Қыстың кезі еді. Жолсапарға шықтық. Бағытымыз – Арал ауданы. Мақсат – елді мекендерді аралап, жағдайын көзбен көріп қайту болатын. Жолбасшымыз облыстың басшысы-тын. Сең соққан балықтай болып келе жатқанымызда көлік-керуен тоқтады. Әкім шақырып жатыр екен. Бардық.
– Мынаны қарашы, – деді салған жерден. – Қаншама байлық далаға кетіп жатыр. Осының бәрі Кіші Аралда қалса ғой, елдің ырзығы артар еді, – деді де үнсіз қалды.
Мәселенің басын ашып алайық. Тоқтаған жеріміз Көкарал су тоспасы екен. Жалпы, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, табаны кепкен теңізді екі бөлікке бөліп, тоспа салу арқылы су толтыру оқиғасы болған емес. Алланың алдында бетіміз жарық болсын, бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы қайраты мен ыстық жүрегінің, елге жанашырлығының арқасында іске асқан жәйт.
Сол Көкарал су тоспасын салғанда бір қателік кеткен. Тоспаға балықтардың өтеуін тежейтін құрылғы қойылмаған. Соның салдарынан Кіші Аралдағы бар балық тайдай тулап, бақадай шулап ұлы теңізге кетіп жатыр. Ал олар үлкен теңізде өмір сүре алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тұщы суда өскен балық теңіздің тұзды суына барған соң, қырылып қалады. Екіншіден, үлкен теңіздің табанында ғана су жатыр. Сондықтан саяз жерге жеткенде бауырымен жер тырнап, батпақтап қалады. Сонымен бірге, балықтар үлкен теңізден қайта Кіші Аралға қашады. Ал оған арнайы қашыртқы салынбаған. Сөйтіп, үлкен теңізде миллиондаған шабақ қырылып жатыр. Ал соның бәрін Кіші Аралда ұстасақ, елдің игілігіне айналар еді. Әкімнің бізге өкінішпен айтып тұрғаны да осы еді.
Ресми дерек бойынша, ұлы теңізде жылына 500 миллионға жуық шабақ қырылады екен. Бұл аспаннан алынған дерек емес. Расымен де солай. Егер Көкарал су тоспасына барып, көзіңізбен көрсеңіз, санаулы уақыттың ішінде үлкен теңізге үйір-үйір балықтың қашып жатқанын көрер едіңіз. Ал тоспадан сәл әріректе ұзындығы 15 шақырым, ені 70-80 метр, тереңдігі 2,5 метр болатын арна бар. Соны барып көріңіз. Алғашында судың қаралығына таңғаласыз. Байыптап қарасаңыз, оның барлығы балықтың арқасы екеніне көз жеткізесіз. Сансыз балықтың арқасы судың өзін қарайтып көрсеткенін елестетіңізші. Сұмдық қой! Мамандар сол жердің өзінде 700-800 миллион шабақтың тірлік етіп жүргенін айтады. Мұның қанша байлық екенін, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға, шаруасын түзеуіне қаншалықты көмек екенін түсіндіріп жатудың өзі, басы артық шаруа. Бұл арадағы басты мәселе, сол байлықты далаға жібермей, өзімізде қалай ұстап қаламыз? Ел игілігіне айналдыру үшін не істемек керек? Миллиондаған шабақты шетке жібермеудің жолы қайсы? Қабырғасынан қойылған сұраққа қабағыңызды түймей көріңіз.
Алдымен Арал қаласында аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаевтың төрағалық етуімен семинар өтті. Оған аудан шеңберіндегі барлық балық шаруашылықтары мен серіктестік төрағалары, кәсіпкерлер қатысты. Балық шаруашылығына қатысты ойларымен бөлісті. Ұлы теңізге кетіп жатқан шабақтарды құтқарудың жайын кеңесті. Семинарға қатысушылар келесі күні шашау шықпастан Көкарал бөгетінің басына жиналды. Балықшылар қажетті құрал-жабдықтарын, арнаулы цистерналы автокөліктерін дайындап, алып келіпті. Тіпті, автокран да тұр екен.
