Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1958-1960 жылдардағы өмірі Украинаның Днепродзержинск қаласында өткені белгілі. Қазақстаннан барған 67 бозбала қатарында ол да осындағы металлургтер дайындайтын №8 техникалық училищеде оқыған. Бұл жылдар – қандай қиындық болса да қазақ баласы да қарсы тұрып, өзгелерден қалмай шыдайды және оны жеңіп шыға алады деп жас Нұрсұлтанның өзіне өзі намысты ерше серт беріп, шыңдалудан өткен жылдары еді. Ол мұнда құрыш балқытуды үйреніп қана қойған жоқ, шын мәнінде өзі де құрыштай болып шынықты.
Біз оқырмандарымызға Тұңғыш Президентіміздің осы алғашқы ауыр сыннан сүрінбей өткен жылдарына шолу жасап, құрыштың отаны – Днепродзержинск қаласы мен ондағы өмір туралы баяндап беру мақсатымен Украинаға сапар шеккен едік.
ДНЕПРОДЗЕРЖИНСКІДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДОСТАРЫ
Украинаға табанымыз тигеннен-ақ біз ерекше адами жылылыққа тап болдық. Қай жаққа қарасақ та, кездескендерден қандай жөн сұрасақ та адамдардың жылы қарым-қатынас жасап, көмек қолын созуға дайын тұрған елгезек ілтипатына ішпей-жемей риза болып, бір жақындықты сезіп тұрдық.
Таң алдындағы ұшақпен Киевтің халықаралық “Борисполь” әуежайына түскен бізді Қазақстанның Украинадағы елшілігінің тапсыруымен келген Женя деген жігіт қарсы алды. Ол да қолдан келген барлық жақсылығын жасап, қажетті көмектерін көрсетіп жатыр. Ауа райы Астанаға қарағанда анағұрлым жылы Киев бұл кезде жасыл желекке барынша малынып, жайқалып үлгеріпті.
Біз алдымен облыс орталығы – Днепропетровскіге ұшатын ұшаққа билет алдық. Днепродзержинск – осы облысқа қарайтын қала. 250 мыңға жуық тұрғыны бар ол біздегі облыс орталықтарының біріндей болғанымен, миллионнан артық халқы бар Днепропетровскіге қарағанда кішігірім ғана мекен. Бірақ “құрыштың отаны” деген атағы алысқа кеткен дүние жүзіне белгілі қала. Днепропетровск әуежайында бізді Василь Черномор деген украин жігіті өзінің мәшинесімен қарсы алды. Днепропетровск пен Днепродзержинск арасы 50 шақырымдай жер. Василь Черномор бізді С.Наливайка атындағы Аймақтық басқару институтына алып келді. Қонақүйге апармай бірден осында алып келгендігінің үлкен себебі бар болып шықты. Мұнда бізді осы институттың директоры Василий Швец пен Нұрсұлтан Назарбаевтың осында оқығанда күрестен жаттықтырушысы болған Лев Ежевский күтіп отыр екен. Бұл екеуі де Қазақстан десе елеңдесіп қалатын азаматтар болып шықты. Василий Швец 1996-2005 жылдары Днепродзержинск қаласының басшысы болған кісі. Нұрсұлтан Әбішұлын 2000 жылы Днепродзержинск қаласының 250 жылдық салтанатына келген сапарында қарсы алып, мәжілістес болған. Сол жолы ол Теміртау мен Днепродзержинск шаһарларының бауырлас қалалар болуы туралы ұсыныс жасап, оны Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен сол сапарда бірге болған Украина Президенті Л.Кучма қолдаған екен. Қазір ол осы қаладағы “Украина – Қазақстан” достық қоғамын” басқарады. Ал Л.Ежевский оның орынбасары. Жасы биыл 80-ге толатын бұл қартың Қазақстан десе ішкен асын жерге қоюға бар. Өзі біздің елде бірнеше рет болып, үлкен құрмет көргенін аузынан тастамай айтып отырды. Осы екі азамат та Қазақстан мен Украинаның арасындағы достық пен ынтымақтастықтың дамуына қосқан үлестері үшін екінші дәрежелі “Достық” орденімен наградталыпты. Сөйтіп, біз шүу дегеннен-ақ Днепродзержинск жерінде Қазақстанның достарымен кездесе кеттік.
Лев Рудольфович жас Нұрсұлтанның алғаш күрес залына қалай келгенінен бастап, біраз естеліктер айтты. Соның ішінде грек-рим күресінен 67 кг салмақта спорт шебері нормативін орындағанын да құлаққағыс етті.
