04 Маусым, 2010

БІРҚАТАР ПРОБЛЕМАЛАР АТАЛДЫ

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзі ықшамдалып беріліп отыр ...Біз дағдарыс кезеңінде Елба­сы­ның қойған міндеттерін Үкі­мет­тің орындап шыққанын және ол өз қызметінде экономи­ка­ның осал секторларын дамы­ту­ға баса назар аударғанын атап өтеміз. Бұл ретте, ат­қарушы билік тұрғын үй құры­лы­сында және жұ­мыспен қамту са­ласында жағ­дай­дың күрт төмен­деуі­не жол бер­мей, банк сек­то­рын­дағы проб­лемаларды шешіп, елі­мізде бел­гілі бір дәреже­де макро­эко­но­ми­калық тұрақты­лық­тың сақталуын қамтамасыз етті. Әрине, бұған республикалық бюд­жеттің Ұлттық қордан қосым­ша алған 1 трлн. 105 млрд. теңге­нің ықпалы­ның бар екенін айта ке­ту керек, деп бастады сөзін О.Өксікбаев. Әлемдегі қаржы саласындағы және экономикадағы дағдарыс­тың әсері еліміздің бюджетін ат­қару­дың қорытындысына ықпа­лын тигізбей қойған жоқ. Деген­мен, осы жағдайда Үкімет есепті жылы Республикалық бюджет туралы заңды іске асыру кезінде бірқатар кемшіліктер мен олқы­лық­тарға жол берді, соның салда­рынан бар резервтердің көзі ашыл­май қалды. Біздің пікірі­міз­ше, бұл, жекелеген салалардың одан әрі дамуына және әлеу­мет­тік міндеттерді сапалы шешуге те­ріс ықпалын тигізді. Аталмыш мәселелер түп­кі­лік­ті нәтижеге бағ­дарланған бюд­жетті қа­лып­тас­ты­ру және атқару ке­зінде еске­рі­луі тиіс деп ойлай­мыз. Сондық­тан,  баян­дамамда бюд­жеттің атқары­луы жөніндегі жекелеген проб­лема­л­ық мәселелер бойынша біз­дің түбегейлі көзқа­ра­сы­мызды ай­қындап өтуге рұқсат етіңіздер. Атап айтқанда, бюджеттің кіріс бөлігінің түсімі жаңа Салық ко­дек­сі­нің нормалары алғаш іске асы­рыл­ған жылы қалыптасып отыр, деп жалғады сөзін О.Өксік­баев. Аталған заңнамада салық­тар­дың негізгі түрлерінің ставкалары төмендетіл­ген. Бастапқы бекітілген көрсет­кіш­тің төмендеуіне байла­ныс­ты, кіріс­тердің нақтыланған жоспары нөл бүтін оннан төрт пайызға, салық түсім­дерінің бол­жам­дық көрсет­кіштері 5%-ға артық орындалды. Алайда, есепті жылы бюджеттің екі мәрте нақтыланып, 19 рет түзетіл­ге­ніне қарамастан, бол­жамдық көр­сет­кіштер корпора­тив­тік табыс салығында – екі бүтін оннан төрт пайызға, әкелінген тауарларға кедендік баж салығында – бес бүтін оннан бір пайызға, им­портталатын тауарларға жекелеген ак­циз түрлерінде  он алты бүтін он­нан сегіз пайызға  орын­далмай қалды. Салық түсімдеріне, бір жа­ғы­нан, шаруашылық субъектілерінің іскерлік белсенділіктерінің төмен­деуі, екінші жағынан, салық став­ка­ларының тө­мен­детілуі әсер ет­кені бәрімізге бел­гілі жәйт. Әрине, Үкіметтің дағдарыс жағдайындағы негізгі шараларының бірі салық ставкаларын төмендету бол­ды. Бі­ріншіден, салық міндет­те­месінен бо­сатылған қаражатты өз бизнесін дамытуға бағыттау арқылы шикі­зат­тық емес сектор кәсіп­орын­дарының қызметін ынталандыруы қажет еді. Екіншіден, ең бастысы, көлеңкелі нарыққа қатысушыларды өз қызметін заңды негізде жүргізіп жатқан “адал” бизнеске шығарып, республиканың салық базасын ұлғайту көзделген болатын. Алайда, біздің талдауларымыз көрсеткен­дей, шаруашылық субъектілерін “көлең­кеден” шығару үшін қолданылып жатқан шаралар әлі де жеткіліксіз болып отыр. Жалған кәсіпкерлік қызметі артып, бюджеттің шеккен шығыны ұлғая түсуде, деп бір қайырды сөзін О.Өксікбаев. Мәселен, 2008 жылы ол 81 млрд.теңге болса, 2009 жылы 25%-ға өсіп, 101,2 млрд. теңгені құрады. Ал бұл тек тексерулермен ғана анықталған. Салық органдары осы шығындардың тек бір бөлігін, яғни 21,3 млрд.теңгесін ғана қалпына келтірген. Түсімдерде пайдалана алмаған мүмкіндіктерді көрсететін фак­торлардың бірі – салық төлеу­ші­лердің берешегі. Берешектерді бюджетке өндіріп алу жөнінде тиім­сіз шаралар қолданылуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда, 2010 жылдың басына бересі 24 пайызға артып,  100 млрд.-тан астам теңгені  құрады. Бұл ретте бе­решегі бар салық төлеушілердің саны  38 пайызға артып, 288 мың субъектіге жеткен. Салық орган­дары­ның қосымша есептелген салық­тарды бюджетке өндіріп алуы төмен деңгейде. 250 млрд.-тан астам теңге қосымша есептеліп, соның 7,4 млрд. теңгесі немесе  3 пайызға жуығы ғана бюджетке өндіріп алынған. Ал енді республикалық бюд­жет­тің шығысына келсек, Үкімет есеп­ті жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің шығыс бөлігін 98,2%-ға орындаған, 60 млрд.теңгені игерме­ген­дігін атап өтеміз. Республикалық бюджеттің 510,9 млрд. теңгелік тапшылығын өтеу үшін 609,8 млрд. теңге мемлекеттік қарыз тартылса, Үкіметтің осы жылғы сыртқы қа­рызына қызмет көрсетуге 69 млрд. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған. Мәселен, есепті кезеңде 39,7 млрд. теңге нысаналы транс­ферт игерілмеген, бұл өткен жылдың деңгейінен 4 есе көп. О.Өксікбаев баяндамасында өткен жылдың бюджетіне қатысты басқа да бірқатар проблемалы мәселелер орын алғанын атап көрсетіп, қорытындылар негізінде бюджет үдерісін жетілдіруге бағыт­талған ұсыныстар кешені әзірлен­генін жеткізді. Депутаттардан оларды қолдауды сұрады.