Руханият • 17 Қаңтар, 2019

Балдырғандарды Маша мен Нюша тәрбиелей ме?

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәрбие басы – талбесік дей­ді қазақ. Талбесікке тер­бе­ліп, әженің әлдиін, аңыз-ер­­тек­­терін естіп өскен, ұр­па­ғына ұлтының үлкен үмі­тін арқалатқан аға буынды бүгінде қолда­рындағы гад­жет­тен көз айыра алмай, бө­­­бе­­гінің қолына да планшет ұс­­­та­­тып жұбататын жаңа за­ман­­ғы жастар алмастыруда. 

Балдырғандарды Маша мен Нюша тәрбиелей ме?

Гаджет тәрбиелеп жатқан кіш­­кен­тай­лар да оны тіптен жатсынбайды, еңбектемес бұрын планшетке елі­тіп, сондағы мульт­фильмдерге алданып уілдейді. Бірақ бара-бара сол уілдің де үні өзгеретін түрі бар тәріз­ді. Біздер оны аңдап, лайықты мульт­­фильмдерді түсіріп, оларға ұсын­ғанымызша көрші елдер бала қиялына қажеттіні әлде­қашан сайлап, әлеумет қолда­натын желі­лерге салып та қойған.

You Tube желісінде «Малыша­ри­ки» атты ең кішкентайлар үшін деп басталатын әрқайсысы 150 серия шамасында және үсті-үстіне қосы­лып жаңаланып тұратын, содан бір­те-бірте жас ерекшелігіне байланысты өзгеріп отыратын тұ­­тас­тай мульт­фильмдер сериясы бар екен. Бұлар­дағы кейіпкерлер кім дейсіз ғой? Құйтақандай бес домалақ, бес дос. Ішіндегі ең ға­жабы Нюша атты торайқыз, оған жарбақтап, айтқанын екі ет­кіз­бей орындап жүретін Көжек пен Қошақан, қолы­нан көп нәрсе келетін, кейде басқалардың бойы жетпей қалған жерге өр­мелеп шығып кететін Пандақыз және қай-қайсысына көбіне ұнай бер­мейтін Кірпі баласы бар.

Байқап отырғандай Нюшень­каға шық жуымайды, қолдарынан же­телеп, жөн көрсетіп, бес дос ойын ойнаса да әрқайсысына рө­лін бөліп беріп, қамқор болып жүр­ген Ню­ша, әрине сүйкімді. Көріп отыр­ған кішкентай тілі шық­­пай жатып торайға елтиді. Ал кейде өз дегенімен қырсығып қал­­са да Нюшаны тастамайтын, әр­­дайым Нюшенька деп жүретін Кө­жек пен Қошақанның кімдер еке­нін пайымдап отырған боларсыз? Панданы да табу қиынға соқпайды, қажет болса медицинасын алға тосатын Еренқабырғаның ар жағындағы көршіні көзге елес­тетеді. Айтқандай мультфильмде Пандақыз дәрігер рөліне тез түсе қа­­лады. Кірпіні де оңай тану­ға бо­лады. Көбіне Қошақанға бүйре­гі бұрып, Пандақызға алаң­дап, сонымен үндес шығып қа­лып жататын Нюшаға қырын қарай­тын кім екені де белгілі. Кішкентай­ларға арналған қарапайым мультфильм­нің өзінде қаншама саясат жатыр де­сеңізші?!

Мақтауға тұрарлық дүние емес пе? Сана жауланса алынбайтын қамал бар ма, әрине еңбектемей жатып жөргегінен сондай ой сіңіп, Ню­шаны әспеттеп өскен балаң мен немерең  ертең өзге тілде сөйлеп, өзгенің жыртысын жыртып, намысын қорғаса оған кім кінәлі? Сүйкімді Нюшаны жақсы көріп өс­кен бала әсте одан бой тартар ма? Сондықтан еліміздің ертеңі  – бал­дырғандарға дұрыс мультфильм түсіріп бере алмай жатқан өзімізді кінәламасақ кімге өкпе артамыз?

Рас, біздің елімізде де талпы­ныс бар, жоқ деп ауызды қу шөп­пен сүртуге келмес. Бірақ ол бір­із­ді емес және бесіктегі баланы елітіп әкететіндей әр жастағы ба­­ла­ның пси­хологиясы ескеріліп тү­сіріле бер­­­­мейді. Сондықтан ата-ана лаж­сыздан Нюшаның кө­мегіне  жүгі­ніп, ба­ла­сын сонымен тәр­биелеп жа­тыр.

Өткенде үйдегі кішкентайлар бірнеше мультфильмге барып кел­ді. Алғашқысы «Ральф интер­нетке қарсы» мультфильмін көріп сондай қуанып қайтты. Ертіп барған ата-анасы: «Аудармасының тілі өте жатық, әрі қазаққа өте ете­не екен. «Ebau» аяқ- астынан Ой­байға айналып шыға келгенде күлкіден өлдік деп» үлкендерге дейін риза болды. Ал «Күлтегін» кішкентайларға арналмаған, сәл ересектерге бағытталған тәрізді, сосын әу дегендегі музыкасының өзі бала қиялына лайықталған деп айта алмайсың. Ауырлау, кіш­кентайларды еліктіретін мульт­фильм­­дерді әлі түсіре алмай жатыр­­­­­мыз. Өткендегі Ральфтің музы­касы да, динамикасы да, бояу, түс­тері де қандай? Баланы еш жа­лық­тыр­майды, негізі осы мультфильм біз­дің ақсап жатқан тұсымыз-ау», деп келді.

Кинотеатрға бармасам да  олар­ға уәж айтпаққа You Tube же­лі­сінен мен де кіріп көргенмін. Ба­лалар айтса айтқандай «Күл­тегін» негізінен мектеп жа­сын­дағы балалар түсінігіне лайық­талған туынды екен. Ал сонда кіш­кентайларды қандай мультфильм­дер тәрбиелемек?

Мектеп жасына дейінгілер үшін сәтті шыққан отандық мульт­­­­­­­­фильм­нің бірін «Қошқар мен теке» деп есептеймін, алайда ол да дәл кіш­кентайлар үшін емес және оның өзі бас-аяғы 10 се­рияға жетпей, жал­­ғасын таппастан үзіліп қалды. Есесіне ті­лі енді-енді шы­ғып келе жат­қан­­­дарды үлкеннің ығырын шы­ға­ратын, тілазар Маша қыз тәр­­­биелеп жатыр. Ана Ма­ша­ның­ істегенін көрген бала ата-әже­­сі­не соны қайталаса не бол­дық?­ Ба­ламен бірге көріп, Ма­ша­ның жаман қылығын айтып отыр­масаң, көз жұмып Маша ие­лігіне бал­дыр­ғанды беріп қою на­ғыз өзің отыр­ған ағаштың бұ­тағын кескенмен бір­дей-ау.

Ертеңгі күні Маша мен Нюша тәрбиелеген бала қазақ емес, басқа болып шықса өз обалымыз өзімізге болып шықпақ?!.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»