04 Маусым, 2010

Съезге қатысушылар лебізі

549 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ШАХТЕР ЗЕЙНЕТКЕ 50 ЖАСТА ШЫҒУЫ ТИІС Біздің Қарағандының шахталы аймақ екені белгілі. Кәсіподақтар қызметінің бір парасы сондықтан да осы бағытқа жұмыс жасайды. Шахтерлердің еңбегінің қиын екені, қауіптілігі бәріне мәлім. Сол себептен де шахтерлер қауымының жалақыларының еңбектеріне сай болуын қалайтыны түсінікті. Жер астында, шахтада еңбек етушілердің жалақылары көбейді дегеннің өзінде сол еңбектеріне татымайды. Біздер кәсіподақтар шахтерлердің еңбек қауіпсіздігін сақтау мен оларды зейнеткерлікке 50 жастан шығару керек деген бағытта жұмыс жасаудамыз. Шахтерлердің 63 жасқа дейін жер астында еңбек етіп зейнеткерлікке шығуы неғайбыл дүние. Осы мәселені біз депутаттар алдына да, Үкіметке де бірнеше рет қойдық. Осымен үшінші жыл қатарынан мәселе орынан бір жылжымай-ақ қойды. Тағы бір мәселе – шахтада жарылыс кезінде күйіп, мүгедек болып қалған жандарға қайырым жасау. Қайтыс болып кеткендердің отбасыларына жақсы көмек көрсетіледі. Қарағандыдан пәтерлер бөлінеді, жоо-ларда оқитындар үшін оқуларының ақысы төленеді дегендей. Алайда мүгедектерге бөлінетін көмек сомасы мардымсыз. Александра ӘлімҒазиева, Қарағанды облыстық кәсіподақтар федерациясының төрайымы. ТІРШІЛІК ҮШІН ӨТЕ-МӨТЕ ҚАЖЕТ ҚҰРЫЛЫМ Барлық облыстарда да кәсіподақтар бірлесе жұмыс атқаратын шығар, ал біздің Қостанай облысында бұл өте жақсы дәрежеде деп айта аламын. Біз облысымызда “Нұр Отан” партиясымен, жергілікті мәслихаттармен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесе, қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Ал бірлесе жұмыс атқару қашанда мол жеміс беретіні түсінікті. Мемлекет басшысының ұжымдық шарт жасасыңдар деген тапсырмасы біздерге, кәсіподақтарға өте жақсы жәрдемін берді. Біраз ұжымдар тиімді шарттар жасап алды. Облысымызда кәсіподақтар араласуымен жүріп жатқан тағы бір жақсы іс – ол “Жол картасы”. Бұл жұмыстың игілігін жұртшылық анық сезінуде. Кәсіподаққа ешкімді де бұйрықпен мәжбүрлей алмайсың ғой, олардың барлығы кә­сіподақ керек екенін сезінгендіктен, бастауыш ұйымдарын құрып бізге мүшелікке өтуде. Соның арқасында олардың шипажайларға жолдама алып өздерін сауықтыруға, балаларын жазғы лагерьлерде демалдыруға мүмкіндіктері бар. Римма ҒАЙСЕНОВА, Қостанай облысы мемлекеттік қызметкерлердің облыстық кәсіподағының төрайымы. АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРУ КЕРЕК Облысымызда біздің салалық кәсіптік одақтың жұмысы жақсы жолға қойылған деп ойлаймын. Ірілендіру жөніне келсек, бізде бір аудандағы 170 шаруа қожалығын біріктіріп, біріккен кәсіподақ ұйымын аштық. Осы съезге келген сапарымызда Ауыл шаруашылығы министрлігімен үшжақты келісімге қол қойылды. Сол себептен ертеңгі күнге деген үмітіміз мол. Жұмысымыз жандана түседі деген  сенім бар. Ал ауыл шаруашылығы саласында жалақының аздығы кәсіподақтар үнемі көтеретін мәселе. Мысалы, гараждардағы