Бәрекелді!
Өзгенің көңілін аулап, сойылын соғып жүргенде кеткен есемізді қайтару үшін қимыл-қарекет жасайтын уақыт осы кезең. Бұл жолда қаны бар әр қазақ Әлихан Бөкейханов сияқты “Тірі болсам, хан баласында қазақтың қақысы бар еді, халқыма қызмет етпей қоймаймын”, деген байламмен іс тындыруы керек. Күнделікті күйбең тірліктің құлы болып, құлқынның қамымен жүре берсең онда есең қайтпайды. Жылдар жылжып, ғасырлар өте береді. Ел тарихы, ұлтыңның ұлыларынан үйренер тағылым, балталасаң да бұза алмайтын тұғырын мәңгілік етіп бекіткен алыптардың үлгі-өнегесі көмескі тартып, арты жоғалып тынбақ.
Міне, осыған жол бермеймін деп көптен бері тәуелсіз елдің арғы-бергі кезеңдерін тереңнен қозғап, зерде-зейінімен зерттеп мөлдір құдыққа орнатқан шегендей шегелеп жүрген белгілі журналист, жазушы, әріптесіміз Жақсыбай Самрат десек, асырып айтқандық емес. Соның дәлелі, қаламгердің таяуда ғана жарық көрген, әлі бояуы кебе қоймаған “Абылайдың Ақ үйі”, атты кітабы дер едік.
Абылайдың құт мекені жер бетінен жойылып кетпес үшін жанкешті әрекеттер жасап, ел басын ұстаған ханын қадір тұтып, ақ үйін қайта “тірілткен” Жақсыбай Самраттың бұл ісін ерлікке пара-пар десе де болады. Үш бөлімнен тұратын еңбекті қарап отырғанда тың тұжырымдар, өзімдік байламдар бүкпесіз айтылады. Тіпті кейбір тұстарда бұрынғы кейбір пікірлерге өзінің уәжін айтады. Оқымыстылардың еңбектеріне сүйеніп осы тұсты ойласып көрсек қалай болар екен, дейді.
Бірінші бөлімде Әз Тәукеден тамыр тартып, үш бидің ұлағатын алдыңа жайып салады. Олардың “Мен боламын дегендер, ақтамады сенімді”, деп түңілетін жерін Қожаберген жыраудың “Хан деуге аузың бармайды”, Тәукенің ұлы Болатты. Неге десең ол сұлтан, өзбекше тілді қалапты” деп ел билігінде отырғандардың кері ісіне білдірген кейісімен ұштастырады.
Одан кейін Жоңғар шабуылынан басталған ауыр кезеңді тарихи деректерге сүйене отырып баяндайды. Абылай ханның өміріне тоқталып, заманына шолу жасайды.
Екінші бөлімде Қызылжар шаһарының аумағын атам қазақ ежелден-ақ қоныс еткеніне, сақ-скиф және сармат тайпаларының өмір кешкеніне нақты дәлел-дәйектер келтіреді. Сөйтіп, атажұрт, атақоныстың тайға таңба басқандай халқымыздың еншісі, қазынасы екенін саф ауадай санаңа құяды. Петропавлдан құтылып, қазақ атауының жаңғыратын уақыттың жеткенін қойып, асып бара жатқанын естір құлаққа наз ретінде жеткізеді.
Абылайдың ақ үйі қалпына келтірілгенін, оны ашу салтанатына Елбасының қатысқанын тілге тиек етеді. Бұл үй ұлтымыздың ұйытқысы, халқымыздың атбасын тірер алтын діңгегі, оны көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа сенің ата-бабаңнан қалған мұра деп ойына орнықтыратын киелі орын, дейді. Шынында, тәуелсіз еліміздің тарихын байытып, елдік мәртебесін арттыратын, жоқтан бар жасап отырмаған жұрт екенімізді осындай құндылықтарымыз дәйектері анық. Дерек көздеріне бай, танымдық, тағылымдық жағы мол, көңіл көзін ашатын кітапты оқып қана қоймай, тарихи тың тұжырымдар туралы ой бөлісіп, сөйтіп, ортақ арнада елдік істі түйіндесек, нұр үстіне нұр болмақ.
Сүлеймен МӘМЕТ.