Осы күні кешке біз қалабасының орынбасары Татьяна Завгородняямен де кездесіп, алдағы күндерде болатын кездесулер мен көргіміз келетін нысандар бойынша жоспарлар жасадық. Ертесіне қала басшысы Ярослав Корчевскийдің де қабылдауында болып, шаһардың бүгінгі тынысы туралы біршама ақпарат алдық. Біз өз қаламыздың “кадрлардың ұстаханасы” болғанын мақтан тұтамыз. Леонид Брежнев, Владимир Щербицкий, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты кадрлармен қалай мақтанбассың, деді ол. Оның айтуына қарағанда, кезінде КСРО-ның жылдық жалпы өнімінің 1 пайызын Днепродзержинск қаласы беріп тұрған екен.
Қалалық мұражайда “Наша дружба вечно” деген арнаулы экспозиция бар екен. Ол Елбасы Н.Назарбаевтың 2000 жылғы сапарына арналып жасалған, содан бері 10 жыл бойы оның экспонаттары Президенттің Украинадағы таныс-білістері тапсырған материалдармен, қазақстандық тартулармен байи түскен. Онда Н.Назарбаевтың осында оқығандығы, Қазақстанның қазіргі жетістіктері жайлы бірқатар материалдар да бар. Нұрсұлтан Әбішұлының досы Николай Литошконың Теміртаудан үйіне жазған хатының түпнұсқасы да осында тұр. Президентіміздің 1994 жылы Н.Литошкоға қолтаңбасымен сыйға тартқан “Без правых и левых” деген кітабы да қойылыпты.
Осы күні біз Днепродзержинск қаласының техникалық университетінде де болып, оның ректоры Александр Коробочкамен мәжілістес болдық. Бұл қаланың байырғы жоғары оқу орны екен, құрылғанына 85 жыл толыпты. Өзі қаладағы мемлекеттік жалғыз жоо. Бүгінгі күні оның 9 факультетінде 8 мыңға жуық студент оқып, 28 түрлі мамандық алатын көрінеді. Мұның да Елбасы Н.Назарбаевқа қатысты жері бар.
2007 жылдың мамыр айында Қазақстан мен Украинаның Білім және ғылым министрліктері арасында ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылған екен. Соны іске асыру үшін Жоғары оқу орындарының Н.Назарбаев атындағы еуразиялық консорциумы құрылыпты. Соның қаладағы орталығы осы университет. Н.Назарбаевтың атын алған соң біз де белсендірек қызмет істеуге тырысып жатырмыз. Ынтымақтастық бағдарламасы өте кең, соның ішінде студенттер алмасу, ғылыми әріптестіктер де бар, әсіресе, металлургия саласында ғылыми атақ қорғау ісі бойынша қазақстандықтар бізбен ынтымақтасуға өте мүдделі. Ал біз қазақстандық студенттердің бізге келіп, білім алғанын қалаймыз, деді ректор.
ҚЫРАН ҚАНАТ ҚАҚҚАН ҰЯ
Міне, осы қаланың металлургтер дайындайтын №8 кәсіптік-техникалық училищесіне алыстағы Қазақстаннан 1958 жылы 67 бозбала Теміртаудағы Қазақстан магниткасы атынан мамандық алуға келеді. Олар мұнда қыздыру пештерінің дәнекерлеушілері, құю кранының машинисі және домна пешінің горновойы мамандықтарын меңгереді. Солардың ішіндегі ең ауыры 1500 градустық пештің жанында жұмыс істейтін горновойлар еді. Жас Нұрсұлтан өзіне осы ең ауыр мамандықты таңдайды. Оқушылардың толық тізімі В.Базарянинов, Л.Ежевский және В.Жандәулетов жазған “Своими глазами” атты кітапта берілген. Біз оны қайталамай-ақ қоялық.
Тағдырдың жазуымен осы училищені бітіргендер арасынан атақты адамдар да молынан шықты. Кәсіптік училищелерге көбінесе жұмысшы кәсібіне маманданатындар ғана баратынын ескерсек, бұл да бір ерекшелік. Аталмыш кітапта “Контингент, направлявшийся на берега Днепра, был неодназначным. Тут и скромные ребята из чабанских семей, и те, кто успел отбыть срок в заключении за воровство или хулиганство” деп жазады. Солардың арасында, әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың жұлдызы ерекше жанып, бүгінгі күні ол бүкіл әлем аузына алып, қызығатын Мемлекет басшысы болып отыр. Одан басқа Мақсұт Нәрікбаевтың, Сатыбалды Ибрагимовтің, Мақаш Тәтімовтің, Қабиболла Сарекеновтің және басқалардың да есімдері белгілі, олар да тәуелсіз елімізге ерекше еңбек сіңіріп жүрген азаматтар. Осындай тұлғаларды шығарған бұл оқу орны осал болмағаны ғой деген оймен Днепродзержинскіге табанымыз тиген күннің ертеңіне оны тезірек көруге асықтық.
