Күдіктілердің уақытша тұрып жатқан мекенжайларын тінту кезінде олардан өте қуатты жарылғыш заттар әзірлеуге арналған көп мөлшердегі компоненттер, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылған. Тергеу болжамына сай, ұсталған тұлғалар шетелдегі ИЛИМ/ДАИШ содырларының тапсырмасымен және солардың басшылық етуімен әрекет еткен. Жарылғыш заттар мен атыс қаруларын қолдану арқылы Алматы қаласында халық көп шоғырланатын орындарда шабуыл жасауға оқталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақында ғана «Жусан» атты күрделі операция өтіп, Сириядан бір топ отандасымыздың елге қайтарылғандығы белгілі. Нағыз соғыс пен қақтығыстар ортасынан жерлестеріміздің аман оралуына аз күш жұмсалған жоқ. Бұл гуманитарлық операцияны қазір әлемдік қоғамдастық жоғары бағалауда.
Ал өткен жылдың қазан айында Бас прокуратура сотқа жүгіну арқылы «Йақын Инкар» ұйымын экстремистік деп тануға қол жеткізген болатын. Аталған ұйымның Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының негізінде құрылғаны анықталып, Астананың Есіл аудандық сотында дәлелін тапқан.
Ұйымның астыртын жымысқы ойы жекелеген мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстан аумағында конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, егемендікті бұзуды болжайтын «халифат» құру болған. Осы идеяларын жүзеге асыру жолында ұйымның алдымен көзге, сонан соң қолға түскен бірқатар мүшелері бас бостандықтарынан айырылған екен. Бұл мысал еліміздің аумағында теріс ағымдардың жетегіне ілесіп, сойылын соғып, адасып жүрген ағайындардың әлі де бар екендігін дәлелдей түседі.
Өткен жылдың қазан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласының, Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының 10 тұрғынын ұстады. Олар интернеттің әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде жүйелі түрде экстремистік контентті тарату жолымен терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікке іліккен. Діни материалдар орналастырылған чаттар мен қоғамдастықтарда Қазақстанның 15 өңірінің діндар тұрғындары қатарынан барлығы 180-нен артық қатысушы тіркелген болып шықты. Сонымен қатар ұсталған адамдардың терроризмді қаржыландыру мен өзге де көмек көрсетуге жеке қатыстылығы туралы деректер тексерілуде.
Сауатсыз «ғұламалар» заманы
Жалпы, жоғарыда аталған «Йақын Инкар» болсын, басқалары болсын қақтығысқа алып келу мүмкіндігін біле тұра өзге діндерді жоққа шығару арқылы көзге оңай түседі. Дегенмен, ата дәстүріміз бен салттарымызды қызғыштай қорғаған халқымыздың бойында белгілі бір жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптасып қалды.
Теологтардың айтуларына қарағанда, тіпті отбасындағы жанжалдың салдарынан жақындарына ерегісіп теріс ағымға бой ұрып жатқандар да кездеседі. Мәселен, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті, Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының басшысы, исламтанушы Асқар Сабдиннің айтуынша, жастардың ессіздігінің астары тереңде жатыр.
– Дінді желеу еткен экстремизмнің қайнары әлеуметтік әділетсіздікке, адам құқықтарының шектелуіне, демократияның жоқтығына және халықтың кедейленуіне байланысты деген пікірлер бар. Алайда сол демократиясы кемелденген және әлеуметтік жағдайы жақсы Еуропа елдері, оның ішінде Бельгия, Германия, Франция, Швеция, тіпті Швейцария мемлекеттері ИЛИМ-тің қатарын содырлармен толықтыруда кедейленген Батыс Африка елдерінен асып түсті. Мәселен, аталған елдерден шыққан содырлар саны 5700 адам болса, Батыс Африкадан соғысқа кеткендер саны 5300 адам, – дейді дінтанушы.
Сонда, тоңып секіргендер көп пе, тойып секіргендер көп пе? Демек, елдегі жұмыссыздық пен әділетсіздікті сылтау қылып, басбұзарлардың теріс қылығын ақтап алуға тырысу ақылға сыя ма?
Статистикалық мәліметтердің бірінде 2014 жылдан бастап елімізден Сирияға 800-ге жуық адамның аттанғандығы көрсетіледі. Бала-шағасын шұбыртып, соғыс ошағына аттанған адамдардың көксегені не?
– Жихадты бәзбіреулер «қасиетті соғыс» деп ақтап алғылары келіп, жастардың санасын улауда. «Қасиетті соғыс» деген ұғым Құранда, хадистерде мүлдем кездеспейді. Бір де бір ислам ғалымы «қасиетті соғыс» деген тіркесті ешқашан қолданбаған. Бұл мұсылманның да сөзі емес, – дейді А.Сабдин.
Бүгінде соғыс ошағына айналған Сирия мен Ирак халқының жағдайы біраз жыл бұрын кімнен кем еді? Әртүрлі желеумен осы елдерге басып кірген саяси-әскери күштер миллиондаған халықтың қырылуына себеп болып, кектенген ұрпақты, адасқан жақтастарының жиналуына түрткі болды. Бірақ бұл соғыстарға қазақ жігіттерінің қандай қатысы бар?
Астыртын әрекеттер түрленіп келеді
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде экстремизмге, лаңкестікке қарсы күресуші органдардың жұмысы қарқындап келеді. Парламент қабырғасында ай сайын алыс-жақын шет мемлекеттермен қылмыскерлерді қайтару, ұстап беруге бағытталған шарттар қабылданып жатыр.
Мәселен, тек былтырғы қазан айының ішінде ғана Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің аумағында террористік әрекетпен байланысты қылмыстар жасады деген күдікке ілінген 36 жастағы Дастан Хайсинді Грекиядан, ал 2011 жылы Атырау қаласының аумағында террористік қылмыстарды жасаған деген күдікпен халықаралық іздеу жарияланған Елдос Күншығаровты Түркиядан елге әкеліп, қамауға алды. Күдіктілердің уақытша қонысы мен тұрғылықты жерін анықтауға, ұстауға және Қазақстанға жеткізуге сол мемлекеттердің арнаулы органдары мен еліміздің елшіліктері жәрдемдескен. Осы деректерге қарап отырып, қылмыскерлерді, әсіресе террористік іс-қимылдарға қатысы бар делінген тұлғаларды ұстауға әлем елдерінің күш біріктіргендігін аңғару қиын емес.
Бұл арада тағы бір атап өтуге тұрарлық мәселе бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын жат ағымдардың жақтастарын жұрттан оқшаулайтын сыртқы белгілерімен ел болып күресті бастадық. Күрес барлық бағытта жүріп жатыр. Осы орайда жат ағымның өкілдері де азғырудың әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсуде. Қазіргі күні олар ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға көшіп, астыртын іс-қимыл жүргізуді белсендірген. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласында қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдаған содырлардың «көсемі» Дмитрий Таңатаров интернетте бар-жоғы бір айға ашық қалған сайттардың бірінен шетелдік ұстаздарының соғысқа шақырған үгітін жазып алып үлгергені айтылады. Оның соңы нақақтан қан төгіліп, елді дүрліктіруге әкелгені белгілі.
Жуырда ғана ақпарат құралдарында Сириядан елге қайтуға бел буған қазақстандық қыз-келіншектердің ақша үшін бір-бірін өлтіргендігі туралы ақпараттар жарияланды. Тіпті, марқұмдардың бірін ақтөбелік отбасы өздерінің қызы деп жорамалдайтындығы туралы жазылды. Міне, адасудың соңы отбасын ойран қылып, ата-анасын зар илетіп қоюға соқтыруда.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»