір 11-ұрпағы өмір сүріп жатса, Ұзақ батырдың да 11-ұрпағы өмір сүріп жатыр екен. Ұзақ батырдың Орбұлақ шайқасына қатыс­қаны­на қайынатасы Бурайкені қалмақтардың «ауыл-аймағымен қырғаны», әрине, жанама дәлел. Батыр адамның ондайда намысқа, кекке шаппауы мүмкін емес. Алайда бұған қосымша тағы дәлел бар. Орбұлақ шайқасы өткен жердің күнгей жақ бетінде Түлкілі дейтін тау, сол таудың іргесінде Най­затапқан атты арасан бар. Ата-бабасы сол Түлкілінің баурайын мекен еткен, өзі ұзақ жыл сол арада болыс болған, кейін Кеңес өкіметі тәркі­леп, Жайық бойына жер аударған, ол арадан қашып келіп, отбасының соңынан өзі де Қытай өтіп кетіп, сол жақта қаза болған, кезінде Метербай болыс атанған атақты адам болған. Со кісінің ұлы Орынбай ағамыз әкесінің албан Құлманбет пен суан Шаншар ақынның айтысына өзі қаты­сып, тыңдағанын және оны жатқа білгенін тамсана айтушы еді. Елтінді мен Ұзынмұрт Ұзақ батыр­дың ажырамас дос болғанын да әкесінен естіпті. Белжайлауда болған бір соғыста Ұзақ аяғынан жараланып, арасанға емделуге келеді. Досының көңілін сұрай келген Елтінді арасанның құды­ғын­да шомылып жатқан досын шығарып алайын десе, созған қолы жетпейді. Таяқ жалғайын десе, ағаш таба алмайды. Сонан соң сол арада ат байлап қойған қазықты ырғап-ырғап суырып алса, әлгісі найзаның ұшы болып шығады. Содан ел «Елтінді найза тауып алған арасан» деп жүріп, арасан Найзатапқан аталып кетіпті. Бұл әңгімені тарихпен салыстырсақ, Ұзақ батыр Белжайлаудағы Орбұлақ шайқасында жара­лан­ған болып шығады. Досы Елтінді қатысқан соғысқа Ұзақтың қатыспай қалуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Өстіп тарих пен шежіре бірін бірі толықтырып отырады. Ал енді қырғыз Бурайке қазақтың белгілі батырының қайынатасы болса, оның солай екенін Елтіндіден, не басқадан естіген болса, сенімді кісі деп, Қарасай батыр қонтайшының ордасына неге оны жұмсамасқа? Тарих пен шежірені жүйелей келгенде, Батыр қонтайшының қырғызға қатты шүйлігуінің және «Бурайкені ауыл-аймағымен қырып» кету сыры өстіп ашыла түседі. Ал Батыр қонтайшының қазақ пен қырғызға қарсы жорыққа 1643 жылдың көктемінде шы­ғуы – мал баққан елдің бас көтеруге ең мұршасы жоқ кезін жақсы білгендігі. Малы төлдейді әрі күйі қашады, ел арасындағы қатынас қиындайды, байланыс нашарлайды, өйткені лайсаң болып, жол бұзылады. Тұрақты әскер ұстамаған көшпелі елдің бір-бірімен араласа, хабарласа қоймайтын кезі – осы кез. Әрі мініс аттың ең жүдеу тартар шағы да осы шақ. Сірә, қонтайшы осының бәрін есепке алған болар. Өйткені, 1723 жылы бастал­ған «Ақтабан шұбы­рын­ды, Алқакөл сұлама­да» да олар осындай жағдай­лар­ды ескеріп, қазақты осы мезгілде шапқан. Ендігі бір ескеретін жәйт, 50 мың – қазақ пен қырғызға аттанған қалмақтың жалпы саны емес, тек әскерінің ғана саны. Тобыл әскербасы Г.С.