Мәселен, 1-12 шілде аралығында 344 тексеру жүргізіліп, 1 190 нысан бақылауға алынды. Оның ішінде 20 нысан карантиндік шектеу шараларын бұзған. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, салынған айыппұл көлемі 2 млн 500 мың теңгені құрады.
– Атырау қаласында 13 мониторингтік топ бар. Жұмыс күндері күндіз тексеру жүргізуге бір топ шығады. Ал демалыс күндері үш топ нысандарға тексеріс жүргізеді. Мобильдік топтардың нысан ішіне кіруіне кедергілер туындайды. Өйткені нысан иелері есікті ішінен құлыптап, жұмысын жалғастыра береді. Осындай себепке байланысты мониторингтік топ нысанның ішіне кіріп, тексеріс жүргізе алмайды, – дейді Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Даулетов.
Оның айтуынша, мейрамхана, дәмхана иелерімен, салтанатты іс-шара өткізушілермен түсініспеушілік пен кикілжің болып тұрады. Ал карантиндік шектеулерді жиі бұзатын нысандар қатарында «Флория», Vivaldi, SKY BAR, End Ne Stimz, «Рыба моей мечты» және URBAN секілді клубтар мен барлар бар.
Осындай себептер тұрғындар арасында қауіпті вирусты жұқтыру дерегін көбейтері даусыз. Оның үстіне кейбір адамдар вакцинаға, тіпті дәрігерлерге қарсы теріс көзқарас қалыптастыруға тырысатындығы байқалып отыр. Мәселен, шетелдік азамат «Дина» базарындағы бекетте вакцина алу кезінде дәрігерлерге дөрекі мінез көрсеткен. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасының 1998 жылы туған азаматы биылғы 16 маусымда Спутник V вакцинасының бірінші компонентін ектірген. Содан кейін бұл жігітте жанама әсерлер мен асқынулар тіркелмеген.
Бұл азамат 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 15.00-де вакцинаның екінші компонентін салдырған. Алайда вакцинаны алғанға дейін кезекте тұрған шетелдік азамат медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытқан. Вакцинаның жанама әсері туралы арандату мақсатында бейнежазба түсіремін деп қорқытқан. Демалыс бөлмесінде 30 минуттай уақыт болып, үйіне жіберілген. Бірақ сол күні сағат 18.30-да «Дина» базарынан жедел жәрдем қызметіне қоңырау түскен. Онда диспетчерге вакциналаудан кейін бір адамда құрысу белгісі байқалғаны хабарланған.
– Жедел жәрдемді үш сағат бұрын вакцина алған және дәрігерлерге дөрекілік танытқан Өзбекстан азаматы шақырғаны белгілі болды. Шетелдік жігіт облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Ол 30 минуттан кейін үйіне жіберілді. Себебі дәрігерлер пациентті ауруханаға жатқызуға нақты дәйек таппады. Осыған байланысты тұрғындардан арандатушылыққа ден қоймай, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.
Соның ертесіне №3 қалалық емхананың әкімшілігі полицияға шағым түсірді. Мақсат – шетелдік азаматтың вакциналау бекетіндегі медицина қызметкерлерін қорлағанын, сондай-ақ вакцинаның жағымсыз әсері туралы жала жапқанын дәлелдеу.
– Құқық бұзушының әрекетін заңсыз деп санаймын. Қазір тек біздің еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы коронавирус инфекциясына қарсы күрес жүргізуде. Өйткені қауіпті инфекцияны тоқтатудың жалғыз жолы – вакцина алу. Сондықтан біз, дәрігерлер тұрғындар арасында вакцинаның жанама әсері туралы жалған ақпараттың таралуымен келіспейміз. Мұндай жалған ақпаратты таратушылар жазалануы керек. Барша қазақстандық өзінің денсаулығын, ағайын-туысы мен әріптестерін қауіпті вирустан қорғаудың маңызын түсінуі тиіс, – дейді №3 қалалық емхананың директоры Айман Өтегенова.
Атырау облысы