Қоғам • 24 Қыркүйек, 2021

Қуатовтың қолтаңбасы

1248 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауда тәуелсіз елдің ең жоғары марапаты – Қазақстанның Еңбек Ері атағын иеленген бір адам бар. Ол – 40 жылға жуық мұнай-газ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін Руслан Қуатов.

Қуатовтың қолтаңбасы

Оның кіндік қаны қалада там­ға­ны­мен, еңбек жолы дарқан дала төсінде басталған. Өйткені Русланның аңсары бала күнінен көкжиегіне көз жетпейтін жазиралы кең алқапқа ауған. Мұның еш құпиясы жоқ. Су шаруашылығы саласындағы жұмысына байланысты өңірдің әр қиырына жолы түскен әкесі Тұржанмен бірге оның да бармаған жері жоқ. Әсіресе жазғы каникулда әкесінің қасынан қалмаушы еді. Сондай сапардың бірінде құба жонды қырат үстінде мұнай сорған қондырғыларды көріп, қызығушылығы оянды.

Бала жүрегінде жарық сәуле се­кіл­ді жылт еткен сол қызығушылық биік белеске бастар баспалдақ боларын білген жоқ. Бірақ Атыраудағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті бітірген соң Қазақ политехникалық институтына жетелеп келгені даусыз. Бұл институтты 1984 жылы тау-кен инженері мамандығымен бітіргеннен бері өмірін мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстыруға белін бекем буды. Сөйтіп, «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінде еңбек жолын бас­тады. Алғашқы төрт жылда Балықшы мұнай-газ барлау экспедициясында оператор, инженер, жетекші инженер болып жұмыс істеді. Экспедиция басшысы Орал Ақшолақов, бас инженер Уәли Мыңбаев, бас геолог Тарих Тұхпатов, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Ерлан Нәжікенов бастаған аға буынның ақыл-кеңесін тыңдап, тәлімді тәжірибесін көкейіне түйді. Тапсырманы бұлжытпай орындап, сенім үдесінен көрінді.

Еңбек өтілінің кейінгі бес жылын «Те­ңізмұнайгаз» өндірістік бірлес­ті­гіне қарасты «Теңізмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасымен байланыс­тырды. Бұл әйгілі «Теңіз» кен орнын игеру мақсатында құрылған іргелі кәсіпорын болатын. Сондықтан мұнда да ұңғымаларды сынау жөніндегі же­тек­ші инженерге жүктелер міндет же­ңіл болмады. Сол себептен аталған бас­қарма басшыларының батыс ай­мақ­тың кен орындарына геологиялық барлау жүргізіп, тәжірибесі толыққан Руслан Қуатовты шақыруының астарынан білікті маманға артылған сенім мен жауапкершілікті аңғару қиын емес.

Арада өткен үш жылдан соң «Теңіз» кен орнындағы №1 кешенді тех­но­ло­гиялық желілері қондырғысы іске қо­сылып, көптен күткен мол мұнай кен орнында бой көтерген зауытқа жібе­рілді. Бұл – 1991 жылғы 6 сәуір. Кездей­соқ­тық, тіпті сәйкестік деуге болатын шығар, екі жылдан кейін, 1993 жылғы 6 сәуірде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылып, еліміздің мұнай-газ секторына алғашқы шетел инвесторы бет бұрды. Әлемдегі ең ірі компания – «Шевронның» инвестициясымен бірге «Теңіз» кен орнына білікті мамандар, жаңа технологиялар мен техникалар келе бастады.

Сол күннен бастап шетелдік мамандармен иық теңестіріп, жұмыс істеген отандық мұнайшылардың қатарында Руслан Қуатов та бар. Тегінде оны кен орнында шетелдік инвестор мен ма­мандарын қарсы алды дегеніміз ақи­қатқа жанасатын шығар. Өйткені шар­та­рапқа аты мәлім алпауыт компания болғанымен, шетелдік инвестор да «білмейтін жердің ой-шұқыры көп» дегендей, алдымен өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан отандық мамандарға арқа сүйейтіні даусыз. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан тарапынан жұмыс істеген жергілікті мұнайшылардың ешқайсысы кәсіби тұрғыдан осалдық танытқан жоқ.

Соның бір дәлелі – Руслан Қуатовтың 1993-2000 жылдары «Теңізшевройл» ЖШС-ның мұнай өндіру технологиясы бөлімінде жетекші маман лауазымын атқаруы. Бірлескен кәсіпорын басшылары білікті маманның әлеуетін көбірек пайдалануды көздеп, оны 2004 жылға дейін өндірісті оңтайландыру жөніндегі өндірістік топқа жетекшілік ету міндетін жүктеді. Бозбала кезінен мұнайшы болуды көкейіне мықтап түйген кейіпкеріміз шетелдіктермен бірлескен кәсіпорында жұмыс істей жүріп, ағылшын тілін тез меңгеріп алды. Тіпті 2004-2005 жылдары «Шеврон» корпорациясының (АҚШ) технологиялық қамтамасыз ету бөлі­мін­де кеңесші болып, әлемдік мұнай өндірудің тәжірибесімен танысып келді. Шетелден оралғаннан бері «Теңіз­шевройл» ЖШС-ның мұнай өн­ді­ру технологиясы бөлімінде менеджер мін­детін атқарады.

Өзіне жүктелген жұмысты адал ат­қа­ратын білікті мұнайшының еңбегі елеу­­сіз емес. Мәселен, кәсіпорын бас­шы­­ларының ұсынуымен 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал 2017 жылы одан да жоғары марапатқа ұсы­нылды. Бұл – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы.

– «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Теңізшевройл» ЖШС-ның мұнай өнді­ру технологиясы бөлімінің менед­же­рі Руслан Тұржанұлы Қуатовқа берілді. Жоғары білікті инженер ретінде ол мұнай өндіру ісін технологиялық тиім­­ділігі тұрғысынан қамтамасыз ет­уге зор үлес қосты. Еліміздің мұнай-газ саласындағы халықаралық серік­тес­ті­гінің дамуына атсалысты. Осын­дай кәсіби мамандардың еңбегінің арқа­сын­да мемлекетіміздің индустриалды әлеуеті артып, энергетикалық еге­мендігі нығая түсуде», деген еді мұ­най­шыға жоғары марапатты тапсыру ке­зінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Отандық мұнай-газ өнеркәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар Руслан Қуатовты шетелдік әріптестері де құрмет тұтады. Соның бірі Майкл Пиллоудың айтуын­ша, мұнай өндірісіндегі техникалық жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ететін топқа жетекшілік ететін Руслан Қуатов – білікті басшы. Өзі басқаратын топ жұмысының ерекше маңызын жете түсінеді. Әріптестерін ұдайы алға жетелеп отырады.

– Әкем ұдайы «Жеріміздің астында тұн­ған байлық бар. Оны елдің игілігіне жара­туға үлесіңді қос» деп отырушы еді. Ол мейір қандырар су көзін іздеді. Ал мен ел әлеуетін арттырар мұнай ізде­дім. Бозбала күннен мұнайшы болу­ды армандадым. Сол арманым орындалып, кен орындарын іздеуге үлесімді қос­тым, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері.

 

Атырау облысы