Пелин көшесіндегі үш қабатты ескілеу үйдің басқа ғимараттардан ешқандай ерекшелігі жоқ, бірақ сыртқы қабырғасына жасалған қоңыр түсті барельеф бірден көзге түседі. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мүсінделіп, астына 1958-1960 жылдары осында оқығандығы қазақ-украин тілдерінде жазылған. Осының өзі-ақ алыста жүрген қазақ баласына өзінің үйі алдынан шыққандай әсер қалдырады екен.
Нұрсұлтан Назарбаевтың барельеф түріндегі мүсіндік композициясын днепродзержинскілік кәсіпкер Олег Мороз өз қаражатына тұрғызыпты.
Училищеге кіргеннен-ақ біз алыстағы Днепрдің бойында жатқан шет мемлекетте емес, өзіміздің облыстардың біріндегі кәсіптік-техникалық оқу орындарында жүргендей әсер алдық. Өйткені, есіктен төрге дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың осында келген сәтінен түсірілген фотосуреттер ілініп қойылған. Бір бөлменің қабырғасында украин тілінде: “Компютерный клас подарував президент республіки Казахстан Н.Назарбаэв, листопад 2005 р”. деп жазылған. Бұл Елбасының 2005 жылғы сапарында сыйлыққа тартқан компьютерлік сыныбы екен. Тағы бір бөлмеде болашақ Президенттің осы кабинетте оқығаны туралы жазылған, ал екінші қатардағы партасына да осында отырғаны туралы украин тілінде: “За ціэю партою навчався в 1958-1960 роках Нурсултан Назарбаэв” деп жазып қойған. Оқушылар бұл партаға отыруға таласатын көрінеді.
Оқу орны музейінің де жартысынан көбін Н.Назарбаевтың осында оқыған жылдары, келген сапары туралы фото-бейне материалдар, Қазақстанның түрлі белгілері көрсетілген экспонаттар алған. Төмендегі спорт бөлмесінде де Қарағанды облысының әкімі кезінде Нұрлан Нығматулин сыйлаған теннис үстелдері тұр.
Сөйтіп, қайталап айтайық, бұл оқу орнында бөтен жерде емес, өзіміздің елімізде жүргендей болдық. Украиндардың қонақжайлығында да шек жоқ, біз осы қалада болған төрт күндегі түстігіміз де үнемі осының асханасында берілді. Бірінші күні бізден басқа да кәсіптік семинарға жиналған мұғалім-қонақтар болған еді, оларға бізді арнайы таныстырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың оқыған жерін арнайы көруге келген журналист деп ауыздарын толтырып айтты. Барлық ілтипаттан училище басшыларының Нұрсұлтан Назарбаевты “біздің адам” деп мақтан тұтатындары сезіліп тұрды. Оқу орны қазір жоғары кәсіптік училище деп аталады екен. Бұл атақ жоғары білім бергеніне емес, атының алысқа кетіп, атақты түлегінің арқасында абыройға бөленіп отырғанына берілсе керек... Училищенің директоры Вадим Неклеса Нұрсұлтан Назарбаевты 2000 және 2005 жылы осында қарсы алып, мәжілістес болғанын айта келіп: “Мен Нұрсұлтан Назарбаевты өз ісін мүлтіксіз білетін, алдына қойған мақсаты айқын адам ретінде таныдым. Оңаша қалған әңгімелердің бірінде ол өздеріндегі кәсіптік білім беру ісінің қожыраңқырап кеткенін, соны көтеру керектігін айтқан еді. Артынан бізге қазақстандық мамандар келіп, оқу-тәжірибелерімізді зерттеп кетті. Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін желге шашпайтын, айтқан нәрсесін дереу орындататын адам ретінде есте қалды. Тағы бір жағымды жәйт – үшінші қабаттан түсіп келе жатқан Президентті біздің училищенің оқушылары құрметпен қарсы алған. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы күзетшілердің, хаттамашылардың асықтырғанына қарамай, оқушылармен қатар тұрып суретке түсті. Балалар мәз болып, жүздері шаттанып қалды. Осының өзі Президенттің адами жылылығы мол, қарапайым мінезді адам екенін көрсетті. Сонымен бірге, оның кәсіптік училищеде оқығанын жасырмайтындығы, керісінше, онымен мақтанатыны бізге қатты ұнайды. Ал кейбір түлектеріміз қолы бірдеңеге жетсе өздерінің осында оқығандарын айтқысы келмей, одан “ұялып” жатқанын көріп, налып қаламыз”, – деді.
