ЕРКІН ІБІТАНОВ ЖАЙЛЫ СЫР
Қаламгер үшін оқырманның ықыласына бөленуден артық дәреже жоқ. Одан артық сыйлық жоқ. Өйткені, олар кімнің жырын ұнатса – сол ақын. Оқырмандар ешқашан алданбайды. Оқырманды сендіру, оқырманды көндіру дүниедегі ең қиын шаруа. Кейде ағайынның сөз құрағанына көңілжықпастықпен қолдарын соға салатын кездер болады. Бірақ, көпшілік бәрібір ішін бермейді. Өлең деп оқыған шығармасы жүрегін жылытпаса не істей аласыз?!
Бұл туралы айта отырып, нағыз ақынның кім екенін салыстырмалы түрде танисың. Қазақ өлеңінің есігін ашып кірген Еркін Ібітановты жерлестері де, жерлес еместері де кезінде ақын деп қабылдады. Ол құраған жырдың не сиқыры бар екенін қалың бұқара талдап бере алмас, алайда оның шығармаларын өз сөздеріндей тұшынып, жыр иесімен бірге күбірледі. Қаламгердің жұлдызды сәттері 60-шы жылдары ерекше жайнаған. Жиырмаға жетпеген тау баласының тас түйіндей болып шымыр орындалған “Қойшылар” поэмасы жыр сүйер қауымды өзіне жалт қаратты.
Себебі, “Қойшылар” поэмасы – қойшылар туралы жазылған шығарма емес. Қазақтың ұлттық өмірін сыр ғып шерткен үлкен толғаныс. Төрт түлік малды кәсіп еткен елдің кешегісі мен бүгінгісін көз алдыңызға елестетіп отырып ой түйеді. Ата, әке, бала деп аталатын үш ұрпақтың сипатын ақындық шеберлікпен бейнелейді. Мәселе ақынның таңдап алған тақырыбында тұрған жоқ. Автор оны көптің көңілінен шығатындай етіп толқын-толқын ырғақпен орындаған. Поэмадағы шумақтар, қиыннан қиысқан тіркестер қай жағынан қарасаң да жасандылықтан ада. Бәрі жүректің табиғи үніндей болып құлаққа құйылады. Мұндай шеберлік – сирек кездесетін шеберлік. Соған қалың елдің көзі жетіп, құшырлана қол соқты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін поэмадан шумақтар оқып көрелік:
Ол менің үлкен атам, қайран бабам!
Жотасында билеуші тайраңдаған.
Сөйтіп жүріп бейшара, қараңызшы,
Мендей ұрпақ қалдырды (қайран қалам!),
– деп қыжалатқа түскен, қыспаққа ұрынған бабалар толқынының ортақ бейнесін көз алдымызға келтіреді.
Ал, одан кейінгі ұрпақ қандай болды? Ақынның оған да жауабы дайын. Әкесі енді басқа кезеңнің, басқа заманның адамына айналды. Бірақ “ата көріп, оқ жонғанын” тастаған жоқ. Шопан атанды. “Шопан деген қойшы емес жалбыр тонды, Оранғаны жаңа заң, жаңа шапан”. Сонымен қатар, ол әке Ұлы Отан соғысына қатысып адамзатты фашизмнен қорғаған жеңімпаз солдат. Кеудесінде “күледі орден деген”.
Орден! Орден! Ол жайлы сырды ақтырып,
Достарыма қоямын бір мақтанып.
Айна алдынан өтемін олай-бұлай,
Оңашада кеудеме ұрлап тағып...
Өзім айтам (тыңдаған куәсі өзім),
Сен де батыр боласың, шыда сезім!
Сен де әкеңдей орденді көп аласың,
Алма бірақ ана бір протезін...
Поэманың соңғы бөлімі “Өзім” деп аталады. “Минут сайын есейген алыптаймын” деп толғанады мұнда шығарманың кейіпкері.
Бұрғы ұстаған газеттен кен шеберін,
Көрдіңдер деп әрине мен сенемін.
Мен жасаған ұжымақ осы деп біл,
Зәулім үйлер көтерсе еңселерін.
Мен қойшымын! Мал сырын жастан ұқтым,
Дей алмаймын өмірден бос қалыппын.
Әкем сатып әперген топылимен,
Шаңын сүртіп жүргем жоқ асфальттің...
Біздің қазақ қой десе бала жастан,
Ішкен асын тастай сап араласқан.
Эстафета таяғын – қойшылықтың
Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан...
