23 Шілде, 2011

Айғұлақ

575 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Интернеттегі қазақ контентін дамыту туралы ойлар Ғаламтордағы қазақ тілін дамыту – жаһанды шырмаған желілерде кәдімгі қаймана қазақы ортаны дамытумен қатар өрілетін өзекті мәселе екенін көзі ашық адам қазір біледі. Бүгінгі таңда интернетте ешкімге де еліктемей, өз ресурстарымызды жасауға, мемлекеттік тілдегі мазмұнды ұлғайтуға ұмтылып жатқан топтар, қоғамдық ұйымдар, елжанды азаматтар пайда болуда. Егер мемлекеттік тілді қолданудың аясы ойдағыдай болмай жатыр, электронды үкі­мет құрамыз деген әрекетіміз де көңіл көн­шітерлік емес деп қынжылатын болсақ, осы мәселенің бір ұшы интернетке барып тірелетінін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Ақпа­раттық технологиялар заманында, әрқайсы­мыз жұмыста компьютер құшақтап, бала­ла­рымыз үйде «агентке» байланып отырғанда, қазақ тілі – интернеттің тілі болмай, көкей­кес­ті тірліктің көсегесі жуырда көгере қоймас. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртіп, дәл осы мәселеде аттандай берудің де жөні жоқ. Жуырда, 20 шілдеде Алматыда «Қазақ­стан­ның Интернет ассоциациясы» заңды тұлға­лар бірлестігі «GSM Kazakhstan» ЖШС KCell сауда белгісінің қолдауымен «Интернеттегі қазақ тілін дамыту жолдары» тақы­ры­бында дөңгелек үстел өткізіп қолға алы­нып жатқан жұмыстардың қаншалықты баян­ды екендігін саралап, ойларын ортаға салды. Осы арада бірден мақала тақырыбының басын ашып алудың реті келіп тұр. Осы уа­­қытқа дейін интернет-терминдерді аударуда құлаққа қонатындай етуге күш салып келген халық арасында дау-дамай, ортақ ұйға­рым болмай тұрғанда, кәдімгі күнделікті e-mail синдромымен сіңісті болған «собачка» термині, «ит» те емес, «күшік» те емес, «айғұ­лақ» деп әдемі аударылып жүргенін білеміз. Сонымен, талқылау барысында интернет­тегі қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру мен дамыту тенденциялары, танымал сайт­тар­ды басқару жүйелерін қазақ тіліне аудару, бастауыш веб-мастерлерге және бағдарла­ма­шыларға қазақ тілінде жәрдем құралдарын және веб-терминдердің бірегей сөздігін жасау жан-жақты сөз болды. Ұсынықты пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Көптеген қоғамдық бірлестіктер, таны­мал интернет-ресурстар мен блоггерлер, бай­ланыс операторлары және Мәдениет министрлігі өкілдері қатысқан дөңгелек үстел­ді қазақ тілін дамыту мәселесін онлайнда ғана емес, сонымен қатар саясаткерлер ара­сын­да да көтеріп жүрген Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты Мұрат Әбенов жүргізіп отырды. Сонымен, соңғы ресми мәліметтерге сүй­енсек, Қазнетте қазақ тіліндегі сайттардың саны жалпы қазақстандық сайттардың 12 пайызын құрайды. Жыл сайын қазақ тіліндегі жаңа ресурстар пайда болуда (оның ішінде қазақ тіліндегі «http://kk.wikipedia.org» эн­циклопедиясы да бар), БАҚ-тың элек­трон­ды нұсқалары дамуда, әртүрлі семинарлар, конференциялар, тренингтер, конкурстар өт­кізілуде, бірақ, интернет қауымының ойын­ша, мемлекеттік тілдегі контентті танымал етудің жаңа жолдарын іздестіру қажет. Қазнетте қазақ тілін дамыту мәселесі қозғалып келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. Алайда, бұл мәселеде мемлекет пен қоғамның