“ЭКСПО – Шанхай-2010” Дүниежүзілік көрмесін қызықтаушылардың көңілін арбап, көз құмарын қандырған Қазақстан жетістіктері көрме мазмұнын байытуда.
Жай көрме емес. Жаһан жүрегі лүпілдеп шыдамсыздана күткен керемет көрме. Міне, Шанхайдың шырайын ашқанына да айдан сәл асыпты. Ағылған жұрт нөпірі. Қиыр-қияннан да қимасын аңсап келгендей туристердің жол шығынына едәуір жеңілдіктер жасалыпты. Қайткенде де Шанхайға жан баласын мейлінше көп жұмылдыру діттелген. Көрмені жарты жыл ішінде 100 миллионнан астам адам тамашаламақ. Қазақстан да молынан дәмелі, 8 миллиондай адамға қызмет етпек.
Ұқсастық па әлде ұлы істердің өзегінде ұлағат дәні сәтімен ұрықтанып жататындай ма, сірә! Ұрымталы солай болған, бәлкім. Есілдің сол жағалауындағы Астанадай ажарлы боп, Хуанпу өзенінің сол иінінде Қазақстанның ұлттық павильоны көркейіп, көсіліп жайғасқан. Есіл мен Хуанпу толқындары кезектесе қақпақылдап тулатқан Қазақстан туы, мұнда да асқақ желбірейді. Жанарды суырғанда, “Өз елім-ау, өрелі!” деп толғанып, жүректі шым еткізер... Ал сырт көз тамсанып, таңырқап жатқанда “Басқа қонған бақ құсы жер талғамай ұша берсінші” – деген ақ тілек кеудені ысытады.
Жақсыны көрмекке ықылас күшейген. Бастапқы бір ай ішінде, алғашында күніне 2 мыңдай адам, орта шенінде 3-4 мыңдай кісі келіп, ал маусым туғалы бері бұл сан 4,5 мың адамға көбейген. Осы қарқын сақталса, көрме аяқталатын 31 қазанда 8 миллиондай қызықтаушының есебі тіркелмек екен. Бұл – Қазақ елі үшін зор абырой.
Бірқатар Қазақстан делегациясы арнайы сапармен келіп, ұлттық павильонды өздерінің қытайлық әріптестерімен бірлесіп тамашалады. Мысалы, төраға Ә.Шаяхметов бастаған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Е.Нығматулиннің жетекшілігімен Парламент Сенатының, Р.Сәрсенбаева бастаған Қазақстан әйелдері делегацияларының ұлттық экспозициялар жөніндегі пікірі өте жоғары. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерден 28 өкіл, Ресей Мемлекеттік думасы коммунистер фракциясының жетекшісі Г.Зюгановтың арнайы тобы Қазақстанның ұлттық павильонында болып, тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі жетістігімен және болашақ көкжиегімен танысты. Қазақ елінің қала салу, оның адам игілігіне ыңғайлы да сапалы қызмет ету мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
– Құрылысшы болғандықтан, Қазақстанның құрылыс индустриясының әу-жайын байқамақ едім, – дейді Уан Ши Ми. – Әбден тәнті етті. Заманауи технологиялар мен жабдықтардың кейбірі өзіме таңсық. Ондай мүмкіндіктерсіз күшті мемлекеттің жаңа астанасын жайнатып салу түске кірмейтін іс қой. Көрменің ғибраты мол. Ойлантады. Мамандығыңды жетілдіруге септеседі.
Шанхайлық тұрғын Литя Шмо Минзяның зор әсерге бөленгені жымиған жүзінен сезілетіндей. Оны Астана мен Алматы қалаларының ірі мегаполиске айналу сатылары қызықтырады екен. Әрине, Шанхайдың даму жолы ерен. Әлемнің үшінші шаһары болып есептелетіндіктен, оның иығына түскен жүк зіл-батпан. “Тамаша қала – тамаша өмір” қағидаттары бұл қалаға соншалықты тән. Астанаға да сондай құтты қадам тілейміз, деді ол жүрекжарды сөзінде.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, “Қазақ әуендері” АҚ “Қазақконцерт” өнер ұжымының директоры Алтынбек Қоразбаевтың көрме аймақтарын аралағандағы әсері де шексіз екен.
– Мен мұнда қала өмірін жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде инновацияны пайдалану, экологияны сақтау секілді мәселелерге қатысты жобаларға ден қойдым, – деді өнер иесі. – Бұл саладағы үрдісті істеріміз сапаланбақ екен. Алматының экологиясы алаңдататындықтан да шығар, өзге мемлекеттердің павильондарына бас сұқтым. Сондағы түйгенім – бәрі адамның пиғылы мен ықыласына келіп тіреледі екен.
Ертең, 5 маусымда “ЭКСПО – Шанхай-2010” Дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық күні аталып өтеді. Демек, тәуелсіз Қазақстанға жалпақ жұрттың назары айрықша ауатын болады. Өрелі елің болса, халқының өркені өсер! Ләйім, жасампаздыққа жазсын!
Қайсар ӘЛІМ – Шанхайдан.