Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының құрметті меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті тіл маманы, әдебиет сыншысы және публицист Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев 2011 жылғы 23 шілдеде 73 жасында дүниеден озды.
Мырзатай Серғалиұлы 1938 жылғы 17 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шал ақын ауданы, «Жаңажол» елді мекенінде дүниеге келді. Үш жасында әкесі қан майданға аттанып, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өсті. 1955 жылы Қараоба орта мектебін тәмамдады.
Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті болып қабылданды. 1960 жылы қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы мамандығын алған ол осы университеттің қазақ филологиясы кафедрасына ассистенттік қызметке қалдырылды. Содан 1999 жылға дейін өзі білім алған университетте профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарып, ұстаздық-ұйымдастырушылық жолдан өтті.
Мырзатай Серғалиұлы 1999-2008 жылдар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алдымен қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, одан қазіргі уақытқа дейін профессор қызметін атқарды. Ғалымның ұсынысымен кафедрада аспирантура мен магистратура ашылды. 2000 жылдан бастап университет жанынан М.Серғалиевтің басшылығымен қазақ тілі мен орыс тілінен кандидаттық диссертация қорғайтын диссертациялық кеңес жұмыс істеді.
Ол қазақ тіл біліміндегі танымал синтаксис мамандардың бірі. 1967 жылы «Қазақ тіліндегі етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған болса, «Синтаксистік синонимдер» монографиясының негізінде 1988 жылы докторлық диссертациясын қорғады.
М.Серғалиев – қазіргі оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жүрген «Қазіргі қазақ әдеби тілі» оқу құралының «Сөз тіркесі», «Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұтастық» тарауларының авторы.
Профессор М.Серғалиевтің «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі» (1996) сөйлеу тілінің сұлулығы мен тазалығын сақтауға жәрдемін тигізсе, «Орысша-қазақша сөздіктен» мемлекеттік тілді оқып-үйренушілердің тіліміздің байлығы туралы алатын пайдасы аз болмаса керек. «Орысша-қазақша сөздік» пен «Қазақша-орысша сөздікті» оқырман қауым зор ықыласпен пайдаланып келеді.
Академик М.Серғалиев 30 жылдан астам уақыт ҚазҰУ-дың, одан соң ЕҰУ-дың студенттеріне қазақ тілінің стилистикасынан дәріс оқыды. Осындай ғылыми-әдістемелік жұмыстарының және тіл біліміндегі соңғы жылдарғы табыстарды ескерудің нәтижесінде «Стилистика негіздері» оқулығы жарық көріп, білім берудің пайдалы құралына айналғаны көпшілікке жақсы мәлім.
Ғалым көркем шығарма тіліне қатысты еңбектерінде көрнекті прозашылар С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, З.Шашкин, С.Шаймерденов, сыншы М.Қаратаев сияқты қаламгерлер тілінің стильдік өзгешеліктері жайындағы тұжырымдарын «Сөз сарасы», «Көркем әдебиет тілі», «Қазақ ауызекі тіліндегі эмоционалдық және экспрессивтік лексика» тәрізді еңбектерінде сөз етеді.
Академик М.Серғалиев – оннан аса монографияның, 6 оқулықтың авторы. Оның қаламынан 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбек жарық көрді. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен бірқатар жастар ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесін алды.
Академик елорда мен республика өміріндегі қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. Лингвистикалық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын емтихан алуға қатынасты. Республика Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мен Астана қалалық ономастикалық комиссиясының мүшесі болды.
Үлкен жүректі, дара дарынды ғалым, мейірімді де ұлағатты ұстаз, бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілінің жолына арнаған тіл білімінің көрнекті қайраткері, академик Мырзатай Серғалиұлының жарқын бейнесі тіл мен әдебиет тарихында, шәкірттерінің, жас ұрпақтың жүрегінде әрдайым сақталады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.
Оны сағынатын боламыз
Бір кезде Алатаудың бөктеріне біткен қарағайлы ормандай қалың шоғыр едік. Жымысқы уақыт қапы қалдырып барады. Арамыздан Ақселеу кетті. Рымғали кетті. Кезек Мырзатай Серғалиұлына да жетіпті. Мен оның төсек тартып жатып қалғанын да білмеуші ем. Суық хабар сонау Жайық бойында соңымыздан қуып жетті. Ажалға амал қайсы?! Келген уағында бәріміз де үн-түнсіз кете барамыз.
Арамыздың аз-кем айырмасы болғанмен, Мырзатаймен бәріміз қатар өсіп, қатар жетіліп едік. Университетте оқып жүргенде оқуға зеректігіне қатты таңғалушы едік. Студенттердің ғылыми қоғамында да, әдебиет бірлестігінде де жиі көруші едік. Көзәйнегі жалтырап дәйім алда жүретін. Елден бұрын сөйлеп, бұрын пікір айтатын. Қай тақырыпқа салсаң да, бес қаруы белінде, бекем жүретін. Сол бала кездегі орнықты мінезі өмір бойы өзімен бірге жолдас болды.
Ол көп нәрсені білді, көп нәрсеге үлгерді. Алғашқы абитуриент кезінен бастап, ел-жұрттың бәрі санасатын, сыйлайтын, ұлан-ғайыр мол эрудициясымен, терең білімімен, ойының ұшқырлығымен, санасының жүйріктігімен айрықша көзге түсетін салиқалылығы мен сырбаздығын бойында сақтап өтті. Оңайға, арзанға атақ шығаруға ұмтылмады.