ынтымақтасуын күшейту қазірге байқалмайды. Осындай жеке-дара ұстаным­дар қазақ тілді ресурстардың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жағдай туғызбай отыр. Интернет-белсенділер техникалық аспектілерге иек артса, журналистер қауымы интернеттегі көптеген терминдердің дұрыс ауда­ры­лып жатқанына күмән келтіреді. Сайттар­ды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағ­дар­ламалар да өзекті емес. Қоғамдық ұйым­дар өз бетінше Қазнетке сараптама жұмыс­тарын жасап жатқанмен, оны елеп жатқан орта тағы жоқ. Сондықтан Қазнет сарап­ш­ы­лары бұл мәселе кешенді сипатқа ие және оның шешудің жолдары тілді үйренуді жарнамалау мен насихаттау дейтін таптаурын міндеттемелерге тірелмейді деп есептейді. Сонымен басқосу барысындағы беделді пікірлерді ортаға салғанда төмендегідей пайымдар шығады. Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты: – Соңғы жылдары қазақ тіліндегі ресурстар санының өсу ырғағы көрініп тұр. Қа­­­­зір­гі таңда 70 пайыздан астам мектеп оқу­шы­ла­ры мем­лекеттік тілді біледі және олар қазақ тіліндегі ресурстардың әлеуетті қолдану­шы­лары. Қа­­зақ тілін білетін жастардың жаңа буыны өсті, бірақ олардың мәліметтерді қа­зақ тілінде алуға мүм­кіндіктері жоқ. Бұған техникалық жағдайлар да әсерін тигізуде. Қазақша интерфейсі бар сайт­тарды тегін құ­руға мүмкіншілік жоқтығынан бастап жә­не қазақша қаріптердің мардымсыз таң­дауы да кері ықпалын тигізіп отыр. Жаңа гаджеттерде – планшет және смарт­фондарда көбінесе қазақша шрифтілер жоқ. Сондықтан оны қолданушылар амалсыздан латын немесе кириллицаны қолданып, қате­лер жіберуге мәжбүр. Сондықтан отандық сайттарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар ауқымды болуы керек және тек қана хостингпен шектелмеуі керек. Ме­нің ойымша, мемлекеттік тілімізді белсенді насихаттаумен қатар, қазақ тілінде контент құруға қолайлы жағдайлар жасау керек (блог, бейнеблог, подкаст және тб. жүргізуді үйрететін бағдарламалар). Асхат ЕРКІМБАЙ, «Мінбер» қазақ журналистерін қолдау орталығының жетекшісі: – Қазнетте қазақша ресурстарды дамы­та­тын қауым бар деп есептеймін. Тек соларды дұрыс үйлестіретін арнайы бір бейресми ұйым қажет секілді. Әрі сол ұйымның бір­ден-бір жұмысы қазақша контентті өз бетінше дамы­тып жатқандарға қаржылай және тех­никалық қолдау көрсету болса, іс жыл­дамырақ алға басар еді. Үлкен кедергінің бірі – Қазнеттегі қазақша контентті дамытуға пейілді орта өз ішінде бірін бірі әлі де дұрыс танымайды. Сондықтан іс жүйелі түрде жүргізілмей отыр. Айдос САРЫМ, «Абай-ақпарат» қо­ғамдық қорының вице-президенті: – Мен қазақ тілді сайттарды Қазнеттен тыс қалды деп есептемеймін, одан да күр­де­лі сұрақ ол – нені біз дұрыс Қазнет деп білеміз? Қазнет болашақта халыққа қазақ тілінде және латын қарпімен таралады деп ойлай­мын. Және осы мағынада мен орыс тілді Қазнетті дербес бір құбылыс деп есептемейтін Антон Носикпен және басқа да ресейлік интернетшілермен келісемін. Қазақ интернеті енді даму үстінде және болашақта сан жағынан да сапалық тұрғыдан да өсетініне сенімдімін. Қазақ тілді орта орыстілді Қазнетті ал­мас­тыруға икемделіп келе жатқан кәдімгідей әлеуетті рынок. Егер оны шынында да рынок ретінде қарастыратын