Мынаны дұрыстап ұғып алған жөн. Ақын поэмада қазақ баласына оқыма, тоқыма, тек қана қой бағып өт, мал соңында салпақтап тіршілік ет, қойшылықты ғана арманда деп отырған жоқ. Өзгерудің, өркендеудің қандай дамуларын басыңнан өткізсең де, атадан қалған кәсіптің қадіріне жет, пайдасын көр, соның киесін сезін деп кеудесіндегі толғаныстарды жырмен көмкеріп келешекке аманаттаған сияқты. Солай болып көрінеді. Астарындағы сырды ұқсаң бүгінгі ұрпаққа да көп нәрсені айтып, ескертіп кеткендей.
Поэманың ең басты құндылығы, автордың нені қозғап, нені таңдағанында емес, ақынның ақындығын таныта алған ерекшелігінде. Сөз маржанын теретін шебер қандай тақырыпты сөз етсе де, ол құлпырып шыға келеді екен. Ел Еркін Ібітановтан осыны байқады.
Сол кездегі әдебиетті зерттеген оқымыстылар жас ақынға зор сенім артып, лебіздерін арнады. Сөйтіп, “Қойшылар” поэмасы әдебиет оқулығына қазақ поэзиясының таңдаулы шығармасының бірі ретінде енді. Іле-шала “Қойшылар” деп аталған жыр жинағы жарық көрді. Ол қолдан қолға ауысып, кітап сөресінде тұрмай қалың жұртты аралап кетті. “Қойшылар” поэмасын жатқа айтатын талантқа табынушылар пайда болды. Ақын үшін бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?! Еркін Ібітановке сондай ғажап дәуренді бастан кешіру несібелері бұйырған еді.
Қызығы сол, асау өзендей арқыраған жыр перзенті Ерекең өмір бойы ауылда тұрды. Мұқағали ағасының: “Сен де кеттің, Ол да кетті ауылдан. Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан”, деген сөзінің парқына шынымен жетті. Тау мінезінен арылмай өмір сүрді. Жұлдыздармен сырласты, шың-құздармен мұңдасты. Бірақ ол астанадан алыс жүрдім деп арзандыққа бой ұрмады. Тіпті аудандық газетке жариялаған өлеңдерінің өзі кесектігімен, келісті өрнегімен, буырқанған арынымен адамдарды баурап жатты.
Бір бастың қалқасында,
Бір бастар таса қалған.
Бір бастың арқасында,
Бір бастың шашы ағарған.
Кей бастар мықты мүлде,
Кетпектей ойлары бар.
Кей бастың түкпірінде,
Тай-тулақ, қойлары бар.
Бастың да оңдысы бар,
Бастың да сорлысы бар.
Байқаңыз, кей бастардың,
Ішінде бомбысы бар! –
деген теңеулер қандай жүйелі?! Сол арқылы терең философиялық ойлар қозғады. Бес күндік тірліктегі пенделік пен кенделіктің салмағын көңіл таразысына салып сараптады. Айтқанда оны жадағай уағыз қылып айтқан жоқ, жүрегіңді шымырлататын өлең етіп жаның мен қаныңа шым-шымдап сіңірді. Бұлай сөйлеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Еркіннің ерекшелігі де сонда.
Тағы бір мысалға жүгінейік. Туған күнді өлеңіне арқау етпеген ақын жоқ. Ол жайында небір тіркестерді кездестіруге болады. Шетінен әдемі. Сөйте тұра, ең маңызды бір нәрсе тіл ұшынан қағазға түспей қала береді. Ол не? Не екенін сезіп тұрып біз де айта алмаймыз. Тебіреніп тұрған қаламгер де айта алмайды. Мықты болсаң тауып көр. Ал, Ерекең соны тапты. “Ұлыма” деген өлеңін былай түйіндейді:
Өміріңнің алда талай кеші бар,
Туған күнді жылда тойла, несі бар?!
Бірақ та сен, дәл сол күні шешеңнің,
Толғатқанда жылағанын есіңе ал,
Толғатқанда жылағанын есіңе ал!
Мұны түптеп түсіндіретін түгі жоқ. Анаға бас июдің барлық себебін бір-ақ шумаққа сыйдырған. Және осындай сурет басқа еш жерде кездеспегені анық қой. Әрине, анық.
Ерекең Нарынқол аудандық “Советтік шекара” газетінде қызмет істеген жылдары бұл басылымның беделі ерекше көтерілді. Оның “Әдебиет бетін” оқырмандар асыға күтті. Себебі, онда күлді-бадам дүниелерге орын болмады. Ібітановтың сесі де, десі де шимайшыларды ықтырып отырды. Нәтижесінде шалғай аудандағы тоқымдай газет Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқаев, Жанболат Аупбаев секілді небір мықтылардың тұсауын кесті. Тәлімгерлік дәстүрі одан әрі де жалғасты. “Ерекеңнің шекпенінен шықтық” дейтін бірқауым шоғырдың қалыптасқаны да өмірдің шындығы.