Куракиннің мәлімдемесінде: «С ними воинских людей 50 тысяч», деп анық-қанық жазыл­ған. Соған қарағанда, 50 мыңның сыртында бақ­ташы, күтуші, аспазшы секілді қосалқы адам да аз болмаса керек. «1018 жылы (1640 – Б.Н.) қазақты Есімнің ұлы Жәңгір сұрай бастады. Өйткені Есім хан науқас болды», дейді Қазыбек бек (сонда). Бұл жайды қал­мақтар да білген болар, сірә. Алайда Есімнің мықты әскербасы және оның ержүрек батыры мол екеніне әлденеше мәрте көздері жеткен, оның үстіне тұтқындарында болған Жәңгір сұлтанның өздеріне кекті екенін білген қалмақтардың қалай­да қазақтар­дан сескенбеуі мүмкін емес. Сондықтан аз қолмен аттануға олардың тәуекелі жетпеген де шығар. Оның үстіне, Қарасай мен Ағынтай әбден масқара қы­лып кеткен Батыр қонтайшы осы жолы жеңеті­ні­не нық сенімді болу үшін де көп қол жинауы мүмкін. 1643 жылғы соғыс қазақ қазақ болғалы оқпана ор қазып соғысқан алғашқы соғыс. Және жердің ыңғайлылығын пайдалана білсе, азғантай қолдың өзінен әлдеқайда көп күшке тосқауыл жасай алатынын іс жүзінде дәлелдеген соғыс. Елдің мүддесі мен халықтың амандығы үшін бастарын өлімге тіккен бабаларымыз бірліктен асар күш болмайтынын, қорықпай, ықпай соғыссаң, ақыл мен айла жеңіске жеткізетініне көз жеткізіп кеткен соғыс. Орбұлақ жеңісі – ұйымдастырудың күшімен қоса бауырмалдық пен сенімділіктің де құдіретін көрсетіп берген тәлімді соғыс. Ал енді қазақ қолы бұл соғыста неге аз болған? Мұның мәнін түсіндіретін жазба дерек жоқ. Әрине, әртүрлі жорамал жасауға болады. Мә­се­лен, Есім хан ауру болса, оның ел басқаруға тікелей араласып, тікелей басшылық жасауға, сөз жоқ, мүмкіндігі шектеулі болады. Сондықтан әскери тәртіп біраз босаңсиды. Ал Жәңгір сұл­тан қаншалық ержүрек болғанымен, қолында нақты билік жоқтықтан, тез арада қажетті қолды жасақтауға әмірі жетпеген де шығар, кім біледі. Егер қазақтың өз ішінен тез арада әскер жинау мүмкіндігі бар болса, онда Жәңгір сонау Самар­қандағы Жалаңтөске жаушы шаптырар ма еді? Бәлкім, Есім ханның ауру екенін естіген соң, ол өлсе, орнына кім болады деген алауыздық төрелер арасында өршіп тұруы да мүмкін. Жазба дерек қал­маған соң, оны кесіп айту – қиын, алайда Әбіл­қайыр, Әбілмәмбет тұсындағы бақталастық пен тақ­та­ластықты еске ала отырып, ол кезде де солай бо­луы мүмкін екенін жоққа шығара алмай­мыз. Қалай болғанда да өз ішімізден әскер жинау мүмкіндігі аса қиын болған соң ғана алыстағы Жалаңтөске жаушы жіберілген деп ойлаудың жөні басымдау. Орбұлақ шайқасының аса маңызды бір тәлімі мен өнегесі осы аз қазақтың көп қалмаққа қарсы тұруынан шығады. Қалмақ қолының ұзын саны 50 мың екенін, әрине, қазақтар алдын ала білді. Соны біле тұра 600-700 ғана адамның жау жолына бекінуі – ақылға сыя бермейтін ерлік. Ерліктен бұрын жанкештілік. «Еркек тоқты – құрбандық», дейтін қасиетті сөздің нақпа-нақ жүзеге асуы. Өлімге бас тігудің дәл мұндай мысалын кәрі тарих көп біле бермейді. Туған ел мен туған жердің тағдыры таразыға түскен шақта «мынандай көп жауға шамамыз келеді, келмейді» дегенді мүлде ұмытып, «өліспей беріспейміз» деген ғана шешімге келген ата-баба ержүректігі тек сүйсінтеді. «Біз қорғамасақ, ел мен жерді енді кім қорғайды?» деген перзенттік парыздан өзге оларда ешбір үрейлі ой болмаған. «Ел үшін, туған жер үшін өлмегенде, не үшін өлеміз?» деген қасиетті ұғым ғана оларды осындай адам нанғысыз батыр­лыққа бел будырған. Орбұлақтың бұл өнегесі – ұрпақ ұмытпайтын аса қасиетті өнеге. 