Елбасы Н.Назарбаевтың оқу орнына келген сапарларының бәрінде бұрынғы мұғалимасы Нина Быковская мен оның кабинетіне ие болып қалған ізбасар-әріптесі Татьяна Атаманюк те қарсы алған екен. Жас Нұрсұлтан отырған парта да осы кабинетте тұр. Біз Татьяна Яковлевнамен де ұзақ әңгімелесіп, оның Президент Н.Назарбаевпен кездесуден алған әсерлерін білдік. “1994 жылы алғаш рет келетінін естігенде қатты жүрексіндік. Оқу орнымыз ұнамай қала ма, көңілінен шықпай қаламыз ба деген ой бәрімізді де мазалады. Ол кезде облыс басшысы П.Лазаренко еді, оның әкімшілігінен күн сайын дерлік шапқыншылар келіп, дайындығымызды көріп, жұмысымызды тексеріп, дігерлеп кетеді.
Біз сынып бөлмесін жас Нұрсұлтан оқыған кезге барынша жақындатып, жасандырып қоюға тырыстық. Бұл істерде бізге сол кезде оқыған түлектеріміз, ескі мұғалімдеріміз көп көмек көрсетті. Тіпті қабырғадағы суреттерді де сол кезге үйлестірдік. Сонымен... күткен күн де жетіп, үлкен кісі өзіне еріп жүрген көптеген басшылармен, журналистермен бірге сыныбымызға кірді. Сол сәт менің есімде мәңгі қалды. Осы жерде атынан ат үркетін Назарбаев бір сәт балалық, жастық дәуренін, қимас күндерін есіне алып, жүзі бал-бұл жанған күйі өзінің партасына келіп отырды. Сосын өзін бір сәт оңаша қалдыруды сұрады. Сыныпта менен басқа екі-үш кісі ғана қалдық. Ол алақанымен партасын сипап, сол бозбала шағындағы атмосфераға енгендей болды. Осы сәтте оның көзі боталап кеткенін анық көрдім. Қолы да дірілдегендей болды. Үлкен адамның бір сәттік қатты толғанысы маған да беріліп, өзімнің де босап кеткенімді сездім. Осы бір қылықтардан-ақ оның адами қасиетін, барынша жұмсақ, қарапайым келбетін көрдім. Әрине, сол сәттегі әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын.
Мен әрқашанда өзімнің оқушыларыма сіздердің Мемлекет басшыларыңызды үлгі қылып отырамын. Тіпті президент болмасаңдар да сендер де түзу жолмен жүру керек екендеріңді ұмытпаңдар, ертең сендер де үлкен адам болуларың ғажап емес деймін мен.
2000 жылы келгенде Нұрсұлтан Әбішұлының жанында бұрын бірге оқыған бірнеше жолдастары болды. Самайларына ақ кірген, байсалды кісілер өздерінің жастық шақтарын еске алып, бұрынғы орындарына отырып, өткенді еске алды. Кездесу кезінде бір оқушы Нұрсұлтан Әбішұлынан: “Сіздер де көп қыдырушы ма едіңіздер, араларыңызда тәртіп бұзушылар болды ма?” – дегенде ол өзінің жолдастарына қарап, ал енді мен сендердің қылықтарыңды айтып берейін деп алды да, олардың түні бойы қыдырып, жатақханаға кіре алмайтынын, ал өзі оларды екінші қабаттан жамылғымен тартып алатынын айтып, бәрімізді күлдірген еді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен тағдырдың кездестіргенін әрқашанда мақтан тұтамын, оның маған өз қолымен “бақыт тілеймін” деп жазып берген кітабын үйімдегі ең асыл қазынам деп білемін”, – деді Татьяна Яковлевна.
Оқу орнының мұражайын да армансыз араладық, онда училищенің тарихы туралы біраз мәліметтер берілгенімен, негізінен, жоғарыда айтқанымыздай, ол Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Осында училищенің 1925 жылы құрылғаны, түлектер қатарынан 8 адамның Кеңес Одағының Батыры, 4 адамның Социалистік Еңбек Ері болғаны да көрсетіліпті.
