04 Маусым, 2010

КӘСІПОДАҚТАР ҚЫЗМЕТІ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БОЛСЫН

675 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Президенттік мәдениет орталы­ғы­ның концерт залында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Кәсіподақтар федерациясының ке­зекті ХХІІ съезі болып өтті. Оның жұмы­сына Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Бобров, Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары Е.Орынбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әб­ді­қалықова, Парламент депутаттары мен экономиканың және әлеуметтік сектордың барлық саласынан еліміздің аймақтарынан келген 320 өкілетті делегаттар қатысты. Съезд жұмысын Кәсіподақтар федера­ция­сының төрағасы Сиязбек Мұқашев ашты. Мемлекеттік Әнұран орындалған соң съездің жұмыс органдары сайланды. Одан әрі төраға Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың съезд делегаттарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда кәсіподақтар әлеу­меттік қоғам ретінде атқарушы билік ор­ган­дары және жұмыс берушілермен әріптестік үнқатысу орнатуды жақтайтын азаматтық қоғамның маңызды бөлігі. Кәсіподақтар әлеуметтік прогресті одан әрі қамтамасыз етуде, әлеу­мет­тік және саяси тұрақты­лық­ты, ұлтаралық келі­сімді сақтауда ерекше рөл атқарады делінген. Одан әрі Елбасы Қазақ­стан Кәсіподақтары федерациясына биыл 20 жыл толғанын атап өтіп, осы жылдар ішінде белсенді жұмыс жүргізген ол қатарына 2 млн.-дай мүше тарт­қанын айтқан. Бұл ұйым­ға қашанда жасам­паздық рухы, мем­лекеттің дамуы мен өркен­деуіне өз үлесін қосуға деген ұмтылыс тән. Федерация бұдан былай да осы мақсаттарын орындай береді деп сенемін, дей келіп, Елбасы съезд жұмы­сына сәттілік тілепті. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Мұқашев делегаттар атынан Президент Н.Назарбаевтың құттықтауына алғыс білдір­ді. Одан әрі өткен съезд шешімдерінің қалай орындалғаны және Федерацияның 2010-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы есепті баяндама жасады. Төраға баяндамасынан кейін мінберге көтерілген Парламент Мәжілісі Төрағасы­ның орынбасары В. Бобров қазіргі заман­да­ғы кәсподақтар рөліне тоқталып, съезд жұмысына сәттілік тіледі. Кәсіподақтар съезінде Тексеру комис­сия­сының төрайымы Б.Наурызбаева әлем­дегі қаржы-экономикалық дағдарыс тұсында кәсіподақтардың елімізде қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруда белсенділік танытқанын айта келіп, осы кезеңде халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуының маңыздылығына тоқталды. Кәсіподақтардың өткен съезінде 7 адамнан сайланған Тексеру комиссиясының атқарған істерін делегаттар алдында баяндаған шешен кәсіподақ федерациясы жүйесінің қаржылық саясатын да жіктеп айтып берді. Атап айтқанда, жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің жарнасынан жиналатын қаржы көлемінің өсіп отырғанын, ол 2006 жылы 12 млн. 823 мың теңге болса, 2008 жылы 21 млн. 385 мың теңгеге өскенін алға тартты. Сонымен бірге, есепті уақыт аралығында кәсіподақтар құрылтайшылық ететін кәсіп­орын­дардың да қаржыны молайтудағы еңбе­гі делегаттар назарына ұсынылды. Сондай-ақ бірқатар кемшіліктер жайын да ор­таға сал­ған комиссия төрағасы федерация­ның көбіне аймақтарда көрініс беретін ол мәсе­ле­лерге көңіл аударуы қажеттігін атап көрсетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықованың сөзін жинал­ған­дар ықыласпен тыңдады. Өйткені, кәсіп­одаққа мүше, федерация сөзін сөйлейтін 2 миллионнан астам азамат үшін министр аузынан шыққан әрбір мәліметтің мәні бар. Жалақының ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жетпей тұрғаны, еңбекақы төлеудегі теңсіздіктердің орын алуы, қазақстандық жұмысшылардың шетелдік кәсіпорындарда бірдей еңбек еткенімен, шетелдіктерден төмен еңбекақы алулары, өздерін өздері жұ­мыспен қамтып келе жатқан азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалуы, ертең зейнет­ке шыққанда олардың зейнетақы қорларына салған қаражаттары болмағандықтан, қандай күй кешетіндігінің жайы кәсіподақтардың қашаннан бастарын ауыртып жүргені рас. Министр 2010-2012 жылдарға арналған “Лайықты еңбек” бағдарламасына сәйкес еңбек қатынастарын халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес реттеу, еркектер мен әйелдердің еңбекпен қамтылуында