50 мың қолдың бетін 700 жауынгер екі мәрте қайтарып, жаудың он-он бір мыңын қырғаннан кейінгі жағдайды Қазыбек бек былай аңғартады: «Бәлкім, енді арттан жиырма үш мың қолмен Алшын Әлімұлы Жалаңтөс батыр келмегенде, қазақтар жеңіліп қалар да еді». Бұл сөздің астарында көп сыр жатыр. Себебі, 50 мыңның аты 50 мың. Көп көптігін істемей қоймайды. Соғыс өтіп жатқан жер тар кезең, қазақ үшін өте оңтайлы жер болғанмен, тау ішінен айналма жолды тауып өту, шындығында уақыттың ғана шаруасы. Бұған қарағанда, Жалаңтөс батырдың бұл соғысқа дер кезінде жетіп үлгеруі – шешуші жағдай. Оған ешкім дауласа қоймас. Ал ендігі басы ашық емес бір жағдай: Жалаңтөс бұл соғысқа тек үлгеріп қана қойған ба, әлде соғысқа араласқан ба? Бұл жайында орыс, қазақ, моңғол деректері нақты ештеңе айтпайды. Бірақ мұны қазақтың ауызша тарихы тағы толықтырады. Орбұлақ Белжайлаудың батысында. Оның шығысы – екі таудың ортасын алып жатқан алып астаудай жазық. Ол жазық Аяқсаз деген жерге келгенде тұйықталады. Сол арадан Белдің суы тіке оңтүстікке бұрылып, Ілеге қарай құлдырайды. Ал Белжайлаудың шығысы жота-жоталарға ұла­сып, Кіші Өсек, Үлкен Өсек өзендерін кесіп өткен соң, қайтадан жазық тепсең, Сартау жайлауына ұласады. Осы Сартау жайлауының терістік батыс жақ желкесінде Өсек өзені мен Сартау суының қосылып жат­қан сағасы бар. Сол екі судың ортасында оңтүс­тік­тен солтүстікке қарай созылып жатқан биік қылта жота бар. Оны жұрт Қаша­ма­ның асуы дейді. Ертедегі бір жылдары қалмақ қолын қазақ қолы қуып келіп, осы араға қамайды. Қараңғы түсіп кеткендіктен, қазақ пен қалмақ қолы дамыл­дайды. Тұйыққа қамалған қалмақтың шығып кетер жолы жоқ екенін қазақтар жақсы білген. Бірақ ертесі бүкіл қалмақтың ұшты-күйлі жоқ боп кеткенін бір-ақ көреді. Сөйтсе, қалмақтар түні бойы қыр жотаның жартасын қашап, жалғызаяқ жол ашады да, таң ата сол қашап салған жол арқылы қашып кетеді. Ол асу содан бері Қашама аталған екен. Бұл – ата-бабамыздан қалған, ауызша тара­ған әңгіме. Туған жер тарихына қатысты айтыл­ғандықтан, жұрт жадында сақталып қалған. Оның үстіне, асудағы тастардың қолмен қашалғаны күні-бүгінге дейін тұрқынан көрініп тұрған­дық­тан, ешкім бұл әңгімеге күмән келтірмейді. Орбұлақ өңірі – ежелден қазақ пен қалмақ қақ­ты­ғысы жиі болып тұрған өңір. 1643 жылғы әй­гілі Орбұлақ шайқасының, 1653 жылы Сесеннің ұлы Қалдама (қазақтар Қалдан дейді – Б.