АЙМАННЫҢ ШЕБЕРЛІГІНЕ ЕУРОПА ТАҒЫ ДА ТӘНТІ БОЛДЫ
Биыл еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Осы айтулы оқиғаға орай жуырда “Вена-Рим-Париж-Москва” Еуропалық концерттік туры болып өтті. Үлкен табыспен өткен осынау жобаның бастамашысы Қазақстанның халық әртісі, ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева болатын.
Айманның орындаушылық шеберлігі мен өнері тек республикамызға ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал. Үлкен табыспен өткен турда Қазақ ұлттық өнер университетінде өзі негізін қалаған Еуразиялық симфониялық оркестр Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы және Татарстан Республикасының халық әртісі Фуат Мансуровтың дирижерлік етуімен өнер көрсетті.
Орайы келгенде айта кетсек, 2008 жылдың сәуір айында Қазақ ұлттық музыка академиясының 10 жылдығына орай, “Вена-Прага-Будапешт” халықаралық туры жобасы аясында осы оқу орнының негізін қалаған А.Мұсақожаеваның қатысуымен және КСРО халық әртісі Саулюса Сондецкистің дирижерлік етуімен студенттік симфониялық оркестр концерт берген болатын. Ал биыл ол өзінің студенттік ұжымымен бірге Вена (Musіkvereіn, Golden Saal концерт залы), Рим (“Santa – Cecіlіa” консерваториясының концерт залы), Париж (“Gaveau” концерт залы), Мәскеу (П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясының үлкен залы) сияқты қалаларда өнер көрсетті. Елбасы бастамашы болған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы Қазақстан музыканттарының Еуропалық турына сәйкес келіп отыр деп нақты айта аламыз. Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің Еуразиялық симфониялық оркестрінің осылайша тамаша өнер көрсетуі классикалық музыканы сүйсіне тыңдаушылар мен шынайы бағалаушылардың, Қазақстанның Австралиядағы, Италиядағы, Франциядағы және Ресейдегі елшілігінің қолдауымен өткізілгенін айта кеткен жөн. Айман Қожабекқызы және Фуат Мансуров сынды тұлғалардың жетекшілігімен өткен Еуразиялық симфониялық оркестрдің концерттеріне қатысқандар үшін бұл кештер ұмытылмастай әсер қалдырды. Оған бұл концерттердің аншлагпен өткені толық дәлел бола алады.
А.Мұсақожаева зор шығармашылық дарынымен, жарқын әртістік ерекшелігімен П.И.Чайковский, К.Сен-Санс, А.И.Хачатурянның скрипкаға арналған шығармаларын орындаумен қатар, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркімбековтің симфониялық оркестр мен домбырашылар ансамбліне, скрипкаға арналған шығармаларын да талғампаз қауым назарына ұсынды. Орындаушылық шеберлігімен қатар ол жоғары оқу орнының ректоры ретінде де батыс пен шығыс арасындағы шығармашылық қарым-қатынастарды, халықаралық байланыстарды жетілдіруде орасан зор міндеттер атқарып жүр. Оны мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына сүбелі үлес қосып жүрген мәдениет елшісі десек те болады. Осы орайда шетелдік музыканттар қауымы оның Қазақстандағы музыкалық мәдениетті дамытудың жаңа бағыттарын анықтаудағы батыл қадамдары мен ерекше дарынын ізгі ниетпен және құрметпен атап өтті.
Еуропаның төрт қаласы мен Ресейде өткізілген кең ауқымдағы концерттік бағдарлама бір-біріне ұқсамайды. Айман өз репертуарына әлемдік классикалық шығармаларды ғана емес, әр кезеңде өмір сүрген Қазақстан композиторларының туындыларын да енгізген десек, Венаның Musіkvereіn, Golden Saal концерт залында А.Мұсақожаеваның қатысуымен Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрі берген (дирижері Ф.Мансұров) концерттің бірінші бөлімінде Е.Брусиловскийдің “Дударай” операсынан увертюра, С.Еркімбековтің “Алтын-Арқа” оркестрлік аллегросы, Ж.Бизенің “Воспоминание о Риме” шығармалары орындалса, екінші бөлімінен П.И.Чайковскийдің оркестр мен скрипкаға арналған концерті және “Итальянское каприччио” сынды танымал шығармасын да өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Венадағы концертке ЕҚЫҰ өкілдері қатысты, сондай-ақ танымал музыканттар – Вена университеті консерваториясының ректоры Ранко Маркович, профессор Г. Винишхофер, Л.Сороков және тағы басқалар арнайы келді. Олар қазақстандық музыканттардың орындаушылық шеберлігінің жетістіктері туралы ерекше шабытпен әңгімеледі.
