16 Қаңтар, 2019

Саланы ілгерілетудің соны мүмкіндіктері

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасымыз жыл сайын халықтың жай-күйі мен сана-сезіміне, қажеттілігіне қарап, көпшіліктің көкейіндегі мәселені дөп басып, өз Жолдауын арнайды. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы әрбір қазақстандықтың жүрегінен жол тауып, үлкенге ізетті ой, кішіге бағдарлы бағыт береді.

Саланы ілгерілетудің соны мүмкіндіктері

Мемлекет басшысы өз Жолдауында үшінші бағыт етіп аграрлық салаға ерекше мән берді. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деді. Еліміздің экономикасының негізгі тірегі аграрлық сала цифр­ландыру арқылы жаңа дәуірге қадам басты. 

Осы аграрлық саланы цифрландыру арқылы әлемдегі дамыған елдер қыруар қаржы тауып отырғаны баршамызға аян. Мәселен, сарапшылардың болжауынша, 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрланған жүйеге көшпек. Осы ретте, Дания, Германия, Норвегия, Оңтүстік Корея сияқты көптеген ел цифрландыру жобаларын қарқынды түрде іске асыруда.

Ақпараттық технологиялар мен инновациялық идеялар сәт сайын жаңарып, күн сайын жаңашылдық енгізіліп жатыр. 

Елбасы өз Жолдауында жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру, шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін айтады. Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек. Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуі тиіс деген болатын. Ресми ақпараттарға сүйенсек, халықаралық тәжірибеде бизнес-қауымдастық өкілдері тарапынан ғылымды қаржыландыру үлесі Люксембургте – 80%-ды, Жапония мен Германияда – 70%-ды, Финляндия, Швеция, Қытай, АҚШ-та – 65%-ды, ал Францияда 54 %-ды құраса, бұл көрсеткіш біздің елімізде небәрі 5% ғана.

Осыған сәйкес ауылшаруашылық саласын зор екпінмен дамыту үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5 жыл ішінде агрөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды. 

Иә, осы ретте тоқтала кететін жайт, еліміз егемендік алған тұста ауылшаруашылық саласы өте бір күрделі кезеңнен өтті. Оның себебі, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы өнімдерінің арасындағы алшақтық болды. Дағдарыс кезеңінде колхоздар мен совхоздарда жаппай жекешелендіріліп, жаңа науқаншылықты бастан өткерді. Өтпелі кезеңде көптеген фабрика істен шығып, тоқырауға ұшырады. Егіншілік саласы да, мал шаруашылығы да қарқын ала алмай, төмендеді. 

Ауыр кезеңді бастан өткізген ауылшаруашылық саласы 2000 жылдардан бастап бой көтерді. Республикалық бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлініп, бірнеше жыл қатарынан «Ауыл жылы» деп жарияланды. Ауылға жаңа технологиялар әкелініп, мемлекет тарапынан ерекше назар аударылды. Мал, егін шаруашылығы мен жаңа технология ғана емес, ауыл халқының әлеуметтік мәселесіне, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру салаларына ерекше ден қойылды. 

Бұның барлығы Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі. Халықтың 40 пайыздан астамы мекен ететін ауылдық елді мекендерді Президентіміз үнемі назарында ұстап, қолдау білдіріп, ауыл халқына дем беруде.  

Қазақстан Республикасының бəсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруі, Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы саласына үлкен үміт артады. Өйткені ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі салаларының бірі. Осы ретте аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшін экономикалық және әлеуметтік негізде өте маңызды. 

Осыларды ескере отырып, еліміз үшін үлкен жаңалыққа айналған цифрландыру жүйесін енгізуді, жоғары сапалы мамандар даярлап, жаңа әдістер мен тәсілдерді қолдануды, егістіктегі жерлер мен шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыруды уақыт талап етіп отыр. 

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51