Технология • 17 Қаңтар, 2019

Отандық «Кремний алқабының» халі қалай?

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы Қазақстанның «Кремний алқабына» айналады деген үмітпен, асқаралы мақсатпен Astana Hub технопаркі ашылған-ды. Аз уақыт ішінде Astana Hub-тың стартаперлерге арналған павильоны лық толды. 

Отандық «Кремний алқабының» халі қалай?

– Технопаркке шілде айынан бастап орналаса бастадық. Жарты жылдың ішінде 4 қаб­ат түгел толды. Коворкинг аймақ­тарға арналған 3 қабатқа  IT-стартаперлер – инкубация мен акселерацияларға қатысатындар келді, тағы бір қабат бұрыннан бар IT- компанияларға берілді. Хабта қазір халықаралық және қазақстандық компаниялардың орталықтары бар,– деп хабарлады бізге  Astana Hub өкілі.

Акселерация мен инкуба­ция­ларға қатысуға ниеттілерден жарты жыл ішінде 513 өтініш түсті. 550-ге тарта адам техно­парк­тің инфра­құрылымын пайда­лануға мүмкіндік алыпты. 185 жоба жасалып, 47 акселерация жобасы шығарылды. 200-ден астам түрлі шара өтіп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Стар­таптарға 150 миллион теңге инвестиция тартылған. Ондаған шетелдік компаниямен әріптестік байланыс жолға қойылған.

Жалпы, әлем бойынша жыл сайы­н ашылған әр саладағы стар­тап компаниялардың 90 па­йызы түрлі себептермен сол жы­лы-ақ жабылып қалады екен. Бі­ріне инвестиция жетпейді, енді бірінің идеясы өмір­шең емес дегендей. Astana Hub осын­­дай стартаптарға жол көр­се­тіп, ин­фра­құрылым ұсынып, инвес­­тиция тартуға, нарыққа сі­­­ңуіне көмек­те­сетінін айта кетейік.

BIM SPACE –

виртуалды шынайы бөлме

Сұлтан Маркенов ұсынған жаңа BIM SPACE виртуалды шынайы бөлме әлі салынбаған, жобасы ғана жасалған қандай да бір нысанды іші-сыртынан та­машалап көруге мүмкіндік бе­реді. Жоба авторы оның құ­ры­лыс холдингтеріне, мұ­най-газ секторына, индус­трия­­­­­лық кәсіпорындарға, уни­­верситеттерге, ғылы­ми-зерт­теу ор­та­лықтарына, әкім­дік­терге ке­рек екенін айтады.

Сұлтанның жаңалығы үш қабырғасы, төбесі мен едені бар шағын бөлмеден тұрады. Бөлмеге кіріп, кәдуілгі кинотеатр­ларда киіп жүргенге ұқсас 3D көзілдірікті киіп, ұсынылған ны­санды, не болмаса күрделі жаңғырудан өткен ірі зауытты көріп, асықпай аралап шығасыз. Көз ал­­­дыңыздағы көріністің ауқы­­­­­­мы болашақ нысанмен бір­дей. 

BIM SPACE виртуалды шын­дық бөлмесінің тиімді жақтары туралы оны жасаушы жігіт былай дейді:

– Бір нысанды салу кезінде, не болмаса ірі кәсіпорынды жаңғырту барысында бастапқы жоба мен тапсырыс беруші күт­кен соңғы нәтиже сай келмей жататын кездер болады. Мысалы, тех­никалық, дизайнерлік жағы­нан ерекшеліктер болуы мүмкін. Оны тапсырыс берушінің талабына сай қайта өзгерту қосымша уақыт пен шығынды қажет ететіні белгілі. Ал BIM SPACE виртуалды шынайы бөлме арқылы тапсырыс беруші мен жобаны жүзеге асырушы визуалды түрде 3D модельде бәрін егжей-тегжейлі көріп шыға алады, – дейді.

Қысқасы, BIM SPACE проекциясымен жобаны алдын ала көру, қажетті өзгерістерді енгізу жұмыстың тапсырыс берушінің көңілінен шығуына көмегін тигізеді. Оған қоса екі тараптың да уақытын үнемдейді, артық шығыннан құтқарады. Бұл, мәселен, құрылыс жұмыстарын жылдамдатуға, тапсырыс көлемін ұлғайтуға, сапаны көтеруге сеп­тігін тигізеді.

Сұлтан Маркеновтің жаңа­лығы әлем­де бұрын-соңды бол­маған деуден аулақпыз. Осыған ұқсас жұмыстарды орындайтын компаниялар бар. Олардың нарықтағы бағасы да белгілі. Мәселен, қазақстандық стартаперге бәсекелес компаниялар әр тапсырыс үшін мынадай сома қаражат төлеуі керек:  Barco – 1 130 000 – 3400 000 $, imsys 365 000$, Viscon – 340 000$, 3Dims - 325 000$, IC.IDO – 570 000$... Ал BIM SPACE виртуалды шынайы бөлмеге тапсырыс беру ақысы бұлардан әлдеқайда төмен. Бұған дейін жаңалығын бір мәрте сатып, табыс тапқан Сұлтан Маркенов жыл соңына дейін тағы 3 тапсырыс орындауды жос­парлап отыр.

 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»