әлеу­меттік жағынан тиімді қорғалуы, кәсіп­одақтармен ынтымақтасу және әлеуметтік үнқатысуды қалыптастыруды дамыту сынды 3 бағытта жүргізілуі көзделгенін айтты. Еліміз бүгінгі күнге дейін Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 17 конвенциясын ратификациялаған. Сол себептен біздің ұлт­тық заңдарымызды осы халықаралық стан­дарттарға сәйкестендіруді жалғастыратын боламыз, деді министр. Сонымен бірге, қазіргі күні ХЕҰ-ның “Асбесті пайдалануда еңбек қауіпсіздігін қорғау”, “Ана мен бала”, “Еңбекақы туралы” конвенцияларын рати­фи­кациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде екенін айтты. Әрине, еліміздегі барлық еңбек заңдылықтарының сақталуы “Еңбек кодексіне” келіп тіреледі. Кодексте кәсіп­одақтарға еңбекшілердің құқығын қорғауда қажетті өкілеттілік пен кепілдік берілген. Дегенмен, уақыттың да, заман тынысының да өзгермелілігіне, алға жылжуына байла­ныс­ты бұл заңды да жетілдіре түсудің ма­ңызы зор, бұл жұмыста кәсіподақтардың бел­сенді түрде араласуымен министрлік ко­дексті жетілдіре түсетін бірқатар ұсыныс­та­ры бар пакетті Үкіметке енгізуге даярлануда, деген министр “Жол картасы” бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Мы­сал­ға, осы бағдарламаның жастарға бағыт­талған жобасы негізінде өткен жылы рес­пуб­лика бойынша 54 мың жас жұмыспен қам­тылыпты. Ал биыл республикалық бюджет­тен үстіміздегі жылы бөлінген 100 млрд. теңгеге қосымша облыстардың қоржынынан шыққан 43 млрд. теңгенің арқасында 3224 жоба жүзеге асырылмақ көрінеді. Ал мұның қаншама жұмыс орны екендігіне, сол ар­қы­лы халықтың біраз бөлігінің “Жол карта­сының” көмегімен нәпақа табатынына күмән жоқ. Үзіліс кезінде журналистер Г.Әбдіқа­лы­қова­ны сөзге тартқан. Жиі-жиі теледи­дар­дан, бас­па­сөз беттерінен құрылысшылар ең­бекақы­ла­рын ала алмай жүргендерін айтып шағымда­нып жатады, осыған байланысты не айтасыз деген сауалға министр: “Қазіргі есеп бойынша республикада 4 млрд.-қа жуық жалақы қарызы бар. Ол бойынша әкім­дік­тер­дің қасында арнаулы комиссиялар құ­рылған. Ол комиссиялар апта сайын жина­лып, мәселені шешіп отыр. Өткен жылы қарыз қарасы өте үлкен болатын, қазіргі атқарылған жұмыстың нәтижесінде бұл қарыз мөлшері төмендеуде. Мемлекеттен, бюджеттен қаржыланатын мекемелердің еңбекақы бойынша қарыздары жоқ. Ол негізінен жекелерге қатысты. Дегенмен, әрі қарай кәсіподақтарды кірістіріп, оны шешуді қарастыратын боламыз”, деді. Атыраулық Тілекқабыл Боранбаев мұ­найшылар кәсіподағы федерациясы жұмыс беруші мен еңбекшілер арасында туындаған сауалдарды шешуде айтарлықтай жұмыс ат­қарып отырғанына тоқталса, Жалпыға бір­дей кәсіподақ федерациясының Бас хат­шы­сы В.Щербаков ТМД бойынша барлық елдерде кәсіподақтар саны қысқарып, олар­дың дауыстары құмығып шығып жатқанда Қазақстан кәсіподақтары жұмысының жандануына қызығушылық танытты. Бүгінгі съезд жұмысының өзі сіздердің жоғары ынталарыңызды, жұмысқа деген шығарма­шы­лық қуаттарыңызды көрсетеді. Бұл сіз­дердің әлемдік дағдарысты еңсерудегі қи­мылдары­ңыз­дан да көрінеді. Сіздердің тәжі­рибелеріңіз өзге елдердегі әріптестеріңізді еріксіз өзде­ріңізге қаратқызады. Қазақстанда кәсіподақтар азаматтық қоғамның белсенді мүшесі. Мен үшін сіздердің қатарларыңызда жастардың болуының маңызы ерекше, бұл–ерекше қуанышты жәйт, деді съезге қатысқан мейман. Соңғы жиырма жыл ішінде болған Қазақ­стандағы саяси және экономикалық ахуалдың даму үдерісі жалпы өміріміздің де бейнесін өзгертті. Осы жылдары қазақ­стан­дықтар мә­дениет, білім беру, денсаулық сақ­тау сала­ла­рында ауқымды экономикалық және әлеу­мет­тік бағдарламалар іске асы­рыл­ғанын сезінді, экономиканың маңызды-маңызды деген салаларының қайта құры­луы­ның куәсі боды, оны қайта құруға өздері бел шеше араласты деген кәсіподақтар съездің жұмысын қоры­тындылай келе бірқатар маңызды құжаттар қабылдады. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Кә­сіподақтары федерация­сы­ның Бас кеңесі ұсынған “Қазақстан Республикасы кәсіп­одақ­тары қызметінің 2010-2015 жылдарға арналған стратегиясының” жобасын, съездің қаулысын және “Қазақстан еңбекшілеріне–лайықты жалақы”, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясы ХХІІ съезінің мәлімдемелерін қабылдады. Кәсіподақтар Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20