Бұл еліміз үшін жауапты әрі құрметті миссия. Яғни Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді және шетелдермен әріптестік байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.
21-23 қазан аралығында өткен ассамблеяға еліміздің Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова бастаған делегация қатысты. Сондай-ақ ассамблея аясында 8-симпозиум және басқарма кеңесінің 24-отырысы өткізілді. Ассамблея жұмысына Ауғанстан, Әзербайжан, Беларусь, Иран, Қазақстан, Қатар, Қырғызстан, Кувейт, Пәкістан, Палестина, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркиядан келген 13 елдің жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінің негізгі тақырыптары ретінде «Аудит жүргізудің тиімділігі және аудиторлық тексерулердің нәтижелілігі» және «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі ұйымдарының тиімді аудиті» таңдалды.
ЭКОСАИ Бас хатшысы Джаваид Джехангир 2016-2018 жылдары жүргізілген жұмыстың нәтижелері туралы хабардар етті. Иранның және Тәжікстанның ЖАО ұсынған Аудит жөніндегі комитеттің ЭКОСАИ есептерін аудиторлық тексеру есептері, ЭКОСАИ-дың тренингтік комитетінің 19-отырысының есебі және 2018-2021 жылдарға арналған бюджет қаралып, бекітілді. Сонымен қатар ұйымның негізгі басымдықтары талқыланды және ЭКОСАИ-дың 2019-2022 жылдарға арналған оқу жоспары бекітілді.
Еліміздің Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова ассамблеяның негізгі тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ол мемлекеттік аудитті дамытудың негізгі бағыттары туралы айтып, мемлекеттік аудиттің қаржылық бақылаудың ұлттық жүйесін жетілдіру бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.
«2015 жылы қабылданған «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң республикалық бюджет жобасын шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау, бюджеттің атқарылуын және Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын ағымдағы бағалау, мемлекеттік борышты басқаруға аудит жүргізу және басқа да бірқатар бағыттар бойынша өкілеттіктерді бере отырып, Есеп комитетінің функцияларын едәуір кеңейтті. Осыны ескере отырып, біздің жұмысымыздың басты бағыты тиімділікті талдау және оның өсуіне арналған резервтерді анықтау, сондай-ақ алдын алу шараларын қолдану болды», деді Қазақстанның Есеп комитетінің басшысы.
Сондай-ақ Наталья Годунова Қазақстан Республикасының Парламенті биылғы бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін қатаңдату бөлігінде қолданыстағы заңнаманы өзгерту жөніндегі Есеп комитетінің бастамасына қолдау білдіргенін атап өтті.
«Біздің ойымызша, аталған өзгерісті қабылдау аудиторлық тексерулердің нәтижелілігіне жағымды әсер етеді және елдегі бюджеттік жоспарлау саясатын айтарлықтай өзгертеді. Сонымен қатар аудиторлық тексерулердің нәтижелілігіне сапаны бақылау жүйесі де маңызды әсер етеді», деді ол.
ЭКОСАИ-дың Тренингтік комитетінің 19-отырысы барысында ЭКОСАИ-дың 2019-2022 жылдарға арналған дайындау бағдарламасы аясында 2021 жылы Қазақстанда «Мемлекеттік борышқа аудит жүргізу» оқу бағдарламасын өткізу туралы шешім қабылданды.