Құрметті адамдарға арналған кітапта ең бірінші болып Нұрсұлтан Әбішұлының 1994 жылғы 21 қаңтарда келгенде өз қолымен жазған қолтаңбасы тұр. Онда: “Бүгін мен өзімнің бозбала шағыма қайта оралып тұрмын. Содан бері 34 жыл өткеніне қарамай, бәрі де бүгінгідей есіме келді.
ТУ-8 – менің өмірімнің өзегі. Осында оқыған жылдарымды мен ешқашан да ұмытпаймын. Нақ осы жерде менің кейін қол жеткізген табыстарымның негізі қаланды.
Барлық мұғалімдерге, шеберіміз Д.Погореловқа (жатқан жері жайлы болсын) үлкен алғысымды білдіріп, бас иемін. Барлық днепродзержинскіліктерге берген білімдері, мейірімдері мен ықыластары үшін үлкен рахмет айтамын. Барлығыңызға да баянды тұрмыс, сабыр және жарқын болашақ тілеймін. Бұрынғы ортақ Отанымыз – КСРО-дағы халықтарымыздың арасында болған ең үлкен құндылығымыз – достығымыздың сақталуын тілеймін”, деп қол қойған екен.
Биыл бұл оқу орны өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтпекші, ол датаға да өздерінің түлектері Нұрсұлтан Назарбаевты шақырмақ ойлары бар көрінеді.
Осында біз жас Нұрсұлтанның бұрынғы оқытушысы Нина Быковскаямен де кездесіп, әңгімелестік. Горновойларды халық “отпен алысатын кәсіптің адамдары” дейді. Мен тәжірибе өткізу үшін оқушыларды зауытқа апарғанымда олар домна пешін “аждаһаның аузы” десетін. Нұрсұлтан осы пештің қасында жұмыс істейтін горновойлықты таңдап алды. Сол кездің өзінде-ақ ол ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді емес, қиыншылықтан қашпайтын қайсар адам болатынын көрсеткен. Біздің училищеде топтың старостасының рөлі зор. Қазақтарға староста етіп кімді тағайындаймыз дегенде мұғалімдердің бәрі де Нұрсұлтанды айтқаны есімде.
Сабақты қалай оқығаны туралы айтатын болсам, Президент болған соң сіз Назарбаевты мақтай бересіз ғой деген ой тууы мүмкін. Ал мен оны ешқашан артық мақтаған емеспін, әрқашанда шындықты айтамын. Ол сабақ түсіндіргенде тапжылмай тыңдап отыратын және сол кезде орнынан тұрғызып сұрасаң, өзіңнің айтқандарыңды бір сөзін өзгертпестен қайталап айтып беретін. Ол ешқандай көтермелеусіз, шын мәнінде үздік оқушы болды. Өзінің өте жауапты, тапсырған нәрсеге барынша мұқият болғанын да айтуға тиіспін. Мен онымен бір сөйлескенде: “Бізді мұнда ойнау үшін емес, мамандықты меңгеріңдер деп жіберді ғой, ал біз түк білмей барсақ ұят қой”, дегені есімде. Шебері Дмитрий Погорелов та оны мақтап отыратын, практикаға апарғанда басқалар жылы жерге тығылуды көздеп жүргенде Нұрсұлтан ғана бәрін көруге, бәрін үйренуге тырысады дейтін ол.
Жас Нұрсұлтанның үлкен ұйымдастырушы болғанын да білеміз. Ол ұйымдастырған концерт, би кештерінде қазақ, украин, орыс, татар және т.б. ұлттардың әндері шырқалатын. Тағы бір эпизод есіме түсіп тұр. Бірде емтихан алып жатқанмын, Нұрсұлтан староста ретінде есік алдында бақылап жүрген. Бір оқушы менің қойған бағама келіспей, таласып қалды. “Үшке” наразы болған ол маған біраз өкпесін айтты. Күз кезі еді, емтихан алуды кешкі 6-лар шамасында аяқтап далаға шықсам, әлгі бала маған қарай жүгіріп келеді. Шынымды айтсам, қорқып кеттім. Әйтеуір қолында ештеңе жоқ екен. Алқынып жеткен ол менен кешірім сұрап, өзінің қателескенін айтты. Сөйтсе... мен кеткен соң оған Нұрсұлтан қатты ұрсып, кешірім сұрата жіберіпті.
Нұрсұлтан Әбішұлы бізге келген үш сапарында да мені қарсы алушылар қатарына қосты. Маған естен кетпейтін жақсы естелік-сыйлықтар жасады. Бізді ұмытпай, ардақтап жүргеніне қатты тәнтімін. 2008 жылы Қазақстанның Украинадағы жылына келген Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Н.Нығматулин де Президенттің атынан құрмет көрсетті. Осындай шәкіртің болғанына қалай мақтанбассың?! – деді Н.Быковская.