болсақ, соңғы екі жылда ғана қазақ тіліндегі қаншама сайттар мен жобалар дүниеге келді. Қашан қазақ интернеті әуесқойлықтан нағыз рынокқа өтеді? Болжауымша, ол үш жылдан бес жыл аралығындағы уақытты ала­ды. Қазақ интернеті бізге кешігіп келді, бірақ болашақта есесін қайтаратынына сенемін. Руслан МИНУЛИН: «Let’s speak қа­­зақ­ша», Қазақстан Жастар Медия-Ода­ғы жобаларының үйлестірушісі: – Қазақ тіліндегі ресурстарда нысаналы оқырмандар жоқ. Анда-санда өз шамшыл­ды­ғын қанағаттандыру үшін «тілді жоқтайтын» алаңдар пайда болады. Алайда, ол ресурс­тың қонақтары «жоқтаушылардың» өзі бо­ла­ды. Ара-кідік бұл қарапайым балаларға ар­нал­ған ресурс десек болады. Дегенмен, ау­ылдық ба­ла­­ларға интернет қолжетімді емес, демек бұл платформада старт-ап кезінен-ақ оқырмандар саны қысқартылған болады. Мәселен, мен өзім дербес сабақ алған мұғалімдер әдепкіде интернетте отырмайды және e-mail-ды әрең игереді. Ендеше, қазақ тіліндегі ресурстарда мұғалім­дер саны өте аз. Нақты оқырмандар – әлеумет­тік жүйе­лер­д­е отыратын кеңсе планк­тоны. Бірақ, оларға көбісі назар аудармайды. Дегенмен, дәл солардан бастау керек. Егер адамның Одноклассники, М-Агенте, Skype және т.б. флудқа уақыты жетсе, демек оларды қазақ тілін үйренуге де уақыты жетерлік. Алайда, оны олар үшін «дәмді», тартымды қылу керек. Дәл осы жерден, дәл осы уақыттан бастап біздің «Let’s speak қазақша» жобамыз Facebook-тағы «СӨЙЛЕ! Club at the KIMEP» атты топтың арқасында осындай заттармен айналысады. Әрине, бұл дөңгелек үстелде айтылған пікірлердің бір парасы ғана. – Қазақ тілінде сайт құрудың қиындығы соңғы бірнеше жылда, әсіресе, қатты сезілуде. Қазақ тілінде сайт жасайын деген әрбір веб-мастер бүкіл интерфейсін қазақ тіліне өздігі­нен аударуға мәжбүр болады. Қазақ тілінде сайт жасаумен айналысқан барлық веб-мас­тер­лер солай істеген. Бұл уақыт, күш шығынын арттырды да, жұмыстың қымбат­­тауына алып келді. Сонымен қатар, сайтты жасаушылар өздігінен аударғандықтан терминдерді пайдалану кезінде келіспеушіліктер болды. Сол себепті қолданушы жаңа интерфейс қолданған сайын қиындықтарға тап болды, деп есептейді «Қазақстан Интернет ассоциациясы» ЗТБ атқарушы директоры Әсет Нұрпейісов. Ақиқатында, ерекше терминдердің аудар­маларындағы келіспеушіліктер қазақ тілінде сайт жасаушыларға өте таныс мәселе. «Oitobe.kz» сайтының жоба-менеджері Жалғас Ертайдың айтуынша, «мәселе тек веб-терминдерде ғана емес, келіспеушіліктер қазақ тіліндегі барлық саладағы терминдерде бар. Бүгінгі күні осы ақпараттық тех­нологияларға байланысты орыс-ағылшын­шадан қазақ тіліне бірнеше сөздік шыға­ры­лып қойылды, бірақ түсініксіз сөздер мен аудармалар сол баспаларда да кездеседі. Мұ­ның себебі – олардың интернет қауымының қатысуынсыз жасалуы. Сондықтан да дөңгелек үстелде интернет-белсенділері осы сұрақтарды талқылау­ға көп уақыттарын арнады. Бірақ, осыған қарамастан, «Қазақстан Ин­тернет ассоциациясы» Kcell сауда белгі­сінің қол­­­дауымен соңғы 3 айда сайттарды басқа­ра­тын танымал жүйелерді қазақ тіліне аудару жұ­мыс­тарын жүргізгені нақты мы­сал­дармен ай­тыл­ды. Аударылған жүйе­лер­дің ара­­сында Dru­pal сияқ­ты танымал, кез келген күрделіліктегі сайтты жасайтын тегін, Word­­press