Бұрын телефон байланысында түйткілдер болып тұратын еліміздегі барлық елді мекендер қазір “Қазақтелекомның” арқасында мүлтіксіз қызмет ететін заманауи технологияларға қол жеткізе бастады. Мәселен, бүгінде Алматы облысының 50 мың абоненті сымсыз байланыс түрімен қамтамасыз етілген. Бұл WLL CDMA-450 және WLL CDMA-800 технологиясы арқылы Алматы облысының телекоммуникация желісін жаңғырту және дамыту жөніндегі серпінді жоба аясында атқарылып жатқан тірліктердің бір парасы ғана.
Осынау жетістіктерге БАҚ өкілдері таяу күндері Алматы облысы Қарасай ауданының Қырғауылды ауылында өткен пресс-турда куә болды. Соңғы үш жыл ішінде бұл ауданда WLL CDMA 450-дің 7 базалық станциясы, ал Қаскелең қаласында WLL CDMA 800-дің 1 базалық станциясы орнатылған. Оған толығымен 6875 абонент, оның ішінде Қырғауылды ауылынан 988 абонент қосылған. Мінсіз қызмет көрсететін байланыс технологияларының игілігі тұрғындардың өмірінен игі көрініс тауып жатқаны қуантады. Осы ауылдың адамы Гүлнұран Шәріпова:
– Байланыс қызметі өте жақсы жолға қойылған. Балаларымның өтінішімен интернет желісін де қостырдық. Енді өзімізге де балаларға да керекті кез-келген материалды интернеттен алып отырмыз”, – деп “Қазақтелекомға” шынайы алғысын білдірді.
– Мен жаңа технологиямен телефон орнатылып жатқанын естіп, осы жүйе бойынша телефон орнату үшін өткен жылы аудандық байланыс торабына өтініш бердім. Мамандар дереу орнатып берді. Сапасы өте жоғары екен. Бұрын телефонымыздың сымдары жиі үзіліп, кейде байланыссыз қалатынбыз. Енді қазір осы байланыспен Алматы, Астана, Жамбыл жақтағы туыстарыммен емін-еркін сөйлесіп жүрмін, – деген Әйтей ауылының тұрғыны Сәткүл Юсупова да сөзінің аяғын алғыспен аяқтады.
Халықтың да көңілінен шығатын, заман талабына да сай шаралар “30 корпоративті көшбасшы мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ауылдық елді мекендерді телефондандыру туралы Елбасының тапсырмасына және “Қазақтелеком” компаниясының “CDMA технологиясын пайдалану арқылы ауылдық телекоммуникациялық желілерді жаңарту мен дамыту” жобасына сәйкес жүріп жатыр.
Өз кезегінде “Қазақтелеком” АҚ техникалық дамыту жөніндегі басқарушы директоры Жексембай Жаманбаланов:
– Бұрынғы технологияларға қарағанда, CDMA сымсыз технология болғандықтан, ауылды жерлердің мүмкіншіліктері көбейді. Оның үстіне бұл технология жылдан жылға өзгеріп келеді, өрлеу үстінде. Сапасы да арта береді деп ойлаймын, – дейді.
Ж.Жаманбаланов атап өткендей, бұл жобаның өршіл сипаты, яғни ұсынылып отырған WLL CDMA технологиясы ауылды жерлерде толық телефондандыру мәселесін барынша жылдам шешуге негізделген.
– Аталмыш технология елді мекендер үшін шығыны жағынан болсын, жобаны іске асыру мерзімі, сонымен қатар оны пайдаланудың келешегі жағынан болсын барынша оңтайлы, – дейді Жексембай Жаманбаланов.
– CDMA (Code Dіvіsіon Multіple Access) стандарты сандық болып табылады. 450МГц диапазонындағы жиілік жолағын қолданады. CDMA-450 базалық станциясының ауылдық жерлердегі қамту аймағы 25-35 шақырымды құрайды. CDMA-800 қалалық жерде 10 шақырымды қамтиды. CDMA-450 станциясы 900 абонентке дейін, ал CDMA-800 2000 абонентке дейін қызмет көрсете алады, – деді.
Айтқандай, Алматы облысының байланысшылары CDMA-450 базалық станциясының жабу аумағы 25-30 шақырымға есептелгеніне қарамастан, кейбір жерлерде сымсыз байланыс 60-70 шақырымға дейін ұстап тұрғандығын осыдан екі жыл бұрын қуана мәлімдегені еске түседі.
Осы арада аймақтарды телефондандыру 2008 жылы аса белсенді жүргенін айта кетуге болар еді. Сол жылы Алматы облыстық телекоммуникациялар дирекциясы облыс ауданының елді мекендерін қамтитын 39 базалық станция орнатқанын кезінде баяндаған едік.
Бұл бастама өткен жылы да игі жалғасын тапқан. Бұл туралы Алматы ОТД бас директоры Жексембай Мейрамбаев мәлімдеп:
– Өткен жылы Алакөл, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарында, Қапшағай қаласында WLL CDMA 450-дің 11 базалық станциясы және Талғар, Қарасай аудандарында, Қапшағай қаласында WLL CDMA 800-дің 3 базалық станциясы орнатылды, – деп атап өтті.
Қысқасы, 2007 жылдан бері жалпы Алматы облысында сымсыз радиоқатынау арқылы ауылдық телекомуникация желісін дамыту және жаңғырту жобасы арқылы облыстың 75 пайыз ауылдық елді мекендерін қамтыған CDMA-450 стандартты 50 базалық станция және Талдықорған, Қапшағай, Талғар, Қаскелең қалаларында 6 мың абонентті қамтыған CDMA-800 стандартты 3 станция пайдалануға берілген.
Алдағы уақытта да халықтың телекоммуникациялық қызмет түрлеріне деген сұранысын қанағаттандырып, байланыс сапасын жақсартып, пайдалану шығындарын азайту мақсатында – WLL CDMA сымсыз радиоқатынау желісінің қолданыстағы сыйымдылығын кеңейту мен 21 жаңа базалық станция орнату көзделініп отыр. CDMA сымсыз байланысының құрал-жабдықтарын Байланысты халықаралық стандарттау жөніндегі ұйымы үшінші буынның желісін құрудағы ең болашағы зор технология ретінде ұсынады.
CDMA технологиясын пайдалана отырып, ауылдарды сымсыз желілерге жалғау “Қазақтелекомның” өзіне де тиімді екендігін айта кетелік. Бұл технология әрбір абоненттің үйіне дейін сым жалғап, бағана орнатпай-ақ байланыс желісіне жалғауға мүмкіндік беріп отыр.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы облысы, Қарасай ауданы.