Концерт одан әрі Рим қаласында өз жалғасын тапты. Осы шығармашылық кештен кейін “Santa-Cecіlіa” консерваториясының ректоры Едда Силвестри (Италия) және ҚазҰӨУ ректоры А.Мұсақожаева екі оқу орнының шығармашылық және мәдени қарым-қатынасы туралы меморандумға қол қойды. Соған орай, “Santa-Cecіlіa” консерваториясының концерт залында университеттің жастар шығармашылық ұжымының концерті болды. Сондай-ақ фольклорлық ансамбль орындаушыларының сүйемелдеуімен өнер шебері Лейла Махаттың кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнер көрмесінің тұсаукесері өткізілді. Концерт Қазақстан композиторларының шығармаларымен ашылды. Қазақстандық музыканттардың кәсіби шеберлігіне ТМД елдерінің (Белоруссия, Өзбекстан) дипломатиялық корпусының қызметкерлері, шетелдік қонақтар, Италияда тұратын қазақ азаматттары, консерватория студенттері, өнерсүйер қауым тәнті болып, концертті ерекше сүйсіне тыңдады. Айта кететін бір жәйт, Айман Қожабекқызының орындауындағы Е.Рахмадиевтің “Дайрабай” симфониялық күйі, “Шат” домбырашылар ансамблі мен Еуразиялық симфониялық оркестрінің орындаушылық шеберліктері де жұртшылықты таңдандырып, үлкен әсерде қалдырды. Концерттің екінші бөлімінде жоғары кәсіптік деңгейде “Валенсианская вдова” Лопе де Вега пьесасының музыкасына сюита және А.Хачатурянның оркестр мен скрипкаға арналған концерті А.Мұсақожаеваның өңдеуінде орындалды.
Одан әрі сұлулық астанасы Париждің “Gaveau” концерт залы біздің музыканттарға өз есігін айқара ашты. Бұл концерттер Франция мәдениет министрлігі және Париждің 8 округ мэрінің көмегімен атқарылды. Бірқатар белгілі шығармалармен қатар, осында алғаш рет С.Еркімбековтің “Минарет” атты симфониялық туындысы ойналды. Оны қылқобызда халықаралық байқаулардың лауреаты Г.Сарғызова орындаса, концерттің екінші бөлімі А.Хачатурянның аспаптық музыкасына арналды. Оның скрипкалық концертін орындаған А.Мұсақожаева бұл жолы да өзінің орындаушылық биік деңгейін көрсете білді.
Еуропалық турдың соңғы ноталары П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында қалықтады. 1976 жылы да осы сахнада скрипкашы Айман Қожабекқызы Фуат Мансуровтың дирижерлік етуімен П.И.Чайковскийдің скрипкалық концертін ойдағыдай орындаған болатын. Ол кезде мен бірінші скрипка партиясын орындаған едім. Ал КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанова консерватория ректоры болған-тын. Енді, міне, араға 34 жыл салып, П.И.Чайковскийдің оркестр мен скрипкаға арналған ең сүйікті концертін орындай отырып, өнердің хас шебері А.Мұсақожаева басқаратын консерватория ұжымы сол оқиғаны қайталады. Бір айырмашылығы, атақты дирижер Ф.Мансуровтың басқаруымен Қазақ ұлттық өнер университеті Еуразиялық симфониялық оркестрімен бірге Айманның өзінің ойнағандығы. Скрипкашының айтуынша, Мәскеудегі Үлкен зал ол үшін өте қымбат. Өйткені, 1986 жылы осы залда өнер көрсеткен ол П.И.Чайковский атындағы халықаралық скрипкашылар байқауының лауреаты атанған еді. Ал сол жолғы орындау Мәскеу консерваториясының профессорлық-оқытушылар құрамының алдындағы ерекше есебі іспеттес болды.
П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің орындауындағы шығармаларды тыңдаған жұртшылық мен қонақтардың айтуынша, бұл жеңіске пара-пар музыкалық кеш болды. Көрермендер ұзақ уақыт бойы біздің орындаушыларды қошеметпен сахнадан жібермеді.
Осы сапар барысында Мәскеудегі М.С.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесі, В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркем институты және Қазақ ұлттық өнер университеті арасында мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Ресейдегі Қазақстан елшілігінің шақыруы бойынша елімізге еңбегі сіңген қайраткер А.Мұхитдинов пен Ресейдің халық әртісі Ф.Мансуровтың дирижерлік етуімен Зеленоград қаласы, Крюково селосында симфониялық оркестр концерт берді. Бұл концерт соғыста өлген жауынгерлерді мәңгі есте сақтауға, халықтардың достығына арналуымен ерекшеленді. Дәл осы жерде біздің жерлестеріміз генерал Панфиловтың басқаруымен шабуылға шыққан болатын. 1941 жылы Фуат Шәкірұлы Үлкен театрдың дирижері ретінде үрлемелі оркестрінде ойнаған екен. Ол Агапкиннің маршы “Прощание славянкиді” орындауымен жауынгерлерді майданға шығарып салыпты. Осы концертте маэстро өз дирижерлігімен сол жылдардың үнін қайта жаңғыртып, маршты ойнады. Соғыс жылдарының әні халықаралық байқаулардың лауреаты Азамат Жылтыркөзовтың орындауында да айтылды.
“Вена-Рим-Париж-Мәскеу” Еуропалық концерттік турын еліміздің классикалық музыка саласында халықаралық деңгейге шығып, үлкен құрметке ие болуының бір дәлелі ретінде айтуымызға әбден болады.
Дана ЖҰМАБЕКОВА, өнертану ғылымының кандидаты, доцент.