сияқты блог­тарға негіз ретінде танымал сайтты басқаратын жүйелер бар. Жуырда көптеген қазақстандық сайттар жұ­мыс істейтін танымал Joomla жү­йе­сі аудары­латыны мә­­­лім болды. Барлық нұс­қа­лар­ды қа­ласаңыз, тегін жүктеу мүмкіндігі бар. Жақын арада жа­ңадан бастайтын қолда­ну­шыларға осы жүйе­лердің орнатылу жиынтығы шығарылмақ. Бұл жоба тек жаңа сайт құрушыларға ғана емес, бар болған сайттарға қазақша интерфейсті еш қиындықсыз және тегін орна­туға мүмкіндік береді. Барлық материалдар (сайт орнатуға арналған жинақтар, тіл модульдері, веб-терминдер сөздігі) www.kazinternet.org сайтында орналасады. Айтқандай, атқарылып жатқан жұмыстар арасында мынадай да шаралар бар екен. Яғни, бастаушы веб-мастерлерге арналған қа­зақ тілінде бейнесабақтар түсіріледі. Бейне­сабақтарда қалай әртүрлі жүйе арқылы жаңа сайтар құру, оларды басқару, теңшелеу және жөндеу туралы баяндалады. Мұндай бейне-сабақтар және скринкасттар әлемдік алаңда вебматстерингті үйренуге арналған ең тиімді және қолайлы көмек құралы болып саналады. Бұл бейнематериалдар да www.kazinternet.org сайтында орналасады, сонымен қоса танымал бейне-хостингтерінен (youtube.com, kiwi.kz, kaztube.kz және тб.) де таба аласыз. Интерактивті және сәнді сайттар пайда болу үшін бірнеше декоративті шрифттер жа­салынады. Оларды қолдану арқылы сай­тыңыз тартымды болады және дизайнерлер үшін қазақша сайттар жасау тез әрі оңай іске асады. Бұл бағдарлама да бастаушы веб-мас­терлерге қазақша сайттар жасау қадамдарын азайту, қазақ тіліндегі сайттар жасауды танымал ету арқылы интернеттегі қазақша сайттар санын арттыруды қолдайды. Мұнан да бөлек, интернетте қазақ тілін дамыту жолында техникалық проблема­лар­дың ішінде бағдарламалық өнімдер азды­ғын, шетелдегі қазақстандықтармен хабарласу үшін шрифтті кириллицадан латын әр­піне, араб жазбасына транслитерациялайтын бағдарламаның жоқтығын белгілеуге бола­ды. Кейбір қолданушылар арасында жазуы­на қарап қазақ тіліне арналған кириллицаны ауыстырмай латын алфавитін құруға болады деген ой бар. Қазақ тілін латын алфавитіне көшіру интернет-қауымында әр түрлі пікірлер туғызып жүргені баршамызға аян. Интернетте қазақ тілін алға жылжытумен қоғамдық ұйымдар да айналысып жатқаны­на тағы да тоқтала кетуге болады. Мысалы, «Мінбер» қазақ журналистерін қолдау ор­та­лығы қазақ тіліндегі контенттің эксклюзив­ті­лігіне және мультимедиялыққа көңіл бө­леді. Аталмыш орталық қазақ тілді журналистер арасында жаңа медиа-құралдарды қолдану әде­тін дамытуға арналған тренинг және семинарлар өткізіп жүргенін айта кетуге болады. Мамандардың ойынша, интернетте қазақ тілін дамытудағы проблемалардың бір бөлігі – тілді қолдану және үйрету кезінде басқару тәсілдерін абсолюттендіру, соның ішінде іс жүргізуді мемлекеттік тілге енгізу, бағдарла­ма­ларға уақыттық шектеу қоюға да барып тіреледі. Сондықтан тіл үйрену және эксклюзивті контент құру мотивациясына аз көңіл бөлінеді. Басқосу барысында сөз алғандар қазақ тіліндегі контенттің мәселелері мен келешегін бірігіп талқылау арқылы интернет-қай­рат­кер­лерін бірігіп мемлекеттік тілімізді Каз­нетте таратуға серпін беретініне сеніп тарасты. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.