Н.) Сал­қам Жәңгірмен жекпе-жекке шығып, Жәңгір опат болатын соғыстың да осы арада өтуі, Жәң­гірдің әуелде Үйгентастың белі, кейін Белжайлау атал­ған сол мекенге жерленуі де бұл айтқанымызға толық дәлел бола алады. Алайда қазақ қолының қалмақтарды қатты тықсырып, оларды тұйыққа қамап қырып жібере жаздаған кезі, сөз жоқ, тарихта бір-ақ рет болған оқиға. Егер жергілікті батырлардың қалмақпен соғысы осында ұласқан болса, онда жергілікті адамдар оған қатысқан өз ба­баларының атын қосақтап, «Бұл арада Елтінді бабамыз қалмақтарды қамапты» немесе «Ұзын­мұрт Ұзақ батыр қамапты» деген болар еді. Ал олай айтылмаған, себебі бұл соғыс қалмақтар мен жергілікті қазақтардың ғана қақтығысы емес, бү­кіл қазақ батырлары қатысқан үлкен соғыс болу керек. Ал ондай соғыс, сөз жоқ, Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ пен Қашаманың арасы шамамен 60-65 шақырымдай. Ал енді Қашаманың Орбұлақ шайқасына қандай қатысы болуы мүмкін? Қашама асуымен қалмақтардың қашып құ­тылуы тікелей Жалаңтөс батырдың оларды өкше­лей қууына қатысты деп ойлаймын. Тобыл ә­с­кер­басы Куракиннің жазбасында: «Дәл сол кезде бұл ұрысқа Жәңгір сұлтанға көмекке Жалаңтөс келеді, ал онымен бірге 20 мың жауынгер болады. Қон­тайшы ол жауынгерлерді көрген соң, кейін шегінеді, ал Жәңгірдің қолға түскен адамдарын қон­тай­шы өзімен бірге алып кетеді»,  делінген («Ор­бұлақ шайқасы», 2003). Алайда Қонтайшының қалай шегінгені, қай жолмен шегінгені Кура­кин­нің жазбасында айтылмайды, себебі оны оған мәлі­мет беруші Ильиннің өзі де білмейді. Оны білетіндер – тек қана сол араның жергілікті тұрғын­дары. Ал олар Қашаманың қалай жол болғанын естеріне сақтап, өз ұрпақтарына айтып отырған. Біздің ойы­мызша, көмекке келе жатқан қолды көріп қонтайшы шегінген соң, оны Жалаңтөс қолы қуған. Тұтқын­дарын тастай қашпағанына қа­ра­ғанда, Батыр қолы соғыса отырып шегінсе керек. Олар, меніңше, сол тұт­қын­дарын бермеу үшін де соғысқан болуы керек. Өйткені, қазақтардан оңбай жеңілген Батыр­дың ел-жұрты алдында өзін-өзі ақтайтын жалғыз ісі де сол көп тұтқын алып қайтуы ғана еді. Қалмақ­тар­ды қуа соғысқан Жалаңтөс қолы оларды Өсек өзеніне әкеп тықсырғанда, қараңғы түсіп кетіп, екі жақ сол арада таң атуын күтсе керек-ті. Берекесі қашқан қал­мақтар Жалаңтөстің даңқынан да, тың әскері­нен де қаймығып, түгелдей қырылып кетуі мүмкін ертеңгі соғыстан қалайда қашып құтылуға жанта­лас­қан. Ақырында қашап, жол ашып қашқан. Ба­тыр қонтайшының: «Он бір мың бес жүз адамым­нан айырылдым, енді болмаса бәр­іміз қырылатын едік», деуінің сыры да осында болуы керек (Қа­зы­бек бек кітабы). Ел есінде сақталған Қашамаға қатысты әңгіме осы оқи­ға­дан туған демеске тіпті қайла жоқ. Ел ау­зындағы осы әңгімеге сүйеніп, марқұм Тұрсын­ғазы Әлпейісов алғаш рет «Жас Алаштың» бетінде осы пікірді айтқан еді. Мен соған толық қосылам. Себебі, осылай дегенде ғана Орбұлақ шайқасының бас-аяғы анық аңғарылады. Орбұлақ жеңісі – қазақтың ғажап бауыр­мал­дығының жемісі. Қазыбек