02 Маусым, 2010

САХАРА САЗЫНЫҢ САНСЫЗ ТОЛҚЫНДАРЫ

566 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы мәдениет күндерінің елордадағы ашылу рәсімі өтіп, айшықты сәттер көп көңіліне шуақты әсер қондырды. Сарайға ағыла көшкен жұртқа қаз-қатар тізілген ислам мәдение­тінің таңдаулы өкілдері фольклор­лық үлгідегі музыкаларын шарық­тата әуелетіп, сыпайы ізетпен қар­сы алуда. Ислами құндылықтар ортақ болғандықтан қонақтар ұс­ынған қасиетті құрма жемісінен, зәмзәм суы­нан дәм татуға әркім-ақ ұмтыл­ған. Кіре берісте Сауд Ара­биясы Корольдігінің өткен, қазіргі өмірі туралы тұшымды баяндайтын түрлі плакаттар, кітапшалар тегін тараты­лып, мұсылман елінің беймәлім қырларын ашуда шексіз қызмет көрсетілуде. Мәдени шара қасиетті Құран-Кә­рімнің аятын жүрек толқыр ма­қам­мен оқумен басталып, екі елдің мәде­ниет саласы басшыларының құтт­ық­тау лебіздерімен жалғасты. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед араб бауырлардың елор­даға келуі үлкен тарихи оқиға бо­лып саналатын себебі Сауд Арабия­сы Корольдігінің мәде­ниет күндері Қазақ елінің астана­сында тұңғыш рет өткізіліп отыр дей келіп, ислам өркениетіндегі мұрат-мүддесі бі­ре­гей елдердің саяси-экономикалық әлеуметтік-мәдени, дипломатиялық бағыттағы байланыс­тары қарқынды дамып келе жатқа­нын баяндады. Сауд Арабиясын дүние жүзіндегі екі миллиардқа жуық адамдардың ең қасиетті мекені болып санала­тын ислам дүниесінің қос киесінің шырақшысы, ұстаушысы ретінде білетінін, Қазақстанның басқа өңірлерін айтпаған күннің өзінде астанадағы көптеген әсем ғима­раттарға саудиялық бауырлардың қосқан үлесі айрықша екенін, оның ішінде король Фахдтің тікелей шешімімен Сенаттың ғимараты, кардиологиялық орталық сияқты аса үлкен мәдени, медициналық кешен­дер саудиялықтардың бізге тегін көр­сеткен көмегінің арқа­сында салынғанын айтып, осы аралықта Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі рет Сауд Арабиясына ресми сапармен барып, екі ел арасындағы достық қарым-қаты­насты биік деңгейге көтергенін тілге тиек етті. Мәртебелі қонақ­тарға бұл сіздердің де отанда­рыңыз, өйткені ислам өркениеті біртұтас, мүбәрәк дінімізбен жүректер арқылы жақындастыратын қасиетті дін болғандықтан өз бауырлары­ңыздың үйіне келдіңіздер деген тілек білдірсе, Сауд Арабиясы Мә­дениет және ақпарат министрінің орынба­сары Әбу Бәкр Бин Ахмад Бакадир қасиетті мешіт орналасқан жердің халқының сіздерге зор сәлемін жеткізгім келеді деді. Осынау шараны мен екі ел арасындағы ерекше сипаттағы достық қарым-қатынастың дәлелі деп білемін деген ол Сауд Ара­биясында өткен Қазақстанның Мә­дениет күндеріне өте жоғары баға берді. Әл-Фараби, Сұлтан Бейба­рыс сияқты ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген Қазақ еліне келу қуаны­шы­на ие болғанына жаны марқайды. Кернейшілер, лифа-шоу, ха­бити-шоу, сауди-шоу өнері Араб елінің әр өңірлерінде сақталған музыкалық үлгілерді ұсынды. Көшпелілер ме­кенінің дүбірі дүйім далаға жайылып, сахара салты сағыныш саздарымен әсем желпіді. Астана мен Алматыда Арабия мәдениетін мейлінше жайып көр­сетуге дайын меймандар қолтаң­басы тек сахналық көріністермен, музыкалық арнаулармен аяқтал­масы белгілі. Бүгін ол басқа са­рын­да жал­ғасады. Тамер бен Хемдан әл-Харби, Михрез бен Салех На­сир, Хасан бен Әли Калим шебер­лердің қос мешітке арнаған көрмесі иманды жұртты ибалы ойға же­телейді деген сенім­деміз. “Пальма мен құрма” көрмесі арабтардың өмірі туралы тың мағлұ­матпен қанықтыратыны сезіледі. Елу бір қылқалам шеберінің картиналары мен сандық өнердің он екі шебері әзірлеген бұйымдар көңіл айнасын шуақтандырып жіберетіндей. Эмаль өнері мен араб жазуының мүлтіксіз шеберлері ұсынған құндылықтар ислам мәдениетінің заманауи үндерін заңғар көкке көтеруді аң­саған мұрат­тар сынды қабыл­данбақ. Осы іс-шара шеңберінде Кеңес Одағының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі бірінші елшісі Нәзір Төреқұловқа арналған араб­тың көне кітаптары, сондай-ақ қолданбалы, аспаздық өнерлер бой­ынша көрмелер ұйымдастырылмақ. Мәдениет министрлігі мен “Қазақ­стан халқының рухани даму қоры” акционерлік қоғамының ұйытқы болуымен өтетін әр шарадан жан-дүниені нұрлы таңмен сергітер ерекше саз еседі. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.