Спорт • 24 Ақпан, 2022

Паралимпиадаға баратындар белгілі

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін Қытай астанасы – Бейжіңде XIII Қысқы Паралимпия ойындарының жалауы желбірейді. Наурыздың 4-і мен 13-і аралығында өтетін кезекті дүбірлі додада әлемнің 50 елінен келген 700-ден аса спортшы бақ сынайды.

Паралимпиадаға баратындар белгілі

Бейжіңдегі ойындарда Қазақстан­ның Паралимпиада құрамасының бес өкілі, атап айтқанда, Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усоль­цев, Юрий Березин және Де­нис Пет­ренко пара шаңғы мен пара биатлон жарыстарында ел намысын қорғайды. Өкінішке қарай, Пхенчхан Паралимпиадасының шаңғы жары­сында (1,5 шақырым, спринт) чем­пион атанған Александр Колядин биыл Бейжіңде өз атағын қорғай алмайды. Себебі жерлесіміз допингке байланысты 2021 жылдың 13 қаңта­рынан 2024 жылдың 13 қаңтарына дейін жарыстардан шеттетілген. Оның допингке тапсырған тесті 2018 жылғы ойындардан кейінгі жа­рыста оң нәтиже көрсеткендіктен, Пхенч­хандағы алтынын ешкім қайтарып ала алмайды.

Қазіргі таңда мамандар петро­павл­дық шаңғышы Александр Герлиц ел қоржынына жүлде салуы мүмкін деп болжап отыр. Себебі 32 жастағы шаңғышы төрт жыл бұрынғы жарыстың шаңғы және биатлон бәсекесінде төрт мәрте үздік жеті спортшының қатарынан көрінген болатын. Сонымен қатар ол әлемдік рейтингте ТОП-5 спортшының қатарында тұр. Халықаралық дә­ре­жедегі спорт шебері деген атаққа ие Герлиц 2011 жылы 21 жасында жол апатына түсіп, бір қолынан айырыл­ған. 2014 жылдан паралимпиадалық спортқа ден қойған ол бір жылдың ішінде-ақ тәуір нәтиже көрсете бас­тады. 2015 жылы шаңғы жары­сынан ел біріншілігінде топ жарып, алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Кейіннен ол бұл межені 2017 жылы да бағындырды.

– 2014 жылы паралимпиадалық спорттың бар екенін естідім де, толы­ғырақ білгім келді. Кейін мүм­кіндігі шектеулі адамдарға арнал­ған арнайы клуб барын білдім. Ол жерге барғанда қандай спорт түрімен айналысуға болады, менің мүгедектігіме ыңғайлы спорт түрі қандай деген сияқты және тағы басқа да көп ақпарат алдым. Бірден спортпен шұғылданамын деген шешім қабылдадым. Содан бері жат­тығуымды тоқтатқан емеспін. Әдеттегідей, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстым. Әр жеңіске жеткен сайын өзімді жігерлендіріп отырдым. Қолымнан келетініне сендім. Жаттығудың үстіне жаттығу қостым. Осылайша, аз уақыт ішінде Паралимпиадаға келгенімді де байқамай қалдым, – деген еді ол бір сұхбатында.

Паралимпия ойындарының ашы­лу салтанатында еліміздің туын спорттың пара шаңғы түрінен Әлем ку­богының қола жүлдегері, ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері Ер­бол Хамитов ұстап шыға­ды. Спорт­шы­ларымыз қазір Алматы облысында Қысқы ойындар алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиы­нын өткізіп жатыр.

– Коронавирус індеті спорт­шы­ларымыздың Бейжіңдегі Қыс­қы Паралимпия ойындарына толық­қан­ды қатысуына да кедергі кел­тірді. Спортшыларымыз іріктеу жарыс­тарының көбіне қатыса алмады. Сондықтан Бейжіңдегі ойындарға толық құрамда бара алмайтын бол­дық. Біздің паралимпиадашылар Қыс­қы ойындарға барар жолда үл­кен жұмыс атқарды, көп еңбек етті. Паралимпиадаға жолдама алу­дың өзі үлкен жетістік. Біздің пар­алим­пиадашылардың жеңіске деген құл­шынысы жоғары, әлеуеті зор, өз күштеріне сенімі берік, – деп атап өтті Ұлттық Паралимпиада ко­митетінің президенті Қайрат Боран­баев.

Осы орайда Паралимпия ойын­дарының тарихына қысқаша тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Жалпы, паралимпиадалық қозғалыстың пайда болу тарихы өте қызық. Бәрі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұрыс кезінде жарақат алған адамдардың тірек-қимыл аппараты арқылы спорт­­пен белсенді айналысуынан басталады. 1944 жылы профессор Людвиг Гуттманн науқастарды емдеудің маңызды бө­лігі ретінде Ұлыбританияның Сток Ман­девилл ауылындағы жұлын жара­қаты бар науқастарды оңалту орта­лығында спорттық бағдарлама жасап, оны жыл сайын өткізе бастайды.

Жарысты өткізу идеясын халық­аралық қоғамдастық қорлары қолдап, бәсекелер жыл сайынғы халықаралық спорттық іс-шаралардың қатарына қосылды. 1952 жылдан бастап бұл қатарға Нидерланд, Германия, Шве­ция, Норвегия спортшылары да қосыла бастады. Ал 1960 жылдан бастап әлемде алғашқы Жазғы Пар­алимпия ойындары өткізілді. Жарысты бірінші болып Италияның бас шаһары – Рим қаласы қабылдады.

Алғашқы Қысқы Паралимпия ойындары 1976 жылы 21-28 ақпан аралығында Швецияның Орнс­кол­дсвик қаласында ұйым­дастырылды. Жарысқа 16 елден 198 спортшы қатысты.