бек аталмыш кітабында осы соғысқа басшылық жасаған Салқам Жәңгір­дің қатарында шапырашты Қарасай, арғын Ағын­тай, алшын Жиенбет, дулат Жақсығұл, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, суан Елтінді, арғын Тоқан баласы Қомпай болғанын жазады. Кейінгі зерттеулер қазақ қолының ішінде дулат Сырым­бет, Найман Бөдес және суан Ұзақ батырдың да болғанын дәлелдейді. Бұлардың ішінде әйгілі Жиенбет жырауға айрық­ша тоқталуға тура келеді. Жыраудың өмірі мен шығармашылығын арнайы зерттеген ғалым Ханғали Сүйіншәлиев: «Жиенбеттің өмір сүрген кезі ХVІІ ғасырдың екінші жартысы, Есім хан­ның тұсы. Кіші жүз, он екі ата Байұлының бір ата­­сы­нан... Жиенбет – кезінде Есім ханмен жаға­ла­сып өткен адам. Есім оны қатты жазалап, тұтқындау ама­лын да қарастырған», дейді («Қа­зақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері». Алматы. 1967). Оның Есім ханмен араз болғанын мына өлеңі де дәлелдейді: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім... Қайратым қанша қайтса да, Мұныңа, ханым, шыдаман! Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін, Ат құйрығын кесермін» («Бес ғасыр жырлайды».1989). Есім ханмен осылай араз бола тұрып, сол Есімнің баласы Жәңгірмен бірге өз халқы үшін өте қауіпті, өздерінен 70 еседен астам көп жаудың жо­лын кесуге аттануы – Жиенбеттің халқы үшін жанын қиюға қа­шанда әзір екенін көрсететін оқиға. Мұн­дай үлгі-өне­ге көрсеткен батыр – айрық­ша батыр. Ондай батыр қазақтан басқада болған ба, жоқ па – ол арасын білмеймін. Жиен­беттің арғы тегін Қазы­бек бек Сүйін­шәлиев құсап анықтап айтпай, алшын дей салады. Өйткені Жетісу қарияларының жалпы Кіші жүзді Алшын, Ұлы жүзді Үйсін дей салатын әдеті ежелден бар. Ал Жиенбет жыраудың ісі – отансүйгіштіктің әрі дара, әрі сирек үлгісі. «Арқаға қарай көшермін», дегеніне қарағанда, ол сол кезде Қарасай мен Ағын­тайдың қасында жүрген болуы керек. Ханға деген ыза-кегін ұмытып, Орбұлақ шайқасына қатысуы – оның халық мүддесін қастерлеген қаһармандығы. Қысқасы, халықтық мүдде үшін қашанда бас қоса кететін қазақ мәрттігін Орбұлақ ұрпаққа өш­пес үлгі етіп кетті. Ол кез үшін жер түбі сана­латын Самарқаннан алшын Жалаңтөс батырдың 23 мың қолмен көмекке келуі – қазақ бауыр­мал­дығының мақтаныш ететін теңдесі жоқ көрінісі. Ал қырғыз батырлары Көтен мен Табайдың бұл соғысқа қатысуы – екі елдің бауырмалдығы ежелден екеніне тарихи дәлел. Тағы бір тарқататын түйін – тоқалын Батыр қон­тайшының қай жерде, қалай құтқарып әкет­кені және Жәңгір адамдарының қай соғыста тұт­қынға алынуы. Біздің ойымызша, қазақтарды тұт­қын­ға алған соғыста қонтайшы «кіші қатынын» құтқарып әкеткен. Ал оның тоқалын қазақтар қайда ұстаған? Оны, әрине, қырғыз жеріне апарып тығып қойған жоқ. Оған себеп те жоқ. Қырғыздан қайтар жолда да қонтайшының әйелін тығып ұстайтындай орынның еш лайығы көрінбейді. Сондықтан мұны да шежіре деректеріне сүйеніп анықтауымызға