“ТИКАЕМ, ТИКАЕМ, ГРАФИТ!”
Жас Нұрсұлтанның кәсіптік-техникалық училищеге барғаны несі екен, тіпті романтикалық әсермен барып қалған күннің өзінде артынан металлург болып, ыстығы 1500 градусқа тең пештің жанында тұрмай, басқа салаға ауысып кетуіне болатын еді ғой. Нұрсұлтанмен бірге оқыған Тельман Спаевтың айтуына қарағанда, Днепродзержинскіге барып мамандық алған сол 67 жастың 18-і ғана Теміртау магниткасында қалыпты (Т.Спаев., “Он в будущем”. Шымкент, 2004 г. с.49). Оларды оқытқан пұлымызды ақтайсыңдар деп те ешкім зорламаған. Ендеше, жас Нұрсұлтанның “отпен арпалысқан” кәсіпті қалаған себебі не екен, металлург мамандығы кәделі жасты не сыйқырымен арбауы мүмкін деген ойлар туушы еді кейде бізде. Осы себепті Елбасының алғаш рет “аждаһаның аузына” жақындаған сәті – Днепродзержинскінің металлургия зауытын көргіміз келді де тұрды.
20 мың адамға жуық халық еңбек ететін алып кәсіпорын түтіні будақтап, қазаны қайнап, темір жолдары тарсылдап... гүрілдеп... дүрілдеп... айқайлап... өзіндік бір әлем болып шалқып жатыр. Бізді зауыттың ішінен шыққан арнайы адам, инженер Татьяна Карпенко мен домна пешінің аға шебері Юрий Ковальчук бастап жүрді. Училище өзінің аға шебері Сергей Жаданды да қосып берген. Ұзын-ұзын сорайған тұрбалардан тұратын арандардың арасындағы тар жолдармен жүріп келеміз. Сөйлескенде дауысыңды көтеріп сөйлемесең, тынымсыз гүрілден түк естілмейді. Бір биік ғимаратқа кірдік, осының жоғары қабатына дейін көтеріліп, сол жерден құю процесін көрсетеміз десті. Басымызға каска берілгенімен, үстімізге халат берілген жоқ, сондықтан шаң-топырақтан көрінбейтін баспалдақтармен ышқына басып, көтеріліп келеміз. Жоғарыдағы 7-8 қабаттың бірінде орналасқан басқару пультіне жеттік. Ондағылар шығарылымның (пештің ішінен құйылатын өнім) 40 минөттен кейін ғана дайын болатынын айтты. Тек құю формаларын көрулеріңізге болады десті.
Сонымен, Нұрсұлтан Назарбаев өндірістік тәжірибеден өтті деген 12-ші домна пешінің жанына келдік. Бес горновой, бір газовщик, бір су құюшы және шебер тұрып, пештің ішінен шыққан сұйық шойынды қабылдайды. Шойынның температурасы 1500 градусқа жетеді, құрыштікі одан да жоғары. Бір уақ шойынның қалай балқып жатқанын арнаулы көз арқылы қара шынымен көрдік. Қып-қызыл, сұйық темір тулап жатыр, ыстықтығы мың градустан артық. Қарап тұрудың өзі қорқынышты. Оны алғаш көрген кейбір балалардың есінен танып құлауы да заңды сияқты.
Біз тұрған жердің температурасы да 50-60 градустай, ыстық моншаның ішінде жүргендейсің. Сондықтан әңгімені тезірек аяқтап, сыртқа шығуға асықтық. Биікте, көлденең тартылған шытырманды темір басқышпен келе жатыр едік, күнге жылт-жылт еткен бір қалың қара шаң ұшты. Жанымдағылар “тикаем, тикаем, графит!” десті. Кәдімгі қарындаш жасайтын графит кейде осындай шаң ұшқыны болып шашылады екен. Әрине, тыныс арқылы өкпеге қонса, қара шаңның аман қалдырмасы белгілі. Біздің жанымыздағылардың асықтыру себебі сол екен. Бірақ бір жолы құтылса да үнемі ұшып тұрған ондай зат өкпеге жетпей қоймайды-ау...
Сөйтіп, біз мың градус болып құрыш қайнап жатқан жерде оның жанында тұрып, одан да ыстық намыспен: мен сені қандай болсаң да бағындырамын деп өзіне өзі серт берген қазақтың қайсар азаматы тұрған 12-ші домна пешін де көрдік...
