05 Маусым, 2010

ТҰЛҒАЛАР ЕСІМІ АРДАҚТАЛАДЫ

1142 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мовке қазақ халқының патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы ұйымдастырған алғашқы ұлт-азаттық көтерілісін есте қалдыру және күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ардақтау жөнінде сауал жолдаған болатын. Сөзіміз ұғынықты болуы үшін әуелі парламентшінің ұсыныстарына назар аударайық. “Қазақ халқына қысымды тоқтату, Сарыарқаны өрмекшінің торындай шырмап тастаған сегіз дуан мен бір-біріне қолдың саласындай жалғасқан бекіністерді жою жөніндегі талабы орындалмаған қалың ел атқа қонды, ұлан дала тәуелсіздік деп ұрандады. Намысты ердің бәрі Ақмолада тоғысты. Дулаттан шыққан Бұғыбай, табын Жоламан, қыпшақ Басығара, арғын Жеке батыр, атығай Аңғал, шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар 1838 жылдың 25 мамырында Ақмоладағы бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан етті. Сол жойқын күрес 27 жылға созылды. Ал Қазақ елінің бүкіл халықтық сипатқа ие болған осы алғашқы ұлт-азаттық көтерілісіне биыл 172 жыл толады. Сол ұлы арпалыстың 160 жылдығы қарсаңында Астананың зиялы қауымы атынан бекініс тұрған жерге ескерткіш белгі орнатып, есіл ерлердің қаһармандығын ардақтайық деген өтінішіміз аяқсыз қалды. Бәлкім, елордада Кенесары ескерткіші бар ғой деген шығарсыздар. Алайда, азаттық үшін Кенесарымен бірге талай жампоз батырлар шайқасқан жоқ па, қалың ел жан беріп, жан алысқан жоқ па?! Ел тарихындағы ұлы оқиға – алғашқы ұлт-азаттық көтерілісі дара құрметтелуі қажет емес пе?! Сол өтінішті тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы алдында сізге тағы да жолдап отырмыз. Ұлт ерлігін, халық қаһармандығы мен қария тарихты қадірлей алатындығымыз анық болса, осы жолы талап-тілегіміз ескерілер деп сенеміз. Астана жері, құдайға шүкір, есімдері мәңгілік асылдарға кенде емес. Солардың бірі – аты әлемге мәшһүр болған, теңдесі жоқ балуан Қажымұқан. 1908 жылы Германияның Кельн қаласында немістің жауырыны жер иіскемеген балуаны Генрих Веберді жығып, әлем чемпионы атанады. 1909 жылы Ригада, 1910 жылы Варшавада болған үлкен жарыстарда  алтын медальды жеңіп алады. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресте өткен әлем чемпионатында да алдына жан салмайды. 1911 жылы Ыстамбұлда түріктің жойқын балуаны Нұралыны тізе бүктіріп, “қажы” атанады. Одан кейінгі жылдары Париж бен Токиода, Будапешт пен Берлинде, Прага мен Лондонда ұйымдастырылған дүниежүзілік додаларда да мерейі үстем болады. Өскен жерінің абыройын жаһанға асқақтатқан Қажекең туған Отанын шексіз сүйген патриот та еді. Ұлы Отан соғысында ғұмыр бойы жинаған қаражатына әскери ұшақ жасатты. Сол ұшақпен қазақ қыраны Қажытай Шалабаев 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындаған. Жаудың талай соғыс техникасы мен жаяу әскерін жойған. Қажекеңнің туған жері Астанадан таяқ тастам жерде. Сол ауылдың іргесінде балуанның ата-анасы жерленген. Зираты тозып біткен. Оны қалпына келтіру не облыс, не аудан әкімдігінің ойында жоқ. 1927 жылы Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық атқару комитетінің президиумы “Қазақ даласының батыры” деген ардақты ат берген балуанға кіндік қаны тамған жерінде ескерткіш те қойылмай келеді. Қажекеңнің есімі туған өңіріндегі аудандардың біріне берілсе деген ел тілегі де ескерілер емес. Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, қазақ тарихындағы дара тұлға – Қажымұқан Мұңайтпасовты қадірлеген халық ел Үкіметінен балуанның ата-анасының зиратын қадірлеп, айрықша күш иесіне Астанада ескерткіш орнату туралы ұсыныс-талабын қарап, оң шешімге келуді сұрайды”, – делінген депутаттық сауалда. Депутаттың осы сауалына жуырда Үкімет басшысынан жауап келді. Онда А.Смайыл көтерген бірінші мәселеге орай және Қажымұқан рухын қастерлеу туралы: “Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі барысында Ақмола бекінісі үшін болған шайқас орнына ескерткіш белгі орнату және қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының атын ұлықтауға бағыт­талған депутаттық сауалыңыз орынды. Алдағы жылдары Астана қаласы бюджетінде қаржы қарастырылып, ұлт-азаттық көтерілісінің тарихи деректеріне негізделген мүсіндік композициялар мен схемалардан құрастырылған тарихи-мәдени құндылы­ғымен бас қаламыздың мәртебесін көтеретін тақырыптық жобаны және қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың ескерткішін Астана қаласында орнату мәселесі қарастырылатын болады”, – депті Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Тарихи тұлғалар осылай ардақталатын болса, өткен күндер де, болашақ та разы емес пе?! Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.