тура келеді. Қалмақ қолы ә дегенде-ақ Алатау және Тоқ­мақ қырғыздарына тиіскенін орыс, қазақ тарих­шы­лары түгел жазады. Ал ол араға қалмақтар әрине, тікұшақпен түскен жоқ, жермен жүріп барды. Орыстың екі әскери қызметкері барған Қара Ай­ғыр­дағы қонтайшы ордасы Еміл өзенінің аңға­рында болса, онда 50 мың қол, сөз жоқ, ол кезде Арқас Аңқайы, қазір Жоңғар қақпасы аталып кеткен тауөткелден өтеді. Ол арамен өткен қол Ақсу мен Қапалды баса өтіп, Тоқмаққа төтелеп, Ілеге қарай жол тартады. Бұл арада жолдың екі нұсқасы бар: бірі қазіргі Қоғалы арқылы, екіншісі Мұқыры арқылы өтуі мүмкін. Мен Қоғалы арқылы өткен болар деп шамалаймын. Өйткені... Атты әскерге ең керегі шөп пен су. Ал шөп те, су да тек тау алқабында мол болады, сондықтан қалың әскер алдымен тау сағалаған жолды таңдайды. Қоға­лы жақтың шөбі де шүйгін, суы да мол, Қапал жақ­тан келе жатқан қолға әрі қолайлы, әрі жақынырақ. Сонан соң, Қазыбек бек кітабын­да Жәңгір мен Ба­тыр қолы алғаш қақтығысқан жер Лабас тауы деп ата­лады. Жетісу жерінде екі Лабас, екі Матай тауы бар екені белгілі: бір Лабас Текестің басында, Ра­йым­бек ауданының жерінде; екіншісі Қоғалы ма­ңын­да, Сары­өзек-Талдықор­ған жолы бойындағы Алға­бас ауы­лы­ның шығыс жақ тұсында. «Алаңсыз Лабастағы До­ңыз тауға кіріп келе жатқан қалмақты Жәңгір адам­дары атып, көп адамын өлтірді»,  дейді Қазыбек бек. Орбұлақта өткен соғыс ыңғайына қарасақ, Жәң­гір қолы Текес жаққа бармаған. Және оның аз қолмен 50 мың қалмақты артынан қуып барып, ашық шай­қас іздеуі сендірмейді де. Оның үстіне, бұл арадағы шай­қасты Қазыбек бек Орбұлақ шайқасы­мен шатас­ты­рып жазған. Оның себебі, атасы Матайдың шежіресінен не өзі қате жазып алған, не кейінгілер өзінен қате көшірген. Әйткенмен, оқиға мен жол ыңғайына қарағанда, Қазыбек бектің айтып отырғаны Қоғалы жақтағы Лабас екені аңғарылады. Қалай бол­ғанда да, осы Лабас маңында кішігірім бір шайқас­тың болғаны анық болса керек. Өйткені, қалмақ қолы бүкіл қазақ жерін еш қарсылықсыз басып өтіп, бірден қырғызға келіп тиіскені ақылға сыя қоймайды. Және де Лабас арқылы Алтынемел, Қоянкөзге келіп, одан ары Ілеге түсіп, одан өтіп Тоқмаққа келмесе, қалмақ қолы басқа қай жолмен жүреді? Осы пікірімізді қуаттайтын тағы бір дерекке жүгінейік. Орыс зерттеушісі П.П.Румянцев 1913 жы­лы Петербургте шыққан «Верненский уезд» кітабын­да: «Ерте кезде қарасай руы қазіргі Ақмола облысы­ның төңірегінде өмір сүрген; әріден келе жатқан әңгіме бойынша, Қарасайдың бейіті Көк­ше­тау үйе­зі­нің Айыртау деген жерінде. Қара­сай­лар бұл арадан Қапал үйезінің Жоңқа (орысшасы «Джонке» – Б.