ЖАҚСЫҒА ЖАҚЫН КӨП
Днепродзержинск металлургия зауытының спорт кешені “Дзержинка” деп аталады. Оған бізді Лев Ежевский ақсақалдың өзі бастап апарды. Екі қабатты ғана ескі ғимарат, 60-жылдары қандай болса, қазір де сол қалпында. Қазіргі кездегідей кең тынысты, алып спорт кешені емес, атағы жер жарған зауыттың дүниесі болса да қарапайым ғана халі бар екен. Кейін жанына қосалқы ғимарат салыныпты, “Дзержинкаға” сол арқылы өтесің. Қосалқы ғимараттың фойесінде атақты спортшыларының фотосуреттері ілініп, астына қол жеткізген табыстары жазылып қойыпты. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті де тұр, астына: “Горновой доменного цеха ДМК. Призер первенства Украины и области по классической борьбе. Мастер спорта. Тренер Ежевский Л.Р.” деген сөздер жазылған.
Жас Нұрсұлтанның жүрген қадамын көзге елестету мақсатымен екі қабатты спортзалдың ішіне ендік. Алдымен шешінетін бөлмеден өттік, одан әрі жаттығу залдары басталды. Күрес залы екінші қабатқа орналасқан, ол үлкен залдың жартысын ғана алып тұр. Ар жағында ауыр атлетшілер жаттығатын көрінеді. Ал кіреберістің оң жағында гимнасшылар айналысады екен.
Біз жоғарыда Николай Литошконың үйі қаланың Романково селосы болған тұсында екенін айтқан едік. Қазір қаланың осы кентін де сол селоның атымен атайды екен. Мікола Литошкомен дос болған бала Нұрсұлтан оның осы аудандағы үйіне жиі барып тұрғанын, оның Ольга деген апасын ұнатып та қалғанын, ал анасы Екатерина Карповна Нұрсұлтанды екінші ұлындай көріп кеткенін Нұрекең өзінің “Без правых и левых” кітабында, В.Базарянинов пен Н.Цыганок “Предсказание” атты жинақтарында, біз “Президенттің досы” атты “Егеменге” шыққан мақаламызда ( 26.09.2007 жыл.) толық жазғанбыз. Енді Днепрдзержинск қаласына дәм тартып келіп қалған соң, жас Нұрсұлтанның барып тұрған үйін көргіміз келді. Сонымен бірге, қазақ баласын өз баласындай бауырына басқан Екатерина әжейдің басына барып, зиратына мінәжат етуді өзімізге міндет көрдік.
Осы уақытқа дейін бізді Днепродзержинскіде алып жүрген Василь Черномор да, Лев Ежевский де бұл жақтарды аса білмейтін болып шықты. Ал Литошконың өзі қазір Қазақстанда тұратынын біз жоғарыда аталған мақаламызда айтқанбыз. Днепродзержинскіге жүрер кезде біз онымен кездесіп, баласы Сашконың мекен-жайы мен телефон нөмірін алған едік. Енді сол жігітті іздеуге тура келді.
Бізге кездескен барлық украиндықтар сияқты бұл жігіт те үлкен ілтипат көрсетіп, барлық көмекке дайын екенін білдірді. Сөйтіп, біз Днепродзержинскіде көргіміз келген кейбір жерлерді осы жігітпен бірге араладық.
Біз Осипенко көшесінен қиыстау кететін бұрылыстың түкпірінде орналасқан, қазақ баласына жылы мекен болған үйдің өзін көрдік. Николай Литошко оның 64 шаршы метр екенін айтқан еді, айтса айтқандай, шағын ғана үй болып шықты. Қазір онда ешкім тұрмайтындықтан, бұзылып жатыр екен, бірақ қаңқасы әлі тұр. Айнала жап-жасыл, көк шалғын. Осы үйден әрі тұрғын үйлер мүлде жоқ.
Осы жерде біз Литошконың Назарбаевты көрген көршілерімен, таныстарымен әңгімелестік. Соның ішінде Владимир Решетняк, Иван Стрижигус Нұрсұлтан Әбішұлы туралы ыстық ілтипатқа толы лебіздерін білдірді. И.Стрижигус мына фотографияны бірге қыдырып жүргенде Нұрсұлтан түсіріп еді, деп бір фотосуретті де көрсетті (біз оны қалап алдық – Ж.С.).
Осыдан әрі біз Екатерина Литошконың басына бару үшін, “55-ші блокқа” тарттық. Сашко әкесі мен шешесі ажырасып кеткен соң анасының қолында болып, бұл зиратқа көп келмеген сияқты, әжесінің басын быжынаған қабірлер арасынан зорға таптық. Екатерина Карповна 1902 жылы туып, бұл жалғанда 63 жыл өмір сүріп, 1965 жылы дүниеден көшкен екен. Біз оның рухына бас иіп, басына гүл шоқтарын қойдық...