күзетшінің жалақысы 9 мың теңге. Осыған өмір сүруге бола ма, немесе техниканы қарауылсыз тастауға бола ма? Соның өзінде адамдар мардымсыз жалақыға еңбек етуге мәжбүр. Кәсіптік одаққа келіп шағым айтуға осы аздаған пұлымнан айырылып қаламын ба деп жұмыс берушіден қорқады. Тіпті кей жерлерде ақшаны атымен бермей, азық-түлік, жемшөп, отын ғана беретіндер де бар. Осы проблема бір біздің ғана емес, барлық облыстардағы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс атқаратындар үшін өзекті болып қалуда. Жаналы КӨбеев, Жамбыл облысы ауылшаруашылық және қайта өңдеу мекемелері кәсіподағының төрағасы. ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРҒА ЗОР МҮМКІНДІК КӨЗІ Мен басшылық ететін шипажайдың бас акционері Қазақстан Кәсіп­одақ­тары федерациясы. Сол себептен де біздің шипажайдың беті халыққа бұрылған. Қалталылардан гөрі, қарапайым тұрмыстағы адамдарды сауықтыру мәселесіне ден қойып, көрсетілетін ем-дом, қызмет түрлерінің өте қымбаттамауын қадағалайды. Ұжымымызда 200-ге жақын адам еңбек етеді, барлығы уақытында еңбекақыларын алып, тірліктерін кешіп жатыр. Біздің Қостанай облысы  118 млн. теңгені әлеуметтік бағдарлама бойынша бөліп, демалушыларымыздың 50 пайыздайы осы қаражат арқасында денсаулықтарын түзетуде. Демалыс уақытында алған ем, таза ауа, әрине, адам ағзасына өте пайдалы. Оның үстіне біздің шипажай қарағай ішінде ор­на­лас­қандықтан, оның ауасының өзі шипа. Кәсіподақтар арқасында осы саф ауаны жұтуға қарапайым адамдар да мүмкіндік алып отыр. Сайлаубек Есжанов, “Сосновый бор” шипажайының бас директоры. ӘЛІ ДЕ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІМІЗ БАР Теміржолшылар кәсіподағының жұмы­сының негізі бұрыннан қаланған. Бұрынғы кеңестік кезең тұсында да жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында келісім-шарт болатын. Ал егемендік алғалы оны біз одан әрі жақсарттық. Онда жұмысшылардың еңбекақылары, әлеуметтік жағынан қорғалуы, сауықтырылуы, балаларының жазғы демалысы – барлығы қамтылған. Кәсіподақ солардың орындалуын қадағалаумен айналысады. Мысалы, былтырғы жылы зейнеткерлердің өзіне осы шарт бойынша 16,5 млн. теңге жұмсалды. Әйтсе де біздің де шешілмеген мәселелеріміз бар. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша біздің облыста Арал өңірі тұрғындарына жұмысшылардың тарифтік ставкасының мөлшерімен көмек көрсетіледі. Арал, Қазалы аудандарына оның 50 пайызы, ал өзге аудандарға 30 пайызы берілуі тиіс. Бюджеттік мекемелерде жұмыс жасайтындар осы көмекті алып отыр, ал біздің теміржолшылар үшін бұл ашық күйінде тұр. Жалпы, теміржолшылардың орташа айлықтары  70-80 мың, соған қарап компания біз 50 пайыз беруге шамамыз жетпейді дейді. Әрине, осы себепті теміржолшыларда сұрақ тумай ма: неге біз Елбасы Жарлығымен берілетін көмектен қағылуға тиіспіз деген. Міне, біз бүгінде  осы мәселенің оң шешілуі үшін жұмыстанудамыз. Қазбек РАХМЕТОВ, Қазақстан Теміржолшылар кәсіподағы Қызылорда филиалының төрағасы.