Ол аса талантты лингвист ғалым болумен қоса, аса талантты әдебиетші де еді. Артында өлмес шығармашылық мұрасы қалды. Өлтірмес шәкірттері мен мектебі қалды.
Енді оны бәріміз де қатты сағынатын боламыз. Өмірде болғанына, соңына өшпес із қалдырғанына рахмет айтамыз!
Қош, Мырзеке!
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
Қанаттас еді
Академик Мырзатай Серғалиевтің қазасын оның шәкірті профессор Ж.Жақыпов естірткенде, есеңгіреп қалғаным рас. Бойды жиып, ойды салқындатып, енді міне, редакцияға бірер лебіз жолдап отырмын.
Мырзатай Серғалиұлын ерте кезден білемін. Ғылымның таупиқты сапарына қатарласа шықтық десем де болады. Ғылымға барынша адал, таланты мен еңбекқорлығы ұштасқан, әр әрекетке өзіндік жолмен баратын, соны пікір айтатын жан еді!
Тәуелсіз еліміздің жаңа Астанасы бой көтеріп, Еуразия ұлттық университеті ашылған кезде оның қабырғасын бірге қаласқан кездер бүгінгідей есімде. Мырзекеңмен бірге Астанаға қазақ тіл ғылымы да келді. Қазақ тіл білімі кафедрасы еңселеніп шыға келді: талантты ғалымдар тартылды, диссертациялық кеңес ашылып, ғылыми мамандарды өзімізде дайындау басталды. Кафедра Қазақстандағы ғылыми орталыққа айналды. Ғылыми еңбектер көптеп жарияланып, ғылыми жаңалықтар ұсыныла бастады. Синтаксис пен стилистикадан зерттеу мектебінің өзіндік негізін салып келген ғалым Астанада да тілтанудың үлкен ғылыми мектебін қалыптастырды. Ұлт руханиятының осындай қасиетті ісінің басы-қасында Мырзекең жүргенін ел біледі.
Мырзекеңнің филолог ретіндегі мен қадірлеп өтер бір қасиеті тіл мен әдебиетті қос қанаттай қатар қалықтатуы болатын. Ғалымның тілтанушы ретінде сіңірген еңбегі өлшеусіз: басқасын былай қойғанда, оннан астам монография мен оқулығы және төрт сөздігі тілге қатысы бар жұртшылықтың жиі жүгінетін еңбектері екенін айтсам да жетер. Оның, тіпті, тілтанушылық еңбектерінің өзі, А.Байтұрсынұлынша айтсақ, көркем әдебиеттің тірнегіндей болатын. Әдебиет мамандарының, ақын-жазушылардың арасында ол өз адамындай еркін сезінді. Оның мыңға тарта еңбегінің тең жартысындайы әдебиет әлеміне бағышталған, бірнеше көркем аудармалары, эсселері – қазақ сөз өнерінде ескерусіз қалмайтын еңбектер. «Сөз сарасы», «Көркем әдебиет тілі» «Кең өріс», «Ой өрнегі» сияқты сыни талдау кітаптары эстетикалық талғамға тәрбиелейтін кітаптар ретінде көзі қарақты жұртшылықтан лайықты бағасын алған.
Мырзекең саналы ғұмырын талантты шығарма, талантты шәкірт дайындауға арнады. Оның білім мен ғылымға, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі аса қомақты. Оны болашақ дәлелдейді.
Қош, аяулы әріптес, ұрпақ ұстазы, адал ғалым! Топырағың торқа болсын! Жаның жәннатта болғай!
Сейіт Қасқабасов, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры.
Білімді ғалым, жайсаң азамат
Қазақ тілі ғылымының қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан ғалымдардың санатында біздің ауылдың тумасы Мырзатай Серғалиевтің есімі мақтанышпен аталады. Академик ағамыз саналы ғұмырын осы салаға арнап, өнімді еңбек етті. 5 монография, 7 оқулық, 12 әдістемелік құрал, 400-ге тарта ғылыми мақала жазып, артына өшпес мұра қалдыра білді. Басылымдарда жиі жарық көрді. Солтүстікқазақстандықтар академик жерлестерін мақтаныш тұтатын. Ол кісінің ұлтжандылық қасиеті бәрімізді қайран қалдыратын. Туған жерге сапарлап келгенде кіндік қаны тамған Жаңажолға соқпай кетпейтін. Ауылдастары ғалымның әсерлі әңгімелерін тыңдаудан еш жалықпайтын. Оқушылар ерекше үйір еді. Ағаның ешкімді жатырқауды білмейтін жібектей жұмсақ мінезі маңайына үлкенді де, кішіні де үйірілдіріп тұратын. Мектепке келген сайын ғылыми еңбектері мен кітаптарын тарту ететін.
Шалғайда жүрсе де қолынан келген жәрдемін аямайтын. Қызылжар өңірінде өткен ғылыми конференциялардан қалмайтын. Есімі ұмытыла бастаған батырларымызға, ақын-жырауларымызға қатысты тың деректер іздестіріп, тарихи-танымдық жағын өзгелерге өнеге етуден жалықпайтын. Ел ішіндегі шежірелерді жинастыра жүретін. Жерлестері ерекше құрмет көрсетіп, «Шал ақын ауданының құрметті азаматы» атағын берді.
Нар тұлғалы ағаның қайғысы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Жаны жайсаң жанның топырағы торқа болсын.
Жайнагүл ҚАЗБЕКОВА, Жаңажол орта мектебінің директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы,
Жаңажол ауылы.