Н.) деген жеріне көшіп барған (Арасан ауылына жақын жерде); осы соңғы арадан Верный үйезіне, ертеден бері отырған қазіргі мекеніне көшіп келген: бір нұсқа бойынша, шапыраштының бұл тобын Қастекке Ұлы жүздің атақты батыры Қарасайдың ұрпағы (5-буыны) Қорам батыр алып келген; басқа нұсқа бойынша, Қорам осы жерде туған (Қорамның моласы Отар пошта стансасының маңындағы Көл­қамыс деген жерде)», дейді («Уезды Джетысу» Ал­маты. 2000). Ал Қазыбек бек Қарасай батыр жайын­да: «Сондықтан өзінің қанды көйлек досы Ағынтай батыр еліне қоныс аударып, бір жылдай тұрып, хижраның 1049 доңыз жылы (1671 – Б.Н.) тамыз айында дүниеден өтті. Сүйегі Арқада, Айыртау деген жерге қойылды. Келесі жылы асын берді. Одан бір жылдан соң Қара­сай ұрпағы Іленің оң жағасын­дағы Матай төңірегіне – атақонысы Ал­тыне­мелге қайта ауып келді», дейді (сонда). Бұған қарағанда, Қарасай мен Ағынтай бір-бірін бала кезінен білетін Арқада өскен достар болып шығады. Әрі Орбұлақ шайқасы болған уақытта ша­пыраштылардың Ақсу, Қапал, Алтынемел, Қоян­көз маңын жайлағаны рас. Өйткені, Алтыне­мел­дің батысындағы Матай тауы – Қазыбек бектің «Ата шежірені» жазып қалдырған атасы Матайдың аты­мен атал­ған. Олай болса, Қарасай мен Ағынтай қонтай­шы­ның тоқалын сол шапы­раштылардың ауылында ұстамағанда, қайда ұс­тайды? Ал солай бол­ған болса, Батыр қонтайшы алдымен жолында жат­қан шапы­раш­тыларды шап­па­ғанда, кімді шаба­ды? Ал азғантай шапы­раш­тылар, қанша батыр болса да, елу мың қалмаққа қалай қарсы тұрады? Қонтайшы­ның тоқа­лын қорғап Қарасай, Ағынтайлар қанға бөккен­ше, оны ауылға тастап, өздері қол жинауға кіріспей ме? Бәлкім, Лабас тауының маңында, сол кезде Доңыз­тау аталған жерде кішігірім қақтығыс болған да шығар, қазақ қолы аз болғандықтан жеңілген де шығар, «жеңіл­дік» дегенді айтқысы келмейтін қазақ оны жасырған да шығар, әйтеуір, ол жағын бізге жеткізуші жоқ. Бірақ Батыр қонтайшы «кіші қатынын» дәл осы кезде, осы жолда құтқарып алған шығар деуіміз және біраз қазақты сол соғыста тұтқындаған да болар деуі­міз орынды секілді және жөні де солай тәрізді. Ендігі бір өнегелі жәйт, екі таудың арасын кесе-көлденең алып жатқан екі шақырымнан аса­тын оқпананы сол 700 жауынгер өздері қазған ба әлде оларға жергілікті қазақтар көмектескен бе? Біздің ойымызша, батырлар бес қаруын асынып келгенмен, жер қазатын қару әкелмеген. Өйткені, олар о баста ор қазамыз деп жоспарламаған ғой. Оның үстіне, ор қазып титықтаған ерлердің жауға қарсы шығуы да қиындамай ма? Сондықтан оқпананы қазуға сол араның халқы жаппай жұмылған шығар деп жорамалдаймын. Орбұлақ шайқасының жалпы­ха­лықтық мәнін бұл жағдай арттыра түседі деп ой­лай­мын. Өйткені, туған жерді қорғауға жауынгерлер ғана емес, қара халық та жаппай қатысқан. Осындай өнегелі оқиғаның куәсі мен дәлелі бол­ған қасиетті жерде өмір сүріп жатқан халық батыр бабалардың ерлігі мен бірлігі ұрпағымызға мәңгі үлгі болып, осы төңіректен Орбұлақ ауданы құрылса деген арманмен өмір сүріп жатыр. Оны осы араның қазағы ғана емес, ұйғыры мен орысы да, кәрісі мен дүңгені де – бәрі күтуде. Жақсы­лықты күту де жақсы өнеге! Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы. Суретті салған Николай АШТЕМА.