Медицина • 25 Желтоқсан, 2020

Аритмологтар науқасқа ерекше аппарат қойды

234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кардиохирургия орталығында заманға сай жоғарғы техно­логия­лық ем шаралар мен күрделі оталардың барлық түрі (оның ішінде жүрек алмастыруға дейін) жасалады. Елімізде медициналық сақтандыру енгізілгелі бері жүрек-қан тамыр ауруларын емдеу, күрделі ота жасату жоспарлы түрде МӘМС жүйесінде және ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясында жасалады.

Аритмологтар науқасқа ерекше аппарат қойды

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы мамандарының хабарлауынша, елордада орналасқан Кардиохирургия орталығына Қазақстанның кез келген айма­ғынан науқастар портал, квота арқылы түсе алады. Оған ешқан­дай шектеу жоқ. Ота кезегінде тұрған науқастар кезегін шамамен 1 айдай ғана күтеді.

«МӘМС аясында ота жасат­қысы келетін науқастардан мін­детті түрде ЭКГ, ЭХОКГ, Хол­тер монитор ЭКГ, жедел жәрдем кезіндегі ЭКГ сұралады. Осы тексерулерден кейн біздің орталықта аритмологтың кеңесі қажет. Маман кеңесін алу үшін байланыс орталығына хабарласып, алдын ала жазылған жөн», дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының интервенциялық аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақ аритмологтар қоғамының президенті Аян Әбдірахманов.

Біраз уақыт бұрын гипертро­фиялық кардиомиопатия диагнозымен түскен науқасқа Кар­дио­хирургия орталығының дә­рі­герлері Қазақстанда және Ор­талық Азияда алғаш рет тері астына қойылатын кардиовертер-дефибриллятор аппаратын қойды (S-ICD - subcutaneous implantable cardioverter-defib­rillator). Бұл аппараттың ерек­­­шелігі мүлдем қан-та­мыр жүйесіне еңгізілмейді, со­­ны­мен қатар тері астында тұрып кенеттен болатын жү­рек өлімінен құтқарады. Жаңа жоғары технологиялық қызмет түріне жататын бұл ота Кардиохирургия орталығының күшімен жасалды.

«Тағы бір ерекше мысал: науқас 36 жаста, диагнозы – толық 3 санатты АВ-блокада. Бірнеше рет электрокардиостимулятор ауыстырылған, бірақ қан-тамыр мен жүрек ішіндегі электродтары қала берген. Біздің орталыққа түскенде стимулятордың орны іріңдеп, сепсис болған. Бұл жағдайда барлық іштегі импланттарды алу қажет, іштегі электродтар тамырмен - жүрекпен бітіп кеткен. Оны алу науқастың өміріне өте күрделі, бірақ алмасқа амал жоқ. Іштегі электродтардың бәрін алып, орнына ТМД мемлекеттері ішінде алғашқы болып 2017 жылдың 22 тамызында электродсыз дүние жүзіндегі ең кішкентай Micra стимуляторын орнаттық. Қазір науқас­тың жағдайы жақсы, жы­лына 1 рет бақылауға ке­ліп тұрады», деп еске алады А.Әбдірах­манов.

Қазір Кардиохирургия орта­лы­ғында жүрек ырғағының бұзылуына қатысты барлық заманауи жоғарғы технологиялық отаны жасауға мүмкіншілік бар. Білікті дәрігерлер үшін тіпті жаңа туған нәрестелерге де ота жасау – қалыпты жайт.

«Жүрек ырғағының бұзылуы көбіне жүрек ақауы, ишемия, қан қысымының көтерілуі, т.б. жүрек ауруларының себебі­нен болады. Сондықтан мүмкін­дігін­ше спортпен айналысу, диета ұстану, майлы тамақтан тежелу, артық салмақтан арылу­дың жолын іздеу қажет. Жүрек ауруларының алдын алу – саламатты өмір сүруге байланысты» деп кеңес береді мамандар.