2010 жылғы 3 маусымда Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылар кеңесінің отырысы болды.
Күн тәртібі Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі туралы, көлік қауіпсіздігінің жай-күйі және оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы және Қазақстанның транзиттік әлеуетіне төнетін қатерлер туралы мәселелерді қарастыруды қамтыды.
Сарапшылар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаһандық үрдістерге байланысты сынақтар мен проблемаларды атап айтты. Олардың пікірінше, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды бір қыры ақпараттық ресурстарды нығайту және дамыту, олардың ішкі мазмұнын күшейту, сондай-ақ Қазақстанның кибернетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Пікірталас барысында сарапшылар мемлекеттің отандық медиа-индустрияны, спутниктік, цифрлық теле және радио хабарларын таратуды, Интернет желісінің қазақстандық сегментін дамытуды ынталандырудың маңыздылығын айрықша атап көрсетті.
Отырыста көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кешенді көзқарас проблемасына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан қоғамының тұрлаулы қызмет етуінің аса маңызды бір қыры елдің көлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Көлік қауіпсіздігі осы заманғы геосаяси жағдайларда мемлекеттік мүдделерді ұзақ перспективада қамтамасыз ету мәселесі болып табылады.
Сарапшылық бағалауларға сәйкес Қазақстанның зор өткізу рыногы бар мемлекеттермен көрші болуы Шығысты Батыспен, Солтүстікті Оңтүстікпен жалғастыратын маңызды геоэкономикалық өңір ретінде қазақстандық транзит әлеуетін әлдеқайда арттыра түседі. Ғалымдар отандық көлік инфрақұрылымы мен көлік-логистика жүйесін жедел дамыту мен жаңғыртудың, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетіне төнетін қатерлерді бейтараптандыру қажеттігін атап көрсетті.
Отырысты қорытындылай келе Сарапшылар кеңесінің төрағасы М.М.Тәжин елдің ақпараттық және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасына жан-жақты және кешенді талдау жасау қажеттігін, Қазақстанның транзит әлеуетін тиімді дамытудың, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуінің маңыздылығын атап көрсетті.
ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сарапшылар кеңесі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-әдістемелік ұсыныстар әзірлеу мақсатымен ғылыми, сарапшылық зерттеулер орындайтын ғылыми-консультативтік орган болып табылады.
Жетекші ғалымдар, талдамашылар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кеңестің мүшелері болып табылады.
Сарапшылар кеңесінің талқылауы барысында күн тәртібінің мәселелері бойынша ұсынымдар берілді. Олар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және ҚР ҚК-нің ведомствоаралық комиссияларының жұмысында пайдаланылатын болады.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы.