Спорт • 09 Ақпан, 2022

Медаль сыңғыры естілер емес

259 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бейжіңде алауы тұтанған XXIV Қысқы Олимпия ойындарының кезекті жарыс күні өз мәресіне жетті. Дүйсенбі күнгі бәсекелерде спортшылар жеті жүлде жиынтығын сарапқа салса, қазақстандық саңлақтар үш спорт түрінен сынға түсті. Атап айтқанда, жерлестерімізден шаңғы қоссайысында Шыңғыс Ракпаров, конькимен жүгіруден Екатерина Айдова, Надежда Морозова (1500 метр) және биатлоннан Галина Вишневская өнер көрсетті.

Медаль сыңғыры естілер емес

Қазақстандық жанкүйерлер фристайлшы Юлия Галышеваның жарыс жолына шығуын тағат­сыздана күтіп, конькимен жүгі­руші Надежда Морозованың да жолына сондай үлкен үмітпен қарады. Себебі отандасымыз бірер күн бұрын 3000 метр қашықтықта 30 спортшының ішінде 13-орынға тұрақтап, бәсекеден кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында бар күшін 1500 метр қашықтықтағы жарысқа салатынын және міндетті түрде бір жүлде болатынын айт­қан. «Бұдан да жақсы, бұдан да жылдам нәтиже көрсеткім келе­ді. Енді бар күшімді 1500 метр қашық­тықтағы жарысқа саламын. Бей­жіңдегі мұз айдыны біз үшін ыңғайлы. Қазақстанға медаль әке­ле­тініме 100 пайыз сенімдімін», деді Надежда Морозова жарыстан кейін.

Надежданың бұлай сенімді сөйлеуіне де негіз бар еді. Өйткені 1500 метр – оның оң жамбасына келетін қашықтық. Мәселен, ол былтыр қараша айында Әлем ку­богі жарысының Польшадағы кезе­ңінде 1500 метрді 01:56.92 уақыт­та бағындырып, үздік үш­тік­тің қатарынан көрінді. Бі­рін­ші және екінші орын алған жапо­ниялық Михо Такаги мен Ақш өкілі Боуи Бриттани бұл қашықтықты 01:56.00 және 01:56.60 уақыт көр­сеткішімен басып өткен болатын.

Морозова кешегі бәсекеде жоғарыдағы нәтижесін сәл жақ­сартқанымен, үздік үштік былай тұрсын, ТОП-10 спортшының қата­рынан да көріне алмады. Бей­жіңдегі «Ұлттық конькимен жүгіру» спорт кешенінде өткен жа­рыста Надежда Морозова 01:56.85 уақыт көрсеткішімен 14-орынға тұрақтады. Ал ту ұстау­шы Екатерина Айдова бұл қашық­тықты 1:59.01  уақытта жүріп өтіп, жарысты 18-орынмен аяқтады.

1500 метр қашықтыққа жарысуда Олимпиада рекордын жаңартқан Нидерланд өкілі Ирен Вюст топ жарды. Оның уақыт көрсеткіші – 1:53.28. Бұл – оның Олимпия ойындарындағы алтыншы алтын медалі. Ал 1500 метрдегі үшінші бас жүлдесі. Күміс жүлдені жапониялық Ми­ха Такаги (1:53.72) иеленсе, үз­дік үштікті тағы бір Нидерланд спорт­­шысы Антуанетте де Йонг (1:54.82) түйіндеді.

Биатлоншылардың жекелей бәсекесінде ел намысын қорға­ған Галина Вишневская-Шепоренко үздіктер қатарынан көріне алмады. Жерлесіміз 15 шақырымдық жарыстың төрт оқ ату сәтінде бір ғана қателік жіберсе де, жалпы есепте небәрі 44-орыннан көрінді. Бір айта кетерлігі, Галина Вишневская биылғы биатлон маусымында нысана көздеуден тәуір нәтиже көрсетіп келеді. Алайда оның жылдамдығы өзге спортшылардан кемшін түсіп жатыр. Егер алдағы уақытта жылдамдығын арттыруға жұмыс істесе, Әлем кубогі жарыстарында жоғары орындардан көрінуі әбден мүмкін.

Галина жекелей жарыс­тың жеңімпазы, Сочи Олимпиада­сының эстафетадағы чемпионы германиялық Дениз Херрманнан 5 минут 04 секунд қалып қойды. Херрман да оқ ату сәтінде бір мәрте қателесті. Франциялық Анаис Шевалье-Буше күміспен күптелсе, норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн қола жүлдегер атанды.

Шаңғы қоссайысынан екінші ресми жаттығуының үшінші кезеңіне қатысқан Шыңғыс Ракпа­ров 87,5 метрге секіріп, нәтижесін біршама жақсартып алды. Мұның алдындағы жаттығуларда ол 68 және 87 метрге секірген еді. Бір айта кетерлігі, Шыңғыс Ракпаров Қазақстан құрамасы үшін шаңғы қоссайысынан тарихи жолдаманы жеңіп алған болатын. Бұған дейінгі Олимпия ойындарында бірде-бір отандасымыз бұл спорт түрінен сынға түспеген еді.

Сонымен қатар бесінші жарыс күнінде шаңғыдан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы іріктеу сайыстарына қатысып, алғашқы 30 спортшының қатарына іліге алмай, жанкүйерлер алдында ұятты болды. Ерлер арасындағы жарысты Евгений Величко 62-ші, Виталий Пухкало 66-шы орынмен аяқтады.

Әйелдер бәсекесінде қазақ­стандықтар сапынан ең жоғары нәтижені Надежда Степашкина тіркеді. Ол жарысты 51-ші болып аяқтады. Ал Ангелина Шурыга – 60, Ксения Шалыгина – 67 және Ирина Быкова 68-ші сатыға тұрақтады. Жарыс ережесі бойын­ша бәсекенің ширек финалына мәрені алғаш болып кескен 30 спортшы жолдама алады.

Ерлер арасындағы биатлоннан 20 шақырымдық жекелей жарыста да жерлестерміз үздік нәти­жесімен көзге түсе алмады. 29 жастағы Владислав Киреев төрт оқ ату айлағында бірде-бір қателікке бой алдырмаса да, жыл­дамдығының нашарлығына байланысты мәре сызығын 25-ші болып кесті. Ол жарыс жеңімпазы франциялық Фийон Майеден 3 минут 41 секундқа қалып қойды. Ал Александр Мухин оқ ату сәтінде төрт рет қателесіп, мәреге 52-ші болып жетті.

Бұл жарыста франциялық Фийон Майенің бағы жанды. Ол 20 шақырымды 48:47 уақытта бағындырып, Олимпиада чемпионы атанды. Беларусь өкілі Антон Смольский екінші орынға табан тіреді. Үшінші сатыға екі дүркін Олимпиада чемпионы норвегиялық Йоханнес Тиннес Бе жайғасты.