Қысқы спорт • 20 Қаңтар, 2022

Жолдама көп, нәтиже қалай болар екен?

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Бейжіңде өтетін Олимпия ойындарына жолдама бере­тін барлық іріктеу және рейтингтік жарыстар аяқ­талып, спортшыларға екі жыл бедерінде көрсеткен нәти­желеріне сай лицензиялар берілді. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті жариялаған мәлімет бойынша аралық қорытындының нәтижесінде қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізді.

Жолдама көп, нәтиже қалай болар екен?

Күні кеше Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Бейжіңде (Қытай) өтетін XXIV қысқы Олимпиадаға дайындық барысы туралы кеңес өтті. Алқалы жиынға Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова, Ұлттық Олимпиада комитеті (ҰОК) спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов және ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков қатысты.

Жиында ведомство басшысы қысқы Олимпиадада қазақ­стандық спортшылардың алдында тұрған бірқатар міндетті атады.

– Ел үшін қазіргі қиын жағ­дайда, соның ішінде коронавирус инфекциясының көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көр­сету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы са­налған Олимпиада меда­ліне ұмтылады. Ал біз олимпиа­да­шы­ларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мем­лекет қолдан келгеннің бар­лы­ғын жасап, спортшыларды да­йындау үдерістерін, оқу-жат­тығу жиындары мен іріктеу жа­рыстарына қатысуын қаржылан­дырды, – деді Мәдениет және спорт министрі.

Ұлттық Олимпиада комите­тінің Бас хатшысы Андрей Крюков қазақстандық спортшылардың XXIV қысқы Олимпиадаға да­йын­дық мәселесіне тоқталды.

– Бүгінгі күннің басты міндеті – спортшылар мен жаттық­ты­рушылар денсаулығы мен қауіп­­сіздігін сақтау. Олардың көп­шілігі, яғни іріктеу турнир­лерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантиндік аймақтарда орналасты. Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді. Барлық спортшы кешенді-ғы­лыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Мәдениет және спорт министрлігі мен ҰОК спорт­тық жарыстар күнтізбесі бойынша додаларға қатысу, дайындық жұмыстары, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар, оның ішінде еліміздегі халықаралық додаларға қатысу үшін командаларға барлық жағ­дайды жасады. Енді спортшылар ең жауапты кезеңге аяқ басып отыр. Қазақстан халқы біз­дің команданы қолдайтынына сенімдіміз, – деді Бас хатшы.

Ұлттық Олимпиада коми­тетінің дерегі бойынша әзірге ең көп жолдама шаңғы жарысы бойынша сынға түсетін спорт­­шылардың еншісінде. Олар 30 жолдамаға иелік етуде. Одан кейінгі үздік нәтиже фристайлшыларға тиесілі. Олар тоғыз жолдама жеңіп алған. Со­ның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 лицензия бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12, шорт-трекшілер тоғыз жолдаманы қоржынға салды. Ел құрамалары тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан төрт жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан екі лицензияға иелік етті.

Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енген. Айта кетерлігі, бұл спорт­шылардың соңғы әрі нақты са­ны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық феде­рациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Атап айтқанда, биатлон, шаңғы жарысы, могул және акробатикадан тағы да жолдамалар үлестірілуі мүмкін. Олим­пия ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы тізімі 20 қаңтардан кейін белгілі болады. Қазақстан құрамасы 27 қаңтар күні чартерлік рейспен Нұр-Сұлтаннан Алматы арқылы Бейжіңге аттанады.

Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар Қытайға жүрер алдындағы арнайы карантиннен өтуде. Арнайы карантиндік аймақ екі қалада – Нұр-Cұлтан мен Алматыда ұйымдастырылған. Командалар елордадағы «Алау» мұз сарайында конькимен жү­гіру спорты мен шорт-тректен жаттығып жатыр.

«Біз үшін басты міндет, әсіресе, вирустың жаңа толқыны кезінде спортшылар мен команда мүшелерінің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау. Бұл – ерекше жауапкершілікті және жоғары деңгейде үйлестіруді қажет ететін күрделі міндет. Команда мүшелерінің сыртқы әлеммен байланысын болдырмау үшін екі қалада спортшылар карантинге алынды. Олар жаттығу алаңдары мен сол жерде орналасқан қо­нақүй арасында бір бағытты ұс­танады. Біз барлық спортшымызды Бейжіңдегі Олимпиада ауылына аман-есен жеткізіп, сол күйі үйлеріне қайтаруымыз керек», деді Елсияр Қанағатов.

Шорт-тректен Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Денис Никиша карантин жат­тығу процесіне ешқандай әсер етпейтінін, керісінше, дайын­дықты күшейтуге зор мүмкіндік екенін айтып өтті.

«Біз «Алау» мұз сарайында тұрып, сол жерде жаттығып жатыр­мыз. Мұнда команда мүше­лерінен басқа ешкіммен көріс­пейміз. Карантин жаттығу процесіне ешқандай кері әсер етпейді, керісінше, тиянақты дайындалуға көмектеседі. Бізге ешкім кедергі жасамайды. Бүкіл жолымыз қонақүй – мұзайдын – қонақүй маршрутынан тұрады. Артық қимыл жасауға, көшеге шығуға болмайды. Бейжіңге аттанғанға дейін осында боламыз. Барлық жағдайдың жасалғаны қуантады», деді спортшы.

Алматыдағы карантин айма­ғында тау шаңғысы, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы командаларының мүшелері жатыр. Олар халықаралық турнир­лердегі өз өнерлерін аяқтап, карантинге алынды.

Командаларға тау жатты­ғулары мен трамплинде дайын­дық қажет, сондықтан оларды жаттығу аймақтарына тасымалдау үшін аралық аялдамаларсыз «таза» көлік ұйымдастырылған. Карантин аймағында жұмыс істейтін барлық көлік жүргізу­шілері мен қызметкерлері де «таза» аймақта тұрады және ПТР сынақтарын күн сайын тапсырып отырады. Сыртқы ортамен барлық байланыстар шектелген, бірақ жаттығулар жоспарланған режімде өтіп жатыр.

2022 жылғы қысқы Олимпия ойындары Бейжіңде 4-20 ақпан аралығында өтеді. Алдын ала мәлімет бойынша әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Жарыс бағдарламасына сәйкес 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.