– Сенсең де. Сенбесең де өзің біл, мен аудандық газетте Мұқағали ағама сәт сапар тілеген адаммын, – деді бірде. Оны қалжыңды қатырып айтатын ақын ағаның кезекті әзіліне балап, е дедім де қойдым. Кейін республикалық Кітап палатасының мұрағатынан “Советтік шекараның” көне тігінділерін ақтарып отырып бәрін де көрдім. Ақын ағам бүкпесіз шындығын айтқан екен.
Нарынқолға атбасын тіреген ақын-жазушылар Еркін ағамызға бұрылмай өтпейтін. Көбі арнайы келіп сәлем беретін. Оспанхан Әубәкіров, Тоқаш Бердияров ол үйдің өз тұрғынындай еді. Сейфолла Оспанов туған бауырындай болды. Кеңшілік Мырзабековтер інісіндей еркеледі. Бірде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Әбіш Кекілбаев арнаулы бригаданы ертіп ауданға келді. Үлкен қонақты жергілікті билік Кеген асуынан қарсы алып, қоғадай жапырылды. Бірақ Әбіш ағамыз қонақ үйді қоя тұрды. Еркіннің қоңырқай шаңырағының төріне барып жайғасты. Сол күні не болды дейсіздер ғой? Сол күні аудан бастықтары Ерекеңнің үйінің отымен кіріп, күлімен шықты.
Мұны неге айтып отырмыз? Мұны айтып отырған себебіміз, Еркіннің ақындық беделінің бір қырын сіздерге дәлел етіп көрсету еді. Ақында не бар? Ақында өлеңнен басқа ештеме жоқ. Сондықтан ондай адамға ешкімнің күні қарамайды, ешкімнің ісі түспейді. Сонда неге бұлай? Енді ойлап қарасақ, олар асыл сөздің иесін ардақ тұтып іздегені екен. Бұл – ақынға көрсетілген елдің құрметі екен.
Ақынның жерлестері Мұқағали мен Еркінді егіздің сыңарындай көрді. Себебі, екі ақын бір ауылда – Қарасазда дүниеге келді. Олар сонда өсті, сонда ержетті. Өздері бір жағынан аталас туыстар. Бала кездерінен қатарласып өлең жазды. Бірін-бірі демеді, бірін-бірі қамшылады. Шалғайдағы Қарасазда отырып-ақ олар ауыл кітапханасын тауысты, әлем классиктерін оқуға ауысты. Орыс тілін ана тіліндей меңгерді. Кейін Мұқаң Алматыға кетті. Ерекең ауылда тұрақтады. Екі ірі таланттың бір жерде өсуі, биіктерге бірге самғауы сирек кездесетін құбылыс.
– Мұқағали ағам дүниеден озғалы он жыл болды. Ол кісіге арналған өлеңдер баспасөзде аз жарияланған жоқ. Ал мен жаза алмадым. Сол үшін кейде жұрттан ұялады екенсің. Шындығын айтсам, маған бір дауыс естіледі, естілгенмен жақындамайды. Біржолата жоғалып та кетпейді. Сол үнді сол күйінде қағазға түсірсем деп армандаймын. Мазасыз күй кешетінім сондықтан. Құдайдың құдіреті, жақында Мұқағали туралы шығармаға түйін болатын бір шумақ ойыма оралды. Сірә, көкейдегі нәрсенің пісіп-жетілгені шығар, – деді. Расында солай екен. Бір айдың ішінде Мұқағали бейнесін сомдаған “Хантәңірі, қайдасың?!” деген ірі дастан қағазға түсті. Іле-шала “Жазушы” баспасынан ол кітап болып жарық көрді. Біздіңше, Мұқағалиға арналған көлемді дүниелердің ішіндегі ең сүбелісі осы ғой деп ойлаймыз.
– Тағдырыма разымын! “Хантәңірі, қайдасыңды” шолып шықтым. Ең бастысы, Мұқағали ағама жарқын жүзбен баратын секілдімін, – деп еді. Қайран аға, қыл үстінде жатса да сынған жоқ, қамыққан жоқ. Сол сәтте де тек өлең туралы ойлады. Ақындықтың, қайсарлықтың бұдан артық қандай үлгісі болмақ?!
Содан бері Хантәңірінің ұлы сілемі Мұзарттан бұлт арылмайтын болды дейді нарынқолдықтар.
Батық МӘЖИТҰЛЫ, “Мұқағали” журналының бас редакторы.