Осыдан әрі Н.Назарбаевпен тура қатыстығы болмаса да сол жылдары училищеде қатар оқыған Анатолий Литвин, Иван Романенко деген кісілермен де сөйлесіп, сол жылдардағы ахуалдарды, қазақ балаларына деген көзқарастарды сұрадық. Анатолий Петровичтің өзі осы жердегі қалалық радионы басқарады екен, оның бір қызметкері бізден сапарымыздың мақсаты жөнінде сұхбат алып, сол күні радиодан берді. Иван Романенко да Нұрсұлтан Назарбаев оқыған жылдары училищеде білім алыпты. Кейін сол училищенің директоры да болған.
“Сен, Нұрсұлтан, Министрлер Кеңесінің төрағасы боласың”, деп сәуегейлік айтатын Дмитрий Погорелов деген қазақ балалары тобының шебері бар емес пе еді, біз соның басына да барып, жақсы сөз айтқанда періште “әумин” деген киелі адамның рухына бас игіміз келген. Бірақ ол кісі мұнда емес, Днепропетровскіде жерленген екен. Жалғыз қызы Ольга сонда тұрады, Дмитрий Изотович соның қолында қайтыс болған, десті білетіндер.
“Язык до Киева доведет” деген сөз бар орыстарда, ал біз Киевтің түбінде тұрып, Ольга Дмитриевнаны таба алмаймыз ба, оны да тауып, әңгімелестік. Бұл бір өте қарапайым, білімді, сонымен бірге, жан-дүниесі таза кісі екен. Ол өзінің білетіндерінің бәрін бізге егжей-тегжей айтып берді.
Папамды үйде сирек көретінбіз, ол үнемі жұмыста болатын. Тіпті үйге келсе де тобыңда анау болды, мынау болып жатыр деп оған телефон шалып, маза бермейтін. Еңбекке әбден берілген, өзінің міндетінен басқаны білмейтін адам еді ол. Бірақ кейде әңгіме айтып, тобындағы балалардың қызық қылықтарын да жеткізіп қоятын. Соның ішінде Нұрсұлтанның есімін ауызға жиі алатын еді. Тіпті тобыңа анау-мынау керек болып қалды деп телефон соғылып жатқанда да “Нұрсұлтан бар емес пе” немесе “Нұрсұлтаннан сұраңдар” деген сөздерін жиі естіп қалатынмын. Әкем олардың шебері ғана емес, әкесі мен шешесіндей қамқорлық жасаған адам.
Оның сол еңбегін жоғары бағалап, күні бүгінге дейін аузынан тастамай айтып жүретін Нұрсұлтан Әбішұлына өте ризамын. Өзім әке-шешенің жалғыз баласымын. Әкей 1913 жылы туған, 1985 жылы 72 жасында менің қолымда қайтыс болды. Шешем өте аурушаң адам болды, ол фин соғысына қатысып, жарақат алған адам еді. Өзім тұрмысқа шықпай, әке-шешеме қарайлап қалдым. Күндіз жұмыс істеп, кешке металлургиялық институтты оқып бітірдім. Кейін өзімнің саламда қызмет істеп, металлург ретінде уақытынан бұрынырақ зейнетке шықтым.
1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев келгенде қарсы алушылардың ішіне мені де қосты. Сол жолы әкемнің зиратын іздетіпті, егер Днепродзержинскіде болса, Нұрсұлтан Әбішұлы оның басына бармақшы екен. Бірақ Днепропетровскіде болған соң, реті келмеген сияқты. Мені Днепропетровскіден облыс басшылары тауып алып, кездесуге апарды. Өте қатты толқыдым, меніңше, Нұрсұлтан Әбішұлы да толқып отырған сияқты көрінді. Мені таныстырғанда: “Ә, Дмитрий Изотовичтің бізден жасырып жүрген қызы сен екенсің ғой”, деп күлдірді. Сол сөзден мен өзімнің ағаммен кездесіп отырғандай әсер алдым. Күні бүгінге дейін өзімді солай сезінемін, алыстағы Қазақстанда аты әлемге әйгілі алып ағам бар сияқты көрінеді де тұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы кетерде маған әкемнің басын көтертуге материалдық көмек берді, сонымен бірге, естелік сыйлықтар тапсырды.
Жақсыбай САМРАТ.
АСТАНА – КИЕВ – ДНЕПРОДЗЕРЖИНCК – АСТАНА.