Суға алғаш болып «Қосжар», «Қамыстыбас», «Қуаныш» серіктестіктерінің балықшылары қайықтарын түсірді. Сөйтіп, жылым тарта бастады. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дей ме? Сол секілді жылым тартқан балықшылар судан ризығын тере бастады. Олар аузы қазір қимылдамаса да, болашақта ұрты толып балық жейтінін, сатып несібесін айыратынын біліп жымың қағады. Алғашқы несібе аз болмады. Судың жағасында тұрған көнекөздер жылыммен алынған балықтың бір тоннадан кем емес екенін айтып, шуласып жатты. Қайықтағы жігіттер осыдан кейін аудағы күмістей жарқыраған балықтарды жоғарыдан түсірілген цистернаға шелекпен күреп сала бастады. Аудағы балық түсіріліп жатыр. Бірақ түбі көрінер болмады. Бір уақытта барып қана таусылды. Кран цистернаны көтеріп ала жөнелді. Жоғары көтерілген цистерна мұнан соң бөгеттің кіші теңіз жақ бөлігіне өтті. Цистернаның қақпағын ашып жібергенде, шүпірлеген шабақтар ақ жауын секілді шашырап Кіші Аралға түсіп жатты. Осы уақытта басқа балықшылар өздері тартқан жылымдағы шабақтарды жағалауда тұрған автоцистернаға сала бастады. Ал бұл көліктегі шабақтар бөгеттен алысырақ жерге немесе басқа көл айдынына апарылады деген сөз.
Арал – Сырдария облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Әлимұса Қожағұл айтады: «Кіші Аралдағы балық қоры 15-20 мың тоннаны құрайды. Одан жылына 3,5-4 мың тоннадай балық ауланады. Бұлай кете берсе балық қоры түгесіліп қалары анық. Сондықтан да Көкарал бөгетінің екінші бетінде жатқан балықты құтқару өте игілікті және пайдасы мол іс. Ол Кіші Арал мен жергілікті көлдердің балық қорын арттыруға тікелей әсер етеді. Қазір мұнда балықтың 26 түрі бар болса, оның 16 түрі өндірістік мақсатта ауланады».
Арал ауданының әкімі Нәжмәдин Мұсабаев: «Аудандағы он балық шаруашылығы тендерге қатысып, он учаскеде балық аулау жұмысын жүргізуді ұтып алған. Қазір табиғат пайдаланушылардың жағдайы жақсарды. Олар қажетті құрал-жабдықтармен, қайықтармен, ау және басқа да құрылғылармен, арнайы көліктермен, тоңазытқыштармен жарақтанған. Балықшылармен жасалған келісім-шартта өздеріне бекітілген су айдындарында балық қорын көбейту туралы талап бар. Міне, бүгінгі басталған акция бір жағынан осы талаптың орындалуын қамтамасыз етпекші», – дейді.
Акция 2 айға созылады. Осы уақыт аралығында шаруашылықтар кесте бойынша кезегімен балықтарды құтқару жұмыстарымен айналыса береді екен. Акция барысында 150 миллиондай шабақты құтқару межеленіп отырғанын да әкімнің аузынан естідік. Бұл бұған дейін құтқарылған балықтар көлемінен он есе артық көрінеді. Сонымен қатар, аудан басшысы «САРАТС» жобасының екінші кезеңі іске асырылған жағдайда балықтардың үлкен теңізге кетуі тоқтап, жағдайдың дұрысталатынына назар аударды.
150 миллион шабақ! Құтқарылатыны осыншама. Ұлы теңізге кетіп жатқаны қаншама?! Әрине, шабақтың бәрін құтқару мүмкін емес. Дегенмен, осының өзі ырзықты іс.
Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда облысы.