Осы есептік кездесулерде жиі көтерілетін мәселелерді саралай келе Шымкент ауыз суға зәру, жарығы жиі сөнетін, қоғамдық көлік дұрыс қатынамайтын, орталықтан тыс жерлердегі жолдары батпақ қала екен деген ойға қаласыз. Есептік кездесулерде тұрғындар әкімдердің жұмысына көңілі толмайтынын білдіруде.
«Сіздің атқарған жұмыстарыңызға 283, 282 кварталдағы халықтың атынан қояр бағам өте төмен. Өйткені, біздің кварталда ішетін су жоқ. Кәдімгі ішетін ауыз су жоқ. Адам деген күніне 3 литр су ішу керек. Осы мәселеге байланысты біз көршілермен бірге қала әкімінің атына, сізге де бірнеше рет арыз жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Одан кейін сіздерге арнайы ұсыныс хат жаздым. «Еш болмаса водовоз көлігін жүргізіңіз немесе колонка қойып беріңіз» деп. Оны да шеше алмадыңыз. Әлі күнге жекеменшік трансформаторға күніміз қарап отыр. Жарық жиі сөнеді. Өрт шығып, бір үй отқа оранғанда өрт сөндіруші көлік саз-балшық жолдан өте алмады. Себебі, жолға төселген тастың ені – 3 метр. Ол жерге өрт сөндіруші көлігі сыймайды», - деді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың есебі кезінде сөз алған квартал тұрғындарының төрағасы, қоғам белсендісі Арман Алпысов.
Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөздің қала тұрғыны көтерген мәселелер бойынша берген жауабы көпшілікті қанағаттандырмады. Ал аудан әкімі басқарма өкіліне қарата: «Біз протоколға енгізіп, қаржы бөлдіртіп, міндетті түрде суды тасымалдауды қамтамасыз етуіміз керек. Демеушілер бір рет, екі рет тасиды, болды, одан ары тасымайды. Бұл кісілер әр жерден жағымсыз су ішіп жатыр. Ертеңгі күні ауру тарап кетсе, біз тікелей жауапты боламыз. Сіз айтып жатырсыз, бюджеттен қаржы қаралмай жатыр, мүмкіншілік жоқ деп. Менің де мүмкіншілігім жоқ. Не істеуіміз керек? Дұрыс көзқараспен қараңыз. Мекемелер бар бізде... Бір-екі автокөлік табайын. Бірақ, жыл он екі ай қамтамасыз ете алмаймын ғой. Сіз бізге жәрдем беріңіз», - деп ұсынысы мен өтінішін білдірді. Осылайша, халық әкім Б.Пармановтан, ал ол басқармадан көмек сұрады.
Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы жиында да елді мекендерде жылу, жарық, ауыз су, жол саласында проблема көп екендігі айтылды. Сайрам тұрғын алабынан сайланған мәслихат депутаты Құсан Ахметхановтың айтуынша, ауыз су мәселесі 11 жыл бойы көтеріліп келеді екен. «Үш рет республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеден артық қаржы жұмсалды. Бірақ, бүгінге дейін бірде-бір елді мекенде тәулігіне 24 сағат су берілмейді. Кәріз жүйесінің жұмысы да нашар. Арық, каналдарды тазартуды күн тәртібіне қойсаңыздар», - деді депутат.
Бұл орайда аудан әкімі Исамуддин Қантөреев ауыз су мәселесі бойынша «Евросервис» ЖШС мекемесі жұмыс істеп жатқанын алға тартып, келер жылдың соңына дейін 3000 абонентке ауыз су беруге уәде етті. Қала тұрғыны Қуаныш Әбдірахмановтың шағымына қарағанда, Сайрам ауылдық округіндегі 58 трансформатордың жартысы жекеменшіктің қолында. Жарық күніне 3-4 рет сөнеді. Сондай-ақ Сайрам, Өтеміс, Шапырашты елді мекендерінің Мәдениет үйлері күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Ал Қызылсу, Мәртөбе, Өтеміс сынды елді мекендерге орталықтан қоғамдық көлік аз қатынайды.
Иә, біз тұрғындар есептік кездесулерде көтерген мәселелердің бірқатарын ғана келтірдік. Дегенмен, республикалық маңызға ие болған үшінші мегаполистегі әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі қалаға іргедегі аудандардан қосылған елді мекендерде екенін айта кетелік.
Айтпақшы, есеп берген күннің ертеңіне Абай ауданының әкімі Б.Парманов кварталдағы тұрғындарға арнап «водовозбен» су жіберген екен. Алайда су таситын көлік кварталдың батпақ көшелеріне тығылып, діттеген жеріне жете алмай қалған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент